3 оқу залы Қарымбай (Кәрімбай) Қошмамбетов – белгілі мемлекет және қоғам қайраткері



бет26/47
Дата26.06.2018
өлшемі1,61 Mb.
#44309
1   ...   22   23   24   25   26   27   28   29   ...   47

Мың жыл бұрын қаланың жан-жағын биік-биік дуалдар қоршаған. Төрт жағында төрт қақпасы болған. Қазір бүкіл шаһарды қоршап тұрған қорған жоқ. Енді әркім өз үйін жеке-жеке қоршайтын болған. Әр үй – бір бекініс. Домбаздап соққан дуалдар – бірі биік, бірі аласа, бірімен бірі жалғасып кете береді, кете береді. Топырақ та тозғандай, дуалдардың әжімі айғыз-айғыз. Кейбір жерлері құлап түсіп, үңірейіп қалған. Кетік дуал – жыртық киім сияқты. Әбиіріңді ашады. Ар жақтан әулие аталық кедейдің жатаған жүдеу үйі жалаңаштанып тұрады. Әлі жапырағы түсіп үлгірмеген жүзімдік сүйеу таяқтарды шырмай орап, жансыз ағашты аймалай түседі.

Екі доңғалақты арбаға бау-бау жусанды үйіп артып, тырмысқан көк есегін тізгінінен шірене тартып, арбаны да, есекті де өзі сүйрегендей болып, жыртық кебісін қоңылтақ киген қазақ кетіп барады. Бурылдың қыраттарына биыл сараң шыққан тырбық боз жусанды кетпенмен қыршып шауып баулап-баулап, базарға апарады. Жақындап қалған қыстың қаһарынан қорыққан байғұс саудасы жүрсе, аяғына етік сатып алмақшы шығар.

Жол шетінде мезгілінен бұрын өлген ақ көбелекті құмырсқалар қаумаласып илеуіне қарай жанталаса сүйрейді. Олардікі де қыстың қамы.

– Ауылдарыңда биыл астық қалай? – дейді қара кемпір қара пәренженің ар жағынан қолын шығарып, жыртық кебісті қазаққа ақша ұсынбақшы болып.

– Жылан жалағандай, – дейді қазақ қара қақпалы түрменің ішінде тұрған адаммен сөйлескендей айқайлап.

– Большевиктер кедейлерге астық береді дейді ғой, – дейді қара кемпірдің дауысы зындан түбінен шыққандай сыбырлап.

– Әй, қайдам, қашпаған қара сиырдың уызы болып жүрмесе, неғылсын, – деп қазақ шүбә соғады.

Қара пәренженің ар жағынан бір уыс қағаз ақша ұстаған қол көрінеді.

– Оу, бәйбіше, бұл қобырған қу қағазыңды не қыламын, отқа жағамын ба? Маған дән керек. Нан керек. Түсіндің бе? Ал Керенскийдің ақшасынан өзің пәренже тігіп ал! – деп қазақ көзі іріндеген, әлі жүні қорбиған маубас есегін ары қарай сүйрей жөнеледі. – Отын орнына Керенскийдің ақшасын өзің жақ.

– Әй-у, тұра тұрыңыз, мәңіз, күміс теңге, – деп қара пәренженің ар жағынан қол қимылдап, күміс ақшалы қалта алып шығады.

Бұлардың тұсынан өтіп бара жатқан Тұрар осы бір келеңсіз жайдың куәсі болып, тағы да ойға қалады: «Халықты сендіру керек. Сөзден іске жедел көшу керек. Байларды конфискалап, мына сіңірі шыққан кедейге қол ұшын бермесе, биыл қыстан аман қалуы екіталай». 

* * *


«Биыл қысың не, осы күзден артылар ма екенбіз», – дегендей көшеде ілбіп басып, биік қақпаларды таяғымен тақылдатып, қайыр-садақа сұрап тұрғандар кездесе бастады. Бұлар қала дуаналарына ұқсамайды. Әне, анау кір кимешек киіп, бес-алты жасар бала жетектеген әйел, сөз жоқ, елден келген. Баланың өңі бит сорғандай боп-боз шекесінен көк тамыры көрініп тұр. Кішкентай нәрестенің көздеріне күллі әлем аш-жалаңаштарының қайғы-қасіреті келіп қонақтап қалғандай екен. Бет-аузы күлкілдеп іскен шешесі әлсіз қолмен қақпаны тықылдатады. Зарығып көп тұрады. Оның тағдыры осы қақпаның ашылуына байланысты сияқты. Кісі баласына алақан жаюға арланатын, ұяты күшті жан шығар. Есік тықылдатуынан байқалады. Есік қағуға қолы әрең көтеріледі. Тарсылдатпай, өлімсіретіп жай қағады. Оны түкпірдегі үй иелері естімеуі де мүмкін. Бірақ қақпаның ар жатынан өршеленіп ит үреді. Ит қазір қайыршыға қастық қылдым десе де, достығы күшті. Өйткені ініне тығылған қала тоғышарының мазасын алып, қақпаны ашпасына қоймайды.

Әйел кәрі де емес, бірақ жасына жетпей боржып, бет-әлпеті бұзылып болыпты. Сірә, тірегі жоқ, күйеуі ажал қармағына бұрын ілінген тәрізі бар. Енді өзі де тірілер санатынан шығып қалғандай. Тек баланы сақтасам-ау деген аналық сезім барлық ар-ұяттан аттатып, алақан жайдырып қойыпты.



Ар жақтан бұрқылдап үй иесі шықты. Қайыршыларды көріп, қатты ашуланып, қайырымнан иненің жасуындай сезім білінбей, қақпаны тарс жауып қойды.

Ары жүр, – деді әлгі үй иесі ашуланып, итімен қоса арсылдап. – Бар, ана большевиктер асырайды сендей сандалғандарды! Атшабарда асхана ашыпты дейді аштар үшін. Кешікпей өзіміз де сонда баратын шығармыз. Ішегімізді суырып жейік деп отырмыз. Саған беретін садақа қайда?!

Тұрар әлгі әйелге таяп келіп:

– Атшабарға барыңыз. Мирза-ауф дегеннің үйін сұраңыз. Аштарға сонда тамақ беріледі. Енді құлап қалмай тұрғанда тезірек жетуге тырысыңыз, – деді.

Әйелдің долырған ерні бірдеңе деп қыбырлағандай болды. Бала шешесінің жеңінен тартқылады.

– Апыр-ай, нәубет төне бастапты ғой, – деп Сәбден шошынды.

Тұрар артына бұрылып қарап еді, баланың көзіне көзі түсіп кетіп, тұлабойы дір ете қалды. Нәрестенің жанары баланың емес, жасамыс адамның көзқарасындай сұмдық екен. Басы қауқиып, дәу көрінеді. Қылдырықтай мойын сол басты көтере алмай былқ-сылқ етеді. Аяқ-қолы шидей де, қарны шермиіп қалыпты, аран аурудың шын нышаны көрініп тұр.

– Сәке, сәл кідіріңіз, – деді Тұрар алдыға түсіп, асыға басып бара жатқан Сәбденге. Сәбден әлденеден күдіктеніп, қашқақтағандай ыңғай білдіріп:

– Асығып тұрмын, Тұраржан. – Жұма намаз...

– Асықпаңыз. Мыналарды екеуміз Мырза-ауфтың үйіне жеткіземіз. Тастап кетуге қалай дәтіміз шыдайды? Көрдіңіз бе, шешесі мүлде жүре алмайды. Бала да құлағалы тұр.

– Ойбай, шырағым-ау, сонау Атшабарға бұларды жеткізгенше күн де батады той. Бұлардың қайсыбірін жарылқайсың, Тұрар?! Құдай жарылқамаған сорлыға, адамның жаны ашығаннан не пайда? Мені қинама. – Сәбден қипақтап, ары бұрыла берген. – Сәке! – деген сөз сақпандай сарт ете қалды. Сәбден селк етіп тоқтады. – Алыңыз қолтығынан анау әйелді! Мен баланы көтеремін. Мен сізге үйден шыққанда маған ілес деген жоқпын. Маған ілескен адамдардың жұмысы осындай болады, біліп қойыңыз. Ал айтқанымды тыңдамасаңыз – мыналарды сіздің үйге алып барамын. Бағасыз, бақпасаңыз, зорлап көндіреміз.

– Қайдам, қарағым, жаманшылығым жоқ еді саған, – деп Сәбден қомыт әйелді әшейін қорыққанынан ғана қолтығынан демеген болды. Бала шүйке жүндей жеп-жеңіл екен. Шермиген қарын болмаса, қырым ет жоқ, қу сүйек. Таза киінген бейтаныс адам өзін көтеріп келе жатқанына сенерін де, сенбесін де білмей, үңірек көздер Тұрарға кірпік қақпастан тесіле қарайды.

– Әй, қарағым Тұрар-ай, сендей төре адамның жұмысы бұл емес еді-ау, – деп Сәбден әлгіде Тұрармен қатар келе жатқанын дәреже көрсе, енді намыстанып, өткеннен де, кеткеннен де, ұялып қара терге түсіп келеді.

– Қателесесіз Сәке. Мүмкін, бұл бала кейін халыққа сіз бен бізден гөрі қажеттірек азамат болып өсер. Өлтіріп алсақ, обалы екеумізді екі дүниеде де жібермейді.

Арт жақтан ат жеккен арбаның дыбысын есітіп, Тұрар тұра қалды да, қол көтерді. Делбе ұстап отырған қызыл бет, қаба сақал тоқ кісі Тұрардың айтқанына көнбей, аттарға қамшы баса бергенде, Тұрар божыны тартып қалып, жан қалтасынан револьверді суырып алды. Көзі шарасынан шыға, тілі күрмеліп қалған қаба сақал арбадан секіріп түсіп, көлікке әйел мен баланы өзі көтеріп отырғызды.

Арбаға Тұрар да мініп, қаба сақалға:

– Атшабарға тарт! Тез! – деп бұйырды.

– Кешіре гөр, сен кімсің? –деді арбакеш әлден уақыттан кейін тілге келіп.

– Әулие-Ата совдепінің мүшесі Тұрар Рысқұлов.

Үңірек көз бала Тұрардың бетіне тағы да ұзақ қарады. Не жылай білмейтін, не күле білмейтін, сіреспе рең – жүз жасаған, дүниеден түңіліп болған қақбастың ірепетіндей мүлде енжар, мүлде самарқау. Бірақ тереңде жатқан көздері ғана шыңырау түбіндегі суға түскен сәуледей жылтырап, Рысқұловтың өңменінен өтіп барады. «Мен мұның жасында түрмеде едім-ау» деген ой Тұрардың басына сап ете қалды.

* * *


«Большевиктер аш-жалаңаштар үшін Атшабарда баспана ашыпты» деген хабар жер-жерге, ел-елге лезде тарап кеткен. Осы хабарды естіген кембағалдар Әулие-Ата уезінің түкпір-түкпірінен Атшабарға ағыла бастаған. Атшабар деген есім нәубет жалмауыздың басын шабатын, ертектегі батырдай естіледі. Әулие-Атаның қақ ортасында, биік жардың басында тұрған осы ежелгі базар қазір ауқатсыз әлсіздердің киелі Меккесіндей болып тұр.

Большевиктер фракциясы бұл пунктті ашуын ашқанмен уақытша үкімет қолдамай, аштарды асырау үшін қор жиналмай, пункт бастығы Мирза-ауфтың шыр-пыры шыққан кез еді. Мирза-ауф осы Атшабардың қой базарында шағын шайхана ұстайтын. Дәу қара қазанда бұрын жұпар исі бас айналдырып, көз тұндырып, базаршыларды еркінен айырып, сиқырымен тартып палау пісіріліп жататын. Кішігірім кісі бойлы, жуан сары самаурындар сексеуіл шоғынан ысылдап, иінінен дем алып Тұрар еді.



Енді дәу қара қазанда қатықсыз қара суға арпа мен сұлы ұнынан атала қайнайды. Ертеден кешке дейін үзбей қайнайды. Әуелі Мирза-ауф аштарға аталаны шөміш толтыра құюшы еді, жеткізе алмайтын болған соң, шөмішті қысып ұстап, жартылай құятын болды. Сонда да жеткізе алмайды. Кенеуі кепкен, араны ашылған адамдар арпаның аталасына тегі тоймайды. Оның үстіне сағат сайын ісіп-кепкен адамдар сүйретіліп келіп жатыр, келіп жатыр...

Міне, қызыл бет, қаба сақал әлдебіреу тағы да екеуін әкеліп, арбадан түсірді. Мирза-ауф қызыл бет, қаба сақалға дүрсе қоя берді.

– Әй, өзің сеп-семіз болып, жақындарыңды ашықтырып, мұнда әкелгенің не? Апырай алмадың ба? Не деген ұяттан безген, құдайдан қорықпаған, адамнан ұялмаған, бетіңнің көні бес елі!

– Ө-ө-ей! – деп қаба сақалда да жан бар, өкіре ұмтылған. – Рысқұловты білмейтін неткен найсапсың?! Соның парманы!

«Рысқұлов» дегенде Мирза-ауф райынан лезде қайтып, сабасына түсті. Сол арада Тұрар да келіп жеткен.

– Иә, ортақ Мирза-ауф, қалай, қиын болып жатыр ма?

– Жүдә қиын, ортақ Рысқұлов, жүдә хиямет! Мені бұл тозақтан құтқарыңыз, ортақ Рысқұлов! Азық-түлік басқармасы бес қап арпа ұн, бір түйенің етін берген еді. Таусылды. Енді мені пісіріп жемесе, тегі түк жоқ...

– Жұмаққа бару үшін әуелі тозақтан өт, Мирза-ауф. Бұл рахым ісіне өзіңнен басқа лайық ешкім жоқ. Ал кәне мына әйелді баласымен қабылдап ал да, өзегін жалға. Әсіресе балаға ыхтият бол. Сақта баланы! Кім білген, бір заманда осы бала жақсылығыңды еселеп қайтарар.

– Құдайдан қайтсын де, ортақ Рысқұлов. Адамнан жақсылық қайтар деп кеп дәмеленбеймін. Бұл бала өсіп, өрлеп, менің басыма көк тас қояр деймісің... – деп Мирза-ауф баланың сүлдерін арбадан көтеріп алып, дуалдың түбіндегі арпа ұнынан босаған қаптардың үстіне отырғызып қойды. Ішкі үйге өзі кіріп, қол бақырмен атала алып келіп, баланың аузына тосты. Сонда салғырт, самарқау сүйек кенет тіріліп, шидей қолымен көлбақырды қарыса ұстап, тұмсығын сұғып кеп жіберді. Мирза-ауф баланың басын бақырдан әрең ажыратты.

– Бірден көп ішуге болмайды, бейшара! Көтере алмай өліп қаласың.

– Көтере алмайтындай майы кілкіп тұр ма еді? –деп ызалы мысқылмен Тұрар бір түйреп қалды. Бұл кезде Мирза-ауф қолбақырды әйелдің аузына тосқан. Әйелдің көнектей күлкілдек ерні икемге келмей, аталаның бірер қасығын омырауына төгіп алды. Анаған, анаған бер деп ишара етті байғұс ана баласын меңзеп.

Осы кезде екпіні үй жыққандай ойқастап бір топ адам cay ете қалды. Ортасындағы ақ шекпенді, құндыз бөрікті Айбарды Тұрар бірден таныды, басқаларын түстей алмады. Бірақ түрлері өрт сөндіргендей түтікпе екен.

– А-а, Тұраржан, Меркені бүлдіргенің аз еді, енді қасиетті Әулие-Атаға ауыз салдың ба? Бұл киелі шаһар, әулиелер жайлаған мекен. Сендей ібіліс арамдамаса керек еді бұл қасиет ордасын! – Айбардың сол көзінің алды ырбаңдап тарта беретін болыпты.

– Ақсақал, Меркені бүлдіріп болып, қасиетті Әулие-Атаға ана алты қарыс азуыңызды салып тұрған өзіңіз емессіз бе? Аузыңызда сәлеміңіз жоқ, бірден қабатын әдетіңіз әлі қалмаған екен. – Тұрар айылын жимай, сескенбей сөйледі.

– Сәлем сенің не теңің, бәтшағар. Кісімси қалуың әкеңнің соңынан кетейін деп жүрген жүгермексің ғой. Өлетін бала – молаға қарай жүгіреді. Маған тиісіп нең бар еді? Енді оңбайтын болдың ғой. Әлі де болса, тәубеңе кел де, ана Кәрімбай, Төребек деген төбеттеріңе менің мал-мүлкімді талаттыруыңды тоқтат! Естимісің-ей, мұртың өрге шаншылып тұр ғой өзіңнің!

Тұрар тікірейген бармақ мұртын саусағымен сипап қойып, мырс етті.

– Ақсақал, үп-үлкен кісісіз, әдептен адасасыз. Мәмілеге келетін келелі адам бұлай сөйлеспейді. Ал қоқан-лоқыдан қорқатын кісі біз емес.

– Ал мәмілеге келгенде былай, көбегім. Осы Әулие-Атада менің үш жерде маһазинім бар. Меркеде де бар, өзің білесің. Мұндағы маһазиндеріме әлгі


Каталог: kaz -> images
images -> Ғылыми кітапхана Көркем әдебиет секторы «Бір ел – бір кітап» акциясы
images -> М. Х. Дулати атындағЫ
images -> Құқықтық құжаттар Құрметті оқытушылар және білімгерлер!
images -> Сабақты жоспарлау Сабақ жоспарының мазмұны Сабақ жоспарына қойылатын талаптар Ағылшын тілі сабағының құрылымы
images -> «Бастауыш білім беру» мамандығы бойынша 2/11. 41 тобының «Педагогика»
images -> №і-б (жоо) жылдық статистикалық есеп кімге жіберіледі: Алушының мекен- жайы: Жіберушінің мекен-жайы
images -> Бюллетень 2016 ж. (шілде-желтоқсан) Ақпараттық бюллетень
images -> 1. Кітапхана туралы жалпы мәлімет
images -> Анықтамалық- библиографиялық ЖҰмыс


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   22   23   24   25   26   27   28   29   ...   47




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет