438
Ол белгілі бір тілдің лексикасын жалпылама емес,
нақтылы бір халықтың
азаматтық тарихына байланысты, сол халықтың мәдениетіне, дүниетанымына,
салт-сана, әдет-ғұрпына т. б. экстралингвистикалық факторларына қатысты
зерттелуі керек. Өйткені әрбір тілдің лексикалық қоры, қат-қабат сөз байлығы,
сайып келгенде, сол тілді жаратушы, сол тілде сөйлеуші халықтың тарихымен
тікелей байланысты, сол халықтың халық болып қалыптаса бастаған ұзақ
дәуірінің жемісі,
ұрпақтан-ұрпаққа ауысып, толығып, кемелденіп, жаңарып
отыратын асыл да абзал мұрасы, сол халықтың мәдени, рухани өмірінің айнасы
болып саналады. Әрбір тілдің сөз байлығын тарихи тұрғыдан зерттеу дегеніміз
– оны сол тілдің өз топырағында, өзіндік даму үрдісін,
сыр-сипатын ескере
отырып қарастыру, жалпылама емес, нақтылы объектімен байланыстыру. Ал
бұлардың бәрі тарихи лексикологияның бір тілдегі нақтылы объектісі болып
саналса, оның туыс және туыстас тілдердің лексикасын зерттеуге байланысты
проблемаларының шеңбері бұдан әлдеқайда кең болатыны өзінен өзі-ақ түсінікті.
Тарихи лексикологияның өзіндік зерттеу объектісі
мен белгілі тәсілдері
бола тұрса да, оның дербестігінен гөрі гылымның басқа салаларымен
байланысы, астарластығы ерекше көзге түседі. Осыған орай «қазақ тілі тарихи
лексикологиясының зерттеуге тиісті объектілері мен міндеттерін біз қалай
анықтауымыз керек?» деген сұрақ туады. Айта кетуіміз керек, бұл мәселе қазақ
тіл білімінде бұрын-соңды арнайы сөз болған емес. Тарихи лексикологияның
жеке мәселелерін сөз еткен бірлі-жарымды
еңбектерді есептемегенде,
бұл саланың нақтылы объектілері мен алда тұрған міндеттері жан-жақты
қаралып, толық анықталып, күн тәртібіне қойыла қойған жоқ.
Алайда қазақ тіл білімінің бүгінгі күннің биік талабына сай табыстары
тарихи лексикологияның терең де тегеуірінді зерттелуіне байланысты.
Олай болса, бұл саланың негізгі зерттеу объектілері мен міндеттерін жан-
жақты сөз ете отырып, оған мамандардың назарын аудару, программалық
зерттеулердің бағыт-бағдарын анықтау бүгінгі таңның зәру міндеті болып
саналады. Бұл мәселенің ғылыми тұрғыдан зерттеліп,
дұрыс шешілуі
тек ғылымның, ғалымдардың өздері үшін ғана емес, сондай-ақ көпшілік
қауым үшін де маңызы зор. Өйткені талғам-талабы биік бүгінгі
оқырман
қауымы ана тілінің қол жеткен табыстарын қызықтай отырып, оның өткен
тарихын, шығу тегін, сөз өнерінің небір тамаша құпия сыры мен күнделікті
қолданылып жүрген сөздерінің және «қазақ» этнонимінің төркінін
білгісі келеді. Ана тілінің табиғатына қызу сезіммен қызыға қараушылар
тіл мамандарының бірлі-жарымды, тиіп-қашып
айтқан пікірлеріне
қанағаттанбайтын сияқты. Күрделі еңбекті талап етеді. Сондықтан да олар
«өлеңге әркімнің-ақ бар талабы» дегендей, сөз төркіні жөніндегі өзінше
топшылаулары мен жорамал-жобаларын газет-журнал беттерінде жариялап,
ортаға салуға талаптанады.
439
Бұлардың бәрі, әрине, заңды талаптар және олар тарихи лексикологияға
үлкен де жауапты міндеттер жүктейді. Осы міндеттердің мүддесінен шығу үшін
тілші қауымы да тіл тарихына байланысты зерттеулерді жандандыруы қажет
сияқты. Осы проблеманы жан-жақты қарастыратын арнайы монографиялар мен
тарихи-этимологиялық сөздіктер шығаруға кірісетін уақыт жетті деп ойлаймыз.
Бірақ бұл міндеттерді атқару үшін тарихи лексикологиямен шұғылданушы
тілшілерге үлкен дайындық керек. Бұл тәрізді қиын да жауапты іске кірісуден
бұрын әрбір маман осы салада бүгінге дейін не істелді және бұл істердің ғылыми-
теориялық дәреже-деңгейі қандай екенін анықтай отырып, алдағы мақсатымыз
бен міндетімізді айқындап алғаны жөн. Осыған орай мақаланың мақсаты: «қазақ
тілі тарихи лексикологиясының бүгінгі таңдағы көкейкесті проблемалары мен
алдағы міндеттері не?» деген сауалға жалпы түрде болса да жауап беру және бұл
саланың басқа проблемаларға қатыстығын анықтай түсу.
Достарыңызбен бөлісу: