Архаикалық мәдениет Қарастырылатын сұрақтар (дәріс жоспары):
1. Алғашқы тұрмыс мәдениетінің ерекшеліктері
2. Ежелгі Египеттің материалдық және рухани мәдениеті.
3. Антика мәдениеті
4. Ежелгі Үнді өркениеттерінің ерекшеліктері.
5. Ежелгі Қытай мәдениеті.
Дәрістің қысқаша мазмұны:
Көне Египет жер шарындағы тұңғыш мемлекет қана емес, сонымен бірге дүниежүзілік үстемдікке талпынған қуатты да, құдіретті мемлекеттердің бірі болды. Ауыз бірлігі күшті, ұйымшылдығы берік, халық – билік жүргізуші тапқа толық бағынған мемлекет. Фараондар (перғауындар) құдайдың ұлы деп саналды, сондықтан да фараон өзін «Раның» («Ра» күн деген мағына береді. Ол – құдайлардың құдайы және «алтын» ұғымымен қосылып айтылады – «Алтын» нұр шашқан күн) ұлымын деп жариялады.
Адамдар санасында қалыптасқан аруаққа табыну – перғауындарды «құдай» деп танумен тығыз ұштасты. Ал құдай – патшалардың (перғауындардың) құрметіне пирамидалар (мазарлар) салына бастады. Өз кезегінде Египеттің жоғары әміршісі – құдай саналған перғауын өзінің құрметіне салынған мазардың әрі асқақ, әрі берік етіп салынуына ерекше мән берді. Сән-салтанатпен салынатын мұндай пирамидалар қыруар қаржыны ғана емес, ұзақққа созылған ауыр да, азапты еңбекті қажет етті.
МЫСЫР ПИРАМИДАЛАРЫ. Пирамидалар перғауындар мен ең атақты адамдар үшін ғана салынды. Египет абыздарының қағидаларына сүйенсек, патшалар мен вельможаларға ғана емес, кез келген адам жерлеуге байланысты бүкіл салт-жоралар толық орындалған жағдайда мәңгілік өмірлік күш – «Ка»-ға (мәңгілік өмір) ие болады. Біздің заманымаздан бұрынғы ІІІ-II ғ. құдай – патшаларға арналған құрылыстар – пирамидалар мен храмдар негізінен тастан жасалды. Пирамидалар салу мемлекеттің экономикасын әлсіретіп, қазынаны тауысты, әсіресе халық тарапынан көп шығын мен жұмыс күшін қажет етті. Сондықтан да, пирамидалар салу – халық қайыршылығының басты себепкері болды.
Бүгінгі ұрпақ осыдан бес мың жылдай бұрын тұрғызылған Египеттің ең көне пирамидасы – перғауын Джосердің пирамидасын жасаушы сәулетші – Имхотептің ғалымдық, дәрігерлік, философиялық еңбектері өз заманында аса жоғары бағаланған. Ол сонымен қатар ұрпақтар есінде ұлы балгер, сиқыршы ретінде де қалған, өйткені ғылым дамуының сонау бастауы кезеңінде ғұмыр кешкен ғалымдардың өмірі міндетті түрде балгерлікпен астасып жатқан. Имхотеп тіптен екі рет құдай деп танылған. Арада екі жарым мың жыл өткенде гректер оған «медицинаның құдайы» ретінде табынған.
Джосер пирамидасы көп сатылы құрылыс, ол ұзыннан-ұзақ басқыш тәрізді аспанға өрлей береді. Бұл пирамиданың биіктігі – 60 м. болса, одан кейінгі салынған пирамидалар одан да биік, одан да аумақты.
Египет мәдениеті – сан-салалы мәдениет. Солардың бірі – біздің заманымызға келіп жеткен Египеттің ең көне жазу текстері. Олар – құдайларға құлшылық ету мен шаруашылықты жүргізуге байланысты жазбалар. Біздің заманымыздан бұрынғы екі мыңыншы жылдыққа жататын ең көне әдеби мұралардың кейбіреулері сақталып қалған, бірақ ғалымдардың пікірінше, бұлардан да көне әдеби мұралар болғандығы ақиқат. Өкінішке орай, олар біздің заманымызға дейін келіп жетпеген. Египеттің көркем әдебиетінің түрлі жанрлары болған. Олар: патшалар мен ұлы даналардың өз балаларына арналған нақыл сөздері, түрлі тақырыптарды қамтитын әңгімелер және тағы басқалары Көне Египет әдебиетінің тамаша туындыларының бірі – «Өмірден түңілген адамның өз жанымен сұхбаты» деп аталады. Өмірден қатты түңілген бұл адам өлімге бет бұрады. Бірақ оның жаны бұл әрекетке барынша қарсылық жасап, бұл өмірдің қызығы мен рахатын көруге кеңес беріп, оны өлімнен сақтандырады Иероглифтер – көне Мысыр мәдениетінің ажырамас бөлігі болып табылады, өйткені бұл өлкеде салынған қай ғимаратты алсаң да, олар иероглифтерге бай болып келеді. Ерекше атап өтетін бір жайт, Египет жерінде салынған ғибадатханалардың алдына сфинкстер тұрғызылды. Тастан қашалып жасалған сфинкстердің денесі арыстан, ал басы адам бейнесінде болды. Оның басы перғауынды бейнеледі. Сфинкс – Египет өміршісінің құдіреті мен күшінің оның даналығы мен жұмбақтығының жаршысы болды. Ең алып сфинкс б.з.б үшінші мыңжылдықта салынған. Ол осы уақытқа дейін Хефрен пирамидасын күзетіп түр. Тұтастай алынған жартастан жасалған бұл сфинкстің басы адамның басынан отыз есе ұлкен, ұзындығы 57 метрге жетеді. Ғылым саласында да көне Египет айта қаларлықтай жетістіктерге жетті. Адамзат тарихындағы ең көне сағаттар – су және күн сағаттарын алғаш жасаушылар да осы мысырлықтар болатын. Астрономия ғылымымен қатар, медицина ғылымы да өз дамуында тамаша табыстарға жетті. Адам организміндегі мидың атқаратын қызметі анықталды, сонымен қатар әртүрлі ауруларға байланысты көз, тіс және тағы басқалары дәрігерлері пайда болды.