Он тоғызыншы ғасырдың басында, «Бөкей ордасы» аталған өлкеде
(қазіргі Батыс Қазақстан) хандық құрған Жəңгір Бөкеевті, сол кездің, сол
маңайдағы ақыны, «Алаша» аталатын рудан шыққан Байтоқ жырау:
Бір жасына келгенде,
Тілі шықты кəлəммен,
Екі жасқа келгенде,
Қолына қағаз алды қаламмен, –
деп көтермелейді. Сол айтқандай, Шоқанды да бір жасынан сөйлеп кетті
деген əңгіме бар.
Төре тұқымында баланы тілі шыққанша бесікке бөлейтін əдет болған.
Зейнеп сол əдетті Қанашына да қолданған. Бұл жайда ел арасында мынадай
қызық əңгіме бар: бір сəтте, Зейнеп бесіктегі «Қанашын» қонақ үйде емізіп
отырады да, бала ұйықтап қалғасын тысқа шығып кетеді. Іле ол үйге
қонақтар келіп түседі де, «асығыспыз» деген соң мал сойылмай, сүр
асылады. Тез піскен тамақ қонақтардың алдына келіп, табақты айнала
отырған олар етті жеуге кіріседі. Сонда бесіктегі Шоқан оянып,
таңғышынан бір қолын шығарады да, бесіктің жабуын шетінен түріп;
– Əу, қонақтар, мен аш қалмайын! – дейді.
Дауысқа жалт қараған қонақтар, көздерін бесікке тіксе, бөлеулі бала:
– Рас айтам, еттен маған да беріңдер! – депті. Сонда біреулер:
– Алла, мынау не сұмдық?! – деп үрейлене бастапты.
Олардың ішінде Уақ руының беделді биінің бірі – Елембай да бар екен.
Батыл да, батыр да дейтін Елембай үрейленгендерге:
– Немене қаша қалғаны? Кісі жер деймісің титімдей бала? Жесе, мені
жесін, - деп орнынан тұрыпты да, - зарлатпай шешіп алайын мұны, - деп,
жөргегінен босатып қолына алыпты. Бала тығыршықтай семіз екен дейді.
Оны кішкене көйлегімен қолына көтеріп алған Елембай «Керей мен
Уақтың қай сорына тудың екен?» - деп, тасырайған қарнына шертіпті де:
– Жұртты жеп үйренген хан тұқымы-ай, енеңнің шуынан арылмай
жатып тамақ тілейсің-ау! Сұраушының тілін кеседегі еді, мə аса! – деп
аузына қазының ұлпасын тығып жіберген, бала сорып жұтып қойған.
Шоқанды əке-шешесі де, Уəлінің өзге ұрпақтары да, кішкене күнінен
далдалатып, ерке ғып өсірген. Оған бір себеп төмендегідей екен:
Айғанымның өсек-аяңы көп болғанын білеміз. Сол сөздер құлағына
шалынған Шыңғыста «мен кімнің баласы екенмін?» деген күдікті ой
жүретін. Балтамбер əңгімесін естігеннен кейін батыл біреулер «соған
ұқсастығың бар» дейтін. Ол сөзге нанар - нанбасын білмеген Шыңғыс:
«Бұл не пəле?!» деп іштей налитын.
Сөйтіп жүрген күндерінің біреуінде, Шоқан апыл-тапыл баса бастаған
шақта, Шыңғыстың Құсмұрындағы үйіне Керейдің Балта руынан шыққан
Тұрсынбай батыр келе қалды. «Абылай ханның туын ұстапты» дейтін бұл
батырдың жасы тоқсаннан аса бастаған кезі еді. Бірақ атқа жүруге тың да.
Шаруа күйі нашар батыр, «Абылайдың немересі» деп, Шыңғысқа əдейі
жүрек жалғау үшін келіпті.
Шыңғыс Тұрсынбайды құрметпен қарсы алып, жүдеу киімдерін
тастатып, жаңадан жақсылап киіндірген, тəтті-дəмдісін аузына тосқан.
Сондай сəттің бірінде, батырдан бата алғысы келген Шыңғыс тəй-тəйлап
жүрген Шоқанды қонақ үйге көтеріп жепті де, Тұрсынбайға:
– Батыр ата, мынау шөбереңе бата бер! – деп алдына тосыпты.
Тұрсынбай қолына ала берген балаға, жасаураған үлкен шағыр көзін қадай
қап:
– Аруақ, аруақ! – деп жылап қоя беріпті.
– Ата, бұның не?! – деген Шыңғысқа:
– Жыламағанда қайтейін! – депті Тұрсынбай, – мынау балаң, аумаған
Абылай ағам ғой!..
Сол күннен бастап Шыңғыстың басына «балам Абылай атама тартса,
мен неге Абылай ұрпағы емеспін!» дегенге ұялады. Сондықтан бұған дейін
де жақсы көретін Мұхаммед-Ханафиясын енді тіпті де жанынан санап,
ерекше еркелетіп жіберді.
Шоқан тентек болып өсті, оған бас себепкер Шепе еді.
Шоқан Абылайға тартты»» деген сөзге, Шепе Шыңғыстан артық
болмаса, кем сүйсінген жоқ. «Əліпті таяқ» деп білмейтін ол, «хан
тұқымының түпкі атасы Күншуақтан жаралған» деген сөзге қатты
иланатын еді де, ішіне өзін қоса, оларды «ақ сүйек» деп, былайғы
қазақтарды «қара сүйек» деп менсінбейтін еді. Шешесінің жүрісті болуы
оның да құлағына шалынған, сондықтан ол да «мен кімнің, баласы
екенмін» деген күдікте болатын. Сондай ойда жүргенде, Шоқанның пішіні
Абылайға тартты деген сөзді естіп, «Шыңғыс атамның ұрпағы болса, мен
неге емеспін?» деп сенді де, Уəлі тұқымының абылайлық екендігіне куə
сияқтанған Шоқанды жанындай жақсы көрді.
Шепенің ұғымында əлсізді күшті жеу, – тəңірінің əзəлдə жазған
бұйрығы, ендеше əлің келгенді жей бер. Жəне оның ұғымында қазақтың
«Алпыс күн атан болғанша, алты күн бура бол!» деген мақалы дұрыс
ендеше, қолда күш барында, кез келгенді жеп үлгер. Тарихтан, яғни халық
өмірінде болған оқиғалардан хабары жоқ Шепенің, қазақша айтқанда
«ақылы көз алдында» яғни көзі көрігі жүргеннен арғының да, бергінің де
оған қажеті жоқ. Оның көз алдындағы нəрсе, – Шыңғыстың аға
сұлтандығы, соған байланысты күш-қуаты. Шепенің ойынша патшаның
қарулы əскеріне сүйеген Шыңғысқа келер көр де жоқ, жетер күш те жоқ.
Оның қылмысты Шыңғыстан асыра сілтеуі де содан.
Шепенің ойынша: «төре» атаулының бəрі бері салғанда - Шыңғыстай,
əрі салғанда -өзіндей жемқор, қиянатшыл, зорлықшыл болуға тиісті,
сондықтан кішкентайынан жақын тартатын Шоқанды да Шепе осындай
тəрбиеде өсіруге тырысты. Соған қоса, қазақ ақындарының кейбірі
шығарған өлеңде:
Не асыл заттың бəрі жерден шығар,
Меруерт, маржан тасы көлден шығар,
Жастықта қанша күнə істегенмен,
Қорқып тəуба қылатын өрден шығар, –
деген сөздер бар. Сондықтан тілі шыға сотқарлығы көріне бастаған
Шоқанды Шепе кішкене күнінен бейпілдікке баули бастады. Ен, алдымен
Шоқанға ол: «Кімнің баласысың?» деген сұрауға: «Əбəй баласымын»,
деген жауап беруге үйретті. Сондағы «Əбəй» дегені – «Абылай» еді. Тілі
төселе бастаған шақта Шоқан: «Абылай» дегенді де ашық айтты.
Кішкенеден зерек болып ескен Шоқанға, Шепе Абылайдың кім екенін
біртіндеп ұғындырды да, «тегін топырақтап емес, күн нұрынан жаралған»
дегенді. «асылың қара қазақтан артық» дегенді ес біле санасына сіңіре
берді.
Шепе Шоқанға қара қазаққа қалай қараудың, не істеудің жолдарын да
үйретуге тырысты, сондағысы «қара» дегеннің бəрін де ренжітетін
қылықтар істеу, əсіресе, боқтау. Шоқанның тілі шыға Шыңғыстың үйіне
келген адамнан боқтау естімегені жоқ. Кім көрінгеннің бетіне түкіру,
мазақтау, біреулердің сақалына жармасу, мініп кеп байлап қойған атын
шешіп жіберу, шідерлеген аттарды ағыту, қамшы, бөрік, белбеу, етік, ер-
тұрман сияқты нəрселерді тығып тастап, кейін таптырмау... Шоқанның
дағдылы ісі болды. Жəбір көрген жұрттың сөзімен, Шыңғыс Шоқанға
тыйым салмақ болғанда, Шепе үнемі қорғаштап, көнудің орнына өзін
боқтатып, мазақтатып үйретті.
Шоқан сотқарлық қылықтарын жалғыз атқарған жоқ. Шыңғыстың
қарашы аталатын аулы барын білеміз. Бірталай үйден құралатын бұл
ауылдың аяқ басуға жараған ұл балаларының, бəрі – Шоқанның отряды.
Олардың «командирі» – өзі де, «жəрдемшісі» – Жайнақ дейтін бала Шоқан
мен ол бір жылда, бір айда, бір күнде, бір мезгілде, таң сəулесі алаулай
қызарған шақта туған. Шоқан ересек жасқа дейін булығып, шарға бойлы
болып өскен, ал, Жайнақ жас мөлшерінен өресі биік, бойшаң бала болған.
Аяқтарын апыл-тапыл басқан соң-ақ, Шоқан мен Жайнақ бірге
ойнайтын болды. Төре баласының төлеңгіт баласына үйір болуы Шепеге
ұнаған жоқ. Бірақ, Шепе оларды айыру тілегіне жете алмады, қалай
айырмақ болса да екеуі қосыла берді. Ақыры, қалжыраған Шепенің
қолынан келгені – Шоқанға Жайнақты да боқтатып, сабатып үйретуі. Сол
үйретіндімен, былай да сотқар, тыз етпе Шоқан, кейде боқтап немесе қол
қата қалса, табиғи мінезінің салмақтылығынан ба, əлде төлеңгіт баласы
екенін түсінуінен бе төзімділік көрсетеді, ашуы да, қайтуы да тез Шоқан
Жайнақпен ілезде табысады.
Жайнақ Шоқанға ойын үшін ғана емес, серіктік үшін де керек, əсіресе
жаздыгүні, ел жайлауға кешкен шақта, ол кезде аралары жиі отыратын
ауылдардың балалары, ойдың үстінде дай-дай болып төбелесіп те қалады,
«төре», «қала» демей, əлі жеткендері сабап кетеді. Сондай шақта Шоқанға
ерген балалардың ішінен ерекше қайрат көрсететіні. Ол қайратты да,
мықты да, шапшаң да, жүйрік те екі айда қарсы жатын қиратып шығады
қуса – жетеді, қашса – құтылады, бірге-бірге өзі қатарлас балалардың кез
келгенін сұлатып салады. Күрессе – жығады, сол жəйін байқағандар,
серейген бойына, күштілігіне қарап Жайнақты «Жирен буыршын» дейді;
негізі жуас Жайнақ өз бетімен ешкімге соқтықпайды, Шоқанды «төрем»
деп түсінетін ол, жұмсаған ісінен бас тартпай, не айтса да орындап жүреді.
Осындай жағдайдағы Шоқан мен Жайнақ, романның оқиғасы басталған
1847 жылдың жазында, Шыңғысты аса ауыр күйзеушілікке ұшыратты.
Шоқан «тентек» дегенмен есті тентек еді. Көптің көзіне болып жататын
оқиғалардың бəрін ішіне түйіп, өзінше қорытынды жасап жүретін.
Кейде көзімен көріп, кейде құлағымен естіп... дегендей, Құсмұрын
дуанына қарайтын елдің «игі жақсы» аталатындардың кімдер екенін Шоқан
жақсы білетін еді, солардың ішінен, қайсылары əкесін жақтайтынын,
қайсылары жақтамайтынын да түсінетін. Əкесіне өшіккендерге бұл да
өшігіп шалдуарсыған болып сотқарлық қылықтарды көбінесе соларға
істейтін. Онысы «кек алудың тəсілі» деп түсінетін. Жəбірленушілер ол
ойын аңғармай «төре баласының далдан дауы» деп не қылық жасаса да кек
көрмейтін, «баламен бала болмайық» деп, əрі Шыңғыстан қаймығып, бетке
қақпайтын тек, бір сəтте, үйіне келген Қожықтың кекештігін сықақтап,
онымен де қоймай, үстіне мініп алуға айналған соң, ашуы келген Қожық
ішінде Шыңғыс та бар шаршы топтың көзінше:
– Құдайдың баласы бо-болсаң да, ə-ə-əрі кетші, ша-ша-шалжаңдамай! -
деп шапалақпен бетінен тартып жіберген; ашу қысқанда өзіне ие бола
алмай қалатын Қожық, қиғаш көзі шарасынан шатынай шығып,
шапалақтың екпінімен ұшып кеткен Шоқанды бүркіттей бүрмек боп
ұмтылғанда, түсінен шошыған Шоқан үйден шыға қашқан, қумақ болған
Қожықты қасындағылар əрең ұстап қалған; кім көрінгенді бас салатын
Шоқан, содан кейін сотқарлығының бұл түрінен біраз тыйылып, тимеуіне
көзі жетпеген адамға ұмтыла қоймайтын.
Елдің тауқыметін байқап жүретін Шоқан, соңғы кезде əкесіне қарсылар
көбейе түсуін де, олардың түп қазығы Есеней болып жатқанын да
аңғаратын. Сондай жаулар 1847 жылдың жазы шыға тіпті қалыңдап,
Құсмұрынның қырқасына қонған хан аулының маңында, қарашыларынан
басқа ауыл қалмағанын Шоқан білді, бірақ арты неге соғарын білмеді,
сондықтан хан ауылын басқа ауылдар жан-жақтан баса-көктеп көшіп
жатуына мəн берген жоқ.
Шоқан, тек, бір ғана ауылға мəн берді: Құсмұрын көлінің теріскей
жағында, Обаған өзенінің бойында мекендейтін Уақтың Өтей жəне Дəуіш
аталатын екі руының ішінде, Өтей дейтін əрі байы, əрі биі, оның «атып кел,
шауып келі» болған Төлеген дейтін қуы, пысығы бар-тын. Басқа Керей, Уақ
Шыңғыстан іргесін алыстата бастаған шақта, олардың – «төбе би» боп,
Төлегені - «босаға би» боп, жұптарын жазбайтын.
Солайша болып келген Өтей мен Төлегенге Есеней бастаған Керей, Уақ
биыл 1847 жылдың көктемінде салмақ сап; «Не Шыңғыспен, не бізбен бол,
қай таңдауын өздері алсын; Шыңғыспен болса – жауымыз, онда, Шыңғысқа
не көрсетсек, оларға да көрсетеріміз сол. Ал, бізбен болса, Шыңғысқа біз
не көрсетсек, соған бірге қосылады», – деген.
– Сонда бізге не қыл дейді? – деген Өтей мен Төлегенге:
– Шыңғыстың биыл шабылатын жылы, – деген елші, – содан қорқып
жайлауға шықпай, орыс əскерінің бекінісіне паналағалы отыр. Сонда да
шабылады. Сол кезде сойылдың, күшінде найзаның ұшында кетпеу үшін
екеуін, де елмен бірге жайлауға көшесің!
Өтей мен Төлеген жайлауға жапа-тармағай көшкен елге амалсыз
қосылған.
Өтей мен Дəуіш жайлауда ұзақ тоқтамады. Онда да тақыршылық еді.
Жаздай жаңбыр болмаған соң қар суымен көтерілген жусан мен бетеге,
шілде туа ұшты да, жайлау да қара тақырға айналып, малына от іздеген ел
жан-жаққа бытырай бастады.
«Бұлт ала, жер шола» дегендей, сол бір қысаң шақта, Тобыл мен
Обағанды бойлай жаңбыр өтіп, тақыр жердің көктей бастаған хабары
естілді. Бұл өзендерді мекендейтін жайлаудағы елдер, олардың ішінде Өтей
мен Дəуіщ көкке қарай сөгіле тартты. Үдере кешкен ауылдар, айдау көрген
арық-тұрақты аз күн тыңайтпақ болып, Құсмұрынның «Аяқ бұлағына»
жетті де жаппа тікті.
Кегі бар Шыңғыстың Өтей мен Дəуішті Құсмұрын төңірегіне кідірткісі
келмей, «жерімнен етіп қонсын»! деп кісі жіберіп еді, олар «жер адамдікі
емес, құдайдікі, бұл ара бəрімізге ортақ көшімді тынықтырғанша
отырамыз» деп дау айтты.
ІІІепеге салса, бекіністен солдат əкелу керек те, мылтық күшімен айдау
керек. Шыңғыс ондай қылыққа үш себептен бара алмады: бірі – Шепенің
айтағына шабудан беті талай шарпылып, ендігі өліртпесіне аяғын аңдап
басатын болған, екіншісі – жақында өтуге тиісті «шырпы-шиге»
жиналатындардың алды. Құсмұрын көлін төңіректеген ауылдарға келе
бастапты», деген хабар естіліп жатты, тыңшылардың Шыңғысқа
хабарлауынша, «беттері жаман», жиналыста Өтей мен Төлеген де болуға
тиісті, олардың əсіресе "Өтейдің Керей мен Уақтың арасында салмағы бар,
үшіншіден жуық арада Шыңғыстың үйіне Омбыда өзімен бірге оқыған,
кейінгі жылдарда «Сібірдің бөлекше корпусы» аталатын əскери қосында
инспектор болып қызмет атқаратын - Александр Николаевич Драгомиров
келіп кеткен. Оның хабарлауынша, – «Құсмұрынға жиналыс кезінде
Орынбордан да, Омбыдан да келеді - мыс» деген əскерлік отрядтар
əзірленіп жатқан шақта, Омбыға патша сарайының қасындағы сібірлік
комитеттің председателі – князь Чернышев келіп, жергілікті үкіметті
қазақтарға мылтық күшін қолданудан тыйып тастаған. Онымен де қоймай
Құсмұрынға арнаулы ревизия жіберуді де тоқтатқан.
– Жақында ғана бағынып, жуықтан бері ғана тыныштала бастаған отар
елге күш жұмсаудың, үрейлендірудің керегі жоқ, – деген Чернышев, – дау-
шарларының, бəрін де қазақтың өз əкімдеріне тастау керек, қалай бітірсе де
еріктері орыс үкіметіне, қазақтардың ішкі жұмысына араласпау керек,
сырттан ғана бақылап, Россия мемлекеттігіне қайшы келетін істерде ғана,
қисығын түзеу керек, онда да күшпен емес ақылмен, Драгомиров осы
нұсқау жайында Чернышевтан Орынбор үкіметіне деп əкеле жатыр екен.
Омбыдан Орынборға қазақ-орыс линиясымен келе жатқан ол, жаңағы
хабарды Шыңғысқа жеткізбек болып, Құсмұрынға əдейі бұрылыпты,
сондағы ойы - достық көңілін білдіру. Осы жайды айта отырып:
– Халың ауыр, достым, – деді Драгомиров, – үстінен жазған
шағымдарды арқалатса, көтере алмай мертігіп өлер ең. Астыртын
тексерткенде көбі шынға айналған. Сол қылмыстарыңды орыс соты қараса,
сені өлтіріп жібереді. Сондай жайын көргендіктен князьдің аузына, – «бұл
істерді қазақ билеріне тастау керек» деген сөзді салған - менмін. Істер
Омбыда жата береді, дау-шарды қазақ билері ауызша сөзден тексеруге
тиісті. Егер олардың, ауыз бірлігін таба алсаң, саған да, ешкімге де еш
нəрсе
болмайды,
билер
қазақтың
əдеттік
заңына
сүйенеді
де,
жəбірленгендерге айып-қиып əперумен көңілдерін таба салады... Содан
кейін Омбыдағы қағаздарды жоғалту оңай. Билердің көңілін таба алмасаң,
халың қиын. Онда, құдайдан басқа жəрдемшің жоқ. Ол да көпке топырақ
шаша алмайды...
Драгомиров Орынборға жүріп кетті. Қайтарда да соғуын өтінген
Шыңғысқа, «тырысармын» деді ол.
Драгомировтың ақылы көкейіне қонған Шыңғыс, «ел билерінің көңілін
табудың алғашқы соқпағы осы болсын» деген оймен, ең алдымен, əскерлік
бекіністің тас сарайында қамаулы жатқан Аңдамасты босатты да:
– «Ер шекіспей бекіспейді» деген, енді шекіспей бекісейік: ескі өкпе-
назды тастайық. Басын, кететін қылмысың бар. Өкпеге қисам да, «ер жігіт»
өлімге қимадым. Ендігі салмақты басқа емес, малға салам. Жоқшыларды
малмен бітістірем. Малды қайдан табудың ретін келтірем. Бар. Қожыққа да,
Есенейге де, басқаларға да осыны айт. Дауы құрысын. Ел тыныштығын
ойлайық, – деді.
Шыңғыстың бұл сөздерін – шыны көрген Аңдамас, айтқандарын
орындамақ болып аттанып кетті.
Татулық əңгімесі елге тарап, əркімдер əр түрлі сөздер айтып жатқан
шақта, Шыңғыстың төбесінен тағы бір ауыр пəле жайдың оғындай ұрып
есеңгіретті де тастады жəне өзге арқылы емес, өзінің баласы - Шоқан
арқылы.
Ол да Өтей мен Төлегенге əкесінен кем өш емес еді, олардан кек алуды
əкесінен кем арман етпейтін еді. Сол арманы – оның тілеуі қабыл
болғандай, Өтей мен Дəуіштің көгеннен ағытқан марқа қозылары маңырай
оттаған беттерінде бұлақтың сайына өскен тырбық, қисық бойлы қалың
қайыңның ішіне келе қалды. Өрген қозылардың беталысын келдің сол
тұстағы ақ тақырында балалармен асық ойнап жатқан Шоқан бақылап
тұрды. Оның басына жаман ой орала қалды: «өздерін ағаш ішінде
түгелімен бауыздап тастасақ қайтеді?» деп бір ойланды ол Шепеден естіген
бір əңгімесінде, біреудің өзі сияқты тентек баласы, өшіккен біреудің өрісте
жүрген қойларының арасындағы қошқардың тірідей тірсегін кесіп, асығын
алған.
«Қозылардың ішіндегі қошқар боларлықтарын сөйтсек қайтеді?» деген
де ой келді Шоқанға.
Соңғы ойына бекінген Шоқан «қарным ашты, үйге барам» деген
сылтаумен, төлеңгіт балаларын аулына қайтарды да, қасына Жайнақты ғана
ертіп, Аяқбұлақтың бұталы сайымен жоғары өрледі, бірақ серігіне ниетін
сездірген жоқ.
Ағаш арасында шырпылардың жапырағын маңырай шалып жүрген
қозылардың ішінен Шоқанның көзіне ірі денелі, үлкен құйрықты дөңес
мұрынды, сенсең жүні жалпылдаған күрең еркек қозы түсе кетті.
– Ұста ананы! – деді Шоқан Жайнаққа, күрең қозыны нұсқап.
– Неге? - деді Жайнақ.
– Не ақың бар, «неге» екенінде, «ұста!» деген соң ұста!
Жайнақ əлі де неге екенін білмей, Шоқанның бетіне қараса, кейбір
қаһарына мінетін қалпына түсе қапты қатты ашуланғанда бетінің бұлшық
еттері бүлкілдеп, көздері қанталап шатынай қалатын, «қаршадайынан
бұнысы не?!» деп таңданғандарға: «Қан ішкен тұқым емес пе? Бұлар
жөргегінен қанға сусап өседі», деп жауап беретін, «білемін» дейтіндер. Ол
тұқымнан батырлық қуып жауға шапқан: Абылайды, Қасымды,
Кенесарыны, Наурызбайды, Шыңғыстың туған ағасы - Мəмкені
айтпағанда, «ең жуасы» дегеннің өзі біреумен төбелесе кетуге төбелессе -
пышақ жұмсауға даяр тұратын. «Төре» атаулының белдігінде, қынға
тығулы кездігі жүретін, кейбіреулері қанжар да асып алатын, əкімшілік
құрғандары мойындарына үнемі қылыш асынатын. Шыңғыс та сөйтіп,
қызмет атқарған немесе атқа қонған шақтарында, алтын балдақты, күміс
қынапты қылышын салақтатып, мойнына асып жүретін.
Шепе сол дағдыға Шоқанды да кішкене күнінен қалыптастырып,
«төреде кісесіз, кездіксіз жігіт болмайды» деп, Шоқанға арнап бір зергерге
əдейі жасатқан, алтынмен əшекейлеген кісеге қыны мен екі жүзді кездік
ілдірген. Əзірше ешкімге жұмсап көрмегенмен, ашуланған шақтарында,
«салып алайын ба?» деп Шоқан да кездігін қынынан суыра жылтыңдатып
қоятын.
Күрең қозыны «ұста!» деп бұйырған Жайнақ айтқанын орындамай
бетіне қараған соң, Шоқан «алтын кездігін» қынынан суырып алды да:
– Ұста, ұста! деген соң! – деді Жайнаққа жекіп, кездігінің жылтыр жүзін
күннің шаңқан сəулесіне жалтылдатып.
Қаймыққан Жайнақ қайын, шырпының дəмі қышқыл бұтақтарын өткір
тісімен қырқып ап, быртылдатып рахаттана шайнаған күрең марқаның
қасына жанаса беріп, артқы аяғының біреуінен ұстай алды. Шошып кеткен
марқа, тұтылған аяғын жұлқи ілгері тартқанда:
– Жық! – деді Шоқан.
Күшті Жайнақ, марқаның денесін құшақтай, сол жақ қабырғасын астына
келтіре алып ұрды.
– Бас!.. Жіберме!.. – деп бұйырды Шоқан Жайнаққа.
Тұруға тыпырлап жанталасқан қозыға Жайнақ əрең ие боп, «бұны не
істейді?!» деген оймен Шоқанға қарап еді, ол марқаның қатты үстіңгі жақ
артық аяғына жармаса кетті де, кездігімен тірсегін шорт кесіп жіберді.
Жанталасқан марқа тіпті қатты бұлқынғанда, ие болмауға айналған, əрі
марқаны аяған, əрі Шоқанның мына батылдығының не екеніне түсінбеген
Жайнақ:
– Бұның не, Қанаш-ау?! – деді үлкен көздері шарасынан шығып.
– Не əкеңнің құны бар, не екенінде? – деді Шоқан, кескіні мейрімсіздене
түсіп.
– Обал ғой мынауың!
– Өшір үніңді, əкеңнің аузын!.. Ие бол, марқаға!.. Əйтпесе, кездікті өзіңе
салам!..
Бұйрықты орындамауға амалы жоқ Жайнақ, бұлқынған марқаға əрең ие
болып, қылпылдаған кездерін Шоқанға тіксе, ол марқаның бөлтірігін де
қиып, жіліншігін кейін қайырып жатыр екен...
– Алла! – деді не істерге білмей сасқалақтаған?Қайнақ, бар даусымен.
Шоқан марқаның асығын қоса, жіліншікті қайырып жіберді... Сол шақта
олардың құлағына.
– Əй, бұларың не?! – деген еркек даусы сап ете қалды. Жалт қараса,
киімдері тозыңқы, аяғына ағаш шəрке ілген, қолына жуан таяқ ұстаған,
қара буырыл сақалды, күйкі денелі адам!..
Бұл бала шағынан Өтейдің қойын баққан, қартаң тартқанда қозыларын
Достарыңызбен бөлісу: |