АҚҚан жұлдыз бірінші кітап роман бірінші тарау



Pdf көрінісі
бет8/57
Дата20.02.2020
өлшемі3,43 Mb.
#58443
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   57
Байланысты:
(pdf) Аққан жұлдыз (Сәбит Мұқанов)

бағуға  ауысқан,  мал  бағудан  басқа  жұмысы  жоқ,  қатын-балалары  өлген,

Жұрқа дейтін бейшара еді.

Балалар  Жұрқадан  сескенгендей,  қозыны  қоя  беріп  кейін  шегінді.

Сындырған  аяғынан  шойнаңдай,  зарлана  маңыраған  марқа  үш  аяқтап

қашты.


–  Шырақтарым-ай,  бұларың  не?!..  Обал  қайда  балалар?..  –  деді  Жұрқа,

жылағысы  келгендей,  бет-аузы  бүлкілдеп,  былшықты  көзінде  жасы

мөлтілдеп...  -  Қозының  тірсегін  қиғанша  менің  тірсегімді  қисаң  нетті,

балалар!.. – деп Жұрқа еңіреп қоя берді...

–  Кетемісің,  жоқ  па?  –  деп  Жұрқаға  кездігін  жалақтата  ұмтылған

Шоқанды,  «ойбай,  қой!»  деп  құшақтай  алды.  Бұл  жолы  Шоқан

қарсыласқан  жоқ.  Оны  ағаш  арасына  қарай  жетектеген  Жайнақ,  орнынан

қозғалмай  жылап  тұрған  Жұрқаны  сескендірмек  болып,  –  «Кетсейші,

бейшара-ау,  өлесің  ғой  бүйтіп  тұрып!  Білмей  тұрмысың  тентектің  кім

екенін?»  деді.  «Кімнің  баласы  еді,  ойбай?»  деді  Жұрқа  ықылық  атып.

«Шыңғыс ханның!» деді Жайнақ «Кімнің баласы болса да, жетпей желкесі

қиылсын!»  деді  Жұрқа,  жасқа  булығып.  «Не  дейді?!»  деп  бұлқынған

Шоқанды Жайнақ босатпай, қалың бұтаның арасына кіріп кетті...

Артқы  оң  жақ  аяғы  тілерсегінен  омырылған  күрең  марқаны  арқалап,

басқа қозыларды айдап, ауылға алыстан аңырап келген Жұрқаны көргенде,

ауыл адамы, əсіресе Өтей, не істерге білмей қалды.

Кешікпей  Өтей  мен  Дəуіштің  аяқ  басқан  адамы  Өтейдің  аулына  түгел

жиналды.  Жиналғандардың  ыза-кегінде  шек  болған  жоқ.  Не  істеудің

жайын,  жұрт  Өтейдің  аузынан  күтті.  Естімеген,  көрмеген,  күтпеген

сұмдыққа кездескен ол, ашу қаншама буғанмен тартымды ақыл иесі болып

келген  қалпына  бақты.  Ақындар  «қараңғыда  жол  тапқан,  қисынсыз  жерде

сөз  тапқан»  деп  мақтайтын  оны,  сақалының  ұзындық  жəне  молдығына

қарап, көтермешілер бураға теңейтін еді де, жастар жағы «Бура атаң» деп,

құрбылары  «Бөкен»  деп,  теңдес  біреулер  болмаса,  «Өтей»  атын  ешкім

аузына алмайтын еді.

Өтей Шыңғыстың əкесі – Уəлімен тізелес, табақтас болған адам. Қасым

мен  Уəлі  Абылайдың  хандығына  таласқанда,  Уəліні  жақтаушылардың  бірі

– Өтей болған. Сондықтан оны «Бүкең» деп Шыңғыс та сыйлайтын, үнемі

ақылшысы, батагөйі ғып ұстайтын. Есенейдің екпінімен Шыңғыстан биыл

жаз іргесін айырғанмен, ордаға ішкі тілегі баяғыдай болатын.

Міне, сондай көңілдес жүрген Өтейге, күрең марқаның оқиғасы төбеден

тоқпақпен ұрғандай əсер жасады.

«Қыздырманың  қызыл  тілділеріне»  ерік  берсе,  Шыңғысқа  кісі  жіберу

керек  те,  марқаны  қосалқа  құнмен  төлетіп,  бұндай  қылықты  қайталамау



үшін,  баласына  көптің  көзінше  дүре  соқтыру  керек.  Біреулердің  ойынша,

бұл  қылық  баланікі  ғана  емес,  əкенікі  де  бұны,  биыл  Өтейдің  ірге

айыруынан  өшігіп,  Шыңғыстың  өзі  істетіп  отыр,  оның  баласына

тапсырғаны,  бір  марқаның  ғана  емес,  бірге  өрген  қозылардың  бəрінің  де

аяғын сөйттіру, құдай одан сақтаған да, Жұрқа үстінен шығып қалған!..

«Не  істеу  керек?»  дегенде,  біреулер  күрең  марқаны  ақсаңдатпай  сойып

тастауды мақұл көріп еді, енді біреулер, – «сарапқа түсетін марқа болды ғой

бұл,  көрерсіңдер,  əскер  күшіне  сүйеніп  отырған  Шыңғыс  теңдік  бермейді

марқаның  құнын  да  төлемейді,  баласына  дүре  де  салдырмайды,  ендеше,

бұл  кеңесті  дуанға  жинала  бастаған  билерге  беру  керек,  не  десе  де  солар

шешу  керек,  олай  болса  оташыға  марқаның  қиылған  тірсегін  байлатып,

қолда күттіру керек» десті.

«Бураған» біраз уақыт үндемей отырып қалған соң, тіл қата алатындары:

– Бүке, не ақыл айтасың? – деді шуласып.

– Қасқыр жеп кететін бір марқа ғой бұл, – деді Өтей тұқырайған басын

көтеріп, – бүйтпесе керек еді Шыңғыс. «Бала да өз бетімен істей қойды ма

екен,  бұны?»  деген  сөздеріңде  де  жан  бар.  Бұл  бері  салғанда,  –  Шепенің

ақылы болу керек. Əрі салсаң – одан да шиеленіседі. Қалай айтқанда да бұл

қылыққа  қатты  тыйым  салмай  болмайды,  əйтпесе  ар  жағы  өршіп,

ұшқыннан  өртке  айналып  кетуі  мүмкін.  Бірақ  бұл  жұмысты  ашуға  емес,

ақылға  жеңгізейік.  Шыңғысқа  əуелі  кісі  жіберейік,  себебін  білейік,  не

істеуді содан кейін ақылдасайық.

Өтей  Шыңғысқа  өзгені  емес,  өзіне  жас  жағынан  да,  бедел  жағынан

тетелес өсіп келе жатқан Төлегенді жіберді. Сондағы ұстатқан сөзі:

–  Баласы  мына  қылығын  Шыңғысқа  білдіріп  істеді  ме  екен,  білдірмей

істеді  ме  екен?  Қайсысы  болса  да  түбінде  анықталмай  қоймайды,

сондықтан  шынын  айтсын.  Одан  əрі  сөйлесу  жеңіл  болады.  Бұл  –  бір.

Екінші  қайсысы  болса  да,  қиын  жұмыс  болды  бұл.  Əңгіме  Шыңғыстың

білу-білмеуінде  емес,  менің  марқамның  сирағы  буналуында.  Бір  марқада

тұрған  түк  те  жоқ.  Ол  не  қасқыр  жеп  кететін  не  кім  көрінгенге  сойып

тастайтын тоқты. Маған осы оқиғаның атағы жаман болып тұр. Менің əуелі

–  Уəлімен  одан  кейін  Шыңғыспен  жан  аяспас  болғанымды  дүйім  жұрт

біледі.  «Шыңғыстың  баласы  сондай  досының  малына  пышақ  жұмсапты»

деген  қауесет  тарайды  да,  «құрыққа  сырық  жалғап»  дегендей,  өсекшілер,

əсіресе  дұшпандар  бұл  кеңесті  өсіріп  əкетіп,  бір  марқаны  мың  марқа

қылудан қашпайды. Бұны естігенде, дұшпандар «шоқ-шоқ» деп табалайды,

достар  қынжылады,  соның  арты  насырға  шауып,  «сыныққа  сылтау  іздеп

отырғандар»  жұртты  желіктіреді.  Бұл  ұшқынды  үрлеушілер  аз  болмайды.

Оның  арты  өртке  айналып  кетуі,  талайлардың  бұдан  шарпылуы,

біреулердің  күйіп  өлуі  қиын  емес.  Осы  өртті  болдырмауға  менің  ақылым

жететін емес. Шыңғыс не айтады екен бұған?..


Төлеген барғанша, Шыңғыс Шоқанның қылығынан хабарсыз екен. Осы

маңайдағы шешеннің бірі саналатын Төлеген, əдеттегі қалпымен, мақсатты

сөзіне  алыстан  орағытып  келе  жатыр  еді,  жырақ  жердегі  өрттің  түтінін

сезген иісшіл адамдай, жаман бірдеме барын байқай бастаған Шыңғыс:

– Əй, Төлеген! Неменені бықсытып келе жатырсың? Төркіні жаман сөзді

тұтатқалы  келе  жатқан  қалпың  бар  ғой  өзіңнің?  Орынсыз  маймаңдамай,

турасын айт! – деді.

Турасын естігенде;

–  Апырай,  олай  болмас!..  Қанша  тентек  болғанмен,  Қанашжан  өйте

қоймас.  Бұны  істеген  Қанаш  болмас,  арамызға  от  тұтатқалы  жүрген  басқа

біреу болар, – деп бойына жолатқысы келмеді.

– Қозышы көзімен көрген, – деген сезге де тоқырамай;

– Қайдан білесің, қозышыны біреу əдейі жұмсап, марқаның, аяғын өзіне

бунатпағаның? – деген дау айтты.

Бірін-бірі  қалай  иландырарын  білмеген  Шыңғыс  пен  Төлеген,  өзінен

сұрамақ болып Шоқанды іздетті. Ол жоқ. Ордалық ауылда да жоқ, қарасы

ауылда  да  жоқ.  Ауыл  балаларын  тексертсе,  жалғыз  Жайнақтан  басқасы

түгел.  Жайнақ  пен  Шоқан  қайда  болса  да  бірге.  Бірақ  қайда  олар?  Ағаш

арасын  қаратса  –  жоқ.  Келдің  тақырында  ойнаған  балалар  арасында  жоқ.

«Əскерлік  бекініске  қашып  бармады  ма  екен?»  деп,  астыртын  кісі  салса  -

жоқ. Ешқайда жоқ. Əлде Шоқанның қылмыс жасағаны рас болып, жазадан

қорыққан  ол,  Құсмұрын  қырқасының  əр  жерінде  көмірі  қазылған

үңгірлердің,  немесе  қасқырлар  қазатын  біреуіне  жасырынған  болар  ма?

Ондайлар  толып  жатыр  жəне  көбі  бытықы-шытықы  солардың  қайсысына

тығылғанын  кім  біледі?  Бəрін  тінтіп  шығуға,  бүкіл  ел  жабылмаса,  бұл

арадағы ауылдардың адамы жетпейді. Қалай табу керек, ендеше?

Шоқан  мен  Жайнақ  таптырмайтын  жерде  еді.  «Тентектің  ақылы  түстен

кейін  кіреді»  дегендей,  ханзадалық  намыстың  айдауымен  күрең  марқаның

артқы бір аяғын бунап тастаған Шоқан, Жұрқа шал қылмыс үстінен шығып

қап,  Жайнақ  шытырман  ішіне  сүйреп  əкеткен  соң  ғана,  не  істегенін  сезіне

бастады, онда да Жайнақтың есіне түсіруімен.

– Шоқан - ау, төретайым - ау, не істедің?! - деді Жайнақ оған шытырман

арасына кіре.

– Не істедім? деді Шоқан, демін жиілете алып.

– Əлгі қозының аяғын бунауың ше?

– Онда не бар?

– Ойбай-ау, төретайым-ау, сыныққа сылтау таба алмай жүрген жұрт емес


пе, маңайдағы ауылдар? Солар, мына марқаның аяғы буналуын сылтау ғып,

ере түре келмесін қайдан білеміз?

– Онда не істейді?

– Төретайым-ау не дейін саған? – деді Жайнақ кейіп, – «не істедің» не?

Желіккен жұрт орданы жан-жағынан тарпа бас салса қайтесің?

– Өйте алмайды.

– Неге?

–  Əскер  бекінісін  сағалап  отырған  жоқпыз  ба?  –  деді  Шоқан,  əкесінен



жəне Шепеден естіген сөздерін қайталап, – солардан бата алмайды.

– Əскер не істейді? Көпке топырақ шаша ма?

– Ал, енді, төретай, - деді Жайнақ, не дерге білмей кідіріп қалған, аздан

кейін  ғана  бірдеме  айтуға  ыңғайлана  бастаған  Шоқанның  сөзін  аузынан

жұлып ап, - бауырым, досым, бір тілегім бар сенен!

– Айта ғой.

– Осы оқиғаның аяғы неге соққанша бой таса қыла тұрсақ қайтеді?

– Қайда? Қалай?

– Ауылда болсақ та, ағаш арасында болсақ та, іздегендер жайлы сап бізді

тауып алады...

– Иə, сонда? – деді, енді ғана ашуы тарап көңіліне қауіп ұялай бастаған

Шоқан.


–  «Қасқыройнақ»  аталатын  жарқабақтай  астында  үңгірлері  бытықы-

шытықы бір қуыстар бар...

– Білем, бірақ кіріп көрген емеспін, – деді Шоқан.

–  Мен  кірдім,  –  деді  Жайнақ  –  орда  жайлауға  көшкенде,  қарашы  ауыл

осы  маңайда  қалып  қоятын  еді  ғой,  сонда  балалар  үңгір  атаулының  ішін

аралап  шығатын.  Қуысы  ең  көбі  -«Қасқыройнақ»  болатын.  Оның  алыстап

кететін  бір  үңгірлеріне  түптеп  баруға  қорқатынбыз.  Үлкендер  «ол

түкпірлерде  қасқыр  күшіктейді,  барған  адамды  жеп  қояды»  дейтін.  Соған

тығылайық.

–  Бізді  де  жеп  қоймай  ма,  қасқырлар?  –  деді,  үңгірге  тығылуға  іштей

көніп қалған Шоқан.

– Тəуекелге бел байлаймыз, – деді Жайнақ, – қазір ол үңгірлерде қасқыр



болмау  керек,  Жортуға  жараған  бөлтіріктерін  ертіп,  малы  көп  жайлауға

кеткен болу керек. Жүр, барайық!..

Жайнақ Шоқанды қолынан жетектеді. Шоқан қарсыласпады.

«Қасқыройнақ»  –  «Орта  бұлақ»  аталатын  жылғаның  қайнар  тұсындағы

дөңестің, етегінде еді. Дөңестің биігінде əлдене заманда жасалған аласалау

оба бар. Сол обаның іргесінен жылап емес, саулап ағатын бұлақ бар. «Сулы

жер  –  нулы  жер»  дегендей,  бұрқырай  ағып,  етегін  кең  жайып  кететін

бұлақтың қайнар тұсына қалың жыныс өскен. Солардың қартаюға айналған

кейбіреулері  «киелі  ағашқа»  саналып,  ешкім  балта  тигізбегендіктен,

түбірлері  мейлінше  жуандап,  бұтақтары  тарбайып  кеңіп  кеткен.  Көтере

сөйлеуі ме, расы  ма, біреулер –  «ол арада аумағы  ауыл орнындай аршалар

бар»  деседі,  «қайын  мен  теректен  екі-үш  кісінің  құшағы  əрең  жететін

түбірлер де жиі кездеседі» дейді олар, «құрыққа жарайтын тобылғылар да

болушы  еді,  ел  ондайларды  кесіп  қамшыға  сап  қылатын»  дегенді  де

айтады.  Неге  екенін  кім  білсін,  сол  ағаш  тұқымдарының  бəрі  де  қиқы-

шойқы,  бойлары  аласа,  бұтақтары  қалың  келеді,  араласа  құшақтаса  өскен

олардың ішінде, жаяу кісіні де жүргізбейтін тұстары бар.

Осындай паналы орын болғандықтан, қасқырлар обаның құлай берісіне

белгісіз заманнан бері шұрқ-шұрқ апан қазып, етегін толып жатқан үңгірге

айналдырып  жіберген.  Көшпелі  ел,  тек,  көктем  мен  күзде  ғана  малдарын

жайып, былайғы уақытта тоқырамайтын кезде, қасқырлар апандарына ала-

сапыран  шақта  күшіктейді  екен  де,  ел  жайлаудан  қайтарда  өргізіп  əкетеді

екен. «Осы арада көмір барын да елге қасқырлар ашып берді» деген де сөз

бар.  Қасқыр  мал  баққан  қазақтың  ежелгі  жауы.  Оны  аулау  көшпелі  елдің

ата салты. «Қасқыройнақ» обасының етегінде қасқырлар ұялауын, ол арада

көмір  барын  ақша  қазақтар,  алғаш  айдалада  соғып  алған  қасқырдан

байқаған,  басқа  жердің  қасқырының  түгі  таза,  ал  «Қасқыройнақтан»

шығатын  қасқырдың  түгі  қап-қара  шаң!  «Неліктен?»  деп  ойлағаншылар

қасқырдың апандарын тауып, жылтыр тас сияқтанған нəрсені қазып кірсе,

– жұмсақ!.. Жағып көрсе – тұтанады!.. Ел содан бастап, тас көмірді отынға

қолданған...  Іргесінен  қасқырдың  апандары  табылғандықтан,  бұрын  аты

жоқ  обаны  «Қасқыройнақ»  қойып  алған.  Ел  кемірін  ала  бастаған  шақта,

қасқырлар  ол  арадағы  апандарға  күшіктемей,  тек,  адам  жоқ  кезде  ғана

жиналатын ойнағына айналдырған. Сондықтан оба ғана емес, оның аумағы

да ел аузында «Қасқыройнақ» аталған.

Шым-шытырық  ұйпаланған  сытырманың  арасынан  жүрер  жол  тауып

«Қасқыройнаққа» жету, бастаған Жайнаққа да, қостаған Шоқанға да жеңіл

болған жоқ. Бұталар ілген көйлек-дамбалдары жыртылып, денесінің ашық

жерлерін  сояулар  тырналап,  серпілген  бұтақтар  беттері  мен  денелерін

осып,  жалаңаш  табандарына  шөгірлер  еніп...  дегендей,  «Қасқыройнаққа»

жеткенше балалар ауыр азап шекті. Дегенмен – жетті.

Дуан орнап, көміршілер қуылғаннан кейін, бұлақтың бұл сағасына адам

да, мал да аяқ баспаған, сондықтан жыл сайын қалыңдай өскен бетеге мен


көде, қойдың қалың жабағысындай ұйыса туырылып кеткен. Сол ара əлі де

қасқырлардың  ойнағы  екендігіне.  ұйысқан  шөптердің  ұйпа-тұйпа  болуы,

жемтіктерінің

жүн-жұрқа,

сүйек-саяқ,

бас-сирақтары

сияқты

қалдықтарының жатуы жəне кебіңкі де, жас та қиларының көрінуі куə. Ескі



апандар  опырылып  бітіп  кеткен.  Көмірін  алған  қуыстардың  ар  жағы  қап-

қараңғы боп, алып аждаһаның аңырайта ашқан аузындай үңірейіп тұр.

Не істеу керек?

Үңгірге кіруге балалар бата алмады. Обаның төңірегін байқаса, араласа

қалың  болып  өскен  аршалар,  тобылғылар,  басқа  да  ағаштардың

тұқымдары.  Олардың  арасынан  ешкімді  ешкім  таба  алмастай.  Оба

төбесінен ақ ауыл да, қара ауыл да айқын көрінеді.

Жынысқа  жасырынған  балалар  төңіректі  бақылауға  кірісті.  Кім  екенін

білмегенмен, Төлегеннің ордаға салт келіп, атын шылбырынан қонақ үйдің

белдеуіне  байлағанын  көріп  тұрды.  Бұлай  байлау  бұрын  болмаған  іс.

Ордаға  келуге  мүмкіншілігі  барлардың  өздері  аттарын  ақ  ауылдың

сыртындағы  дауыс  жетерлік  жерге  қағылған  ашаға  шылбырынан  байлап

немесе өзара матастырып, жыммен тізбектеліп жүретін қояндардай бірінің

артынан бірі шұбырып жаяу келетін.

Мына  адамның  өйтпей,  ордаға  салт  атпен  таянып  кеп  түсуі,  атын

белдеуге  байлауы,  бақылап  тұрған  балаларды,  əсіресе  Шоқанды  таң

қалдырды.

–  Көрерсің,  –  деді  Жайнақ  Шоқанға,  –  дəу  де  болса,  осы  адам  күрең

қозының жайында келді. Жəне бұл – ашулы келіс. Жəне басынып келу.

Бұрынғы  тəртіптерді  бұзып  келген  адамға  іштей  ызаланғанмен  Шоқан

Жайнаққа жауап қайырмады. «Арты не болар екен?» дегендей, тіккен көзін

ордадан айырмай, қимылсыз жатты да қойды.

Кешікпей  орда  маңы  əбігерлікке  түсуі  де  көрініп  тұрды.  Əлдекімдердің

ордадан  шығуы,  əлдекімдердің  кіруі  жиіленді.  Аздан  кейін  атқа  қонған

əлдекімдер  шапқылаған  қалпымен  сайға  түсіп  кетті.  Енді  біраз  уақытта

орта  бұлақтың  жан-жағынан  Шоқан  мен  Жайнақтың  аттарын  атаған

айғайлар шықты. Бұлар іздеушілер екенін екі бала да аңғарды.

– Дыбыс берсек қайтеді? – деді ызалана түскен Шоқан.

– Қоя тұрайық, төретай! – деді Жайнақ. – Арты не боларын күтейік.

Арты жақсы көрініске айналмады. Ауыл араларында да, орда төңірегінде

де  аттылы,  жаяулы  қимылдар  көбейді.  Күн  кешкіруге  айналған  шақта,

ордадан да, қарашы ауылдан да ере шыққан бірталай аттылар мен жаяулар

орта бұлақты қаусыра жайылып бері қарай беттеді.


–  Іздеушілер!  –  деді  Жайнақ.  –  Бұлай  отырсақ  тауып  алады.  Үңгірге

кірейік.


– Тапса не істейді? – деді Шоқан қатуланып.

– Олай деме, төретай. Хан – ием ұлықсат етпесе, іздемес еді олар бізді.

Сол  кісі  іздеткен  ғой.  Мына  жəйлі  салуларына  қарағанда,  істің  арты

шатаққа  айналған  ғой.  Қазір  ашулы  отырған  болар,  хан  –  ием.  Сол

қалпында қолына түссек, тілі де, қолы да тиюі мүмкін.

Сол  кезде  жан-жақтағы  адамдардың  дауыстары  жақындай  бастады.  Екі

баланың  да  қорқыныштан  бойлары  дірілдеп  кетті.  Жайнақ  Шоқанның

білегінен  тағы  шап  бере  ұстап,  төменге,  үңгірге  қарай  тартты.  Шоқан

қарсыласқан жоқ.

Олар  үңгірге  кірген  шақта,  жайылымшылар  келіп  те  үлгерді.  Төңіректі

тінте қараған олар;

– Бұл арада да жоқ екен ғой, – десті шуласып.

– Үңгірге кірмесе? – десті біреулер.

–  Қой,  кірмес,  –  десті  үңгірдің  аузына  үңілген  біреулер,  –  көрдей

қараңғы ғой іші!.. Қорқар кіруге. Əсіресе мынадай бейуақ кезде!..

Ішіне  кіріп  байқауға  үңгір  əрі  қараңғы,  əрі  қуыстары  көп,  жарықсыз

қалай табады оларды?

Жайлымшылар амалсыз тарады. Олардың дауыстары бəсеңдеген шақта,

балалар сақтанған қимылмен үңгірден шықты. Енді қайда барады?

Оларды сол халында қалдыра тұрып, орда жағына барайық.

Шоқанды  таба  алмаған  жайлымшылар,  бұл  жайды  Шыңғысқа  қалай

естіртудің  жайын  ақылдасты.  Оған  жанындай  жақсы  көретін  ұлының

ұшты-күйлі  жоғалып  кетуін  естірту  оңай  болып  па?  Сондықтан,  «кəне,

қайсысың  барасың?»  деген  сұрауға  ешкім  де  жауап  бермей,  үн-түнсіз

тұнжырай  қалғанда,  Абаның  «мен  -  ақ  барайын!»  деген  даусынан

төңіректегілер селт ете қалысты.

«Апырай,  мынау  не  қылған  жүрек  жұтқан  адам  еді?!»  деп  таңдана

қарады жұрт оған.

–  Барсаң,  жолың  болсын!  –  деді  біреулер.  –  Бірақ  хан  мен  ханшаны

шошытып алмай, ретін тауып естірт.

–  Сонда,  не  демекшісің?  –  деген  сұрау  қойды  біреулер,  айтар  сөзінің

түрін байқап алғысы қажет болса, ақыл қосқысы келіп.



– Онда жұмысың не? – деді біреулер, сұрау бергендерді ұнатпай, – бірге

өсіп  –  біте  қайнаған,  қан-жыны  араласқан  адамдар,  қышыған  жерін  қалай

табудың ретін білер, «барайын» деуі содан болар.

– Бар, бар! – десті өзгелері.

Аба ордаға кірсе үш-ақ адам отыр екен: Шепе, Шыңғыс, Зейнеп. Абаның

есіктен басы көріне, «табылды ма?» деген сөзді үшеуі үн қоса айтты.

–  Табылады,  –  деді  Аба,  оларды  шошытып  алмайын  деп.  Ол  сөзге

қанағаттанбай, «табылды ма, жоқ па?» деді тағы үшеуі де үндерін қоса.

– Табылады! – деді Аба нық дауыспен.

Асығыс Шепе Абаның созбақ жауабына ыза боп, малдасын құра отырған

қалпынан  лып  етіп  шарта  жүгініп  алды  да,  қасында  жатқан  қамшысын  оң

жақ уысына бүктей ұстап, еркін сөйлейтін Абаға:

– Əй, неменеге болдырған түйедей бұралаңдап тұрсың өзің, тура сұрауға

қисық  жауап  беріп?  «Əкесі  өлгенді  де  естіртеді»  дегендей,  табылса  да,

табылмаса да турасын айт! – деді.

– Табылады! – деді Аба салмақпен.

– Қап, мынау иттің баласын-ай! – деп Шепе бүктеулі қамшысымен кілем

төселген жерді барлық пəрменімен періп-періп жіберді.

Шыңғыстың  бойында  ондай  қайрат  көрсетерлік  қуат  жоқ  еді.  Күрең

марқа оқиғасы басталғалы, Шоқанның халы, өзінің халы, ордасының халы

не  боларына  көзі  жетпей,  ой-санасын  қараңғы  тұман  басып  алған;  өкпесі

қабынып, жүрегі төмен тартып, демін зорға алып отырған. Енді, міне, Аба

«табылады»  дегенмен,  сөз  əлпетіне  қарағанда,  əлі  таба  алмай  келіп  отыр.

Қайдан табылады сонда?

Абаға  осы  сұрауды  қоюға  Шыңғыстың  алқынған  өкпесі  мен  қысқан

жүрегі мұрша бермей, екі-үш рет оқталды да, демі ықылық атып, дыбысын

шығара алмады.

– Жəй тұтығып отырған жоқ Аба, – деді Шепе, Шыңғысқа, ашулы үнін

өзгертпей,  –  «табылады»  дегені  жəй  сөз  бұның.  Ол  енді  табылмайтын

бала!..


Шегінен  шығара  үрлеген  қуықтай  тырсылдап,  біреу  шертіп  қалса

жарылып  кеткелі  отырған  Зейнеп,  Шепенің  сөзін  естігенде,  «аһ!»  деп

айғайлап  қалды  да,  талықсыған  бейнемен  жантая  берді.  Аба  жүгіріп  кеп

Зейнепті  құшақтай  алды  да,  басын  қасында  жатқан  жастыққа  сүйеді.

Сасқалақтаған Шыңғыс, от орнындағы қашқар құманды алып кеп, əйелінің

бетіне  су  бүрікті...  Талықсыған  жүрегі  аз  да  болса  тыныс  алғандай  басын

сүйеген Абаға үлкен көзін төңкере қараған Зейнеп əлсіз дауыспен;


– Қайдан? – деді.

–  Əйеке,  есіңді  жинашы!  –  деді  Аба  жалбарынған  дауыспен,  –

«табылады» деген соң табылады.

–  Бар  болғыр-ау,  –  деді  Шыңғыс  Абаға  кейіп,  –  екіұшты  сөзіңді  қойып,

турасын неге айтпайсың?

– Айтам, Сұлтаным, бірақ Əйекең мен екеуіңе ғана.

– Мен неге бөтен болам? – деді Шепе діңкілдеп.

– Тек табылса болмай ма, тентек аға-ау? – деді Зейнеп əлсіз дауыспен. –

Естиік, қайдан табылуын. Бара тұр, тентек аға!

– Сөйтші, кіші аға! – деді Шыңғыс жалбарынған дауыспен.

Шыға  тұруға  мойындаған  Шепе,  қамшысын  қолына  тұта,  есік  жаққа

беттей  берді  де,  босағаға  жете,  артына  қайрылып,  қамшылы  қолын  Абаға

безеп:

– Ылайымда табылсын – деді қаһарлы үнмен, – егер табылмады бар ғой,



ендігі ісім сенімен түссін!

Кердеңдей басқан Шепе шығып кетті.

–  Қанаш,  дəуде  болса,  «Қасқыройнақтың»  үңгірінде,  –  деді  Аба  Шепе

кеткен соң.

– Оны қайдан білдің? – деді Шыңғыс пен Зейнеп қосарлана.

–  Онда  болмағанда  қайда  кетеді?  Құс  емес  ұшып  кететін  аң  емес,  інге

кіріп кететін; балық емес, суға сүңгіп кететін...

–  Бай  болғи-ау,  мен  бидеме  біліп  келген  екен  дешем,  жоямал  ма  еді,

айтып отиғаның? – деді Зейнеп.

– Ендеше, неге тінттірмедің қалың адамға үңгірді? – деді Шыңғыс.

–  Тінттірмегенім  –  «егер  табыла  қалса,  Қанашты  көптің  көзінде

ұялтпайын сағын сындырмайын» дедім.

– Енді қалай таппақсың?

– Мен таппаймын анау жатқан – Құтпан табады.

«Құтпан»  дегені,  Шыңғыстың  қасқыр  алатын  иті.  Ірі  де,  күшті  де,

жүйрік те, батыл да бұл ит, Сібірдің «тайдай» дейтін көкжал қасқырларын

аңшылап  жүріп  жеке  алады  екен.  Əлдекім  Құтпанды  күшік  күнінде,  бес-

алты  жасар  Шоқанға  тартуға  əкеп  берген,  тұқымы  «аю  алған»  атанған



Құтпан,  күшік  күнінен  ежет  те,  күшті  де  болған  соң,  Шоқан  жақсы  көріп

қайда  барса  да  қасынан  тастамайтын.  Ит  те  оны  жақсы  кəріп,  қасынан

қалмайтын, жоқ болса іздеп тапқанша дамыл көрмейтін.

Оқтын-оқтын аңсырап далаға кетіп қалатын, кейде тез оралып кей шақта

бірер  күн  жоғалып  табылатын,  кейде  сау,  кейде  жараланып  қайтатын

Құтпан,  Шоқан  қылмыс  жасар  күні  үйде  жоқ  боп,  жайылымшылар

Шоқанды таба алмай қайтқан шағында келген еді. Бұл жолы денесі қан-қан

боп жараланған, ол – ұялы қасқырлармен таласуының белгісі.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   57




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет