АҚҚан жұлдыз бірінші кітап роман бірінші тарау


–  Омбыға  арыз  жолдасаңдаршы,  –



Pdf көрінісі
бет6/57
Дата20.02.2020
өлшемі3,43 Mb.
#58443
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   57
Байланысты:
(pdf) Аққан жұлдыз (Сәбит Мұқанов)

–  Омбыға  арыз  жолдасаңдаршы,  –  деді  ол,  ақыл  сұрай  келгендерге.  

Əділдік сонда көрінеді ғой.



Кім жазады ондай арызды? деп сұрайды Тағышылар.

Ыстапта қазақ тіліне жүйрік, орысша хатқа да жүйрік, өзі барып тұрған

қазақуар, қазақтар «Бекеттің, Ысыманы» дейтін Семен Бекетов дейтін қарт

қазақ-орыс  барды.  Ол  Кенесарыны  Есенеймен  бірге  қуысқан,  содан  екеуі

өмірлік дос болып кеткен.

Есеней  Тағышыларды  соған  жұмсады.  Бекетовтың  қолынан  жазылған

ұзақ арыз Омбыға сапар шекті.

Бір  арызбен  дау  тынбады.  Құсмұрын  көлін  түйреп  өтетін  Обаған

өзенінің  солтүстік  жақ  алқабын,  Тағышымен  туыс  –  Ақташы  дейтін  ел

мекендейтін.  Сол  Ақташы  Тағышыға  араша  түсем  деп  пəлеге  қалды  да,

патша  əскеріне  арқа  тіреген  Шыңғыстың  күштеуімен  мекенінен  қуылып,

алыстағы Торғай даласына ауып кетті. Бекетов оларға да арыз жазып берді.

Шыңғыс  «Есенейдің  ауқымынан  шықпайды»  деген  Керей  руынан  гөрі,

Уақ  руын  өзіне  жан  тартып,  Обаған  төңірегіне  жинай  бастаған  еді.  Уақ

ішінде  Өтей  жəне  Дəуіш  дейтін  екі  атасын  ол  ерекше  жақын  көрді  де,

Ақташының  қонысын  соларға  берді.  Бірақ  тегін  берген  жоқ.  Өтейдің

мыңдаған  қара-шұбар  жылқысы  бар  байы  –  Өтейден  толық  екі  айғырдың

үйірін ашықтан-ашық параға алды. Содан кейін, Өтейді өз ордасының төбе

биі ғып отырғызды.

Арыз кетті бұл туралы да.

Одан  кейін  де  арызға  тыным  болған  жоқ.  Сонда,  жұрт  Шыңғысқа  пəле

жабайын деген жоқ. Ол, бір ақынның:

Замана  –  ақыр  биінің  Сөзі  арылмас  жаладан,  Аузы  арылмас  парадан,  –

деген  жырының  кебін  киіп,  ел  ішінен  арылмайтын  дау-шарды  бітіргендер,

жеңген жағынан «биені – түгімен, түйені – жүгімен» жұтты да отырды.

Өзі  де  парақор  Шыңғыстың  жемқорлық  қылығын,  ағасы  –  Шепе  тіпті

өсіріп  жіберді.  Өресі  орта  бойлы  адамның  кеудесінен  ғана  келетін,  сол

қалпында  денесі  жараған  семіз  есектей  жұп-жұмыр,  қалың  қара  сақалы

төсіне  түсетін,  қалың  мұртын  баспайтын,  сіңір  қара  кескінді  ол,  өзін

шынында  да  қаз  туған  көріп,  кім  көрінгенмен  ілінісе  кететін,  екі  сөзге

келмей  боқтаса  кететін,  одан  əрі  де  көп  сөзге  келмей,  мейлі  кім  болса  да

төбелесіп,  үстіне  міне  түсетін.  Кейде,  түйеге  жармасқан  иттей,  қандай  ірі

денелі  кісіге  жұдырық  жұмсаудан  таймайтын.  Одан  емес,  аға  сұлтан

Шыңғыстан  қорқатындар,  əлі  жете  тұра,  Шепеге  қол,  одан  таяқ  жеп

қалатын.

Мінезі  соншама  шəлкес  Шепе,  арамдығына  найза  бойламайтын  залым



да. Неше түрлі зұлымдық айлаларға жетік оған қарап, қазақтар:

–  Мынаның  қол  тоқпақтай  денесінен  арам  ойлар  қалай  шығады?  –  деп

таң қалатын. Біреулер:

– «Кішкентай да, мүскентай» дейтіндер осындайлар екен ғой! – десетін.

Тентектігінің,  залымдығының  үстіне,  Шепе  барып  тұрған  парақор.

«Інімнің  билігі  өзімде»  деп,  ол  Шыңғысты  сыртынан  талай  рет  сатып,

талайлардан  көл-көсір  параларды  ала  беретін.  Соларды  біле  тұра

білмегенсіп, Шыңғыс үндемейтін.

Əлгі мінездерінің үстіне, Шепе аузынан қаны аққан ұры. Ол маңайдағы

атақты ұрылардың бəрімен де тамырлас. Шыңғыспен араздасқанша, ол Уақ

руынан  шыққан  атақты  ұры  -Қожықпен,  Қарауыл  руынан  шыққан  атақты

ұры  -  Баубекпен  Керейден  шыққан  атақты  ұры  -  Тайкотпен  байланысты

болып,  ұрлаған  жылқыларды  бірден  бірге  жүздеп  өткізетін.  Кейін  бұл

ұрылар  Шыңғыспен  араздасқан  соң,  ұрылардың  қордасы,  –  Шепенің  өзі

болып кеткен. Шыңғысты паналаған Шепеден жəбір көрушілер, «осы елдің

ұйытқысы»  деп  Есенейден  ақыл  сұраса,  оның  көрсетер  ізі  біреу  ғана

болатын ол, – Бекетов арқылы үкіметке арыз жолдау. Осындай арыздардың

қалам  ақысына,  Бекетов  аз  жылда  байып,  Ыстаптағы  бай  орыстардың

алдына шыққан.

Не  себеп  екенін  кім  білсін,  Омбыға  кеткен  арыздардан  нəтиже  шыға

қоймаған  соң,  Бекетов  ендігі  арыздарды  Петерборға,  патшаның  атына

жіберетін болды.

Ақыры осы арыздар мейлінше көбейіп, басында басып тастағысы келген

Омбының  генерал-губернаторы,  енді  ие  бола  алмай  қалды.  Оның  үстіне,

патшаға  жазған  арыздар,  сарай  қасындағы  сібірлік  комитетке  түсіп,одан

Омбы  əкімдеріне:  «Тез  тексертіңдер»  деген  бұйрық  келді.  Сонымен  осы

романның  оқиғасы  басталатын  –  1847  жылдың  көктемінде  Батыс  Сібірдің

генерал-губернаторы  князь  Горчаков,  бастығы  генерал-майор  Федор

Алексеевич қып, арыздарды жəне Құсмұрын дуанының хал-жайын тексеріп

қайту үшін ревизия жіберуге ұйғарды.

Ревизия  келер  алдында,  Құсмұрын  дуанында  тағы  бір  оқиға  болып

жатыр  еді:  хандық  жойылған,  дуандар  тұрақталмаған  тұста,  яғни  18-

ғасырдың  екінші  жартысымен  19-ғасырдың  бірінші  жартысында  бетімен

жайылған  қазақ  руларының  арасында  қонысқа  таласып  жауласулар,

барымталар көбейіп кеткен-ді. Патша үкіметі тарапынан дуан басшылыққа

тағайындалған аға жəне кіші сұлтандар, орыс əскерінің күшімен барымтаға

қатты тыйым салуды қолға алған, солардың бірі - Шыңғыс. Бірнеше жылға

созылған бұл күрестің, нəтижесінде, ашық жауласулар негізінде тыйылып,

барымталардың аяғы «қараңғы ұрлыққа» айналып кеткен.

Құсмұрын  дуанында  «қараңғы  ұрылардан»  атақтысы  екеу  болды:  бірі  –



Уақты Қараман руынан шыққан – Мақаштың Қожығы, екіншісі – Керейдің

Шағалақ руынан шыққан – Кішкілдіктің Медебайы.

Қожықтың əкесі – Мақаш мың жылқылы бай болған, Құндызды өзенінің

Құсмұрын көліне құятын сағасын мекендеген момын адам екен.

Абылай  хан  өліп,  орнына  екі  баласы:  Уəлі  мен  Қасым  таласқанда,

Мақаш  Қасым  жағында  болыпты.  Соны  естіген  Шыңғыс,  Мақашты  «ата

жауы»  көріп  Құсмұрынға  аға  сұлтан  болып  келген  соң,  «не  жүз  жылқы

беріп мекенін сақтасын, əйтпесе көшсін» деп Қожыққа кісі салады. Қожық

та  жасынан  сотқар,  барымташы  болып  өскен  екен.  Ол  Шыңғыстың  мына

сөзін қорлық көреді де, жылқы да бермей, мекенінен де қозғалмай отырып

алады.  Ерегіске  кіріскен  Шыңғыс  Шамырайдың  күшімен  Қожықты

Құндыздыдан  қуады  да  жібереді.  Қожықты  Есіл  бойындағы  ағайындары

панасына алып, Меңзей деген орманның ішінен қоныс береді.

Мақаштан Ноғай, Қожық екен. Қоқай бай, бірақ малма тымақ нашар кісі

екен  де,  Қожық  батыл,  батыр  адам  екен.  Меңзейге  бара  Қоқай  өледі  де,

алыста бүркеуде жатқан Есеней, жер қайысқан қолмен келіп, айғыр-үйір аза

салып бата қылады. Сонда, тік сөйлейтін Есенейге біреулер:

– Қоқаңа бата қыла келдің бе, Есеке? – десе:

– Не оттап отырсың? – депті Есеней ақырып тастап, – Қоқайға қ.... бата

қыла ма, мен Қожыққа бата қыла келдім, – деген екен.

Олай  дейтіні:  бұл  өлкеде  бұрын  –  ашық  барымтаға,  кейін  -  қараңғы

ұрлыққа  ешкім  Қожықтан  өтпепті.  Оның  өзінде  əлекедей  жаланған  тоғыз

ұл  болыпты.  Оларға  қоса,  осы  маңайдың  ұры-қарысының  қордасы

Қожықты  төңіректеп,  бəрін  де  сол  ергізіп  -  жусатқан.  Олар  «Қожықтың

қырық  қарақшысы  атанған».  Солардың  алыстан  жүздеп  тартатын

жылқыларын  Қожық  «білсе  –  барымта,  білмесе  –  сыдырымта»  қылған.

Сонша  күші  бар  Қожыққа,  малын  алдырғандар  батып  келе  алмай,

«бұйырмағанға»  санап  отыра  берген.  Біреулер  ізденіп,  «аға  жəне  «кіші»

аталатын  сұлтандарға  шағым  айтса,  олар  да  əкімшілік  құруға  бата  алмай,

тек патша үкіметіне мəлімдеген де отырған.

–  Бір  сəтте,  –  деседі,  Қожықты  білетін  жұрт,  –  Омбыға  барған

шағымдарды тексермек боп, Қызылжарда тұратын оязнай – «Бала-Шодыр»

деген  шығыпты.  Қасында  он  шақты  солдаты  бар,  олар  Меңзейді

мекендеген Қожыққа кеп жөндерін айтқан соң, Қожық: «үйіме келген соң,

əуелі қонақ болыңдар. Жауабымды содан кейін берейін», депті де, қымызға

меңдуана қайнатқан суын қосып беріп, аналар естерінен айрыла мас болған

шақта, бəрінін, де қаруларын жинап ап, тірідей құрымға бөлеп, кезек-кезек

шаңыраққа  асып,  астарынан  түтін  береді.  Сол  қалыптарынан  ретке

отырғанда, ас ішкен уақытта ғана босатады да, өзге уақытты ыстай береді.

– Солай ыстағанда, – деседі айтушылар, – тірі адам да сүр болып, денесі



сарғайып  кетеді  екен.  Бала-Шодыр  да,  нөкерлері  де  əбден  ыс  болып

сарғайған шақта, Қожық: Ал, енді, білгендеріңді қылыңдар!» деп босатады

да,  қаруларын  алып  қалады.  («Артынан  біраз  жылдан  кейін,  қалың  отряд

келіп,  Қожықты  да,  балаларын  да  қапыда  басып,  түгелімен  «итжеккенге»

жіберген,  содан  тоғыз  баланың  біреуі  ғана  оралып,  өзгелері  сол  жақтан

қайтпаған» деседі) ».

Қожық өзгелер түгіл, аузынан жалын атып тұрған шағында Есенейге де

зорлық  қып,  Есіл  бойында  түлкіге  салдырып  жүрген  «Танакөз»  бүркітін,

аңшылардан  тартып  алған.  Елші  жіберсе  бермесіне  көзі  жеткен  Есеней,

Меңзейдің күзегінде отырған Қожыққа өзі келеді.

Қожық  тұтықпа,  кекеш  адам  болған.  Бұрын  талай  кездескен  Қожықтың

үйіне келген соң Есеней аттан түспестен:

–  Уа,  кекеш  ит,  барсың  ба,  үйіңде  жоқсың  ба?  Бар  болсаң  шық  бері!  –

деп  айғай  сапты.  Есенейдің  даусын  таныған  Қожық  меймандос  қазақтың

қонақты  қарсы  алғыш  салтымен,  сыртына  түйе  жүн  шекпенін  іле  сап,

тысқа жүгіре шығыпты да, жасы үлкен Есенейге:

–  һа-а-ас-с...  салау  м-мі-мəликем!  –  деп  сəлем  беріп,  қолын  ұсыныпты.

Сонда Есеней қолын алмастан:

– Əй, кекеш ит, сенде тоғыз ұл бар, менде бір де ұл жоқ. Сен ұлдарыңа

алданасың. Мен неменеме алданам? Неге тартып алдын, бүркітімді – депті.

Сонда Қожық басын төмен иіп, қолдарын қусырып:

– Же-же-жеңдің Е-е-е-сеней?.. Сыбағаңды же-же-же де, бү-бү-бүркітіңді

а-а-алып қайт! – деген екен.

Есеней расына да Қожықтың ағасына аза салу үшін емес, өзіне жолығу

үшін  келген  еді.  Сондағысы  былай  да  еш  екенін  білетін  Қожықты

Шыңғысқа қарсы қайрау.

–  Əй,  кекеш,  –  деп  бастады  Есеней  қайрау  сөзін,  –  осы  сен  туысың  –

Балтамбердінің  құнын  неге  сұрамай  кеттің?  Кімнен  қорғалайсың,  сонда?

Шыңғыстан  ба?  Баяғы  қара  қасқа  атты  Қамбар  батырды  шығарған  одан

бері – Ер Көкшені, тіпті бертінде – Ер Қосай мен Сары – Баянды шығарған

Уақ  атаңның  баласы,  енді  батырлықты  қойып  қатындыққа  көшкенсің  бе?

Олай  демегенде  не  дейін?  Алпамсадай  ерің  -  Балтамбердіні  Уəлі  тұқымы

тапа-тал түсте өлтіріп, денесін белгісіз жерге тыға салады. Оны жоқтайтын

Уақтың  баласы  жоқ.  Талай  жыл  өтті.  Біреуін,  ошаң  етіп  атқа  мінбейсің,

ерінді  жоқтамайсың!..  Уақтың,  баласы  əсіресе,  «ендігі  ері»  деп  жүрген  –

сен неден сорлы болдыңдар бұлайша қорғалайтын?!..

Күтпеген  сұрауды  естіген  Қожық,  жауабына  сасып  қалды  ма,  əлде

тұтықпас  ұстап  қалды  ма,  –  «э-э-э-э»  деп,  еріндерін  бүлкілдетіп,  иегін

селкілдетіп ештеңе дей алмағанда Есеней киіп əкетті.


–  Неменесіне  тұттығасың?  –  деді  ол.  –  Кімнен  қорқасың?  Хан

тұқымынан ба? Қазір олардың бұты - бес-ақ тиын екенін білмеймісің?

–  Ы-ы-ы-рас!  –  деді  Қожық,  даусын  ышқына  əрең  шығарып,  іште

қайнаған ызасы сыртына бұрқырап шыға келгендей, бетінің бұлшық еттері

бүлкілдеп, қиғаш қысық көздері шатынай қап.

– Ырас болса неғып отырсың? Сенің күшің туысың – маған ғана келеді:

бүркітімді тартып аласың, бəйге атымды тартып аласың!.. Дұшпаныңа олай

емессің!..

Сөзден  тосылған  Қожық  бұрынғыдан  жаман  тұтығып,  ызадан  жылап

жіберді.


– Еркек адам, ер адам деп жүрсем, сен де осындай жасық па едің тəйірі,

– деді Есеней, – еркекше Қару жұмсаудың орнына, қатынша жылағанын, не

қылғаның?!..

Ұялғандай көзін сүрте бастаған Қожықты Есеней омыраулай түсіп:

–  Тый  əрмен  –  əрі  көз  жасыңды!  –  деді  жекіп,  –  мықты  болсаң  əрі

жеріңді тартып алып қаңғыртып жіберген, əрі еріңді өлтірген – Шыңғыстан

кек ал, əйтпесе, өшір «Қожық» деген атыңды...

– Со-со-сонда? – деп кекештене ақыл сұраған Қожыққа:

–  Қазір  жыға  алмайсың  белдесіп  оны,  –  деді  Есеней,  -  қарын  алыстан

ұрып талдыру керек?

– Со-со-сонда?

–  Шыңғыс  Орынбор  мен  Сібірдің  шекарасында  отыр.  Сібір  жағын

өшіктіруді міндетіме мен алайын, Орынбор жағын сен ал.

– Қа-қа-қалай?

–  Орынбор  жағындағы  байлардың  жылқыларын  ұрлатып,  Сібір  жаққа

айдат  та  отыр.  Шыңғысқа  барса,  теңдік  берме!  Содан  кейін  екі  оттың

ортасында қалады да қояды. Мықты болса, күймей шығып көрсін содан.

Олар  осыған  келісті.  Есеней  кете,  Қожық  Орынборға  қарайтын:  Арғын,

Қыпшақ,  Жағалбайлы,  Жаппас,  Шөмекей  елдерінен  жылқыны  ұрыларына

үйірлеп  айдатты  да,  екі  жаққа  асырып  жіберді:  бірі  –  қазіргі  Мүсін

(Явленко)  қаласының  тұсын  мекендейтін,  Керейдің  Шағалақ  руынан

шыққан  атақты  ұры  -  кішілдіктің  Медебайына  екіншісі  –  Қарауылдың,

қазіргі Атбасар төңірегін мекендеген, Бекмырзаның Баубегіне.

Қожықты  бұл  ұрлықтан  тыюға  Шыңғыстың  шамасы  келмеді.  Өз  күші

жетпегеннен  кейін,  орыс  үкіметіне  айтқанда,  тыюға  келген  Бала-Шодырға


Қожықтың не көрсеткені анау.

Орынбор  елдері,  Шыңғыстың  мұнысын  «Қожыққа  əлі  келмеу»  деп

санаған  жоқ,  «бағып  отырған  елінен  қорқып,  қол  астындағы  ұрыларын

бермеу» деп санады. Сөйтіп жүргенде, «Қожықты ұстауға Орынбордан да,

Омбыдан  да  əскер  шығып,  олар  Құсмұрында  түйіспек  екен»  деген  хабар

естілді.


«Батырға да жан керек» дегендей, Қожық саса бастады.

Қожықтың «бас батырым» деп жүретін, Аңдамас есімді ұрысы болатын.

Ол күшті де, шешен де жігіт. «Омбы мен Орынбордан əскер шығады-мыс»

деген  хабардан  қорыққан  Қожақ  не  ақыл  айтады?»  деп  Аңдамасты

Есенейге  жіберді.  Аңдамас  əкелген  хабарды  Есеней  де  естіп  отыр  екен.

Оқиғаны  «бұлай  болмас»,  деп,  «екі  елдің  билері  бас  қосумен  ғана

шешілер»,  деп  ойлайтын  Есеней,  «қалын,  əскер  шығады»,  деген  соң,

Қожықтан  кем  саспай,  маңайындағы  білгірлерді  жинап  ақылдасты.

Солардың  ішінде  Көшебе  руының  атақты  билерінің  бірі  жəне  Есенейдің

туған апасы – Матақты алған жездесі – Табай да бар еді. Көшебе, Сибан бас

қосқанда тоқтаулы адам сол болатын.

Аңдамастың  келуіне  байланысты  жиналғандардан,  «осындайдың

ақылын  сен  табушы  едің»  деп,  сөзді  Табайға  бастатты.  Оның  Аңдамасқа

берген бірінші сұрауы.

– Сен жəй ғана бау кеспе ұрымысың, болмаса, сөз ұғатын да жігітпісің?

–  Қайдам,  –  деді  Аңдамас,  –  өзімді  өзім  көтермелеп  не  дейін.  Айтып

көріңіз. Ұғар-ұқпасымды сонда байқарсыз.

– Ендеше, Құсмұрында болатын жиналыстың алдында сен дуанға бар да

қолға  түс.  Жиынға  Керей,  Уақтың  игі  жақсыларының  бəрі  барады.

Көшебеден  -  Байдалы  екеуміз,  Балтадан  –  Төлеміс  пен  Иса,  Тарышыдан  –

Тоқсан  мен  Аю,  Сибаннан  -  Есеней  мен  Өсіп,  ойдағы  Уақтан  –  Елембай

мен  қырдағы  Уақтан  -  Жарығамыс  пен  Шабанғұл,  Күрлеуіттен  –  Жігіт,

Қанжығалыдан  –  Шəңкі  тағы  тағылар...  Бұл  –  Шыңғыстың  аға  сұлтан

болғалы  екінші  рет  шақырып  отырған  «Шырпы-шиі»  Сондықтан  ол,

Орынбор  мен  сібірілік  қазақтардың  бастарын  қоспастың  бұрын,  əуелі  өз

дуанының  əлгі  атаған  билерімен  бас  қосып,  мəн  -  жайды  анықтап  алар.

Шыңғыстың арғы атасы – Күншуақтың қара шаңырағын қондырған ордаға

бəріміз барармыз. Шыңғыстың өзі орданың төріндегі тақта отырар, өзгеміз

екі  қанатына  қақ  жарылып  жерге  төсеген  кілемде  отырармыз.  Сөз  қолға

түскен  ұры  –  сенен  басталар.  Жауапты  Шыңғыстың  өзі  алар.  Сенің

ұғатының ендігі сөздер. Құлағыңды түре тыңда!

– Тыңдайын, Табеке, – деді Аңдамас.

–  «Атың  кім?»  деп  сұрар,  Шыңғыс  біле  тұра.  Сен  атыңды  атарсың.


Содан  кейін  «сені  бау  кеспе  ұры»  дейді,  «рас  па?»  дер.  «Рас»  дерсің.

«Орынбор  елінің  малдарын  ұрлағанын,  рас  па?»  дер,  «рас»,  дерсің.  «Өзің

ұрладың  ба,  жұмсаушы  бар  ма?»  дер,  «жұмсаушы  жоқ,  өзім  ұрладым»

дерсің.  «Неге  ұрладың?»  дер,  Шыңғыс  қатуланып,  сен  саспай  «сүйенерім

бар»,  дерсің.  «Кімге  сүйенесің?»  дегенде,  Шыңғыстың  екі  қанатында

отырған билерді саусағыңмен нұсқап санап өтерсің. Ұқтың ба?

– Ұқтым, Табеке, – деді Аңдамас.

– Ұқсаң, кəне, атап бер!

Аңдамас Табай атаған билерді санап өтті.

– Ұққан екенсің. Шыңғыс «сүйенерің кім» дегенде, «сүйенерім осылар»

деп аталған билердің бəрін саусағыңмен көрсетіп шық!

–  Ойбай-ау,  Табеке-ау,  –  деді  Аңдамас,  –  жұрт  көзінше  олай  десем,

Шыңғыс жанымды қоя ма?

–  Демің  ішіңде  болсын,  –  деді  Табай  күлімдеп  қойып,  –  айтқанды

орында.  Ар  жағында  жұмысың  болмасын  Сөздің  аяғын  тыңда.  Сен:

«Сүйенерім  бар»  деп,  Керей,  Уақтың  игі  жақсыларын  атап  еткенде,

Шыңғыс:  «Олар  сені  адал  ісіңнен  ақтар,  мойныңа  алып  отырған  арам

ісіңнен  қалай  ақтайды?»  дер.  Сен  оған  «Ақ  ісімнен  өзім  де  ақталам,  арам

ісімнен  ақтайды»,  дерсің.  Шыңғыс  сонда  саған  ақырып:  «Не  оттап

отырсың?  Арамды  қалай  ақтайды?»  дер,  сонда  сен:  «Егер,  бір  мені  ақтап

ала алмаса, несіне Керей. Уақтың адамы болып жүр, бұлар?.. Онда бəрінің

де əкесінің аузын...» дерсің.

– Мынауың тіпті қиын іс қой, Табеке-ау! – деді Аңдамас.

– Оттама! – деді Табай жекіп, – Ұқтың ба өзің соңғы сөзді де?

– Ұқтым ғой, Табеке, – деді Аңдамас, қаймыққан кескінмен. – Бірақ...

– «Бірақ-мірақтың» керегі қанша саған! – деді Табай Аңдамасқа түйіліп.

– Егер өзіңе жан керек болса, айтқанды орында. Əйтпесе, бетіңмен қаңғыра

бер де, ажалыңды жолыңнан күт!..

Бірдеме  дейін  деп  келе  жатқан  Аңдамасқа,  Есеней:  «Тоқтат  сөзіңді,

қайымдаса  бермей!»  деп  ақырып  тастады.  Үндемей  бұғып  қалған

Аңдамасқа:

– Жездемнің үйреткен сөзін жаттай бер, – деді Есеней, – одан залал жоқ.

Шыңғысты  олайша  жауап  сұрауға  жеткіземіз  бе  жоқ  па,  оны  келешек

көрсетер.  Əзірге  аттана  бер.  Тек  қана  ескертерім,  –  Құсмұрынға  Керей,

Уақтың игі жақсылары жиналып болмай, Шыңғыстың қолына түспе.

Көшебе,  Сибанның  адамдары  осыған  келісті.  Аңдамас  басы  ауған



жағына жөн тартты.

ШАЛДУАР ШОҚАН

Біз Шыңғыс пен Есенейдің арасындағы қарым-қатынастардың ізін қуып,

оқырмандар құлақ түріп қалған бір жайды ұмытып кетіппіз. Ол – Шыңғыс

Сырымбеттен Құсмұрынға аттанғанда, əйелі Зейнептің жүкті болып қалуы.

Алғашқы  жылы  «Аман»  аталатын  қарағайдың  ішіндегі  «Əулие»  есімді

көлдің  жағасына  қыстау  салдырған  Шыңғыс  Сырымбетке  күз  оралды  да,

соңына  қарашыларын  ертіп,  Зейнепті  алып  қайтты.  Ол  Айғанымның

меншігіндегі  мал-мүлікті  бірге  туған  аға-інілеріне  түгелімен  қалдырып,

тігер  тұяқтан  жалғыз  шымқай  сары  түсті  жорға  тайды  ғана  алды,  онда  да

шешесінің өсиетімен. Енесінен судай жорға болып туған бұл тайды құлын

күнінде  көрген  Айғаным:  -  «Амандық  болса,  Шығажаным  мінер,  бұл

құлынды,  ат  болғаннан  кейін;  санына  хан  атамның  ай  таңбасын  басып

жіберіңдер,  аты  «Сағымсары  болсын»  деген.  Жорғалай  аяқтанған

Сағымсары, жортақ, желіс, шабыс дегендерді білмей, үнемі тайпалатын да

отыратын,  сол  жорғасымен  шапқан  атқа  жеткізбейтін.  Шыңғыстың  əке-

шешесі жинаған малдан жалғыз ғана тай алған себебі: Зейнептің төркінінен

əкелген  малы  да  жетерлік  еді.  Ағасы  Мұса,  «жетім  қалған  жалғыз

қарындасымды  жылатпаймын,  еншісін  берем»  деп,  Зейнепке  əкесі

Шорманнан  қалған  төрт  түліктің  бəрінен  де  үлес  айдатқан  «көшкенде

көлігі»  деп  жиырма  бес  түйе,  «кісіден  сауын  мен  соғым  сұрамасын»  деп

жүз шақты жылқы, «көгені де кем болмасын» деп бес жүздей қой берген.

Шыңғыс  өз  меншігіндегі  мұншама  малды  да  түгел  айдамай  көбін

туыстарына  қалдырып  кетті.  Оған  себеп  -  Құсмұрынға  баруына  үш-төрт  –

ақ  ай  болғанмен,  біреулер  «ерулік»  деп,  біреулер  «Сыбаға»  деп,  біреулер

«Көлік»  деп,  біреулер:  «Сауын»  деп,  енді  біреулер  –  параға  беріп...

дегендей, ондағы төрт түлік малының да басы көбейіп кеткен.

Зейнеп екі ақ отаумен жəне ас-сулық қоңыр үймен түскен еді. Олардың

іші,  болса-болмаса  да,  жасау-жиһазға,  ыдыс-аяққа  толы.  Шыңғыстың

Құсмұрынға  көшерде  солардың  үстіне  ата-бабасынан  қалған  мүліктерден

алғаны,  жалғыз  қара  шаңырақ  қана.  Оны  да  алғысы  келмеп  еді,

аттандыруға  жиналған  хан  тұқымының  үлкен-кішісі:  «Біздің  ата-

бабамыздың  аруағы  осы  шаңыраққа  үйірілген,  ендігі  іске  татырамыз  –

сенсің, шаңырақ сенде болсын», – деп еріксіз алдырды.

Зейнеп,  келер  жылдың  көктемінде  босанып,  ұл  туды.  Бұл  кезде  ана

жылы  патшаға  қарсы  ғазауат  ашып,  қарулы  əскерден  жеңілгеннен  кейін,

Сыр  бойына  ауып  кеткен  Марал  ишанның  үлкен  баласы  –  Қалқай  ишан

Шыңғыстың үйінде жатыр еді. Үкімет кезінде, Қасым балалары: Есенгелді,

Саржан  мен  Кенесары,  Наурызбаймен  жау  болып  жүретін  Шыңғыс,

олармен  астыртын  жалғасып,  қат-қабат  араласып  жататын.  Марал

тұқымымен  де  солай  болатын.  Маралдың  Сырға  ауғанға  дейінгі  мекені  –

Аманқарағай  ішіндегі  Əулиекөлде.  Оның  «Əулие»  аталуы  да  сондықтан


болатын.

Сол  мекеніне  жасырын  келіп,  Шыңғыстың  үйінде  қонақтап  жатқан

Қалқай ишанға:

–  Əулие,  сіз  қойып  беріңіз,  нəрестенің  атын!  –  деп  өтінді  Уəлі

тұқымдары, Зейнеп ұл тапқаннан кейін.

Ғазауат əлі де есінен кетпеген, осы сапарға артта қалған ағайынның əу-

жəйін  байқауға,  реті  келсе  тағы  да  көтеруге  шыққан  Қалқай,  Уəлі

тұқымының өтінішін естігеннен кейін ұзақ ойланған жоқ.

Күллі  ислам  дүниесінің,  олардың  ішіңді,  «Бағдатта  жиырма  бес  жыл

оқып,  он  екі  пəнді  тəмам  ғып  келіпті»  дейтін  Қалқайдың  сенімінде,  бүкіл

ислам  тарихындағы  ең  зор  ғазауатшы:  Мұхаммед  пайғамбардың  əрі  қызы

Фатиманы  алған  күйеуі,  əрі  əскерінің  бас  қолбасшысы  хазірəті  –  Ислам

дінінің ұранымен соғысу.

Ғали  «Оның  үш  қатынынан  он  сегіз  ұлы  болған,  бəрі  де  батыр  болған

солардың  ішіндегі  ең  батыры  –  Мұхаммед-Ханафия  дейтін  ұлы  екен

əкесіне еріп, ғазауат соғысын сол жүргізген деседі.

«Болашақтың  Мұхаммед-Ханафиясы  болар  ма  екен?»  –  деген  тілекпен

Қалқай  ишан  Зейнептен  туған  ұлдың  атын  –  Мұхаммед-Ханафия  қойды.

Былай  да  шолжың  Зейнептің  бұл  есімге  тілі  келмей  сəбиін  «Қанаш»  деп

кетті былай жұрт «Шоқан» деп кетті.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   57




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет