Қалас жамалов философия


Фейербахтың антропологиялық материализмі. Л. Фейербах



бет45/62
Дата03.10.2022
өлшемі417,48 Kb.
#151479
түріОқулық
1   ...   41   42   43   44   45   46   47   48   ...   62
Байланысты:
филос.учебн.

Фейербахтың антропологиялық материализмі. Л. Фейербах (1804-1872 ж.ж.) ағылшын және француз материализмін терең талдай отырып, 1841 жылы жарыққа шыққан «Христиан дінінің мәні» еңбегінде тарихи дәуірдің өзіндік ерекшелігін көрсетіп, материалистік жүйесін жасады. Фейербахтың материализмі Гегель философиясына қарама-қарсы бағыт алды, ол табиғатты зерттеуге, сырын ашуға ұмтылды. Табиғаттың төл перзенті – адам оның философиясының негізгі субъектісі. Демек, объекті мен субъекті мәселесі табиғат пен адам арасындағы қарым-қатынас арқылы қарастырылады. Фейербах таным теориясында объекті мен субъектінің бірлігін көрсетті. Танымның негізгі мәселесі адамдар арасындағы қатынаспен байланысты, демек танымның объектісі – тек кана табиғат емес, адамның өзі де. «Мен» бір жағынан объекті болса, екінші жағынан субъекті де деп, ол таным үдерісіндегі қоғамдық қатынастарды, адам мен адам арасындағы байланысты анықтады. Өзінің философиялық кұрылымын «жаңа философия», «болашақтың философиясы» атаған Фейербах тек қана адамның ойлай алатынын, адамнан тысқары әлемде ешқандай құдайлық парасат өмір сүрмейтінін, бұған барлық жаратылыстану ғылымдарының деректері мысал бола алатынын айтады.
Философияның негізгі сұрағын материалистік тұрғыдан шеше отырып, ол ғаламды танып-білуге болатынына сенеді. Фейербах – сенсуализмнің дәйекті жақтаушысы, агностицизмнің қарсыласы. Гегельдің ойлау мен болмыстың тепе-теңдігі туралы ойын материалистік негізде шешуге ұмтылып, адамның болмысын реалды өмір сүретін объективті ақиқат деп қарады. Ол табиғатты барлық ғылымның, адамның шығу тегі деп есептеді. «Біз адам болмысын ойлау үдерісі арқылы анықтаймыз, демек, ойлау мен болмыстың өзара диалектикалық байланысы бар». Фейербах болмысқа осындай анықтама бере отырып, оның ойлаудан тыс өмір сүретіндігін көрсетеді, шындықтың субстраты материя екендігін анықтап, нақтылайды.
XVII-XVIII ғасырдың материалист ойшылдары материяны субстанция ұғымы арқылы анықтаса, Фейербах оған сезімдіктің парасаттық негізі деп қарады. «Материя болмаса, біздің парасатымыз ешқандай сезімдікке, әсерге ие бола алмайды, яғни ойда ешқандай мазмұн жоқ. Демек, материяны жоққа шығару парасатты да жоққа шығарумен бірдей. Материяның негізгі өмір сүру формалары – уақыт пен кеңістік», – деп Фейербах олардың объективтілігін көрсетті.
Фейербах дін мәселелеріне көп көңіл бөліп, оның өмірге енуі мен танымдық, саяси-әлеуметтік мәнін ашуға ұмтылды. Дінге тек қорқыныш туындысының салдары деп қарамай, оны адамның ойлау қабілетімен байланыстырды. Оның ойынша, адам дүние, ғалам, табиғат, әлем туралы, олардың қайдан пайда болғанын шеше алмай, діни ұғым, тұжырымдарға келді. Демек, дін – дүниетанымдық көзқарас, ол адамдардың дүние туралы теріс пікірлерінің, оны тани алмай, ғылымнан тыс жолға түскендігінің айғағы. Фейербах діннің шығуын адамдардың сезімімен тығыз байланысты деп көрсетеді. Өзін қоршаған ортаның тылсым күштерін түсіне алмаған адам қорқынышқа душар болады. Өмірдің қиыншылықтары адам басына әр түрлі ауыртпалықтар әкеледі. Қайыршылық, аштық, жалаңаштық жайлаған жерде діннің дүниеге келуіне мүмкіндік туады, адамның сезімі шегіне жетіп, шарасыздық жайлаған кезде, оған дін «көмекке» келеді. Сөйтіп, сезім, әсіресе, сенім, үміт пен сүйіспеншілік діннің қалыптасуына мүмкіндік туғызады. Фейербах дін мен адамгершілік мәселелерін талдағанда, олардың мәнін шеше алмай, дін адамдардың арасындағы байланысты ғана көрсететін, оны Құдайдан бөліп алып, толығынан сақтауға болатын үдеріс деп білді. Фейербах адамдар арасындағы сүйіспеншілік болатын, сүйіспеншілікті ғана білдіретін, яғни құдайсыз дін жасауға ұмтылды. Ал, адамгершілік болса, адамдардың арасындағы әлеуметтік қатынастармен байланысты болмай, жалаң анықталып, барлық адамға тән сезім ретінде қарастырылды.
Фейербах материализмінің тар өрістілігі оның антропологиялық сипатымен байланысты. Антропологиялық принцип адамды табиғаттың жемісі деп қарайды және адамның мәні тек антропология ғылымымен аныкталуы тиіс. Ол философиясын «антропологиялық материализм» дей отырып, ғылымға сүйеніп, жаратылыстану арқылы адамның мәнін аштым деп есептеді. Шынына келгенде, оның материализмі адамға тән қоғамдық қасиеттерді ашып бере алмады және ол таным теориясындағы диалектикалық логиканың мәнін түсінбейді, диалектикалық таным әдісін мойындамады. Гегельдің идеалистік жүйесін сынай отырып, диалектиканы, диалектикалық логиканы сақтап қала алмайды, Энгельстің сөзімен айтқанда: «астаудағы суды төгемін деп, ондағы баланы байқамады...»
Азғантай ғана тарихи уақыт аралығын қамтитын Кант, Фихте, Шеллинг, Гегель, Фейербах жасаған философиялық жүйелер «Неміс классикалық философиясының» мазмұнын байытты. Бір-бірінен өрби отырып, жалғасын тапқан бұл философияның өзіндік ортақ белгілері де бар. Бұған, біріншіден, диалектиканың дамуы, әмбебаптық таным тәсілі, логикалық категориялардың бүтіндей жүйесі жатады. Диалектика, логика, таным теориясының теңдік принципі өзінің толық көрінісін Гегель философиясынан тапты. Екіншіден, объективтік идеализм тұрғысынан қоғамдық дамудың заңдарын ашуға деген талпыныс жасалды, тарихи дамуға диалектикалық әдіс қолданылды. Үшіншіден, тарихи прогреске, ғылыми және философиялық танымның игілікті нәтижесіне сенім пайда болды. Төртіншіден, гуманизм, адамға деген терең құрметпен қатар, философияның әмбебап зерттеу объектісі ретінде қарастырылды.
Неміс классикалық философиясы болашақ әлемдік философиялық ойдың дамуына үлкен әсерін тигізіп, маркстік философияның теориялық негізі және XX ғасырда пайда болған ықпалды философиялық жаңа кантшылдар, жаңа гегельшілдер тәрізді мектептердің қайнар көзі, бастау бұлағы болды.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   41   42   43   44   45   46   47   48   ...   62




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет