Сахарада қар жауған күн
Біздің алып планетамыздың климаты құбылмалы келеді және бұл ешкімге құпия емес. Климаттық өзгерістерді дәлелдейтін жүзден астам метеорологиялық құбылыстар тіркелген. Соның бірі Сахарада орын алды.
Ыстық, құрғақ деген ұғымдармен қатар жүретін шөл далада 1979 жылдың 18 ақпанында қар жауыпты.
Сахарадағы қар?! Мүмкін емес нәрсе болып көрінгенімен, бұл таңғажайып құбылысты өз көздерімен көргендер бар және олардың қатары жеткілікті.
Мұндай жағдай бұрын-соңды болып көрмеген. Табиғи құбылыстың күшті болғандығы соншалықты, жарты сағаттың ішінде Алжирдегі автотранспорттың қозғалысын тежеп тастайды. Тағы бір қызығы, қардың алдында қатты жылдамдықпен жаңбыр жауған екен.
Метеорологтар мен климатологтар қардың түсу себебін түсіндіре алмай келеді. Әр түрлі пайымдаулар айтылғанымен, бірде-біреуі дәлелсіз келеді.
Бір нәрсе анық: Сахарадағы климат, тіпті, күллі планетадағы климат Жер пайда болғаннан бері бірнеше рет өзгеріске түскен. Осыдан 10 мың жылдан астам уақыт бұрын, яғни тас дәуірінде шөл даланың орнында ылғалды климатқа ие дала болғандығы ғылыми түрде дәлелденіп отыр. Ол заманда аймақта өзен ағып, жасыл шөптер өсіп тұратын және жануарлар мен адамдар тығыз орналасқан. Мұны Сахараның жүрегіндегі жартастардан табылған суреттер де дәлелдей алады. Сондықтан да, Сахараның климаты түбегейлі өзгеріп, Антарктиданы қайталап жатса, таң қалудың қажеті жоқ.
|