Мағжан Жұмабаев туралы жазылған еңбектерден
...Әдебиеті жаңа аяқтанып, әдебиет тілі енді жасалынып келе жатқан жұртта Мағжандай ақындардың қызметі зор екені анық. Осы күнге дейін Түркістанда қойшылар тілі саналып келген, ресми қағаздар жазуға, кітаптар жазуға жарамсыз делініп келген қазақ-қырғыз тілі іске асуы былай тұрсын, өнерге асатын, бай, жатық, таза ,өткір, әдемі тіл екенін Мағжан өлеңдері көрсете алады.
С.Қожанұлы
...Мағжан - алдымен сыршыл ақын. Мағжан сөзіндей ”тілге жұмсақ, жүрекке жылы тиетін” үлбіреген нәзік әуез қазақтың бұрынғы ақындарында болған емес. Мағжан не жазса да сырлы, көркем, сәнді жазады.
Ж.Аймауытов
...Өлеңге тәтті күй, нәзік сезім, майда тіл тудыру жағынан Мағжаннан артық қызмет істегені жоқ. Мағжан өлеңдерінің оқушының сезімін де, ойын да тәрбиелейтін өзгеше артық күші бар.
”Еңбекші қазақ” газеті
1923жыл, январь.
...Қазақ жазушыларынан, әрине, Абайды сүйемін.
Бұдан соң Мағжанды сүйемін. Европалығын, жарқырағын, әшекейін сүйемін. Қазақ ақындарының қара қордалы ауылында туып, европадағы мәдениет пен сұлулық сарайына барып, жайлауы жарасқан арқа қызын көргендей боламын.
Мағжан - культурасы зор ақын. Сыртқы кестенің келісімді мен күйшілдігіне қарағанда, бұл бір заманның шегінен асқандай. Бүгінгі күннің бар жазушыларының ішінен келешекке бой ұрып, артқы күнге анық қалуға жарайтын сөз Мағжанның сөзі. Одан басқамыздікі күмәнді, өте сенімсіз деп білемін.
М.Әуезов
...М.Жұмабаев - ақын. Оның құдіретті лирикасы Абайдан соңғы дәуірдегі қазақтың ауыз әдебиетіне де, жазба әдебиетіне де өзінің ықпалын үздіксіз жүргізіп келді. Қазақтың қазіргі өлең тілінде ғажайып сұлу сөз ұстасының әсем әуенінің сиқырлы сазы әрдайым естіліп тұратын сияқты.
Хайролла Махмудов
...Мағжан ғалым, тәжірибелі шебер оқытушы еді. Лекциялық сабақта болсын, практикалық сабақта болсын, ол қағазға, кітапқа қарамайтын. Сөз арасында келтіретін мысал өлеңдері мен әңгімелерді түгел жатқа айтатын. Декламация оқып тұрған тәрізді барлық нәшін, сипатын, қимылын келтіріп айтатын.
Б.Кенжебаев
Ақындық жағына келгенде, Мағжан, әрине қазақтың күшті ақындарынан саналады. Қазақтың тілін байыту ретінде, әдебиетіне түрлер енгізу ретінде Мағжанның еңбегі көп. Абайдан кейін тіл өнегесіне Мағжаннан асқан ақын қазақта жоқ.
С.Мұқанов
..Ақын өзен, тұнған теңіз дүниесі де ақын өмірінің бір шындығы секілді. Судағы қуаныштың қалай басталып, қалай аяқталғаны алты жолдық өлеңді ұзақ хикаяға айналдырып жібергендей. Жырдың архитектоникалық бейнесі мен музыкалық үндестігі сондай сұлу келісім тапқан, өз деміңмен бірге жаралған дүниедей сезінесің.(“Толқын” өлеңі)
Ә.Тәжібаев
Пайдаланылған әдебиеттер:
1.Мағжан Жұмабаев шығармалары 1-2-3 том. “Білім” 1995 жыл.
2.Ж.Аймауытов “Мағжанның ақындығы туралы” мақаласы.
3.Шериаздан Елеукенов “Мағжан”, “Санат” 1995 жыл.
4.Абай Құнанбаев «Өлеңдер» жинағы, Алматы-1995 жыл.
5.З.Қабдолов “Сөз өнері” Алматы-1992 жыл.
6.Ахметов К. Әдебиеттану әліппесі. А., 2000
7.Ахметов З. Өлең сөздің теориясы. Алматы., 1973
8.Жұмабаев М. Өлеңдері, прозасы және әдеби зерттеулер/ Құрастырған Ж.Сүлейменов. – Петропавл, 2006. – 428 б.
Достарыңызбен бөлісу: |