(“Батыр Баян” поэмасынан).
ІҮ. Мегзеу (Синекдоха) дегеніміз - бүтіннің орнына бөлшекті немесе бөлшектің орнына бүтінді қолдану
Сол кезде елге қорған болған Абылай,
Көп жаудың бірін шауып, бірін арбап.
Алаштың аруы боп кетсе - дағы,
Жанымен өз жұртынан айрылмаған...
... Қаны бір ел еді ғой қазақ, қалмақ,
О дағы бір саған туған жұрт болмай ма ?
... Батырлар қатар түзеп келіп қалды.
... Тартты қол. Қалды өрлер. Қалды белдер.
... Сол кезде қара бұлттай қалың қалмақ...
... Қалың қол ортасында батыр Баян....
(“Батыр Баян” поэмасынан).
Ү. Астарлау (Символ)- дегеніміз бір нәрсені не құбылысты тура суреттемей, бұларға ұқсас басқа бір нәрсеге, не құбылысқа теліп, ойды ашық айтпай тұспалмен жеткізуді айтады.Символ шындыққа әсем ажар, философиялық астар береді.
Жабыны тұлпар қылам деп,
Қарғаны сұңқар қылам деп,
Талайдың ісі шала ғой.
Болса “гүлсіз”,
“Бұлбұл” үнсіз
Үнсіз “бұлбұл” - бір сұр құс .
Үнсіз өмір-
Сөнген көмір,
Отсыз жүрек бос қуыс.
(“Болса гүлсіз..”)
ҮІ. Аллегория. Символ секілді астарлау түрінде айтылады. Бірақ ондағыдай екіұшты пікір болмайды. Автордың айтпағы белгілі болып тұрады.
Өмірде қулық, зорлық, момындық, батырлық, аярлық секілді адамға тән мінездерді дерексіз жай ұғым қалпында тұрғанда түсінуге болғанымен көзбен көре алмаймыз. Сондықтан ақын оны деректі нәрселерге көшіріп көрсетеді. Мысалы, аңдар бейнесінде көрсетеді.
Сары аю ойнайды екен таспен атып,
Бөрісі бөкен жортқан түнде қатып,
Топ шүйебөрі бір құлжаға жабылмақшы-
Қозыны жамыратып жібергендей.
(“Алатау'')
Мағжан поэзиясындағы теңеу мен эпитеттің түрлері.
І. Көркемдегіш сөздердің бір түрі Теңеу деп аталады. Жазушы немесе ақын бір нәрсені көркемдеп суреттеу үшін оны екінші бір нәрсемен салыстыра суреттейді.
Олар зат есімге, есімшеге -дай,-дей,-тай,-тей,-дайын,-дейін,-тайын,-тейін жұрнақтары жалғануы арқылы жасалады
...Өткізген балаусадай бөбек күнім,
Барқыттай белес-белес белім жатыр.
Айбынды арыстандай құмды кезген,
...Күңіреніп қалың қалмақ елім жатыр...
Жігер, шіркін, желінді,
Болат жеген қайрақтай.
Мешеу болды жүйрік ой
Кететін орғып айдатпай...
Жазды күні сұр құлын
Сұлу еді сүліктей.
Құрық көрсе құлдырап,
Зытушы еді еліктей...-
Арыстандай айбатты,
Жолбарыстай қайратты,
Қырандай күшті қанатты,
Мен жастарға сенемін!
Жаралы жолбарыстай күңіренді,...
Ақылға алғыр құстай ашу төнді...
Дауылдай талмай есіп, желдей ұшып....
Кілегей қара бұлттай төнді Баян.
Сұңқардай сорғалаған келді Баян.
Барыстай ойын салған сар далада...
Майданда жолбарыстай жалғыз ойнап....
Сан қолға аш бөрідей кірген еді.
(“Батыр Баян” поэмасынан).
ІІ. Айқындау (эпитет) деп адамның не заттың, не табиғат құбылыстарының өзгеше бейнесін оқушылардың көз алдына елестету, ой-қяилына әсер ету үшін қолданылатын көркем сөздерді айтады.
Қанды ор боп ақын жолы қалады да.
Мөп-мөлдір, дөп-дөңгелек ұқсайды Айға.
Торғын ет, шапақтай бет, тісі- меруерт.
Сұм сұлу анадайдан ағатайлап.
Билеген асау жүрек, қайнаған қан.
Шомылып қанды ыстық көз жасына.
Бәрі де болат тұяқ бедеу мініп.
" Кең ақыл, отты қайрат, сырттаным"-деп.
(“Батыр Баян” поэмасынан).
Мағжан поэзиясындағы айшықтаудың
(фигураның) түрлері.
Айшықтау (фигура) (латынша fіgura- келбет, бейне)- сөз тіркестерін дағдылы синтаксистік қалыптан гөрі өзгешелеу ораммен, айрықша айшықпен құру. Сөздерге ерекше леп, екпін, тыныс беру, оқырманға әсерін күшейту
1. Арнау- адамның, не ақынның өзіне не өзгеге,жалпы жұртқа арнайы тіл қатуы, көпшілікке қайырыла сөйлеуі, олармен іштей кеңесуі.
А.Байтұрсынов арнауды үшке бөлген: жарлай арнау,
сұрай арнау, зарлай арнау
а) Жарлай арнау
Қазағым, таянды ғой қылта мойын,
Жер, мал кетіп бос қалды біздің қойын.
Қарашы өзіңе-өзің көз жүгіртіп,
Жараспас енді өзіңе күлкі-ойын.
(“Қазағым” ).
Алыста ауыр азап шеккен бауырым,
Қуарған бәйшешектей кепкен бауырым.
Қамаған қалың жаудың ортасында,
Көл қылып көздің жасын төккен бауырым.
(“Алыстағы бауырыма”).
ә) Сұрай арнау
Болмаса басыма да бармас па екен?
Атымды аузына да алып тұрмас па екен?
Қарайып жапан түзде жалғыз тұрған
Молама көз қырын да салмас па екен?
(“ Жан сөзі ” ).
Сұрасақ, тілек қабыл болмас па екен?
Жолымыз жылап шеккен оңбас па екен?
Кеше ұшқан басымыздан бақыт құсы,
Тағы да қайта айналып қонбас па екен?
(“Айға” ).
б)Зарлай арнау.
...Жорыққа қу қалмаққа жүрдім неге?
Тобына көк бөрідей кірдім неге?
Тәтті бал, балауса тал жас сұлуды
Көр болғыр, екі көзім, көрдім неге?
... Әйелдей баса алмайтын жүрек жынын
Есалаң жүрекке ерік бердім неге?
Буынып сол боз үйден шықпай өлмей,
Атылып оқ жыландай тұрдым неге?!
Ойламай, белді бекем будым неге?
Қозымды қас дұшпандай қудым неге?
Майысып Ноян қалқам ,ерке марқам,
Қасқиып қарсы алдымда тұрдың неге?
Бауырыма тас жүрегім жібімеді-ау,
Бір ата, бір анадан тудым неге?
(“Батыр Баян” поэмасынан).
ІІ. Қайталау- сөз әсерін күшейте отырып, оқырман назарын айрықша аударғысы келген нәрсені не құбылысты бірнеше мәрте қайталап, айтар ойды, ұқтырар сырды ұғымға мұқият сіңіру.
Оның екі түрі бар: Сөз қайталау , Дыбыс қайталау.
1)Сөз қайталау
А) Басқы қайталау (анафора) (грекше anaphora - биікке шығару). Мұнда өлеңнің әрбір жолы не әрбір ойдың ағымы бір сөзден басталып отырады.
Достарыңызбен бөлісу: |