Тақырып: 8.8 Сезімнің дамуы Жоспар: Мектеп жасына дейінгі бала сезімдерінің ерекшеліктері
Эмоция мен сезімнің дамуы
Мектеп жасына дейінгі балалардың эмоционалды сферасы
Тірек сөздер:Сезім мотивтері, баланың эмоционалды сферасы, стеникалық сезім, астеникалық сезім
Лекция 9 Сезім - адамның өзіне, өзге адамдарға, айналасындағы заттар мен құбылыстарға көңіл-күйінің қатынасын білдіретін және оларды бейнелейтін психикалық процес.Сезімнің психикалық процесс екендігін білдіретін тағы бір ерекшелігі - оның адам көңіл-күйіне байланысты әрбір процеске белгілі бір түрде реңк беріп тұратындығы. Кейбір құбылыстар адамға түрліше әсер етіп, оны қуантады, шаттық сезімге бөлейді. Ал кейбірі ренжітіп, тіпті тұңғиыққа батыруы мүмкін. Адамның сезім күйлері - қуаныш, қайғы, таңдану, наразылық көрсету, ызалану, кектену, қарқылдап, көзінен жас аққанша күлу, т.б. көңіл-күйдің сипаттық ерекшеліктерін сыртқа шығарады. Сезімнің сан алуан көріністері мен олардың пайда болу әлеуметтік-қоғамдық жағдайларға, әсіресе, материал рухани-мәдени қажеттіліктерді қанағаттандырудың мақсат-мүдделеріне байланысты. Сезім ұғымының кең мағынада қолданылуы жалпы көңіл-күйді, ал эмоция сол көңіл-күйдің белгілі бір жағдайға қатты әсерлеуін білдіретін қысқа мерзімді уақытша көрініс. «Эмоция» ұғымының төркіні - «емовера» деген латын француз сөзінен шыққан. Қазақша мәні - тітіркендіру, толқу. Бұл - жан дүниесінің сыртқы және ішкі әсерлер салдарынан ызалану, қаһарлану, қорқу мен шаттану сияқты жағдайларының көрініс беруі. Эмоция - адамдар мен жануарлар дүниесінде де көрініс беретін кейіп. Эмоциялық күй адамды іс-әрекеттерге шабыттандырып, тиісті нәтижелерге жеткізеді немесе көңіл-күйін жабырқатып, іс-әрекетін бейберекетсіздікке ұшыратады. Сезім мен эмоцияның адам іс-әрекеті мен көңіл-күйіне ұнамды әсер етуі стеникалық – күшті сезім тудырса, ал ұнамсыз не теріс әсер етуі астеникалық - әлсіз, жағымсыз сезім тудырады. Стеникалық сезім жүйке жүйесіндегі қозуды күшейтсе, астеникалық сезім жүйкеге тежелеу жасап, адамның әрекетшілдігін әлсіретеді. Сөйтіп, адамның сезім күйі және оның қысқа мерзімді айқын көрінісі - эмоция - жан дүниесінің жандануы мен тіршілік ағымында айтарлықтай маңызы бар. Сонымен, эмоция дегеніміз – адамның органикалық мұқтаждықтарын қанағаттандыру не қанағаттандырмауға байланысты туатын психикалық күйлер. Мектепке дейінгі шақта мінез-құлық мотивтері дамуының бір жағы сол мотивтерді түсінудің жоғарлауы екенін біз көрдік. Бала өз қылықтарының түрткі күштері мен салдары жөнінде көбірек ойлай бастайтын болады. Бұл мектеп жасына дейінгі баланың сана–сезімінің дамуына, өзінің кім және қандай қасиеттерге ие екенін, төңіректегі адамдардың бұған деген қарым-қатынасын, ол қарым-қатынастардың неден туатынын түсінгенде ғана мүмкін болады. Сана- сезім айқын өзін-өзі бағалауынан, яғни бала өзінің жетістіктері мен сәтсіздіктерін, өзінің сапалары мен мүмкіндіктерін қалай бағалауынан көрінеді.
Сана-сезім дамуының алғышарты тіпті ерте сәбилік шақтың соңында өтетін баланың өзін-өзі басқа адамдардан бөлуі. Бірақ, бала мектеп жасына ілінісімен- ақ өзі туралы, өзінің қасиеттері жөніндегі ештеңе білмей, тек өзінің өмірінде бар екенін ғана түсінеді. Үлкендер сияқты болғысы келген кішкене балдырған өзінің шынайы мүмкіндіктерін ескере білмейді. Бұл үш жастығы дағдарыс кезеңінде мүлде айқын көрінеді.Үлкендер мақұлдаған барлық жақсы қасеттерді көбіне түсінбей-ақ өз басына жай таңа салатын мектепке дейінгі кішкентайларда әлі өзі жөнінде ешбір негізделген дұрыс пікір болмайды. Өзін ұқыптымын деп санайтын бір баланың бұл нені білдіреді деп сұрағанда, ол: «Мен қорықпаймын», - деп жауап берді. Өздерінің ұқыптылығын мақтан ететін кейбір балалар бұл сұраққа «Білмеймін», - деп жауап қатты.Өзіне-өзі дұрыс баға беруді үйрену үшін бала алдымен өзге адамдарды, сырттай қарап тұрып, бақылай білуі керек. Ал мұның бірден бола қоймайтынын біз білеміз. Бұл кезеңде бала өзінің құрдастарына баға бергенде, олар жөнінде үлкендер айтқан пікірді жай ғана қайталайды. Өзін-өзі бағалауда да осылай болады.(«Мен жақсымын, өйткені апам солай дейді»).
Баланың өзге адамдарды, олардың қылықтары мен қасиеттерін өздерінше бағалау бастапқыда оның осы адамдарға деген қарым–қатынасына байланысты. Бұл әсіресе, әңгімелер мен ертегілердің кейіпкерлерін бағалаудан көрінеді. «Жақсы», ұнамды кейіпкердің кез келген қылығы жақсы, ал «жаман» кейіперлер қылығы жаман бағаланады. Бірақ біртіндеп кейіпкерлердің қылықтары мен қасиеттерін бағалау оларға деген жалпы көзқарастан бөлектенеді, осы қылықтар мен қасиеттер жағдайды және оның мәнін түсінудің негізінде құрыла бастайды. «Үйшік» деген ертегіні тыңдағаннан кейін сұрақтарға жауап береді: «Аюдың қылығы жақсы ма, жаман ба?» - «Жаман». - «Ол неге жаман?» - «Өйткені ол үйшікті қиратып тастады». - «Аю саған ұнай ма, жоқ па?» - «Ұнайды. Мен аюларда ұнатамын».
Мінез-құлық нормалары мен ережелерін меңгерген сайын, олар баланың өзге адамдарды бағалауда пайдаланатын өлшемдері бола береді. Бірақ бұл өлшемдерді өзіне қолдану анағұрлым қиынырақ болады. Баланы өзіне тартып, белгілі бір қылық көрсетуге итермелеуші толғаныстар оған көрсетілген қылықтардың шын мәнін бүркейді, оларды әділ бағалауға мүмкіндік бермейді. Мұндай бағалау тек өз қылықтарын, қасиеттерін басқалардың мүмкіндіктерімен, қылықтарымен, сапаларымен салыстыру ғана мүмкін болады. Өзін өзгелермен салыстыра білуді бала мектепке дейінгі үлкен жаста меңгереді, бұл өзін-өзі дұрыс бағалаудың негізі болып табылады.
Мектепке дейінгі ересектер өз басының жақсы жақтары мен кемшіліктерін толықтай дұрыс ұғына біледі, төңіректегілер тарапынан өздеріне қарым- қатынасты да ескереді. Адамның жеке басының бұдан арғы дамуы, мінез-құлық номаларын саналы игеру, жағымды үлгілерге еліктеу үшін мұның зор мәні бар. Сонымен бірге бала төңірегіндегілердің оның қалай да бір қылықтарымен қасиеттеріне көзқарасын әдейілеп пайдалануға қабілеттенеді. Бұл жастағы балалар, әдетте, қыңырлық мінез-құлық нормаларын бұзу екендігін тамаша ұғынады және қыңырлықты саналы түрде өз айтқанына көнетін үлендерге ғана көрсетеді. Бала анасымен қарым-қатынаста анасының сүйіспеншілігі мен елжіреуін туғызатын рольде ойнайды, өзінің балалық мінездерін баса көрсетеді де, осы арқылы барлық жақсылыққа ие болады.
Ерте сәбилік шақтағы секілді мектепке дейінгі шақта да сезім балалар өмірінің барлық жағында үстем болады, оған реңк және мәнерлік береді. Кішкене бала өзінің толғаныстарын меңгеруді әлі білмейді, ол үнемі дерлік өзін тартып әкеткен сезімдердің шырмауында қалып отырады.
Үлкен адаммен салыстырғанда бала сезімінің сыртқы бейнесі неғұрлым қызу, тікелей еріксіз сипатта. Баланың сезімі жылдам әрі айқын тұтынады да сонша тез сөнеді, қызу шаттық артынша – ақ жылаумен алмасады.
Бала толғаныстарының ең күшті және басты көзі – баланың басқа адамдармен, үлкендермен, балармен өзара қарым – қатынастары. Төңірегіндегі адамдар балаға еркелете қараса, оның праволарын танып, оған назар аударса, бала эмоциялық рахаттылықты, сенімділікті, қамқорлықты сезінеді, әдетте мұндай жағдайларда балада сергек, шат көңіл күй басым болады. Эмоциялық рахаттылық баланың жеке басының әдеттегіше дамуына, жағымды қасиеттерінің, басқа адамдарға тілектестік қарым–қатынастарының төселуіне себепші болады.
Маңайдағы адамдардың балаға қатысты мінез–құлқы балада түрліше сезімдер – қуаныш, реніш, т. б. тудырады. Бала бір жағынан еркелетуге, мақтауға, екінші жағынан өзіне жасалған ренішке, көрсетілген әділетсіздікке қатты толғанады.Мектепке дейінгі балаларда жақын адамдарына, алдымен ата–аналарына, аға–інілеріне, апа–қарындастарына деген махаббат, мейірімділік сезімі болады, оларға көбіне қамқорлық, аяушылық білдіреді.
Өзге адамдарға деген сүйіспеншілік пен мейірімділік баланың көзқарасы бойынша оларды ренжітушілерге қарсы тұратын қаһармен және ызамен байланысты. Бала түсінбестен жақсы көрген адамының орнына өзін қояды, осы адам басынан кешірген қайғыға немесе әділетсіздікке өз басына түскен ауыртпашылықтай толғанады.Сонымен бірге басқа балаға ( тіпті жақсы көретін аға–інісі, апа–қарындасы болса да), мектеп жасына дейінгі баланың шамалауынша, баса назар аударылса, бұл оның қызғаныш сезімін тудырады.
Басқа адамдарға қатысты пайда болатын сезімді бала көркем шығармалардың, оның ішінде ертегілердің, әңгімелердің кейіпкерлеріне де аударады: Қызыл Телпектің душар болған бақытсыздығына жаны ашығанда, шынында, болған оқиғаға қайғырып тебіренгендей болады. Бір оқиғаның өзін бірнеше рет тыңдауы мүмкін, алайда одан туатын сезімі солғындамайды, керісінше күшейе түседі: баланың ертегіге үйреніп кететіні соншалық, ол тіпті ондағы кейіпкерлерді өзінің жақын адамдары мен туыстарындай қабылдайды. Әңгімелер мен ертегілерді тыңдағанда мектеп жасына дейінгі балаларда ең айқын байқалатын сезім – бақытсыздыққа тап болғандардың бәрін есіркейді.
Жағымды кейіпкерлерге бала ерекше аяушылық білдіреді, бірақ ол кейде тым ауыр жағдайға ұшыраған жауызды да аяйды. Бала көбіне жағымсыз кейіпкерлердің қылықтарына қатты ашуланады, өзінің сүйікті кейіпкерлерін одан қорғауға тырысады.
Ертегіні тыңдаған кездегі балада пайда болатын сезімдер оны жалаң тыңдаушыдан оқиғаның белсенді қатысушысына айналдырады. Болғалы тұрған оқиғалардан жаны түршіккен бала қорыққанынан кітапты жабуды және әрі қарай оқымауды немесе кітаптың қорқынышты жерін, өз түсінігі бойынша, жарамды әңгімемен алмастыруды талап етеді. Мұнда көбіне бала өзін қаһармандардың орнына қояды.
Мектеп жасына дейінгі балалар ертегілерге берілген суреттерді қарай отырып көбіне оқиғалардың барысына тікелей араласуға тырысады, жағымсыз іс- әрекеттер істейтін адамдар немесе сүйікті кейіпкерге қатер төндіруші жағдайлар бейнеленген суреттерді бояп немесе тырнап өшіріп қояды. Бір төрт жасар қыз Прометей бейнеленген суреттен бұғауға салған шынжырды өшіріп, оны «азат етті».Өзге адамдармен қарым – қатынас, олардың қылықтары – мектепке дейінгі бала сезімдерінің, әрине, бірден – бір емес, бірақ басты көзі. Баланың қуаныш, мейірімділік, есіркеу, таңдану, ашулану т. б. жан толғаныстары жануарларға, өсімдіктерге, ойыншықтарға және табиғат құбылыстарына байланысты да пайда болуы мүмкін. Адамзат іс-әрекеттерімен және толғаныстарымен таныса отырып, мектепке дейінгі бала заттарды тануға бейім келеді. Ол үзілген гүлді, сынған ағашты аяйды, серуендеуге кедергі істеген жаңбырға қатты ашуланады, өзіне тиіп кеткен тасқа ызаланады.Бала сезімдерінің ішінде қатты қорқыныш толғанысы ерекше орын алады. Қорқыныштың тууы көбінесе үлкендердің теріс тәрбиесі мен қисынсыз мінез–қылықтарының салдарына байланысты. Өз түсініктері тұрғысынан алғанда, балаға қатер төндіреді деп есептелетін болмашы себептен үлкендердің торыға бастауы тым әдеттегі жағдайлардан саналады. Үлкендердің мұндай мінез–құлқы баланы қатты қобалжу мен қорқыныш күйіне әкеледі. Мысалы, дұрыс көзқарас нәтижесінде із – түссіз өте шығуы мүмкін өмірдің бір көрінісін үлкендер қорқынышты оқиғаға айналдырса, мұның салдары ауыр болуы мүмкін. Балаға қорқыныш үлкендердің қорыққанын көруден де ұялады. Міне, осылайша бала күннің күркіреуінен, тышқаннан, қараңғылықтан қорқа бастайды. Кейбір адамдар балалардың айтқанды тыңдауы үшін оларды қорқытуды жөн деп санайды («Бері кел, келмесең, өзіңді анау апай жетектеп әкетеді», «Тыңдамайтын болсаң, анау отырған ағай портфеліне салып әкетеді!»).Қорқыныш толғанысы кейде үлкендердің ықпалынсыз пайда болады. Бала өздігінше бір нәрсеге кезіккенде оны таңдану мен әуестенуден басқа қатты қобалжу күйі де пайда болады. Қорқынышты туғызатын себептердің біріне таныс адам жүзінің кереметтей кетуі жатады: бетіне перде жабу, басына тымақ кию т. б. Өзгеше, белгісіз жағдайлар баланы жиі өте қатты қобалжытады, Бұл жөнінен алғанда қараңғылықтан қорқу әдеттегі жағдай. Қараңғылықтан қорқуды көбінесе оның таныс дүниелерді көрсетпей қоюымен түсіндіруге болады, бұл кезде шамалы ғана шуыл өзгеше болып есептеледі. Егер бала қараңғыда бір рет қорықса, кейін қараңғылықтын өзі баланы қорқытатын болады. Қорқынышты басынан жиі кешіру баланың жалпы бой қуаты мен психикалық күйіне ықпалын тигізеді, сондықтан үлкендер баланы еркіндік пен батырлық сезімінде тәрбиелеп, оны қолдап отыруы қажет.
Қорқыныштың бұл түрінен басқалар үшін қорқу бүтіндей өзгеше болады. Мұнда баланың өзіне сүйікті адамдар қорқынышын басынан өткізеді. Қорқыныштың мұндай түрі есіркеудің ерекше формасы болып саналады. Балада есіркеудің пайда болуы ренішке ортақтасу қабілетінің дами бастағанын көрсетеді.
Үш – төрт жастағы баланың сезімдері айқын болғанымен әлі тым өкінішті және тұрақсыз болады. Мысалы, анда – санда лап ете қалатын баланың анасына деген махаббаты, оны анасын құшақтап бетінен сүюге жетелейді, бірақ бұл әлі анасын қуандырып оған сезімін беретін қылықтардың тұрақты көзі бола алмайды. Баланың басқа тіпті өте сүйкімді көретін адамдарға қатысты, ұзақ уақыт есіркеу мен қамқорлық білдіруге әлі де қабілеті жетпейді.Мұнда ересек адамның ролін орындау, ауру адамды күту мүмкіндігі ауру анасына деген мейірімділіктің орнын алады.Мектепке дейінгі кішкентайлар мен естиярлардың өз үйі ішінен тысқары құрдастарына қатысты сезімі бүтіндей алғанда әдетте онша ұзақ болмайды. Балабақшасындағы балалардың достық белгілерін байқау көбінесе бір баланың өзі жағдайларға байланысты кезекпе–кезек бірнеше баламен достасатынын көрсетті. Мұндай достық құрдасына деген берік қарым–қатынасқа емес, онымен бірге ойнайтындыққа немесе стол жанында бірге отыратындыққа негізделген.Мектепке дейінгі балалық шақта баланың сезімі едәуір дәрежеде тереңдей және нығая түседі.Мектепке дейінгі ересектердің жақын адамдардың мазасыздық пен күйініштен қорғауға бағытталған шынайы қамқорлықтың белгілерін бақылауға болады.Мектепке дейінгі ересектерге тән жағдай оның құрдастарының тұрақты достығы, алайда ауыспалы достасудың да көптеген жағдайлары сақталады. Балалар арасындағы достықта негізгі мән сыртқы жағдайға берілмейді, олардың бірін – бірі ұнатуына, құрдасының қандай да бір қасиеттеріне, оның білімі мен іскерлігі жағымды көзқарас алады.
Мектепке дейінгі балалық шақта сезімдердің дамуындағы басты бағыттардың бірі - баланың ақыл–ойының дамуына байланысты келетін саналығының арта түсуі. Бала қоршаған дүниені танып, өз қылықтарының салдарымен танысып, ненің жақсы және ненің жаман екенін түсіне бастайды.
Кішкентайлар жануарларға көбіне сезімсіз, тіпті қатал келеді деп саналатын кең тараған пікір бар. Шынында, кейде баланың жануарға селсоқ қарауы біздерді жанға батарлықтай таңырқатады. Баланың шыбынды соғып өлтіргенін, қоңызды аяғымен таптағанын, көбелектің қанаттарын жұлғанын, бала мысықтың тамағын қысқанын көреміз. Бұл кейбір жағдайларда көрінетін жануарларға деген жанашуға, қайғыруға бүтіндей қарама–қарсы әсер қалдырады. Әйтсе де көптеген жағдайлардағы селсостық, қаталдық сияқты көріністердің бәрі баланың түсініспеушілігін көрсетеді. Барлық зат атаулының ішіне үңілуді тілейтін баланың әуесқойлығы, ақыры немен тынарын білмейтін нағыз бейқамсыздығымен ұштаса отырып, біздер мейірімсіздік, қаталдық ретінде бағалайтын көріністерге әкеліп соғады.
Жағдайды түсінуге байланысты бала сезімдерінің өзгеруін мектепке дейінгі жастағы күлдіргі сезімнің даму мысалынан жақсы көруге болады. Баланың бұл сезімі өмірдегі үйреншікті жағдайлардың барысын бұзушы, күтпеген жағдайларға тап келгенде пайда болады. Мектепке дейінгі кішкентайлардың күлу сезімі көңілді күлкіден пайда болады. Бұл сезім Петрушканың күлкілі қимылдарын көруден, керісінше айтылған сөздерді естуден, адамның сырт көрінісі киімдегі үйлесімсіздікті ( мысалы, ересек адамның басындағы баланың бас киімі ) табудан пайда болады. Балалар өздері әзілдейді, заттарға басқаша ат береді, бет - әлпетін қисаңдатады, сөздерді теріс қарата сөйлейді. Мектепке дейінгі ересек жастағылар күлу сезімін анағұрлым күрделі жағдайлардан табады, адамдардың мінез – құлқындағы сәйкессіздікті, олардың білімі мен шеберлігіндегі олқылықтар байқалады. Олар түлкінің алдауына түскен қасқырдың ақымақтығына, аңғырт түкбілмеске, оқытушы – қорқытушыға тағы–тағы осындайларға күледі. Балардың әзілдерінде астыртын мән пайда бола бастайды, әңгімелесушінің шындыққа сәйкеспейтін жауабын «ұстап алуға» тырысады. Алты жасар Асқардың анасынан сұрағаны: «Қасық суға бата ма? – «Әрине», - «Ал ағаш қасық ше?»
Мектепке дейінгі балалық шақта заттардан, табиғат құбылыстарынан, өнер шығармаларынан балада пайда болатын әдейілік сезімінің дамуы да осыған ұқас жолдан өтеді. Үш–төрттегі мектепке дейінгі жастағы балалар үшін әдемі зат болып ашық бояулы жалтыраған ойыншық, бойға қонымды костюмше тағы басқалар саналады. Мектепке дейінгі үлкен жасқа жеткенде бала әдемілікті ырғақтылықтан, бояулармен жүргізілген сызықтардың үйлесімділігінен, музыка әуенінің дамуынан, бидің мәнерлігінен таба бастайды. Мектепке дейінгі ересек жастағылар да әсерлі толғанысты табиғат құбылыстарының, көріністерінің мерекелік шерулердің әдемілігі тудырады. Бала неғұрлым төңіректегіні жақсы бағдарлай білсе, соғұрлым көркемдік сезімін туғызушы себептер де жан–жақты және күрделі бола бастайды.
Сезімнің «ақылға қонымдылығының» дамуы адамдарға, заттарға, оқиғаларға қатысты сезімдерді ғана емес, баланың өз мінез–құлқымен байланысты сезімдерді де қамтиды. Үш жастағы баланың өзіне үлкендердің мақтағаны сүйкімді, ал ұялтқаны ренішті. Мінез–құлқыны үлкендердің берген бағасына байланысты баланың мақтаныш және ұялу сезімдері пайда болатынын біз білеміз. Бірақ бұл толғаныстар әлі қылықтардың өзіне емес, оларға үлкендердің берген бағасына қатысты. Мектепке дейінгі балалық шақта пайда болатын мінез–құлық қағидалары мен ережелерін меңгеру, балада өзіне баға берудің қалыптасуы осы қағидаларды орындау мен орындамаудың өзі баланы толғандыра бастауға қуаныш пен мақтаныш немесе керісінше бала оңаша болып, оны қылығы жөнінде ешкім ештеңе білмейтін жағдайларда да оның өзінде күйініш пен ұяттың тууына әкеп соғады.
Мектепке дейінгі балалық шақта бала сезімінің сыртқы белгілері де айтарлықтай өзгереді. Біріншіден бала біртіндеп белгілі дәрежеге дейін қызу батыл сезімдері көрсетуді тежей білуге үйренеді. Үш жастағыларға қарағанда мектеп жасына дейінгі бес – алты жасар бала көз жасын тия біледі, қорыққандық белгі білдірмейді, тағы басқа осындайлар, екіншіден, ол көз тастау, күлімсіреу, ымдау, ишарат, кейін қозғалыс, дауыс ырғағының көмегі арқылы толғаныстың жұрт арасында қабылданған аса нәзік нышандарын бейнелеу үшін сезімдер «тілін» меңгереді.Сезімдерді батылырақ көрсету (жылау, күлкі, айғай) мидың тума әрекеттерінің жұмысымен байланысты болғанымен, олар тек нәрестелік шақта ғана ырықсыз сипатта болады. Кейінірек келе оларды басқара біледі, қажет болған жағдайда оларды тежеп қоймай төңіректегілерді өз толғаныстары жөнінде хабарлап оларға ықпал ету үшін саналы түрде де қолдана біледі. Адамдар сезімдерін көрсету үшін қолданатын нәзігірек мәнерлі сезімдердің барлық байлығына келер болсақ, олардың шығу тегі қоғамдық сипатта болады және балаларды еліктеу арқылы меңгереді.