Дәрілік заттардың жасуша мембранасына физико-химиялық әсері
ДЗ жасуша мембранасына физико-химиялық әсері, иондардың мембрана арқылы тасмалдануы салдарынан, трансмембраналық электр потенциалдарының өзгеруіне негізделген. Оның жүйке және бұлшық ет жүйелерінің қызметінде маңызы бар, өйткені, синапстар арқылы жүйке импульстарының жүруі бұзылады, жасушалардың электрлік белсенділігі тежеледі. Мұндай әсер ету механизімі аритмияға қарсы ДЗ, жергілікті анестетиктерге, наркозға арналған ДЗ тән.
Дәрілік заттардың тікелей химиялық (цитотоксикалық) әсері
ДЗ жасуша ішіндегі молекулалармен немесе жасушаішілік құрылымдармен тікелей әсерлесіп, жасушаның тіршілігін жоюға әкеледі. Мұндай әсер ету механизімі антибиотиктерге, вирусқа қарсы ДЗ, цитостатиктерге тән.
Дәрілік заттардың таңдамалы әсері
ДЗ таңдамалы әсері препараттың әр түрлі мүшелер мен тіндерге таралып, жинақталып, селективті әсер етуі арқылы жүзеге асырылады.
Селективтілігі төмен ДЗ
Селективтілігі төмен дәрілік заттар көптеген мүшелер мен тіндерге әсер ете отырып, көптеген жанама әсерлерді тудырады. Әр препарат әсер ету спектріне қарамастан, әр түрлі жағымсыз реакциялар туындатады. Мысалы үшін, наркотикалық анальгетиктер тобына жататын морфин, ауырсынуды басып қана қоймай, тыныс алуды тежеп, седативті әсер көрсетеді. Ісікке қарсы дәрілік заттар тек ісік жасушаларына әсер етіп қоймай, сүйек тініне, ішек эпителиіне әсер етіп, ауыр жағымсыз реакциялардың туындауына себеп болады.
Селективтілігі жоғары ДЗ
ДЗ селективтілігі неғұрлым жоғары болса, жағымсыз әсерлері соғұрлым аз болады. ДЗ таңдамалылығы оның мөлшеріне байланысты. ДЗ мөлшерін жоғарылатқан сайын, оның таңдамалылық (селективтілік) қасиеті төмендей түседі.
Достарыңызбен бөлісу: |