82-бап. Баланы асырап алу тәртібі
1. Баланы асырап алуды бала асырап алуға тілек білдірген адамдардың (адамның) арызы бойынша сот жүргізеді. Бала асырап алу туралы істерді сот Қазақстан Республикасының азаматтық іс жүргізу заңдарында көзделген ережелер бойынша ерекше іс жүргізу тәртібімен жүргізеді.
Балаларды асырап алу туралы істерді сот қорғаншы және қамқоршы органдар өкілдері мен прокурордың міндетті түрде қатысуымен қаралады.
2. Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын Қазақстан Республикасы азаматтарының, шетелдіктердің, соның ішінде балалардың туысқандары болып табылатын адамдардың, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағынан тыс тұратын Қазақстан Республикасы азаматтарының балаларды асырап алуы туралы істер баланың тұратын жері бойынша аудандық және оған теңестірілген соттарда қаралады.
83-бап. Асырап алушылардың (алушының) құқықтары
мен міндеттерінің туындайтын кезі
Бала асырап алушының және асырап алынған баланың құқықтары мен міндеттері баланы асырап алу туралы сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап туындайды.
Сот баланы асырап алу туралы соттың шешімі заңды күшіне енген күннен бастап үш күн ішінде осы шешімнің көшірмесін шешім шығарған орны бойынша азаматтық хал актілерін жазатын орган мен қорғаншы және қамқоршы органға жіберуге міндетті.
Бала асырап алу азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу үшін белгіленген тәртіппен мемлекеттік тіркелуге тиіс.
84-бап. Асырап алуға жататын балаларды және бала
асырап алуға тілек білдірген адамдарды есепке алу
1. Асырап алуға жататын балаларды есепке алу осы Кодекстің 12-бабының 3-тармағында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
2. Бала асырап алуға тілек білдірген адамдарды есепке алуды Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен жергілікті атқарушы органдар жүзеге асырады.
3. Қазақстан Республикасының азаматы болып табылатын балаларды асырап алуға тілек білдірген шетелдіктерді есепке алуды Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі белгілеген тәртіппен Қазақстан Республикасының шетелдік мекемелері жүргізеді.
85-бап. Бірнеше бала асырап алу
1. Бір адамның ағалы-інілі және апалы-сіңлілі (қарындасты) болып табылатын немесе өзара туыстық қатынасы жоқ бірнеше баланы асырап алуына болады.
Өзара туыстық қатынасы жоқ асырап алынған балалардың арасында ағалы-інілі және апалы-сіңлілі (қарындасты) сияқты құқықтар мен міндеттер пайда болады.
2. Асырап алу балалардың мүдделеріне сай келетін және балалар өзінің туыстығы туралы білмейтін жағдайларды қоспағанда, бір отбасында тәрбиеленген ағалы-інілер мен апалы-сіңлілерді (қарындастарын) әртүрлі адамдардың асырап алуына жол берілмейді.
86-бап. Бала асырап алуға құқығы бар адамдар
1. Бала асырап алуға бала асырап алушы адамның отбасында баланың қалыпты тәндік, психикалық, рухани және адамгершілік дамуы, тәрбиеленуі және білім алуы үшін жағдайлар болған кезде рұқсат етіледі.
Мыналарды:
1) сот әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеттілігі шектеулі деп таныған адамдарды;
2) сот біреуін әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеттілігі шектеулі деп таныған ерлі-зайыптыларды;
3) сот арқылы ата-ана құқықтарынан айырылған немесе сот ата-ана құқықтарын шектеген адамдарды;
4) өзіне заңмен жүктелген міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін қорғаншылық (қамқоршылық) міндеттерден шеттетілген адамдарды;
5) егер өз кінәлары бойынша сот шешімімен бала асырап алудың күші жойылса, бұрынғы бала асырап алушы адамдарды;
6) денсаулық жағдайы бойынша ата-ана құқықтарын жүзеге асыра алмайтын адамдарды қоспағанда, қай жыныстан болса да кәмелетке толған адамдар бала асырап алушылар бола алады. Баланы асырап алуға, оны қорғаншылығына (қамқоршылығына) алуға, патронатқа алуға болмайтын адамның бойындағы ауруларының тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
7) тұрғылықты тұратын жері жоқ адамдарды;
8) дәстүрлі емес жыныстық бағдар ұстанатын адамдарды;
9) асырап алу кезінде қасақана қылмыс жасағаны үшін өтелмеген соттылығы бар адамдарды;
10) жағдайы қолайсыз (ауа-райы, экономикалық, эпидемиологиялық
және одан әрі) елдер мен өңірлерде тұратын адамдарды;
11) азаматтығы жоқ адамдарды;
12) анасы қайтыс болған, ата-ана құқықтарынан айырылған жағдайларда кемінде үш жыл баланы іс жүзінде тәрбиелеуді қоспағанда, тіркелген некеде тұрмайтын еркек жынысты адамды қоспағанда, қай жыныстан болса да кәмелетке толған адамдар бала асырап алушылар бола алады.
3. Бір-бірімен некеде тұрмайтын адамдардың белгілі бір баланы бірлесіп асырап алуына болмайды.
87-бап. Бала асырап алушы мен асырап алынушы
баланың арасындағы жас айырмасы
1. Некеде тұрмайтын асырап алушы мен асырап алынушы баланың жас айырмасы кем дегенде он алты жас болуы тиіс. Сот дәлелді деп таныған себептер бойынша жас айырмасы қысқартылуы мүмкін.
2. Өгей әкесі (өгей шешесі) бала асырап алғанда, осы баптың 1-тармағында белгіленген жас айырмасы талап етілмейді.
88-бап. Бала асырап алуға ата-аналардың, қорғаншылар
мен қамқоршылардың келісімі
1. Егер олар ата-аналар құқықтарынан айырылмаса не шектелмесе мемлекеттік балалар мекемесінің асырауындағы емес баланы асырап алу үшін оның ата-аналарының келісімі қажет.
Кәмелетке толмаған, жасы он алтыға жетпеген ата-аналардың баласын асырап алғанда, сондай-ақ олардың ата-аналарының немесе қорғаншыларының (қамқоршыларының), патронат тәрбиешілерінің келісімі, ал ата-апалары немесе қорғаншылары (қамқоршылары) болмаған немесе баланы туған кезде медициналық ұйымда қалдырған және оның өміріне уш айдан астам уақытта ешкім қызығушылық танытпаған жағдайда - қорғаншы және қамқоршы органның келісімі қажет.
2. Бала асырап алуға ата-аналардың келісімі нотариат куәландырған немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала тұратын мекеменің басшысы растаған не бала асырап алу жүргізілген орындағы немесе ата- ананың тұрғылықты жеріндегі қорғаншы және қамқоршы орган бекіткен арызда көрсетілуге тиіс, сондай-ақ бала асырап алу ісін жүргізу кезінде сотта тікелей білдірілуі мүмкін.
Бала асырап алу туралы сот шешімі шығарылғанға дейін ата-аналар бала асырап алуға өздері берген келісімінің күшін жоюға құқылы.
3. Ата-аналар нақты адамдарға не нақты адамды көрсетпей-ак баланы асырап алуына келісім беруі мүмкін. Қорғаншы және қамқоршы органдар сотқа баланы асырап алудың бала мүдделеріне сай келетіні туралы қорытынды береді. Мұндай қорытынды баланы оның өгей әкесі (өгей шешесі) асырап алған кезде талап етілмейді.
4. Қорғаншылықта (қамқоршылықта) тұрған балаларды асырап алу үшін олардың қорғаншыларының (қамқоршыларының) жазбаша түрдегі келісімі қажет.
5. Патронат туралы шарт бойынша тәрбиеленіп жатқан балаларды асырап алу үшін патронат тәрбиешілерінің жазбаша түрдегі келісімі қажет.
6. Ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған және тәрбие, медициналық ұйымдар мен басқа да мекемелердегі балаларды асырап алу үшін осы мекемелер басшыларының жазбаша нысандағы келісімі қажет.
7. Сот баланың мүдделерін көздей отырып, оны асырап алу туралы осы баптың 1, 4, 5, 6-тармақтарында көрсетілген адамдардың келісімінсіз шешім шығаруға құқылы.
89-бап. Баланы ата-аналарының келісімінсіз асырап алу
Егер ата-аналарын:
1) сот белгісіз немесе өлген, хабар-ошарсыз кеткен деп таныған;
2) сот әрекетке қабілетсіз деп таныған;
3) сот ата-ана құқықтарынан айырған (осы Кодекстің 69-бабы 2-тармағының және 72-бабы 7-тармағының талаптары сақталған жағдайда);
4) баламен бірге тұрмайтын және сот дәлелсіз деп таныған себептер бойынша алты айдан астам уақыт бойы оны тәрбиелеу мен асыраудан жалтарып жүрген;
5) некеде тұрмайтын ананың медициналық ұйымда баладан бас тарту туралы заңнамада белгіленген тәртіппен ресімделген жазбаша өтініші болған жағдайларда олардың баланы асырап алуға келісімі талап етілмейді.
90-бап. Асырап алуға баланың келісімі
1. Он жасқа толған баланы асырап алу үшін оның келісімі қажет.
2. Ата-аналарының не оларды алмастыратын адамдардың, қорғаншы және қамқоршы органның өкілі, прокурордың қатысуымен баланың асырап алынуға келісімін сот белгілейді.
91-бап. Бала асырап алуға ерлі-зайыптылардың
біреуінің келісімі
1. Егер баланы ерлі-зайыптылардың екеуі бірдей асырап алмаса, баланы ерлі-зайыптылардың біреуі асырап алған кезде бала асырап алуға ерлі- зайыптылардың екіншісінің жазбаша келісімі талап етіледі.
2. Егер ерлі-зайыптылар отбасылық қатынастарды іс жүзінде тоқтатып, бір жылдан астам уақыт бөлек тұрып жатса, бала асырап алу үшін екінші жұбайын келісімі талап етілмейді.
92-бап. Асырап алынған баланың аты,
әкесінің аты және тегі
1. Асырап алынған баланың өз аты, әкесінің аты және тегі сақталуы мүмкін.
2. Бала асырап алушының өтініші бойынша, егер бұл баланың мүдделеріне қайшы келмейтін болса, асырап алынған балаға бала асырап алушының тегі, сондай-ак ол ұсынған ат беріледі. Асырап алынған баланың әкесінің аты болып, егер бала асырап алушы еркек болса, асырап алушының аты, ал егер асырап алушы әйел болса, асырап алынған баланың әкесі ретінде сол әйел ұсынған адамның аты танылады.
Егер бала асырап алушы ерлі-зайыптылардың тектері әртүрлі болса, бала асырап алушы ерлі-зайыптылардың келісімдері бойынша, асырап алынған балаға олардың біреуінің тегі беріледі.
3. Баланы некеде тұрмайтын адам асырап алған жағдайда, оның өтініші бойынша туу туралы жазбалар кітабына асырап алынған бала шешесінің (әкесінің) тегі, аты мен әкесінің аты осы адамның (бала асырап алушының) көрсетуі бойынша азаматтық хал актілерін жазу органдарында асырап алуды мемлекеттік тіркеу кезінде жазылады. Асырап алушының қалауы бойынша әкесі (анасы) туралы мәліметтер көрсетілмейді.
4. Бала асырап алудың құпиялылығы талап еткен жағдайларды қоспағанда, он жасқа жеткен асырап алынған баланың тегі, аты мен әкесінің аты тек сол баланың келісімімен ғана өзгертілуі мүмкін.
5. Асырап алынған баланың тегі, аты және әкесінің аты өзгертілгені туралы оны асырап алу туралы сот шешімінде көрсетіледі.
93-бап. Асырап алынған баланың туған күні мен
туған жерінің өзгертілуі
1. Бала асырап алудың құпиялылығын қамтамасыз ету үшін бала асырап алушының өтініші бойынша асырап алынған баланың туған күні. бірақ алты айдан аспайтын мерзімге, сондай-ак оның туған жері өзгертілуі мүмкін.
Асырап алынған баланың туған күнін өзгертуге үш жасқа дейінгі бала асырап алынған кезде ғана жол беріледі.
Асырап алынған баланың туған жерін өзгертуге баланың жасына қарамастан, асырап алушының қалауы бойынша жол беріледі.
2. Асырап алынған баланың туған күнінің және (немесе) туған жерінің өзгертілуі жөнінде бала асырап алу туралы сот шешімінде көрсетіледі.
94-бап. Бала асырап алғандарды асырауға
алынған баланың ата-анасы ретінде жазу
1. Бала асырап алушылардың өтініші бойынша сот туу туралы жазбалар кітабына бала асырап алушыларды өздері асырап алған баланың ата-анасы ретінде жазу туралы шешім қабылдай алады.
2. Мұндай жазба жүргізу қажеттігі жөнінде баланы асырап алу туралы сот шешімінде міндетті түрде көрсетіледі.
95-бап. Бала асырап алудың құқықтық салдары
1. Асырап алынған балалар және олардың ұрпақтары бала асырап алушылар мен олардың туыстарына қатысы бойынша, ал бала асырап алушылар және олардың туыстары асырап алынған балалар мен олардың ұрпақтарына қатысы бойынша жеке мүліктік емес және мүліктік құқықтар мен міндеттер жағынан тегі бір туыстарға теңестіріледі.
2. Асырап алынған балалар өздерінің ата-аналарына (өздерінің туыстарына) қатысы бойынша жеке мүліктік емес және мүліктік құқықтарынан айрылады және олар жөніндегі міндеттерден босатылады.
3. Баланы бір адам асырап алған жағдайда, егер бала асырап алушы еркек болса, шешесінің тілегі бойынша, егер бала асырап алушы әйел болса, әкесінің тілегі бойынша жеке мүліктік емес және мүліктік құқықтар мен міндеттердің сақталуы мүмкін.
4. Асырап алынған баланың меншігіндегі мүліктің сақталуы үшін бала асырап алушы жауапты болады. Бала асырап алудан бас тартқан жағдайда бұл мүлікті қайтару жөніндегі міндет те бала асырап алушыға жүктеледі.
5. Асырап алынған баланың ата-анасының біреуімен немесе қайтыс болған ата-анасының туыстарымен қарым-қатынастары сақталуы жөнінде баланы асырап алу туралы сот шешімінде көрсетіледі.
6. Осы баптың 1 және 2-тармақтарында көзделген бала асырап алудың, осы баланың туу туралы акт жазбасындағы бала асырап алушылардың ата-анасы ретінде жазылуына қарамастан, құқықтық салдары пайда болады.
96-бап. Асырап алынған баланың зейнетақы мен
жәрдемақы алу құқығының сақталуы
Асырап алынар кезінде ата-анасының қайтыс болуына байланысты өзіне тиесілі зейнетақы мен жәрдемақы алуға құқығы бар бала бұл құқықты асырап алынған жағдайда да сақтап қалады.
97-бап. Бала асырап алудың құпиялылығы
1. Бала асырап алудың құпиялылығы заңмен қорғалады. Бала асырап алу туралы шешім шығарған судьялар немесе бала асырап алуды мемлекеттік тіркеуді жүзеге асырған лауазымды адамдар, сондай-ақ бала асырап алу туралы өзгеше түрде хабардар болған адамдар бала асырап алудың құпиялылығын сақтауға міндетті.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген бала асырап алудың құпиялылығын оны асырап алушылардың еркіне қарамай жария еткен адамдар Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен жауапкершілікке тартылады.
98-бап. Бала асырап алуды жарамсыз деп тану
1. Бала асырап алу:
1) асырап алу туралы шешім жалған құжаттар негізінде қабылданған;
2) бала асырап алу осы Кодекстің 88-бабында көрсетілген адамдардың келісімінсіз жасалған;
3) некеде тұрған адам жұбайының жазбаша келісімінсіз бала асырап алған;
4) осы Кодекстің 85-бабының 2-тармағында көзделген ережелер бұзылған жағдайларда жарамсыз деп танылады.
2. Бала асырап алуды жарамсыз деп тану сот тәртібімен жүргізіледі.
3. Бала асырап алуды жарамсыз деп тану туралы істі сот асырап алушылардың (алушының), прокурордың және қорғаншы және қамқоршы орган өкілінің міндетті түрде қатысуымен қарайды.
99-бап. Бала асырап алуды жарамсыз деп тану
туралы талап етуге құқығы бар адамдар
Бала асырап алуды жарамсыз деп тану туралы талапты асырап алынушының ата-аналары, асырап алушының жұбайы, бала асырап алуға байланысты құқықтары бұзылған адамдар, прокурор, қорғаншы және қамқоршы орган қоюға құқылы.
100-бап. Бала асырап алуды жарамсыз деп
танудың салдары
1. Бала асырап алу туралы сот шешімі шыққан кезден бастап бала асырап алу жарамсыз деп танылады.
2. Бала асырап алу жарамсыз деп танылған жағдайда, асырап алынған баланың және асырап алушылардың (бала асырап алушылар туыстарының) өзара құқықтары мен міндеттері тоқтатылады және егер мұны баланың мүдделері қажет етсе, баланың және оның ата-анасының (оның туыстарының) өзара құқықтары мен міндеттері қалпына келтіріледі.
3. Ата-ананың талап етуі бойынша балаға бұрынғы аты, әкесінің аты және тегі беріледі, сондай-ақ егер асырап алу кезінде өзгерсе, бұрынғы туған күні мен айы қалпына келтіріледі.
4. Сот бала асырап алуды жарамсыз деп тану туралы соттың шешімі заңды күшіне енген күннен бастап үш күн ішінде осы шешімнің үзіндісін бала асырап алуды мемлекеттік тіркеу орны бойынша азаматтық хал актілерін жазатын орган мен қорғаншы және қамқоршы органдарға жіберуге міндетті.
101-бап. Бала асырап алудың күшін жоюға негіздер
1. Бала асырап алушылар өздеріне жүктелген міндеттерін орындаудан жалтарған, ата-ана құқықтарын теріс пайдаланған, асырап алынған балаға қатал қараған, соның ішінде оған күш қолданып немесе психикалық зорлық-зомбылық етіп, жыныстық пәктігіне қастық жасаған, маскүнемдікпен, нашақорлықпен немесе уытқұмарлықпен ауырады деп танылған жағдайларда, баланы асырап алудың күші жойылуы мүмкін.
2. Сот баланың мүдделерін негізге алып және баланың пікірін ескере отырып, басқа да негіздер бойынша баланы асырап алудың күшін жоюға құқылы.
102-бап. Бала асырап алудың күшін жою
1. Бала асырап алудың күшін жою сот тәртібімен жүргізіледі.
2. Бала асырап алудың күшін жою туралы іс қорғаншы және қамқоршы органның, сондай-ак прокурордың міндетті түрде қатысуымен қаралады.
3. Бала асырап алудың күшін жою туралы сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап бала асырап алу тоқтатылады.
Сот бала асырап алудың күшін жою туралы сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап уш күн ішінде осы шешімнің үзіндісін бала асырап алуды мемлекеттік тіркеу орны бойынша азаматтық хал актілерін жазатын орган мен қорғаншы және қамқоршы органдарға жіберуге міндетті.
103-бап. Бала асырап алудың күшін жоюды талап
етуге құқығы бар адамдар
Бала асырап алудың күшін жоюды талап етуге оның ата-аналарының, бала асырап алушылардың, он төрт жасқа толған асырап алынған баланың, қорғаншы немесе қамқоршы органның, сондай-ақ баланың мүдделеріне сай прокурордың құқығы бар.
104-бап. Бала асырап алудың күшін
жоюдың салдары
1. Сот бала асырап алудың күшін жойған кезде, асырап алынған баланың және баланы асырап алғандардың, бала асырап алушылар туыстарының өзара құқықтары мен міндеттері тоқтатылады және егер баланың мүдделері талап етсе, бала мен оның ата-анасының (оның туыстарының) өзара құқықтары мен міндеттері қалпына келтіріледі.
2. Бала асырап алудың күші жойылған кезде бала сот шешімі бойынша ата-анасына беріледі. Ата-аналары болмаған кезде^ сондай-ак баланы ата-анасына беру оның мүдделеріне қайшы келсе, бала қорғаншы және қамқоршы органның қамқоршылығына беріледі.
3. Сот баланың асырап алынуына байланысты оған берілген аты. әкесінің аты және тегі сақталу-сақталмау, сондай-ақ асырап алу кезінде өзгертілген туған күні мен айы қалпына келтіру-келтірмеу мәселесін де шешеді.
Он жасқа толған баланың атын, әкесінің атын немесе тегін тек оның келісімімен ғана өзгерту мүмкін болады.
4. Сот баланың мүдделерін негізге ала отырып, осы Кодекстің 135 және 137-баптарында белгіленген мөлшерде бұрынғы бала асырап алушыны баланы асырауға қаражат төлеп тұруға міндеттеуге құқылы.
105-бап. Асырап алынған бала кәмелетке толғаннан кейін
бала асырап алудың күшін жоюға жол бермеу
Егер бала асырап алудың күшін жою туралы талап қойылған кезде асырап алынған бала кәмелетке толса, баланы асырап алудың күшін жоюға жол берілмейді, бұған мұндай күшін жоюға бала асырап алушы мен асырап алынған баланың өзара келісімі, сондай-ақ асырап алынған баланың ата-анасының, егер олары тірі болса, сот ата-ана құқықтарынан айырмаған ие шектемеген немесе әрекетке қабілетсіз деп танымаған болса, олардың да келісімі болған жағдайлар қосылмайды.
13-тарау. Бала асырап алу жөніндегі агенттікті
аккредиттеуді жүргізу
106-бап. Жалпы ережелер
1. Аккредиттеу - бала асырап алу, бала асырап алушыларды іздестіру және бала асырап алу рәсімдерін ресімдеу мәселелері жөніндегі қызметті жүзеге асыратын бала асырап алу жөніндегі агенттіктердің құқықтарын балалардың құқықтарын қорғау саласында уәкілетті мемлекеттік органның ресми тануы.
2. Аккредиттеуге:
Қазақстан Республикасының бала асырап алу жөніндегі агенттігі;
бала асырап алу жөніндегі шетелдік агенттіктер жатады.
3. Аккредиттеу заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеуге немесе шетелдік заңды тұлғаның филиалы мен өкілдіктерін есептік тіркеуге дейін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүргізіледі.
4. Асырап алу жөніндегі агенттіктерді акредиттеу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
107-бап. Аккредиттеуді жүргізу тәртібі
1. Аккредиттеуді алу үшін өтініш беруші балалардың құқықтарын қорғау саласында уәкілетті мемлекеттік органға мынадай құжаттарды ұсынады:
1) өтініш;
2) құрылтай құжаттарының, заңды тұлға жарғысының нотариаттық куәландырылған көшірмелері;
3) агенттік мүшелерінің тізімі;
4) бала асырап алу жөніндегі агенттіктің қызметін растайтын өзге де құжаттар.
2. Аккредиттеу жүргізу тәртібі мынадай кезеңдерді қамтиды:
1) аккредиттеу материалдарын қарауы;
2) аккредиттеу органының аккредиттеу туралы немесе аккредиттеуден бас тарту туралы шешім қабылдауы;
3) аккредиттеу туралы шешімді немесе аккредиттеуден бас тарту туралы жазбашаны хабарламаны негіздемемен беру.
108-бап. Балалардың құқықтарын қорғау саласында
уәкілетті мемлекеттік органның шешім қабылдауы
1. Балалардың құқықтарын қорғау саласында уәкілетті мемлекеттік орган аккредиттеу туралы немесе аккредиттеуден бас тарту туралы шешім қабылдайды.
Аккредиттеу туралы шешім аккредиттеуден бас тарту туралы себептері негізделген жазбаша хабарлама агенттікке аккредиттеу органы тиісті шешім қабылдағаннан күннен бастап он жұмыс күні ішінде беріледі (шетелдік агенттіктер үшін - ақпарат жинау үшін дипломатиялық өкілдіктер мен консулдық мекемелерден сұрау мерзімі ішінде).
2. Құжаттарды (өтініш қабылданған сәттен бастап) қарау және аккредиттеу туралы шешім беру туралы немесе аккредиттеуден бас тарту туралы шешім қабылдау мерзімі он бес жұмыс күнінен аспауға тиіс.
3. Аккредиттеуден, егер:
1) ұсынылған құжаттар заңнамада белгіленген талаптарға сәйкес келмеген;
2) ұсынылған құжаттарда толық емес мәліметтер қамтылған жағдайда бас тартылады.
4. Аккредиттеу туралы шешім жыл мерзімге беріледі.
5. Аккредиттеу туралы шешім иеліктен айрылмайтын болып табылады және ол басқа заңды тұлғаға берілмейді.
6. Аккредиттеу туралы шешім жоғалтқан кезде тиісті өтініш берілген күннен бастап он жұмыс күні ішінде куәлік берген балалардың құқықтарын қорғау саласында уәкілетті мемлекеттік органда телнұсқасын алуға болады.
109-бап. Аккредиттеу туралы шешімнің қолданылуын
тоқтата тұру және тоқтату
1. Аккредиттеу туралы шешімнің қолданысын балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган мынадай:
1)осы Кодексінің нормаларын сақтамаған;
2) агенттіктің қызметіне балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті мемлекеттік органға және (немесе) өзге де мемлекеттік органдарға негізделген шағым жасалған жағдайларда тоқтата тұрады.
2. Шешімнің қолданысын тоқтата тұруға әкеп соқтырған бұзушылықтарды жойған кезде, оның қолданылуын балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган қалпына келтіреді.
3. Аккредиттеу туралы шешім мынадай:
1) агенттіктің құрылтай құжаттары сәйкес бала асырап алу жөніндегі қызметін жүзеге асырмаған;
2) куәліктің қолданылуын тоқтата тұруға әкеп соқтырған бұзушылықтарды бір айдың ішінде жоймаған;
3) аккредиттелген агенттік қайта ұйымдастырылған немесе таратылған;
4) агенттік шешімнің қолданысын ерікті түрде тоқтату туралы өтінішті ұсынған;
5) оның қолданылу мерзімі аяқталған;
6) агенттіктің қызметіне тыйым салу туралы соттың заңды кушіне енген шешімі болған жағдайларда өз қолданылуын тоқтатады.
4. Аккредиттеу туралы куәліктің қолданылуын тоқтату мәселелерін комиссия он жұмыс күнінің ішінде қарайды.
5. Агенттікті аккредиттеу туралы шешімнің қолданысын тоқтата тұру немесе тоқтату туралы балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті орган бес жұмыс күні ішінде хабардар етеді.
Агенттікті аккредиттеу туралы шешімнің қолданысын тоқтата тұру немесе тоқтату туралы ресми жариялау тиісті әкімшілік-аумақтық бөлініс аумағында таралатын мерзімді баспа басылымдарында, бұқаралық ақпарат құралдарында жүзеге асырылады.
4-бөлім. Қорғаншылық және қамқоршылық
14-тарау. Ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған
балаларды анықтау және орналастыру
110-бап. Ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған
балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау
1. Ата-анасының қайтыс болуы, олардың ата-ана құқықтарынан айырылуы, олардың ата-ана құқықтарының шектелуі, ата-анасының әрекетке қабілетсіз деп танылуы, ата-анасының сырқаттылығы, ата- аналарының ұзақ уақыт болмауы, ата-аналардың балаларын тәрбиелеуден немесе олардың құқықтары мен мүдделерін қорғаудан жалтаруы, соның ішінде ата-аналардың тәрбиелеу, медициналық және басқа да осыған, ұқсас мекемелерден өз балаларын алудан бас тартуы, сондай-ак ата-аналардың қамқорлығы болмаған өзге де жағдайларда, балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау қорғаншы және қамқоршы органдарға жүктеледі.
2. Қорғаншы және қамқоршы органдар ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды анықтайды, осындай балалардың есебін алуды жүргізеді және ата-анасының қамқорлығынсыз қалудың нақты мән-жайларын негізге ала отырып, балаларды орналастырудың нысандарын таңдайды, сондай-ақ оларды асырау тәрбиелеу және білім беру жағдайларына одан әрі бақылау жасауды жүзеге асырады.
Қорғаншы және қамқоршы органдардан басқа, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды орналастыру жөніндегі заңды және жеке тұлғалардың қызметіне жол берілмейді.
Достарыңызбен бөлісу: |