Шәкен — момын, нағыз қой аузынан шөп алмастың өзі, басына оқу қонбаған, бастауыш мектепті зорға бітірді. Сонымен оқуды тәмамдап, колхоздың қара жұмысына жетілген. Оқыған оза бастаған мына заманда жездем ең болмаса, бір балам оқысыншы деп бар жағдайды маған жасаған.Здән мен Бағдаш оқу жасынан асқанымен, мектеп есігін аша алмай, үйде жүр. Бекежан әлі жас. Сонда біздің отбасымыздағы бес баланың ішіндегі озып тұрғаны — мен. Оның үстіне мен — оқу озатымын. Үлкендер жақсы оқуды кейін жақсы азамат болатын баланың белгісі деп біледі. Жездем де сөйтеді, әрине, іштей тәубасын айтып жүреді. Мұнысын мен қалай да сезетінмін. Жездемнің сенімі үдесінен шықсам-ау деген ой маған әлдеқашан жолдас болған, соған ұмтылумен келемін.
Қара енді, аяғымды сындырып алып апамның арманын, жездемнің үмітін дүдәмал етіп жатқанымды.
Апам үнсіз жатыр жанымда. Мұнысы — мен ұйықтасын дегені. Әйтпесе, қайдан, ол да мен құсап ой түңғиығына батып жатыр, әрине.
Адамның ойынан жүйрік не болсын?! "Көңіл жүйрік пе, көк дөнен жүйрік пе?" Көңіл — бұл мәтел шыққан кездің жүйрігі — көк дөнен тұрмақ қазіргі күннің ұшқыры - көк самолеттен де жүйрік. Ал, сынып қалған аяғына жәудіреп шоқиып отырып қалған ойын баласының көңілі нағыз жүйрік, әне, сол. Қайдағы-жайдағы еске түсіп, бөрі соншама тез ауысады, соған қарамай, бәрі жанды, әсерлі елестейді. Әншейінде елең қылмайтын өмірдің кішігірім үзігінің өзі қимас қалып танытады.
– Әлдеш, ұйықтап жатырсың ба, балам?
– Иә... Апа, ән айтыңызшы!
– Қой! Күнім-ау, ән менің не теңім? Ән қалғалы қаша-ан!
– Апа, мен сіздің әніңізді сағындым, естігім келеді.
– Оны қашан естіп жүрсің?
– Бұ-ұ-ры-ы-ын естігем. Мен кішкентай кезде ауылдың артындағы ұзын сайда отын жинап жүріп талай айтқансыз. Әлдижан ағамды әнге қосып айтқансыз.
– Солай ма, Әлдижан ағаңды мен әнге қосыппын ба? Ол ән емес, жоқтау еді ғой. Қан жұтып зарлау болатын.
Мен абайламай сөйлеп, апамның жазылмас жарасының аузын тырнап алдым.
– Әлдеш, сонда ағаңды не деп жоқтағаным сенің есіңде қалмап па, мен мүлде ұмытыппын.
– Көп емес, аз ғана бірдеңе бар есімде.
– Айтшы соны!
– Айтайын, міне, былай дегенсіз:
Белімді үзіп көтерген, шырағым-ау,
Қайтып қана қайғыңа шыдармын-ау?
Бұрын кетсем өзіңнен, деп тілеп ем,
Болмады ол, көз жасын шыладым-ау!
Әкең кеткен артта бар тұяғым, деп,
Мен жүр едім арманым, қиялым көп.
Тіріліп кеп сорлы әкең сұрар болса,
Қайтіп айтам: "Үзілді қияғың", — деп.
Кеттің, балам, әкеңнің аты өше ме,
Бұл жалғызға қу кұдай болды өш неге?
Жеткізе алмай артыңда қалдым зарлап,
Құптамайды мұны әкең, ал, кеше ме?
Тұлдыр қалдым, тұл қалдым мен қанатсыз,
Жүрермін енді аһ ұрып ел санатсыз.
Құдайым-ау, ажалың қайда сенің,
Құбылаға басымды тез қаратқыз.
– Түу, балам-ай, бұл қайдан қалып жүр есіңде! — Апамның даусы дірілдеп шықты. Бетін тарам-тарам жас жуған. — Тоба-тоба, айналайын ақ құдай, өзің оңда! Осы жарығымды аман қыл, жығылған орнынан тез тұрғыза көр!
– Апа, мен өлсем де өстіп жылайсыз ба?
– Қой, айтпа ондай сұмдықты! Тіпә-тіпә, деп түкіріп таста. Тіпә-тіпә, деші, пәлекет кетеді! Бала деген айта бере ме екен аузына келген сөзді. Жаман сөз құрысын, жақсы сөзді айт. “Жақсы сөз — жарым ырыс".
Мен: 'Тіпә-тіпә!" — деп түкіріп тастадым.
Пәлекет кетті.
Апам да, мен де үнсіз қалдық.
Мен білемін, апамның жаны түршігіп жатыр.
Апам Әлдижан ағама жоқтау айтып көп жылаған. Енді-енді кішкене еңсе көтеріп келе жатқаны — бұл кез. Әсіресе, баласы өлген жылы апамның мұң-шері көз жасы боп көп төгілген. Үйде қайта-қайта дауыс шығару— әбестік, содан да апам отынға көп баратын болған. Әлбетте, жанында мен боламын.
Ауыл артындағы ұзын сайға тобылғы шабуға келгенбіз. Апам түп-түп болып тұнып тұрған қып-қызыл тобылғыны жамсатып шаба бастады. Дәу қара кетпенді басынан асыра көтеріп тұрып сілтеп ұрғанда тобылғы түбінен порт-порт қиылып түседі. Апам маңдайынан шып-шып шыққан терді екі алақанымен кезек-кезек сыпырып тастап, тобылғыны баудай түсіріп жатыр.
Мен де өз ермегімді таптым. Сай қолтығындағы тобылғының, қойнаудағы түп-түп шидің арасынан, одан әрі ұзап, күнгей беттегі қой тастардың астынан жұмыртқа іздеп дамыл таппай жүрмін. Қазір — барлық құс атаулы жұмырт-қалаған шақ, бірақ жұмыртқаның таптыруы қиын. Қалың шөп те, қаптаған тас та торғай мен кекілікті жақсы жасырады. Сонда да қоймай шарқ ұрдым. Көбелек, торғай ұшса, бәрін жерден көтерілгенінен бастап қонғанына дейін көз алмаймын. Соның өзі — ермек.
Апамның аңыраған дауысы шықты:
Тұңғышбай — әкем аты, шешем — Шекер,
Өмірге әкелдіңдер мені бекер.
Жалғыз ұлдан айырылдым, жер жастанды,
Осылай жылауменен күндер өтер.
Ән салдым он жасымда тойды жарып,
Үніме бір дүйім ел болды қанық.
Әсем әнім зар болды, Әлдижан жоқ
Қалай ғана шыдармын жалғыз қалып?!
Менің көзімнен ыстық жас ыршып-ыршып кетті. Жүгірген бойы келіп апамды құшақтай алдым.
Апам кетпенін төбесіне көтерген күйі қалт тұрып қалды.
Бет-әлпетім өзгеріп кетсе керек, апам кетпенін лақтырып жіберіп, мені құшақтай алды.
– Не болды, айналайын?! Бірдеңеден қорқып қалдың ба? Ештеңе жоқ қорқатын.
– Апа!..
Лоқсып кеттім, тамағыма тығылып тұрған өксік лақ ете қалды. Еңіреп жылап жібердім.
Апам бірдеңені бүлдіріп алған адамша ыңғайсызданды:
– О, күнім-күнім! Ендігі өрі жыламаймын.
– Жыламаңыз. Әлдижан ағамды айтып жыламаңыз. Құдайға шүкір, мен бармын ғой...
– Айналайын сенен, қоңыр қозым! Тура айнымаған Әлдижан ағасы! Әкесін жоқтап жылағанымда ол да осылай деп еді. Қойшы сол Әлдижанды, құрысын! Құрымағанда не ол?! Соны аузыма алмай-ақ қойдым ендігі әрі.
– Жоқ апа, жылаңыз! Әлдижан ағамды айтып жылаңыз. Сіз оны ұмыта алмайсыз!
– Ақылыңнан айналайын сенің. Қалай ғана ұмытайын мен Әлдижанды! — Апамның екі бетінің ұшындағы шүпірлеп тұрған майда тер-моншақтарды екі тамшы сызып өтті.
– Сол өзі білген тегі өлетінін. Бүбісара екеуінің сені емшектен шығар-шықпаста әкеліп менің бауырыма салғанында осындай бір сыр болған,сірә. Соғыста өлгенде сөз басқа еді. "Көппен көрген — ұлы той". "Еркек тоқты — құрбандық" дейтін едік. Қырғын соғыстан аман-есен келіп тұрып өлгені қатты батты қарағымның. Лағынет атқыр сұм соғыс әбден өлімші етіп жіберген екен, содан оңала алмай кетті ғой ағаң. Амал бар ма, көнемін де. Айналайын құдайым сені аман қылсын!
Апам мені құшақтап алып, айналып-толғанып, бет-аузымнан түк қалдырмай сүйіп жатыр.
Менің апам — шүйкедей ғана ақ сары кемпір. Кезінде ай жүзі алаулап нұр шашып тұратын сұлу, әнші, ақын қыз болған деседі. Атқа шабады екен. Біздің нағашы атамыз Ыдырыспен апам ат үстінде, қыз қуу кезінде танысқан. Жігіттің жүйрік кер дөнені қыздың ақбоз атына еркін жеткен. Нағашы атамның қылшылдап тұрған жігіт кезі екен, аты басым болған соң қоя ма, тал шыбықтай бұралған сұлу қыздың аш белінен құшақтап та, алаулаған бетінен сүйіп те, тіл қатып та үлгереді.
Ат басымен алысып келе жатқан қыздың құлағына жігіттің: "Мен сені аламын!" — деген сөзі жетті ме, жетпеді ме, белгісіз.
Қыз жауап қатқан жоқ, Көңілді, мәз күліп бара жатты.
Ауылға келген соң сылқым жігіт: “Ақшаның Айша қызына ғашық болдым. Соны аламын, алмасам өлемін!" — деп, басқа тілден де, тірліктен де қалып, теріс қарап жатып алады. Алған бетінен қайтпайтын қайсар ұлы бірдеңені бүлдіріп жүрер деп әкесі Есболат Ақшаларға құда түсуге аттанады.
Ыдырыс атам сүйгеніне қосылып, арманына жеткен, бірақ ғұмыры қысқа болған. Нағашы атамды кәмпеске кезінде Пішпектің Крешке (Григорий) деген көпесі атып кеткен. Крешке жылда жаз бойы Теректіге бір табын сиыр айдап әкеліп бағып семіртеді екен. Ауылда белсенділер көбейе бастаған, айқай-шу естіле берген заман келген жылы жазда Крешке бір түнде сиырын айдап қашыпты. Атам досы Мақат екеуі көпесті малымен жібергісі келмей, қуып шығып, Қордай асып бара жатқан жерінде жетеді. Атам кер тұлпарын ағызып келген бойы көпесті қара шекпенінің етегінен алып аттан аударып тастайды. Сөйтсе, көпестің қойнына тығып жүрген бесатары бар екен, сонысымен атамды атып, қашып кетеді. Мал халыққа бұйырады, атам жазылмас болып жараланады.
Атамды әкесі арбамен Шудың мына Жайсаң жотасы сонау Ташкентке апарыпты.
Жараны көрген доктор басын шайқап тұрып айтыпты.
– Әй, қараңғылық! Осы оқ о баста дененің сыртқы қабатында болған. Сол кезде пышақтың ұшымен шұқып алып тастауға болатын еді. Енді кеш. Бұл – бұрандалы оқ, адам қозғалған сайые жылжып, денеге бойлап кіре береді. Сөйтіпті, оқ тереңдеп кеткен, талай тамырды қиған. Қайтыңыз, балаңызды ертерек үйіңізге жеткізіңіз.
Ауылға әкелген соң атам көп ұзамай көз жұмады.
Сүбеден тиген оқ па еді,
Суырып алар жоқ па еді? — деп басталатын ұзақ жоқтау айтып аңырапты апам.
Апам үш жетімді арқа еті арша, борбай еті борша болып жүріп жұрт қатарына қостым дегенде Әлдижан ағам да о дүниелік болып сорлатты ғой. Арты мынау — апам қайғы жұтып, зар қағады. Жоқтау сөз, шерлі үн ақтарылады кеудесінен.
– Апа — мен сіздің балаңызбын. Мен Әлдижан ағамды жоқтатпаймын сізге. Ат тұяғын тай басар. Мен өсемін, сетілген көңіл жетіледі.
– Балам-ау, мынауың — үлкеннің сөзі ғой. Мұны кім айтып жүр саған?
– Сіз айтқансыз.
– Ә-ә, солай екен ғой. Сөйтесің, күнім, өсесің. Әлдижан ағаңның орнын
басасың.
– Сөйтемін.
– Әлдеш, Әлдижан ағаң неліктен ерте өлетінін біле алмай кетті. Жан тәсілім етерінің алдында менің емшегімді ұстап жатып осыны ойлап дал болды. "Апа, бұл құдайға не жаздым? Қайдам, жан адамға қылдай қиянат жасаған жоқ едім", — деп біраз үнсіз қалды. "Апа, — деді содан соң, қиналып әрең айтты. — Мен Серікбай атамды ренжіткен екенмін ғой. Құдай мені сол үшін жазалап отыр". "Сонда не істеп едің?". "Салығыңызды төлеңіз, әйтпесе, жаман болады, — дегем. — Осы сөзім Серікбай атама емес өзіме жаман болды. Өмірімде кісіні ренжітіп көргенім сол ғана. Атамның назасы өтті маған". Ағаң пинагент (финагент) еді ғой. Серікбай атасына "Салығыңызды төлеңіз" — дегені қызметін орындағаны емес пе?! Соның өзін әбестік көрді-ау, күнім! Аспандағыны алмап, жердегіні жалмап жүрген ана Әшірлерге құдай да, адам да жоламайды.
Жамандық — жақсыға жау. Мейлі енді, амал қайсы? Сен де Әлдижан ағаң сияқты жақсы бол!
– Боламын, апа! Ешкімнің ала жібін аттамаймын, қиянат жасамаймын.
– Ағаңнан айнымаған қалпыңнан айналайын сенің!
Әлдижан ағам сияқты бола алар ма екенмін мен? Өмірінде бір ғана адамның бетіне жел сипаған ғұрлы қауқары жоқ сөз айтқан екен, сол үшін өзін кереметтей жазғырып аттаныпты бүл дүниеден. Ондай адамдар бар ма өзі бұл күнде, бұл дүниеде?! Ондай ғазиз жан көп өмір сүре алмайды. Мейлі, мен Әлдижан ағам сияқты боламын.
Апам кәдімгідей қанаттанып, бекіп, бел алып, тобылғы шабуға қайта кірісті. Кетпенін құлаштап көтере бергенде бір кекілік пар етіп көтерілді де анадай жерге барып қона кетті. Мен тұра жүгіріп кекілік қонған жерге жетіп келіп едім, ол қытқыттап шөп-шөптің арасымен жорғалай жөнелді. Қуып кеп бердім, кекілік безектеп қашып мені әжептеуір жерге дейін ілестіріп барып, ұшты да кетті.
Мен кекілік әуелгі ұшқан жердегі тобылғылардың түбіне үңіліп, ұясын іздей бастадым.
– Мен білсем, бұл жерде ұя жоқ, Кекілік — өте сақ құс, қудың қуы. Ол жаңа біз осында келгеннен бастап алдау қамына кіріскен, сонысын жүзеге асырды. Әрине, оның ұясы осы маңда, бірақ табылуы қиын.
Апам тобылғыны жамсатып жатыр.Ал, мен кекіліктің ұясын іздеп әлекке түстім. Кіп-кішкентай құстан алданғанымызға намысым келді. Тобылғылы сайды қанша шиырлағаныммен ұя табылмады. Сосын жалықтым да шоқ-шоқ болып жатқан тобылғыны құшақтап апамның желеткесі, жібіміз жатқан жерге әкеліп үйе бастадым. Тобылғы үлкен бір арқа болыпты. Апам тобылғыны әдемілеп тұрып буып, тырмыштап көтеріп тұра берді де отыра кетті. Мен ауыр пәле апамның бір жерін үзіп жіберді ме деп қорқып қалдым.
– Әлдеш, кекіліктің ұясы!
– Қане?
– Әне, аяғыңның астында.
Аяғымның астына қарадым, ештеңе жоқ.
Апам тырмыштаған жіпті босатып, орнынан тұрып келіп, сұқ саусағымен нұсқап: "Міне!" — деп көрсетті.
Біз жанына оны-мұнымызды тастаған тырбақ қотыр тобылғының түбінде, жерді шұқырлап салған тостағандай ұяда шұбар жұмыртқалар тұнып жатыр.
– Жұмыртқа!
Мен жұмыртқаға оң қолымды соза бердім, апам білегімнен шап беріп ұстай алды.
– Қой, Әлдеш, тиме, балапан болып қалыпты.
– Оны қайдан білдіңіз?
– Жаңағы кекіліктің ұшқанын естімедің бе, күрік. Бауыр жүні түскен, парылдап зорға ұшты.
Амалсыз қолымды кері тарттым.
Ұяда жайнап жатқан өңкей секпіл жұмыртқа ауылға жеткенше көкейімнен бір кетпей қойды. Ертерек жетсем, балаларға айтсам, деп тағатым таусылып келемін. Мен қанша шыдамсызданғаныммен, апам асықпады. Зіл қара тас су тобылғы аяғын аттап басқан сайын еңсесін езсе, қалай қатты жүрсін. Анда-санда арқасындағы тобылғыға шалқалап сүйеніп отыра кетіп, тырмышты босатып, иығына жіп астына салған орамалды алып, шүмектеп ақкан терін сүртеді.
Менде апама көмектесер қауқар жоқ өзімнен-өзім шаршап, есінеп отыра кетемін.
– Балам, босқа шаршадың-ау. Ендігі әрі сені ертпеспін, деді апам.
Қайда-ан, апама қара керек.
– Әлдеш, жүр, екеуміз біраз тобылғы шауып келейік, деп өзі қолқа салады отынға жиналғанда.
"Екеуміз" дегендегі менің бітіретінім осы — апамның қасында салақтап босқа жүру, шаршау, жалығу.
Бүгін — көңілдімін. Кекіліктің қулығын, оның ұя толы жұмыртқасының аяғымыздың астында жатқанын көрмей, іздеп әлекке түскенімізді айтып, балалардың аузының суын құртамын.
Бірінші болып кім кезігер екен?
Біз үйге жақындап қалғанда Әлібек шықты алдымыздан. Апамнан оңашалай бере Әлібекке бәрін айттым. Әлібек сенбеді:
– Ой, қой, сықпыртпа өтірікті!
– Рас.
– Қайдағы, торғайдың жұмыртқасы шығар.
– Құдай бар, рас.
– Құдайыңа кім сенеді сенің?
– Шесни пионерски.
– Пионерді де сөз деп.
– Шесни Ленински.
– Бәрібір, өтірік.
– Не, Аенинге де сенбейсің бе сен?!
– Ленинге сенем, саған сенбеймін.
– Мен Ленинді кепілдікке тартып тұрмын, ал, сен сенбейсің. Бұл дегенің...
Әлібек шошып кетті, сөзімді аяқтатпады. Мейлі, сонысы дұрыс болды, өзім де не айтарымды білмей қалып едім.
– Жоқ ағатай, сенемін!
Ленин — біздің атамыз,
Саясына жатамыз.
Қарсы келген жауларды,
Қақ жүректен атамыз.
– Жар-р-райсың, жігітім!
– Енді қалай деп едің? Жүр, кеттік ұяға.
– Қой, не бар, жұмыртқа балапан болып қалыпты.
– Мейлі. Менің атам балапан болған жұмыртқаны жей береді, әкеліп береміз.
– Жүр онда.
Біз демімізді ішке тартып, аяғымызды еппен басып тырбақ тобылғыға жақындадық. Шынымен білдіртпедік пе, қайдам, кекілік ұшпады. Төніп келгенде бір-ақ көрдік, кекілік ұя басқан күйі қыбыр етпей жатыр. Бүрісіп жағал басы кіп-кішкентай болып кеткен, екі көзі қып-қызыл.
– Мынау қайтеді-ей?!
Әлібек жерден тас алмақ болып еңкейе берген, кекілік жан шошырлық дыбыс шығарып ұша жөнелді.
Қарап тұратын Әлібек пе, дереу ұяға қол салды. Бір жұмыртқаны ұядан шапшаң ала салып, әй-шәй жоқ, тасқа қойып қалды. Жұмыртқа бырш етіп парша-паршасы шығып, қызыл шақа балапан жыбырлап жатты тас үстінде. Лоқсып, теріс айналып кеттім. Қайта қарағанымда Әлібек жейдесінің етегіне жұмыртқаны толтырып салып алыпты.
– Әлібек, қой, қайта сал андағы жұмыртқаларды ұясына!
– Неге?
– Обал.
– Ештеңе етпейді. Табиғаттың байлығы — адамның азығы. Көр де тұр, атам осылай дейді де бұлардың бірін қалдырмай жеп қояды.
Әлібектің үйіне жақындаған сайын жүрегім дауаламай, алабұрта берді. Бір жайсыздықтың боларын күнілгері сезетін сияқтымын.
– Қазір атам қатты куанады. Жүр, кір үйге.
Әлібек аңқылдап түпкі үйге кіріп кетті де мен ауызғы үйде қалып қойдым.
Іштен Оңғарбай атамның қарлығыңқы даусы шықты:
– Мынау не етегіңдегі?
– Кекіліктің жұмыртқасы.
– Не дейді? Сен ақымақ бұл уақытта кекілік балапан шығаратынын білмейтін бе едің?
– Білем.
– Білсең, не қыл деп әкелдің бұларды?
– Сіз жесін деп әкелдім.
– Жегені несі? Есің дұрыс па өзіңнің?
– Бұрын жедім дегеніңіз қайда?
– Қап, мынаны-ай, а! Не деп тұрсың сен өзі?! Мен оны жесем, отыз екінші жылғы ашаршылықта жегем. Онда бұл тауда кекілік тұрмақ торғай қалып па еді. Мен айтсам, сол қиямет жылғы тартқан тауқыметті айтқанмын. Сендейлерге сабақ болсын дегенмін. Біздікі — жансақтаудың далбасасы болатын, сендердікі — мейірімсіздік. Көрсетейін мен саған жаны ашымасты!
Апыр-топыр болып қалды.
– Ойба-а-ай, өлдім! Апа-а!
Зытып кеп жөнелдім.
– Әй, оңбағандар, тоқтаңдар! Жандарыңның барында апарып тастаңдар андағы жұмыртқаларды ұясына. Қанша қашқандарыңмен, құтыла алмайсыңдар менен.
Артыма қарасам, Әлібек өрі қарай қашыпты, етегінде жұмыртқа, адымын жаза алмай, жорғалап безіп барады.
Есіктің алдында әппақ жейде-дамбал киген Оңғарбай атам тұр.
Атам дұрыс айтады, одан қайда қашып құтыламыз? Осы қазір тілін алып тоқтасаң, жақсы, тоқтамасаң, ерінбей- жалықпай торы биесіне міне салып қуады.
Мен кілт тоқтадым.
Әлібек, әлбетте, әкесінің сырын жақсы біледі, бері бұрылды. Мен де атама қарай жүрдім.
Әлібек те, мен де лажсыз, басымыз салбырап, Оңғарбай атама жақындап келеміз. Екеумізде де үрей қалмаған, атам оқыс қимыл жасаса, қашуға дайынбыз.
– Ой, бұларың нелерің? Атам қолындағы жалғыз жұмыртқаны салмақтап қойды. — Қараңдар, міне, жұмыртқа ауыр тартқан. Бұл — балапан шығуға жақын деген сөз. Адамда аяу деген болмайтын ба еді былай бір. Барыңдар, ұясына апарып салыңдар жұмыртқаларды. Ол кекілік сорлы бұларды енді баспай, жеріп те кететін шығар. Сонда да барыңдар, апарыңдар. Бұл жұмыртқалардан шыққан балапандар өріп, кекілік болып, ертелі-кеш беткейде қақылықтап жүрсе, жаман ба еді? Қап, Тобылғылы сай қаңырап бос жататын болды енді! Ал, жөнеліңдер!
Біз Оңғарбай атамнан қорқып біраз жер ілбіп басып бардық та, қайтадан мәмірежай қалыпқа ендік.
– Алданыш, түсінсем, бұйырмасын, атам неге сонша бүлінді?
– Ой, өтірікші, "Атам балапан болып қалған жұмыртқаны жей береді" — дегенің қайда?
– Қайдан білейін, өзі айтқан, сөйтсем, бұрын-ашаршылықта жепті ғой.
– Қай сөздің қай заманға арналып айтылғанын ажырата білу керек, бала.
– Ой, данышпаным-ай! Алданыш, ағатай-ай, қояйықшы осы әңгімені! Ешкімге де айтпайық мә, ұстап көрші құлақ-шекем әлі жанып тұр.
– Сол керек саған! Өтірікшіге бұл — аз. Өтірікшіні өлтірсе болады. Өтірік айту -өліммен тең.
– Рас айтасың. Данышпансың сен. Өтірік айту — өліммен тең. Өте дәл айтылған сөз, жоқ мақал. Өзің шығардың- ау, деймін?
– Шығарса, несі бар?
– Алданыш, бұдан былай мен сені ''Данышпан", — деймін. Сөйтемін де әр ақылды сөзің үшін данышпандығыңа бір дәреже қосып отырамын. Мен мұны басқа балаларға да айтамын. Сөйтіп бәріміз сенің данышпандығыңның дәре- жесін санап жүретін боламыз. Міне, енді есеп ашылды. Кіріс, өсір дәрежеңді, данышпан!
– Сөзің құрысын!
– Неге?
– Мен ешкім де емеспін, Алданышпын, апамдарға — Әлдешпін.
– Рас, Алданышсың, Әлдешсің. Алданыш - атың, Әлдеш-еркелеткен атауың, данышпан - атағың.
– Әй, қойшы, адамға өз атынан басқаның бәрі артық.
– Міне, бұл да ақылды сөз. Тағы бір дәреже қосып қою керек. Демнің арасында данышпан үш дәрежелі болдың. Дәрежең өстіп өсе береді енді.
– Қойшы соныңды, бай болғыр, өспей-ақ қойсын.
– Жоқ өссін. Өседі. Сен — ақылды баласың. Тек сенің әр ақылды сөзіңді есепке алып отыру керек.
Бұл Әлібек енді айтқанынан қайтпайды. Оның үстіне өзіңді біреу мақтап жатса, қыңырайып неге керек. Мен жеңілдім:
– Әлібек, мақұл, сенікі жөн.
– Мақұл болмай қайда бармақсың, шындық солай болса. Қой, одан да мына жұмыртқаларды салайық ұясына.
– Сөйтейік, әкел.
– Әлібек етегіндегі жұмыртқаларды біртіндеп маған бере бастады. Мен сәндеп жұмыртқаның сүйір жағын жоғары қаратып қойып жатырмын.
– Неге өйтіп сөндеп жатырсың, тездет!
–Асықпа. Осылай салу керек. Сен білмейсің бе, балапан жұмыртқаның сүйір жағын тесіп шығады. Балапанның басы осы жағында, тұмсығын жоғары қаратып қою керек.
– Бәсе, данышпан демеп пе едім, данышпансың сен. Төрт дәрежелі болдың.
Жұмыртқа ұяға салынып болды.
Әлібек күрсінді.
– Кекілік келер ме екен ұясына?
– Келмейді.
– Келеді. Келетін шығар. Келеді, деші, Әлдеш, ағатай.
– Қайдан келсін?! Келді ол бағана біз кете салысымен, суық ұяны көріп бауыры суып кетті. Күдер үзді, енді жоламайды.
– Әй, данышпаным-ай! Бір жолға данышпан болмай-ақ ақымақ болсаң қайтеді?
– Осы кекілік ұясын қайта басар болса, ақымақ тұрмақ одан арғысы да болар едім, келмейді ғой.
Кекілік шынымен келмеді.
Біз ұяны араға күн салмай көріп кетіп жүрдік. Тырбақ тобылғы түбінде он жұмыртқа еш өзгеріссіз жата берді. Біздің ақымақтығымыздың айғағындай болып бедірейген пәлелерден жерге қар түскенде барып бір-ақ құтылдық- ау! Қалың қар он жұмыртқа тұрмақ одан зорды да басып қалды.
Он жұмыртқа! Он жұмыртқаны жарып шыға алмай қалған он балапан! Оларға қиянат қылып, өмірін қиған — бізбіз. Обалына қалдық!
Аяғым сынып, бейшара болып жатқаным сол он балапанның наласы болар!
Он балапан! Кербұлақтың Тобылғылы сайының сәні бола алмай қалған он кекілік!
– Уһ, жаным!
– О не, қарағым, аяғың ауырып жатыр ма?
– Жоқ жаным ауырып жатыр.
Апам шошып кетті:
– Не дейді?! Жаны ауырғаны несі?!
– Апа, ана жылғы кекіліктің он, жоқ, он бір жұмыртқасы бар еді ғой, сол есіме түсіп, аяныш өзегімді өртеп барады.
– Сен емес, Әлібек түйнек еді ғой олардың обалына қалған. Сынса, соның аяғы сынуы керек еді, құдай сені жазалаған екен ғой. Қиянаттың арты осы қапа. Айналайын ақ құдай, бір жәрдем ете көр пендеңе!
– Апа, әнді қашан айтасыз енді?
– Әлі күтіп жатыр ма едің ән айтқанымды?
– Иә. Сіз ән айтсаңыз, аяғымның ауырғаны қояды.
– Онда айтайын.
Апам:
– Әу! — деп ән бастады. Онысы ән емес, шерлі үн еді.
–Мұнысы несі, даусы құрғыр қайда кеткен?
Апам тамағын кенеп жөткірініп алды.
Қайдасың, қайран даусым, хал қалайсың-ау,
“Ән айт!"— деп Әлдеш балам — қолқалайсың-ау.
Жазылар болсаң, жаным, осы әнімнен,
Демедім мен мұныңды "Бұл қалай сын-ау?"
Апам ақтарылды дейсің бір.
Сынған аяқ та, жарты көңіл де, маздап жанған от та, төніп тұрған қорқыныш та — бәрі-бәрі де жайына қалды.
Қып-қызыл жалын алауынан ба, жоқ жан тебіренісінен бе, апам ерекше нұрланып кеткен. Күндізгі шүйкедей ақсары кемпір ай жүзді аруға айналған. Маңдайын, екі бетін тарам-тарам сызған әжімдер тегістеліп, ақтоқаш болған.
Апам маған арнап айтқан өлеңіне түгелдей өз өмірін арқау етіп ұзақ жырлады. Сондағы айтқаны: өмірім менің өң өзек өртер өксік. Дегенмен, өткенге өкініш жоқ Ұзақ жар болу бұйырмаған Ыдырыс та, әкесіне баруға асыққан Әлдижан да өле берсін, мейлі. Тәуба, Әлдеш бар! Құдайдан енді осы шырағымның тілеуін тілеймін. Осы аман болсын, аяғы тезірек жазылсын. Қатарының алды болады Әлдеш әлі-ақ Кім болса, ол болсын, тірі болсын, кұлыным! Айналайын ақ құдай, Ыдырыс пен Әлдижанға бермеген өміріңді Алданышқа бере көр! Алданыш тірі болса, ана екі сормаңдайдын әруақтары аяқ асты болмай, түтіндері түтейді. Алданыш барда менің төрт құбылам түгел, табалдырығым тапталмайды. Өмір жасың ұзақ болып, өркенің өссін, Әлдеш балам!
Мен апамның бұл үмітінің үдесінен шыға аламын ба?
Апамның көрген азабы көп қой, көп! Қайғысы қаншама!
Қалай ғана азабына арашашы, қайғысына қалқан бола аламын?!
Апа, мен — сенің балаңмын!
– Әлдеш, жетті-ау деймін, қояйын ба?
– Қойыңыз.
– Аяғың ауырғанын қойды ма?
Достарыңызбен бөлісу: |