«Дене шынықтыру» оқу пәнінің ІІ циклға (3-4 сыныптар) арналған базалық мазмұны
Теориялық сабақ: салауатты өмір салты туралы, ертеңгілік гигиеналық гимнастика, жүрек соғысының жиілігі бойынша (ЖСЖ) бойынша дене жүктемесін бақылау.
Қозғалыс қимылдары мен дағдылары: акробатика негіздерімен орындалатын гимнастика, жеңіл атлетика, уақыттың қысқы мезгіліндегі таза ауада ойналатын ойындар, шаңғы дайындығы, коньки, жүзу, күрес пен жекпе-жек түрлерінің элементтері, спорт ойындарының элементтері бар қозғалыс ойындары, спорттық ойындар.
3.2. Сағат санын көрсете отырып, сынып бойынша білімнің базалық мазмұнын бөлу
1сынып
Дене шынықтыру туралы жалпы түсінік (6 сағат)
Ежелгі халықтардың дене шынықтыруы. Оның пайда болу тарихы: дәстүрлі ойындар, билер мен салттар – 1сағат.
Оқушылар дене тәрбиесінің қазіргі кезеңдегі ұйымдастырылуы. Спорттық секциялар мен балалар жасөспірімдер спорт мектептерінің қызметі – 1сағат.
Адамның жүріс, жүгіру, секірулер, лақтырулар секілді негізгі қозғалыстарының сипаттамасы. Гимнастика, жүзу, жеңіл атлетика және басқа да спорт түрлерінің сипаттамасы – 1сағат.
Сабақ уақытындағы қауіпсіздік техникасы. Дене жаттығуларына үйрету негіздері –1 сағат.
Жеке гигиена, күн режіміндегі гигиеналық процедуралар. Сабақты өткізу жағдайларына, киімді, аяқ киімді, құрал-жабдықты таңдауға қойылатын гигиеналық талаптар. Шынығудың маңызы. Шынығу режімі және оның маңызы – 1сағат.
Ағзаның дене және психикалық жағдайы. Дене жаттығуларын орындаудағы жүректің, өкпенің және өзге де органдардың қызметі. Дене жүктемелерін бақылау және мөлшерлеу – 1 сағат.
Қозғалыс қимылдары мен дағдылары (90 сағат):
Акробатика негіздерімен орындалатын гимнастика (12 сағат)
Акробатикалық жаттығулар: таянулар (отырып, жатып, бүгіліп, арттан); отырулар (өкшемен, еңкейіп, бұрыш жасай); жатқан қалыптан жинақталу және тығыз жинақталып тербетілу (көмекпен); жинақталып отырған қалыптан артқа және жанымен домалау (көмекпен); таянып отырған қалыптан артқа және жанымен домалау; шалқалап жатқан қалыптан жауырынға тұру: шалқалап жатқан қалыптан «көпірге тұру»;
Секіртпелермен (скакалкамен) секіру; үйренген акробатикалық жаттығулардан акробатикалық комбинациялар жасау.
Аяқтың ұшымен, өкшемен, кеңірек адыммен, қысқа адыммен, өзге қозғалыс – қимылдармен үйлестіре, қайталап, сирақты артқа сілтей, алға тіке ұсталған аяқтарды көтере жүгіру.
Орнында секіру, қолдарды шапалақтай секіру, бір аяқпен алма кезек және екі аяқтап секіру; секіртпе арқылы алға қозғала, екпін алып биіктікке секіру.
Еңбектеу, тізерлеп гимнастикалық орындықпен өрмелеу, төрттағандап еңбектеп, орындық арқылы өту; гимнастикалық басқышқа тіке және қиғаш шығу.
Достарыңызбен бөлісу: |