Қазақтың ұлттық спорт ойындары Көкпар, сайыс, теңге алу, күрес, қыз куу, алтын қабақ ату, жамбы ату тағы басқалар спорттық сипатпен бірге үлкен тәрбиелік маңызға да ие болды. Бұл ойындар ерте заманғы төтемдік түсініктерден бері қуалап келген болатын.
Палуандар күресі - қазақтың ертеден келе жатқан спорттық дене шынықтыру ойындарының бірі, қазіргі бізге жеткені - қазақша күрес. Қазақша күрес қазақтың ұлттық спортының негізгілерінің бірі болғандықтан көшпелі рулардың арасында өте кеңінен тараған. Ол кезде бұл ойынды өткізудің белгілі бір жүйеге келтірілген ережесі болмаған. Күреске түскен палуан не істеп, қандай айла-тәсіл қолданады, ол өз еркі болатын. Әйтеуір қарсыласының жауырынын жерге тигізуі керек еді.
«Қазақша күрес« ойыны адамның денесін ширатып, бұлшық еттерді қатайтады, төзімділікке, батылдық пен ептілікке, керек кезінде тез ойланып әдіс таба білуге машықтандырады. «Қазақша күрес» күш жетілдіретін спорт. Қазақша күресте адам өзін еркін ұстап, өз бойындағы күшін, әдісін түгел пайдалана алады, мұнда шалу, жата тастау, арқалай тастау, қол байлап күресу, салмақпен басу, тіресу, ашадан алу, аяқтың басымен іліп тастау, жамбасқа алып иіре лақтыру, белінен қысып, тірсектен шалу сияқты әдістердің бәрін де қолдануға болады. Палуандар кілем үстінде, арнаулы жазық жерде, тегістегі қар үстінде белдесіп күреседі.
«Жамбы ату» ойыны қазақтың ата-тегінен бері келе жатқан, болмаса аңшылық кәсібінен қалған ойын. Өткен ғасырлардағы Қазақстан жерінде болған орыс саяхатшыларының еңбектері мен зерттеулеріне қарағанда, жамбы ату ойыны ең алғаш рет Азия мен Қазақстанда тараған көрінеді. Содан барып Европаға, т.б. елдерге ауысқан сияқты.
Қазақ ойындарының аса бір қызығы — «Қыз куу« ойыны. Бұл ойын ұлттық спорттық дене шынықтыру ойыны ретінде дамыған.
«Қыз қуу» ойынының шығуы Қазақстан жерінде өмір сүрген алғашқы сақ тайпаларының өмірімен байланысты. Олар көп жағдайда жаугершілікпен өмір сүрген. Жайшылық, тыныш өмірде мерген қыздарға әскерлер тап болып, оларды өздерімен бірге соғысқа ертіп әкетіп, бос уақыттарында атпен бірін-бірі қуалап ойнаған. Осылайша халық арасында «Қыз куу» ойыны пайда болған.
Ойын жүретін жерге көп халық жиналады. Арғымақ мініп шыққан қыз сапта тұрған жігіттердің ішінен өзінің қалағанын қамшымен тартып жіберіп, тура тартады, есесі кеткен жігіт атына міне сала, қызды куа жөнеледі. Жігіт қызды қуып жетсе, бетінен сүйіп алады, ал қуып жете алмаса, көпшілікке күлкі болады. Қыз жігітті жеткізбеуге, жете қалса, амалын асырып алдап бұрылып кетуге тырысады. Белгіленген мәреге жеткенде қыз қайта бұрылып, жігітті қуады. Егер қыз оны куып жетсе, онда жігітті қамшының астына алады. Осылайша келесі қыз-жігіт жұбы шығады.
Өзіндік тарихы бар ойындардың бірі — «Күміс алу». Бұл ойынға қатысу үшін нағыз ат құлағында ойнайтын шабандоз жігіттер іріктеліп шығады. Себебі, катты ағынмен келе жатқан аттың үстінен еңкейіп жерде ораулы жатқан күмісті алу екінің қолынан келе бермейді. Сондықтан ойынға қатысу үшін атта шаба білу ғана жеткіліксіз, батылдық, ержүректілік, шапшаңдық қасиеттері қажет.
Қазақтар әр түрлі тұқымды жылқылар өсірген. Дегенмен, «Күміс алу» ойынына биік сұлу арғымақтар алмай, бойы аласа не тапалтақ атты жаратқан.
Ойыншылар қос тартпалы мықты ерттелген атқа мініп 30-40 метрдегі жерден шауып бара жатып, ақ киіздің үстінде жатқан тиынды немесе ақ шүберекке түйілген затты еңкейіп барып, іліп алып кетулері керек. Ақшаны ат үстінен алған адам иеленіп кетеді. Казір шүберекке түйілген тиын, не сондай кішірек затты ат үстінен еңкейіп көтеріп кеткен адам жеңімпаз атанып, жүлде алады. Ойыншылар атқа кезек мініп немесе бірнеше атпен кеп ойынға қатынаса береді. Алғашқы дам тиынды іліп кетсе, оның орнына тағы да тиын алынады. Ойынға жуас жылқылар пайдаланылады. Ат ойыншының қалауынша шабады, бірақ теңге жатқан жерге келгенде баяулауға немесе тым ағынды шабысқа салуға болмайды.
Достарыңызбен бөлісу: |