1.2 Географиялық жүйелердегі «мәліметтер», «ақпараттар», «білімдер» Ақпараттық жүйедегі операцияларға қатысты «мәліметтер», «ақпараттар», «білімдер» терминдерін нақтыласақ, бұлардың ортақ түсініктеріне қарамастан, олардың бір-бірінен ерекшеленетіндігін де байқауға болады.
Мәліметтер дегеніміз – объектілер туралы мәлім фактілердің жиынтығы немесе осы объектілерді өлшеу нәтижелері. Мәліметтер – ақпараттар құру процесіндегі құрылыс элементі сияқты, себебі ол мәліметтерді өңдеу барысында алынады.
ГАЖ қатысты қолданылатын ақпарат дегеніміз – объекті туралы біздің біліміміздің мөлшерін анықтайтын мәліметтердің жиынтығы.
Мұндай түсінікте білімді ақпараттың интерпретациясы нәтижесі ретінде қарастыруға болады. Ең жиі таралған анықтама: білім – тәжірибеде расталған шынайылықтың танымдық нәтижесі. Ғылыми білім өзінің жүйелілігімен, негізделушілігімен және жоғары құрылымдық дәрежесімен ерекшеленеді.
Ақпараттық жүйелерді білім алудың тиімді құралы ретінде қарастыруға болады.
«Мәліметтер», «ақпараттар» және «білімдер» терминдерінің арасындағы айырмашылық техникалық жүйелердің даму тарихында байқалады, өйткені бастапқыда мәліметтер банкі пайда болса, кейіннен ақпараттық жүйелер, содан кейін білімге негізделген жүйелер – зияткерлік жүйелер (сараптамалық жүйелер) пайда болды.
Қазіргі уақытта бағдарламалық өнімдер нарығында кеңістікпен бөлінген ақпараттармен жұмыс істейтін жүйелердің бірнеше түрлері ұсынылған, оларға көбінесе автоматтандырылған жобалау, автоматтандырылған картография және ГАЖ жүйелері жатады. ГАЖ басқа жүйелермен салыстырғанда кеңістіктік мәліметтерді талдаудың дамыған құралдарына ие.
2 дәріс. ГАЖ ЖҰМЫС ІСТЕУ ПРИНЦИПТЕРІН АНЫҚТАУ ЖӘНЕ ЖІКТЕУ, ҚОЛДАНУ САЛАСЫ