Дәріс Кіріспе. Тарихи –өлкетану пәні, міндеттері, мақсаты мен негізгі ұстанымдары. Дәріс мақсаты


дәріс. Тәуелсіз Қазақстан жағдайындағы тарихи өлкетану



бет15/17
Дата08.11.2023
өлшемі107,1 Kb.
#190187
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   17
Байланысты:
лекция

14дәріс. Тәуелсіз Қазақстан жағдайындағы тарихи өлкетану.
Егемендікке қол жеткізген уақыттан бастап туған өлкеге, туған жердің тарихын оқытуға ерекше назар аударылды, себебі өз өлкесінің тарихын білмей ұлтжанды ұрпақ қалыптаспайды. Бұған нақты дәлелдер де жетерлік, мысалыға 1994 жылы 26 тамыздағы гуманитарлық білім беру тұжырымдамасы, 1995 жылы 30 маусымда қабылданған тарихи сананы қалыптастыру тұжырымдамасы, 1996 жылғы 15 шілдедегі этникалық-мәдени білім тұжырымдамасында сондай-ақ Қазақстан Республикасының азаматтарына патриоттық тәрбие берудің мемлекеттік бағдарламаларында өлкетану жұмыстарының тәрбиелік мүмкіндіктері мен маңыздылығына ерекше мән берген.
Жаңа білім беру жүйесіне көшу рухани бай, денсаулығы мықты, туған елін, жерін сүйетін, қадірлейтін оқушыны тәрбиелеуді ұсынады. Бүгінгі таңдағы білім берудегі басты мақсат жас ұрпақтың білім деңгейін көтеру және жан-жақты дамыған, білімді, сауатты, өмір сүруге бейім, белсенді, қабілетті жеке тұлға қалыптастыру болып табылады. Бұдан шығатын түйіткілді мәселе, жаңа қоғамда тарихшы маманның ішкі жан дүниесі де жаңаша болмақ, демек, болашақ ұрпақтан да үлкен үміт күтіледі.
Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері жергілікті жерлердегі өлкетану мекемелерінің ісін жандандыру, бұрынғы жер-су атауларының шығу тегін зерттеп, қалпына келтіру, халыққа көп танымал емес бай мұраны жинастыру, тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғауға алу ісі қолға алынды. Жергілікті жерлерде облыс, аудан өлкетану музейлері жұмыс істейді. Қазақстанның әр өлкесіне арнайы ғылыми-зерттеу экспедицияларын ұйымдастыру да ілгері даму үстінде. Алайда, қазіргі кезде өлкетану жұмыстарын дұрыс жолға қойып, ұйымдастыру, ол бойынша жүргізілетін жұмыстың дәрежесі, оқу-тәрбие үдерісінде кеңінен әрі тиімді пайдалану барлық білім беру мекемелерінде бірдей емес. Осы уақытқа дейін белгілі болғандай тек өз пәні мен мамандығын сүйетін алдыңғы қатарлы мұғалімдер мектептің тұрған жерін жүйелі түрде зерттеп білуді, ол жұмысқа оқушыларды көптеп тартып, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуді жақсы ұйымдастырады және өзінің іс- тәжірибелерімен бөлісіп отырады.
Осы мәселелерді негізге ала отырып, соңғы уақыттағы жоғары оқу орындарындағы өлкетану жұмыстарының жай -күйіне талдау жасай кетсек, еліміздегі 2004 жылғы «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасын және іс-шараларын жүзеге асыру мақсатында және Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек қоғамына қарай 20 қадам» атты Жолдауының негізінде көптеген жоғары оқу орындарының іс- тәжірибелері мен оқу-тәрбие үдерісінде өлкетану жұмыстарының жандана бастағанын көреміз.
Болашақ тарихшыларды даярлау жүйесінде «Тарихи өлкетану» міндетті пән ретінде енгізілсе, география саласында «Географиялық өлкетану» таңдау компоненті есебінен құрыла бастады. Сондай-ақ қазіргі жоғары оқу орындарында өлкетанымдық жорықтардың жанданғандығын атап өту қажет. Соның бірі 2008 – 2009 жылдары Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің Археология институты, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Қарағанды, Көкшетау, Қостанай мемлекеттік университеттері Қазақстанда 30-ға жуық қалашықтарда, қоныстарда, қорғандарда археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізіп, тұрғындармен пікір алмасқан. Аталған қалалардың оқу орындарында өлкетану мұражайлары ашылған. Мұндай өлкетанымдық жорықтар мен практикалық жұмыстар барлық өңірлерде де қолға алынған.
Осындай өлкетанымдық іс-шараларды Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы Павлодар мемелекеттік университеті 2001 жылдан бері жүзеге асырып келеді. Осы жылы алғаш рет студенттер мен мектеп оқушыларын ұйымдастырып «Өлкетану» экспедициясын құрды. Жастар Павлодар облысының мазарларының, ескерткіштерінің, мұражайларының т.б. тарихи орындардың жай-күйімен танысып, универсиет мұғалімдері бағыт-бағдар беріп, дәрістер оқыған. Ал мұның бәрінің астарында танымдық мән жатқаны, патриоттық сезім мен ұлттық намысты оятатын құндылықтар жатқаны айтпаса да түсінікті. Университет басшылығымен болашақ тарихшыларды өлкетану жұмысына даярлауда ауқымды істер атқарылған. Сондай-ақ бұл оқу орнында «Өлкетану - Краеведение» журналы шығып тұрады.
Қазіргі Қазақстандағы жоғары оқу орындарының білім беру саласында белгілі бір жүйеде өлке тарихы бойынша материал беріп қана қоймай, сонымен қатар музей бойынша және өлкетану көздерін оқыту мүмкіндігі туды. Мәселен, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің география және туризм факультеті, тарих, археология және этнология факультеті жыл сайын студенттерді ұйымдастырып еліміздегі тарихи-өлкетану музейлерінде, археологиялық қазба жұмыс орындарында кәсіби тәжірибе өткізіп, түрлі ғылыми-танымдық, тәрбиелік сапарлар ұйымдастырып отырады. Аталмыш оқу орнында мұндай іс-шара жылдан- жылға жақсарып келе жатқандығын аңғаруға болады.
Көптеген жоғары оқу орындарының іс-тәжірибелерінде экскурсиятану, аймақтану секілді пәндер енгізілуде. Бұл студенттерді соның ішінде, болашақ педагог мамандарды өлкетану жұмыстарына даярлауда маңызды белгі болып табылады. Бірақ жоғары оқу орындарының да бұл салада әлі де болса шешімін таппаған мәселелер баршылық, оларда студенттерді өлкетану жұмысына даярлау керектігіне байланысты пікірлер айтылғанмен де, мұнда аяқталмаған нақты теориялық және практикалық мәселелер жеткілікті. Оған жататындар: білім беру мен тәрбиені тұтас үдеріске біріктіру, өлкетану үйірмелері, тарих және қоғамтану, сондай-ақ педагогикамен байланысы, өлкетану кешенінің болашақ педагог мамандарды мектептегі жұмыстарға даярлаудағы рөлі және оның тәрбиелеудегі орны, өлкетану материалдарын зерттеу, жинау, педагогикада пайдалану мәселелері және т.б. Жоғары оқу орындарындағы өлкетануға даярлау ісін ұйымдастырудағы кемшіліктерді былайша түсінідіруге болады, негізгі себеп өлкетануға байланысты іс-тәжірибелердің өз дәрежесінде еместігі, оқытушының өлкетанымдық іс-әрекеті тек пән негізінде болмаса, оның педагогикалық маңыздылығына қарамастан ақшасыз, төленбейді, мемлекеттік құжаттарда көрсетілсе де-кей жағдайларда міндетті емес деп те есептелінеді, тек мерейтой, түрлі іс-шараларға орайластырып қана тәрбие түрінде ұйымдастырылады. Туған өлкенің, жергілікті жердің қала берді аймақтардың өзіндік ерекшеліктерін, табиғатын, тарихын, халқы мен шаруашылығын жан-жақты сипаттайтын факторларды зерттеу қазіргі білім беру саласының маңыздылығын арттыра түспек. Ақиқат, өлкетану жұмыстары жеке тұлғаның дүниеге дұрыс көзқарасының қалыптасуына қоршаған шындықты түсінуге, сенімін қалыптастырудың негізі болып табылады. Өлкетануды оқытудың жетістігі – ол оқытушылар мен мұғалімдердің, мектеп оқушыларының ізденісін, олардың шығармашылықпен жұмыс істеу қабілетін арттыра түсу, өлкетануға деген қызығушылығын арттыру, туған өлкесіне деген сүйіспеншілігін тереңдету болып табылады.
Қазіргі күні өлке тарихына, жерлес оқиғаларға, жәдігерлерге қызығушылық күн санап артып келеді. Еліміздегі тарихшылардың басты мақсаты – өлкеміздің тарихына жаңаша ой жүгірту, өлке тарихының ақтаңдақ беттерін түгендеп, жоғымызды тауып, өшкенімізді түгендеп, қалпына келтіру. Осы орайда, айта кетсек, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің, Қазақ қыздар мемлекеттік педагогикалық университетінің тарихшылары, этнологтары мен археологтары осындай игі істермен сәтті айналысуда.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   17




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет