Қосымша әдебиеттер.
1. Патофизиология: Учебник для мед.вузов под/ред В.В. Новицкого и Е.Д. Гольдберга.-Томск:Том.ун-та, 2001, С. 33-37.
№6 Тақырып. Бұлшықеттердің физиологиясы: физиологиялық қасиеттері, жиырылу түрлері
Мақсаты. Бұлшықеттердің физиологиясы: физиологиялық қасиеттері, жиырылу түрлерін анықтап студенттерге түсіндіру
Дәріс жоспары
1.Қаңқа еттерінің физиологиялық қасиеттері.
2.Бұлшықеттің жиырылу және босаңсу механизмі.
3.Бұлшықеттің күші мен жұмысы.
4.Бірыңғай салалы бұлшықеттің физиологиялық қасиеттері.
Дәріс тезистері.
Морфологиялық белгілері бойынша адам мен омыртқалы жануарларда кездесетін ет тіндері үш топқа бөлінеді:
1) көлденең жолақты қаңқа еті;
2) көлденең жолақты жүрек еті (миокард);
3) бірыңғай салалы еттер.
Көлденең жолақты еттердің организмдегі атқаратын қызметтері өте көп – олар динамикалық және статикалық қимыл-қозғалысты, тынысты, жылу өндіру (термогенез) және т.б. үдерістерді қамтамасыз етеді. Қаңқа еттерінің қызметі ми қыртысымен тығыз байланысты, сондықтан олар адам денесінде ерікті қимыл-әрекеттерді жүзеге асырады.
Жүрек еті жиырылғыш жасушалар (кардиомиоциттер) мен өткізгіш жүйесінің жасушаларынан тұрады. Жүректің өткізгіш жүйесі жасушаларының жиырылғыш қаблеті болмайды, бірақ оларда туындаған электрлік серпіндер жүректің жыиырылғыш жасушаларына қарай өткізіледі. Жүрек етінің негізгі қызметі – сорғы (насос) ретінде тамырлармен қан қозғалысын қамтамасыз ету. Жүрек еті мен кейбір бірыңғай салалы (ішек, лимфа тамырлары) еттердің автоматиялық қасиеті бар. Бірыңғай салалы еттер ішкі ағзалар қабырғасының негізгі құрамында орналасады (асқорыту арнасы, қантамырлары, ішкі қуыс мүшелері, тыныс жолдары, сыртқы сөлініс бездерінің сөл шығаратын түтіктері және т.б.) және қимыл-қозғалту (кеңейту, тарылту, жылжыту тәрізді) қызметін атқарады. Бұл еттер унитарлы (бірыңғайлы) және мультиунитарлы болып бөлінеді және еріксіз еттерге жатады, сондықтан адам олардың жиырылу қасиетін өз еркімен бақылауға ала алмайды.
Қаңқа еттерінің физиологиялық қасиеттері: 1) қозғыштығы (жүйке талшығымен салыстырғанда төмен, себебі еттің МП шамасы төмен); 2) өткізгіштігі жүйкемен салыстырғанда баяу, шамамен 10-13 м/с; 3) рефрактерлігі (жүйке талшығына қарағанда ұзақтығы көп уақытқа созылады); 4) лабильдігі – 250-350 Гц; 5) жиырылғыштығы (ет талшығының қысқаруы немесе қатаюы). 6) созылғыштығы (серпімділігі) – қатты созылған ет талшығының оны босатқанда қалпына қайта келу қабілеті.
Бұлшықеттердің жиырылу түрлері. Бұлшықеттердің жиырылу сипатына байланысты үш режимі бар: изометриялык, изотониялық және ауксотониялық. Ауксотониялық жиырылу деп бұлшықет бір мезгілде қысқаруы мен оның тонусының (шиырығуы) күшеюін айтады. Бұл жиырылу табиғи қозғалыс актілерінде кездеседі және екі түрлі болады: эксцентриялық - ет тонусының күшеюі оның ұзаруымен жалғасады (мысалы, отыру кезінде) және концентриялық – ет тонусының күшеюі оның қысқаруымен жалғасады (мысалы, тұру кезінде аяқтардың жазылуы). Изометриялық жиырылу деп бұлшықеттің ұзындығы өзгермей, тек оның тонусының күшеюін (еттің қатаюын) айтады. Мұндай жиырылуды тәжірибеде байқауға болады, егер еттің екі жағынан қозғалмайтындай етіп бекіткенде, оның қысқаруға мүмкіндігі болмайды, ал табиғи жағдайда – отырып тұру кезінде және дене қалпын бекітуде болады.
Изотониялық жиырылу деп бұлшықеттің тонусы өзгермей, тек оның қысқаруын айтады. Мұндай жиырылуды бір жағынан ілінген, екінші жағы бос (жүксіз) етті тітіркендіргенде байқауға болады. Бұлшықеттердің жиырылу ұзақтығына байланысты екі түрін ажыратады: жеке және сіресіп (тетанустық) жиырылу. Ет талшығының жеке жиырылуы деп оны бір рет қана тітіркендіргенде байқалатын жауабын айтады. Тәжірибеде бақаның балтыр етін тікелей немесе жүйке арқылы жеке серпінді электрлік тітіркендірумен әсер еткендегі жеке жиырылу сызығын миографқа жазып алуға болады. Сонда жеке жиырылу қисығы – жасырын (латенттік, 5 мс), қысқару (40-45 мс), босаңсу (50-60мс) кезеңдерінен тұрады. Жалпы жеке жиырылу ұзақтығы 95-110 мс болады. Қаңқа еттері жеке жиырылу режимінде жұмыс атқарады, егер мотонейрондардың бір ізділік серпіндерінің арасындағы интервалы жеке жиырылу ұзақтығына тең немесе одан жоғары болған жағдайда. Сіресіп (тетанустық) жиырылу деп бұлшықетке ырғақты және жиі тітіркендірумен әсер еткенде оның ұзақ және тұтас жиырылуын айтады. Сіресіп (тетанустық) жиырылудың негізіне жеке жиырылудың жинақталу құбылысы жатады. Бұл құбылыс - бұлшықет талшығына немесе тұтас етке екі және оданда жиі бірінен соң бірі тез келетін серпіндер (тітіркендіру) әсерінен пайда болатын жиырылу амплитудасының жоғарылауы мен ұзақтығының ұлғаюы. Жинақталудың екі түрі бар: шала және толық. Егер еттің жеке жиырылуының қысқару кезеңінде жиі тітіркендірумен әсер етсе, серпіндер жинақталып еттің жиырылуын одан әрі күшейтеді, бұл толық жинақталу деп аталады. Мүндай да еттің босаңсуға мүмкіндігі болмайды да, ол ұзақ және күштірек сіресіп жиырылады. Мұны тегіс (жазық) тетанус деп атайды. Ал тітіркендіру серпіндері жеке жиырылудың босаңсу кезеңіне сәйкес келсе, онда ет солған жерінен бастап қайтадан күштірек жиырылып жауап береді, бұл шала жинақталу деп аталады. Осындай жинақталу нәтижесінде тісті (өркешті) тетанус байқалады. Тегіс тетануста дамитын еттің қатаюы, жеке жиырылумен салыстырғанда, 2-4 есе жоғары болады.
Тетанустағы жинақталудың максималды болуы, әрбір тітіркендіру серпінінен кейінгі саркоплазмалықретикулумдегі Ca2+иондары концентрациясының біртіндеп жоғарылауымен байланысты. Тісті тетануста Ca2+ иондарының бір бөлігі Ca2+-АҮФ-азаның көмегімен саркоплазмалықретикулумге қайта оралады, ал жеке жиырылудың босаңсу кезеңінде Ca2+ иондары концентрациясы қалыпты жағдайға келеді (10-8 М).
Достарыңызбен бөлісу: |