Бастаңғы — қазақ жастарының дәстүрлі сауықтарының бірі. Үйдің үлкендері жолаушылап кеткенде ауылдың қыз-келіншектері сол үйге жиналып, Бастаңғы жасайды. “Қызға қырық үйден тыйым” деген берік қағиданы ұстанған қазақ қыздары, әдетте, мұндай басқосуға жеңгелерімен немесе іні-қарындастарымен бірге келетін болған. Кейде жиын қызықты өтуі үшін сал-сері бозбалалар да шақырылған. Бастаңғыға жиналған қыздар үйлерінен құрт-май, қант-шайларын өздері әкеліп, ортақ дастарқан жайған. Бастаңғының екі түрлі тәрбиелік мәні бар. Алғашқысы баласының үйде отырып томаға-тұйық болып қалмауына, елмен араласуына, замандастарымен жақын танысуына жол ашу; қонақ күте білуге баулу. Енді бірі — қызды қазан-аяқ ұстауға, дастарқан жасай білуге, т.б. үйрету. Сондықтан Бастаңғыны көбіне қызы бойжете бастаған үйлер жасаған. Бірақ Бастаңғы рұқсатсыз, бақылаусыз өтпеген. Өйткені, “шешесі қыдырмашы болса, қызы бастаншыл болады” деген сөз бар. Басқосу барысында жастар әзіл-оспақ айтысып, ұлттық ойындар ойнап, ән салып, күй тартып, әр түрлі өнерлерін ортаға салған [95].
2) Ұлы ақын шығармаларынан:
Абай тіліндегі фразеологизмді жалпы халықтық тілден, сонымен бірге өзіне дейінгі ауызша әдеби тілден алып қолданған және ақынның өзі жасаған тіркестері деп бөліп қараған абзал. Ғасырлар бойы сұрыпталып, тұрақталған тіркестерді пайдалану жалғыз Абайдың емес, әрбір қаламгердің әдісі, бірақ, мұнда әр ақын-жазушының фразеологизмдерді таңдауы, құбылтуы, қолдану орны, жиілігі т.б. жағынан өзіне тән қолтаңбасы көрінеді. Белгілі бір тілдегі фразеологизмдер байлығы қай автордың тілінде де негізгі тілдік және поэтикалық құрал ретінде кәдеге асырылған.
Абай да, әсіресе, өлеңдерінде халық қазынасына жататын тұрақты тіркестерді еркін қолданған. Мыс., оның өлеңдеріндегі қас сағыну, қас сағынбау, із жоғалту, көзге ұру, қырымға қарау, титығы құру, табанынан тозу, намысқа шашу, тілін безеу, басқа шауып, төске өрлеу, араны тоймау, малма сапсу, шылбыр беру, шаужайынан қағу, табанынан таусылу, қырқын мінсе қыр артылмау сияқты қимыл, іс-әрекетке қатысты образды тұрақты тіркестер – қазақтың жалпы халықтық тілінің ертеден келе жатқан мүлкі. Сондай-ақ, жасөспірім, ақ көңіл, ақ пейіл, ер көкірек, жау жүрек тәрізді сындық мәнді фразеологизмдерді де Абай халықтық қордан алып жұмсаған.
Абай заманыңда бірқатар фразеологизмдер әлеуметтік жаңа қарым-қатынас, жаңа құбылыстарға байланысты туған қолданыстар болатын. Мыс: шенді шекпен кию, басына іс тусу, ат мініп, ақша ұстау, жер аудару, жалға жүру, закон сұрау деген тіркестер қазақ даласына келген жаңа әлеуметтік немесе экономикалық қарым-катынастарға қатысты пайда болған 19 ғасырдың екінші жартысының туындылары. Заманға қарай өмірге келген жаңа сездерді жиі қолданғаны сияқты, ақын мұндай тың тіркестерді де жатсынбай қабылдайды. Оның үстіне Абай тілінен орынға сайлану, түсіп қалу (әкімш. орыннан айрылу), байға кірісу, міндетті болу (халыққа не ұлыққа) тәрізді заманалық жаңа сөз орамдары табылады.
Фразеологизмдерді қолдануда ақын қазақ көркем сөзі тіліне үлкен үлес қосты, ол үлес перифрастикалық тіркестерді мол қолданудан, жаңа тіркестер жасаудан және кәнігі фразеологизмдерді тұлғалық құрылымдық түрін өзгертіп жұмсаудан көрінеді. Фразеология саласында Абай әкелген өзгеріс, жаңалықтардың келесі турі оның қаламынан жаңа тіркестер туғызуында.
Фразеологиялық тіркестер – семантикалық шоғырлар, яғни, жеке сөздер білдіретін мағыналардың бір-бірімен түйісуінен туған жаңа семантикалық бірлік. Абай образ жасауда, айтпақ ойына экспрессивтік сипат беруде жеке сөздерді бір-бірімен тіркестірудің сарқылмас бұлағы сияқты екенін жақсы түсінген. Сондықтан қызметі мен құрылымы жағынан әр алуан жаңа фразеологизмдерді ұсынады.
Олардың үлкен бір тобына семантикасы жағынан бір-біріне жанаспайтын сөздерді тіркестіріп жасағандары жатады. Мыс., көңілдің жайлауы деген жаңа фразеологизмде көңіл деген дерексіз ұғым жайлау деген нақты зат атауымен қабыспауға тиісті еді, бірақ, ақын көңіл сияқты абстракцияны жайлау тәрізді әрі шалқыған кең, әрі жадыраған «дүние» деп таныту үшін бұл кереғар екі ұғымды бір-біріне жанастырып, жаңа ассоциация туғызады.
Көңілге ажым салу деген жаңа фразеологизм де соны образ әрі оның экспрессивтік бояуы бұрынғы көңілі қалу, көңілі жабырқау дегендерге қарағанда әлдеқайда қою. Олжалау, пайдалану (біреудің еңбегін, күшін, ойын т.б.) деген сездер тұрғанда адам аулау, адам сауу деген фразеологизмдерді ұсынғанда да Абай мағыналары жуыспайтын ұғым атауларын (ауланатын аң, құс, сауылатын мал) тіркестіріп жаңа образ жасайды, соңғы тіркестердің әсері алдыңғы етістік сөздерден әлдеқайда күшті екенін Абай жақсы білген. Оның тіліндегі бойды ұрлау (ұрланатын қолға ұстайтын зат болу керек қой), жүрегін ұстап сату (сатылатын зат, бұйымдар болуы керек), иман жүзін тоздыру (тозатын киім, бұйымдар болуы керек еді) деген фразеологизмдер де осы қатардан табылады. Бұлар, бір жағынан, метафоралық тіркестер, яғни, мағына ауыстырып айту құралы ретінде көрінеді. Бұл типтес фразеологизмдер сан жағынан да, сонылығы жағынан да көзге бірден түсіп, Абайдың қазақ фразеологиясына қосқан үлкен үлесі болып танылады.
Абай қазақ тілінің фразеологиялық қазынасына орыс тілінен тікелей аудару (калька жолымен) арқылы жасалған жаңа тіркестер қосты. Әрине, бұлар сан жағынан көп емес, бірақ, сол аз фактінің өзі қазақ поэзия тілінде Абайдан басталғанын көрсетеді. Мыс: Қартаң бай, қатты сақ бол, тілге көнсең, Мүйіз шығар қатынның тіліне ерсең (1, 200); мүйіз шығу тіркесінің дағдылы мағынасы мерейі үстем болу, ал Абайдағы мағынасы әйелі көзіне шөп салған еркектің халі, орысша «быть рогатым» дегеннің калька жолымен туған қазақшасы.
Осы қатарға «Кептерше сүйініскен демалыс бар», «Дүниедегі қызықтың бүгін бәрі, Саған салқын тартқандай, сен - бір кәрі» дегендердегі кептерше сүйінісу – ворковать как голубки, салқын тарту – постывать (Лермонтовтың «Пускай теперь прекрасный свет Тебе постыл – ты слеп, ты сед» деген жолдарының аудармасынан) тәрізді фразеологизмдері де жатады. Сондай-ақ, тактісіне билеу, бір сағаттан бір сағат сияқты тіркестер де негізі өзге тілдік (плясать в такт, от часу на час) деп тұрған сияқты. Аударма немесе калька тіркестердің бірқатары Абайдың төл шығармаларында қолданылған, сондықтан бұл әдіс тек аударма үстінде, шарасыздықтан қолданылған емес, орыс тілінің көркемдік дүниесін игеру, жарату сияқты талаптан туған деуге болады.
Абай бұрынғы фразеологизмдерді өзгертіп қолданғанда, екі түрлі әдіске жүгінеді: бірі – тұрақты тіркестің құрамындағы сөздердің бір-екеуін өзге сөздермен (кебінесе, синонимдерімен) ауыстырып қолдану. Мыс: ант бұзу дегенді ант шайқау, ақылы кірдіні, ақылға ену, ар-ұяттан безуді ардан кету, ауызға сөз түспедіні тілге сөз түспеді деп құбылту немесе өтірікті жүндей сабауды өтірікті судай ағызудың орнына өзгертіп құру – Абай тіліне тән. Бұл тәсіл Абайда жүйеге айналған.
Байырғы фразеологизмдерді өзгертуде екінші қолданған әдісі – тілде қалыптасқан тұрақты тіркестің идеясын алып, яғни, мағынасын қуалап, соның ізімен жаңасын жасау. Мыс: Абай заманына дейін де қазақ тұрмысында көліктің майын, аттың майын пайдалану (сұрау, беру) деген тіркестер болған. Осылардың идеясын (мағынасын) алып, Ақын көздің майы, сөздің майын аямау деген тіркестер құрады. Көліктің немесе аттың майы дегенде, «аттың күші» деген ұғым беретін болса, кездің майы, сөздің майы дегендерде де Абай осы идеяны пайдаланады: көздің майын ағызу – көздің күші жасында болса, соны төгіп, «қалқаға сөз айту», сөздің майын аямау – сөз беретін күш-құдіретті аямай, барын айту.
Пысық адамды әдетте еті тірі кісі дейді, осы мағынаны пайдаланып, Абай көңілі тірі деген тіркес жасайды. Жақын тарту, іш тарту деген кәнігі фразеологизмдерді тарту сөзінің мағынасына иек артып, қайратсыз тарту, ыстық тарту, салбыраңқы тарту деген жаңа тіркестер ұсынады. Пайдасы тию, зияны тию дегендердің үлгісімен панасы тию, еңбегін жалдау, күшін жалдау дегендердің үлгісімен жан жалдау сияқты соны тіркестерді дүниеге келтіреді. Абай тілінде осылар сияқты ондаған жаңа фразеологизмдер, бір жағынан, тың образдар жасап, поэтикалық құралдарға айналып жатса, екінші жағынан, қазақ әдеби тілінің, оның ішінде өлең тілінің фразеология құрамын байытып, жаңа түрлерін қосты [96].
Достарыңызбен бөлісу: |