Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама – 1723 жылы ерте көктемде жоңғарлар қазақ жеріне тағы да соғысуға келді. Шуна Дабо деген қалмақ басқарған бұл шайқас екі бағытта жүруі тиіс еді. Бірінші бағыт Қаратауды басып өтіп, Шу мен Талас өзендеріне шығу болса, екінші бағыт қазақтарға соққы беріп, Шыршық өзеніне жету болатын. Бұл жоспарды іске асыру үшін әскерлер жеті топқа бөлініп, оның бірі Жетісу Алатауының етегіндегі Балқаш көліне құятын төрт өзеннің бойына топтастырылды.
Қалмақтың ірі қолбасшысы Амурсана басқарған 70 мың адамнан тұратын екінші бір тобы Іле өзені бойына, Кеген өзенінің солтүстік жағасына, Нарын өзенінің күншығыс жағындағы Кетпен тауы баурайына орналасты. Бейғам отырған қазақтар аямай қырылды. Жоңғарлар Жетісуды, Ұлы жүзді қырып-жойып, Ұлы жүз, Кіші жүз жеріне де жетті. Халық басы ауған жаққа шұбырды. Ұлы Жүз бен Орта Жүздің қазақтары Самарқан мен Ходжентке қарай шұбырды. Кіші жүз қазағы Хиуа мен Бұхараға ағылды. Босқындардың біразы Сырдың сол жағындағы Алакөл маңына топтасты. Халық бұл кезеңді «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деп атады [95].
Есімханның ескі жолы, Қасымханның қасқа жолы– Есім ханның билігі тұсында (1598-1645) халық жадында «Есім салған ескі жол» деген атпен қалған әдет-ғұрып нормаларын қалыптастырған конституциялық құжат болғаны белгілі. Мұны «Есімнің заңы» деп ұққан жөн. Бірақ оның көктен алынбағанын, өз заманының орайы мен талабына қарай Есім хан мен оның кеңесшілері өңдеп, толықтырған баяғы «Қасым салған қасқа жолдың» бір нұсқасы екенін де естен шығармаған абзал. Түптеп келгенде, «Есім салған ескі жол» деген сөздің мәні де Есім ханның тұсында жасалған даналық заңдарға байланысты айтылған. Қоныс-тұраққа, мал-мүлікке, адамдар арасындағы қарым-қатынасқа қатысты туындайтын дау-шардың шешімдері осы кезде сараланды.
Тар жол, тайғақ кешу (Сәкен Сейфуллин) – Дәуір ұранына сәйкес қазақ топырағында тарихи-революциялық тақырыпқа барған тұңғыш роман-эссе – «Тар жол, тайғақ кешу». Шығармада 1916-1919 жылдардың оқиғалары қамтылады. Әрине, таптық ұстанымға сүйенген автордың Алашорда арыстары жайындағы қайсы бір пікірлері бүгінгі көзқарасқа көп ретте қайшы келетіні де рас. «Тар жол, тайғақ кешу» - ең алдымен тарихи, әдеби факт және көркем мәтін. Ал әр мәтін әр заманда әртүрлі оқыла береді [97].