Диссертациясы Сәйділ Талжанов



бет14/29
Дата08.06.2018
өлшемі0,75 Mb.
#42128
түріДиссертация
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   29

Аударманың сапасы сол елдегі төл әдебиеттің сапасына сай келеді. Көш бастайтын төл әдебиеттің соңына еріп, аударма әдебиеті жедел жүреді. Кейде аударма әдебиетті де төл әдебиеттің өсіп-өркендеуіне көмек беріп отырады.

Революцияға дейін біздің қазақ әдебиетіне И.А.Крылов, И.И.Хемницер, И.А.Буниндердің ұсақ-ұсақ мысалдары, А.С.Пуш–







1 Х.Х.Махмудов. «К вопросу о сравнительно-историческом методе и критике четырех элементного анализа Н.Я.Марра». Вестник АНКССР №4, 1951, стр.45.

кин, М.ЮЛермонтовтардың қысқа-қысқа үзінді өлеңдері аударылды. Аударушылардың бәрі де шет-пұшпақтап болмаса, түгел бір авторды сарқа аударған жоқ еді, тіпті бір автордың кесек бір шығармасын да бүтіндей аударып бере алмады. Өйткені, ол кезде қазаққа мұсылман дінін уағыздау үшін келген, шала-шарпы түсінілетін иран, араб, шағатай тілі араласқан шұбар өлең-қыссалар: «Салсал», «Зарқұм», «Қараман-Қатырандар» болмаса, қарапайым халықтың өзіне етене түсінікті, өзіне тән бір де бір күрделі шығарма болмады. Әлгі айтылған қысалар әсерін тигізіп, өзіміздің тілге бір табан да болса бейімделіп жазылған «Балғұмбағыр», «Дариға қыз»,

«Мұңлық-Зарлық», «Шәкір-шәкіреттер» шықты. Осылардан кейінірек келіп

«Қалқаман-Мамыр», «Еңлік-Кебектер» басылды.

Алғашқы ояну дәуірінде, ежелден орын тепкен шығыс әдебиетінің әсері арыла қоймады. Бұл әсер Ыбрай, Абайларда да болды. Бері келе прогресшіл өскелең орыс әдебиетінің үлгісін қолданғандар да солар болды. Бері келе Мұхамметжан Сералиннің «Топ-жарған» хикаясы /1900 жыл/, «Гүл Қашимасы», Тайыр Жомартбаевтың «Қыз көрелік» романы /44-ақ бет, 1912 жыл/, Спандияр Көбеевтің «Қалың мал» романы /90 бет, 1913 жыл/, Сәкен Сейфуллиннің, Сұлтан Махмұт Торайғыровтың уақ өлеңдері қазақ тілінде жарық көрді.

Төл әдебиетіміздің осындай шағын көлеміне сай Спандияр Көбеевтің

«Үлгілі тәржімесі» /аудармасы/, Бекет Өтетілеуовтың аударған ұсақ мысалдар, қысқа-қысқа өлеңдер жарияланды. Төл әдебиеттің шеңберінен аударма әдебиеті озып кете алмады. Төл әдебиеттің өрістеуі де сол халықтың саяси-экономикалық жағдайына байланысты еді. Қазақ елі ол заманда мал өсіруді күйттеп,

шөбі шүйгін, суаты жайлы өңірді қуалап, бір жұртқа он күн аялдай алмай көшіп-қонып жүрді, аттың жалында, түйенің қомында болды. Сондықтан салалы романдардың тууына бөгет жасаған екінші жағдай осы еді.

Мұндай жәйт орыс халқының әдебиетінде де болғаны мәлім. Мысалы, орыс әдебиет тарихының атасы Антио Кантемир «Ғылымды қорлаушыларға»

/«На хулящих ученье»/ деген өлеңін 1729 жылы жазды, Михайло Ломоносовтың «Хотинді алған күні» /«На взятие Хотина»/ атты өлеңі 1739 жылы шықты1. Осылардың бәрі шағын тақырыпқа жазылған уақ өлеңдер болатын. Өнеге үлгісі жоқ, өз елінде кең тынысты, толық қанды күрделі романдар әлі жазыла қоймаған орыс тіліне Гомер, Шекспир, Сервантес, Ф.Вольтер, Гете, Шиллер, Гейнелер әлгі айтылған Кантемир, Ломоносовтардан жүз жыл кейін келіп аударылды. Бұлардың аударылуына құнарлы жағдай туды – әдеби ұғым, әдеби талғам, әдеби тіл пайда болды.

А.С.Пушкин, Н.В.Гоголь заманы басталды.

Алайда, сол кезде В.Г.Белинский мақтаған, сахнада – Павел Степанович Мочаловтай артист ойнаған, Николай Алексеевич Полевой аударған Шекспирдің «Гамлетін» де орыс жұртшылығы қазір ұмытып кетті, өйткені

«Гамлет» одан кейін 30 рет аударылды ғой. ХІХ ғасырдың бірінші ширегінен бастап орыс әдебиеті қаулап өсті. Аудармаға көзқарас та, аударманың әдеби- тілдік нормалары да қалыптасып, әр дәуірге сай құбылып, төл әдебиет сатысына сай өсіп отырды. Сонау А.С.Пушкин заманынан осы күнге дейін

«Гамлеттің» отыз қайтара аударылуы, «Фаустың» 2 да сан рет






1 В.Г.Белинский. В трех томах, том ІІ, М., 1948, стр.738.

2 Гете Иоганн Вольфганг /1749-1832/ – жазған аты-шулы «Фауст» атты поэманы айтып отырмыз /С.Т./

аударылуы осы пікірімізді дәлелдей алады.

«Аудару» мен «Ауыстыру» /«перевод и переделка»/ арасында орыс елінің ХҮІІІ-ғасырында айырма болған жоқ. Сол кезде Гомерді Ермил Иванович Костров /1750-1796/, Шекспирдің «Гамлетін» – Александр Петрович Сумароков /1717-1777/, «Юлий Цезарін» Николай Михайлович Карамзин

/1766-1826/, Шахразада /«Мың бір түн»/ ертегілерін Филатов аударды. Сол аудармалар арқылы дүниежүзілік ұлы бейнелермен қазір танысам деудің өзі қиын. Заман ауысты, аудармаға қойылатын шарт та өзгерді, тіл мен әдебиет те жаңғырды, оның үстіне «Ломоносов пен Державиннен бастап Горький мен Маяковскийге дейін қандай ұзақ уақыт өтті?1 – дейді П.М.Топер.

Сөйтіп, ХҮІІІ ғасырда орыс тіліне аударғандар: Кантемир, Сумароков, Богданович, Херасков, Капнист Карамзин, Радищев тағы басқалар еді. Аударма ХҮІІІ-ғасырдың екінші жартысында қауырт шыға бастады, дәлін айтқанда 1768 жылдан бастап «собрание, старающееся о переводе иностранных книг на Российский язык» атты жинақ ерекше шығып тұрды. Ол аудармалар ХІХ ғасырдың өзінде-ақ үмітсіз ұмтылды. Өйткені, сахнаға енді Пушкин, Гоголь, Грибоедов, Лермонтов, Белинский, Чернышевский, Добролюбов, Достоевский, Тургенев, Л.Н.Толстой, Писарев, Гончаров, Островский, Салтыков-Щедрин, Чехов, Короленколар шықты. Орыс әдебиеті шарықтап шыңға көтерілді. Бұл мезгілді орыс әдебиетінің «алтын ғасыры» деп атаса артық болмайды. Көркем аударма да бұрынғы «долбардан» ауысып жаңа арнаға түсті. Көш басшы төл әдебиеті себін тигізді.




1 «Вопросы художественного перевода» М., 1955, «Традиция реализма» атты Т.Топер жазған мақаланың 46-47 беттерін қараңыз /С.Т./

Міне, осы із, өз шама-шарқынша, біздің қазақ әдебиетінде де болды. Жоғарыда да көрсеттік, тағы пысықталық, әдебиеттің көлемі шағын кезінде өз бойына шақтап келте мысал, уақ өлеңдер аударылса, бері келе совет дәуірінде Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешуі», Мұхтар Әуезовтың

«Қорғансыздың күні», «Қараш-қараш», «Көксерек» әңгімелері; Сәбит Мұқановтың «Сұлу Шашы», «Адасқандары»; Бейімбет Майлиннің

«Шұғасы», «Раушан коммунисі»; Ілияс Жансүгіровтың «Күйі»,

«Жолдастары»; Ғабит Мүсреповтің «Тулаған толқындасы», «Көк үйдегі көршілері»; Сабыр Шариповтың «Алты басары», Мәжит Дәулетбаевтың

«Қызылжары», Жақан Сыздықовтың «Әлі қарттың әңгімесі», «Май көл тамы»; Өтебай Тұрманжановтың, Әбділдә Тәжібаевтың, Асқар Тоқмағамбетовтың, Тайыр Жароковтың өзекті-ойлы өлең-поэмалары тағысын тағылар жарық көрді. Осылармен құйрық тістесе көлемді аудармалар да елес берді. Қазақ тіліне 1928 жылы Гогольдың «Үйленуі», 1931 жылы Шекспирдің «Гамлеті», 1932 жылы Гогольдің «Өлі жандары»; 1935 жылы Горькийдің «Менің университеттерім»; Достоевскийдің

«Бишаралары»1 т.б. басылды. Осы аудармалардың бұрынғы «долбармен»

салыстырғанда түп-нұсқаға таяулығы, ілкім тәуірлігі бола тұрса да ескі әдеттен, «түсінікті» ету үшін шұбалаңдатудан, өзінше жорамалдаудан әлі арыла қойған жоқ еді. Бері келе, 40-шы, 50-шы жылдар қарсаңында өзіміздің төл әдебиетіміз адымдап алға аяқ басты. Мұхтар Әуезовтай, Сәбит Мұқановтай, Ғабит Мүсіреповтай, Ғабиден Мұстафиндей заманымыздың кесек жазушылары, совет дәуіріндегі қазақ классиктері кең тынысты, өткір ойлы, ірі-ірі шығармалар берді. «Абай» эпопеясы «Ботакөз», «Сыр-Дарья»,

«Оянған өлке», «Шығанақ» тә–




1 «Үйлену» мен «Гамлетті» – М.Дәулетбаев, «Өлі жандарды» Қ.Тайшықов, «Менің университтерімді» М.Қаратаев, «Бишараларды» осы жолдардың иесі аударды.

різді көркем прозамыздың сүбелі туындылары кесек-кесегімен жарияланды. Поэзия жанрында Әбділдә Тәжібаев, Тайыр Жароков, Қажым Жұмалиев, Асқар Тоқмағамбетов, Ғали Орманов, Қасым Аманжолов, Қалижан Бекхожиндердің көлемді поэмалары – өлеңдері әдебиет сахнасына шықты. Бұрын болмаған көрнекті үлгілер жасалды. Екінші буындағы Мұқамметжан Қаратаев, Хамза Есенжанов, Тақауи Ақтанов, Тәкен Әлімқұлов, Әбжәміл Нұрпеисов, Зеин Шашкин сынды өнерлі прозаиктер келіп ұлы додаға араласты. Әдебиеттану ғылымының зерттеушілері, талғампаз сыншылар – Бейсембай Кенжебаев, Мұқамметжан Қаратаев, Есмағамбет Ысмаилов, Темірғали Нұртазин, Белгібай Шалабаевтар шығып әдебиетке әділ биліктерін айтты. Сөйтіп төл әдебиетіміз өркендеп өсті де, аудармаға үлгі жасалды.

Әдеби ұғым, әдеби талғам туды. Міне бұл жайт аударушыларға көп жеңілдік жасады. Көркем аударманың ержетуіне қолғабысын тигізген үшінші себеп осы.

Бірте-бірте қазақ тілінің грамматикалық нормалары қалыптасты. Тіл ғылымының білімпаздары: Құдайберген Жұбанов, Сәрсен Аманжолов, Ісмет Кеңесбаев, Нығмет Сауранбаев, Мәулен Балақаев, Ғайнеддин Мұсабаев, Ахмеди Ысқақов, Аққал Хасенова, Әзизә Нұрмақанова тағы басқалар ат салысты. Аударушыларға туған ендігі бір үлкен жеңілдік осы болды.

Тұжыра айтсақ аударма әдебиетінің марқайып өсуі үшін тиянақ-тірек болған бірінші жеңілдік ауысу, араласу арқылы ортақ сөз, ортақ ұғым көбейді. Екіншісі төл әдебиетіміз өсті де аудармаға үлгі жасалды. Үшінші жеңілдік тіліміздің қалыптасуы – тіл ғалымдарының ат салысуы дер едік. Ал енді біздің ойымызша осы үшеуіне қосылатын тағы бір жеңілдік бар тәрізді.

Ол жеңілдік бөгде елдердің әдебиетіндегі, әсіресе орыс классиктерінің шығармаларындағы кейіпкерлердің қазақ еліне, қазақ ұғымына жат еместігі. Орыс жазушыларында әсіресе Гогольде кездесетін бейнелердің мінез-құлқы да, мәдени мешеулігі де қазақ елінде болған шындыққа жақын тұрады. Мысалы, мекіре балықты жалғыз жейтін жалмауыз, көрінгеннің аяғын басып кететін сөлекет, тірі жанды жақтырмайтын, барлық елді сыртынан ғайбаттап, ылғи өсек айтып отыратын Собакевич – «Тай сойғанның Итбаевынан» аса алыс емес сияқты. Екі иығынан демін алып, еліріп, танаурап жүретін, төбелесті сатып алатын суайт Ноздрев біздің қазақ елінде кездеспейтін кейіпкер деуге болмас! Абай мысқылдаған алаяқтардың бәрі де осылардың жақын туыстарындай. Гогольдың өзі айтпақшы: «Мүмкін, олар басқа шапан

/кафтан/ киіп жүрген болар...» – Сондай-ақ кешегі күні біздің елде Плюшкин, Манилов, Коробочкалар болса, бері келе Хлестаковтар да туды ғой. Өйткені, Бейімбет Майлиннің Талтаңбайы Хлестаковтан кем соға қоймас! Әрине, Анна Каренина образын бере қою қиын, одан біздің қазақ халқына Татьяна бейнесі түсінікті. Онегин мен Чацкий, Рудин мен Печориндер де оңай емес! Одан бізге Фамусов, Софиялар жақын тұр. Өйткені, Каренинадай әйелді, біздің ол кездегі оқушаларымыз ұғына алмас еді. Сүттей ұйып он жыл отасқан күйеуін, сегіз жасар баласын тастап, өзі жас, өзі суайт, желбуаз, Вронскийдің соңына ерген Аннаны, ақырында, опық жеп, поездың астына түсіп өлген Аннаны, тойып секірген сорақы қылықты елден шыққан Анна Аркадьевна Каренинаны түсіну оңай емес-ті, себебі, ол образ біздің әдеби өмірімізде қалыптасқан жоқ еді. Біздің Еңлік, Баян, Қамар Сұлу, Шұға, Сұлушаштар Анна мен Татьянаның арасында тұрғандар, бұлар Татьянадан ұзап кетпеген, Анна шеніне жетпеген бейнелер.

Онегин, Чацкий, Печорин, Рудиндер тәрізді үлкен оқыған, заманынан ойы да, бойы да озған «басы артық» /көзге шыққан сүйелдей/ адамдар да әдебиетімізде болған жоқ. Олардан гөрі кешегі қазақ халқының шынайы өмірінде көп ұшырайтын кескіндер Ноздрев, Собакевич, Плюшкиндер ғой. Міне, осы жағынан алғанда Гоголь адамдарының кейпі, олардың ой-өрісі бізге өте жақын келе береді. Түсінікті ойды, таныс кескінді суреттеп жеткізу оны өз жұртшылығына ұғындыру, тұрмыста қалыптаспаған бейнені беруден жеңіл болады.

Жоғарыда көрсетілген жеңілдіктер арқылы аударма әдебиеті жедел өсті. Ежелгі марғау аяңнан мардымды бағытқа ауысты. Бұл – әсіресе орыс халқымен тығыз байланысып, қоян қолтық алысқан кезеңде өрге өрледі. Орысшадан қазақшаға бұрынды, соңды аудармаларды шолып өткенде, қазақ елінің әр қилы мәдени сатысына сай, аудармада орын алған үш түрлі әдістің бар екенін байқаймыз.

Біріншісі: еркін аударма – бұл тәсіл – түпнұсқаның тілін, әдеби ырғағын жетік білмеуден, оригиналдың өзіне тән ерекшелігін сақтаудан гөрі, аудармашының өзіне тиімділігін көздеуден туады. Қысқасын айтқанда, еркін аударма әр бір елдің балаң кезінде, мәдени шеңбердің тараң кезінде пайда болады.

Мысалы, 1843 жылы орыс тіліне Фридрих Шиллердің «Вильгельм Телл» атты пьесасын Федор Богданович Миллер /1818-1881/ аударды1. Сол пьесаның рухын, өзіне тән ерекшелігін бере алмадың деп И.С.Тургенев Миллерге мынадай пікір айтты:





1 «Вильгельм Телль», драматическое представление в пяти действиях. Соч.Шиллера. Перевод Ф.Миллера.Москва. В университетской типографии 1843, В 8-ю д.л. 146 стр.

«Жалпы алғанда Миллер мырза жеңіл тілмен жатық жазады. Бірақ түпнұсқамен салыстырғанда қатесінің ұшы-қиыры жоқ... Ортақолды оқырмандар Миллерді мүдірмей оқып шығады, өйткені, бұдан бұрынғы Молчанов, Куражковский, Славин тағы басқаларға қарағанда мұны мақтамауымызға да болмайды, өйткені бұл /Миллер/ грамматиканы, өлең ережесін біледі, бейшара орыс тілін сорлатпайды...»1 - дейді.

«Жуковскийдің өлеңі өте жеңіл, тап-таза, мөп-мөлдір, мүлде қарапайым, бүлдіршіндей әдемі келеді. Бірақ, ол неміс пен ағылшын тілдеріндегі оригиналға тән ерекшілікті жылы жауып қояды да өзінше соғады, өзіне ыңғайлысын ғана алады. Сондықтан оның аудармасы көңілдегідей болып шықпайды...» 2 деген В.Г.Белинскийдің де пікірі бар.

Аудармадағы екінші әдіс – сөзбе сөз аудару. Бұл тәсіл, көбінесе, оригиналдың тілін мол түсінгендерде болады, соның әуеніне еріп, құлдық ұрудан шығады. Осыған қосымша ұлы елдің әдеби мұрасын аударғанда ұсақ елдің уәкілдері жаза басудан қаймығады да әрбір жеке сөздерін де, тіпті нүктелерінде дәл түсіруді күйттейді. Осының салдарынан барып аударма сіресіп шығады, істеп отырған еңбектерін аудармашылар да, оқырман жұртшылық та түсінбейтін болады. Мысал келтірелік, 1936 жылы А.С.Пушкиннің жүз жылдық мерекесіне арнап 3 томдық таңдамалы шығармалары қазақ тілінде жарық көрді. Аудармашылар да, редакциясын басқарғандар да өңшең ығай мен сығайлар еді. Сонда да болса ол аудармалар ешкімді де қанағаттандырмады. Өйткені,






1 И.С.Тургенев. том ХІ, М., 1956, стр. 11-13.

2 В.Г.Белинский. Полное собр.соч.том ҮІІІ, СПб., 1907, стр. 425, том ІІ, стр. 187, том Ү. стр.107

біріншіден, бізде аударма тәжірибесі әлі нығайған жоқ еді, екіншіден – Пушкинді сөзбе сөз береміз деп «сірестіріп» алдық, үшіншіден асығыстық

«науқаншылдық» әсерін тигізді, төртіншіден әдеби тіліміздің, әдеби ұғым, талғамның /вкус/ кемтарлығы да себеп болса керек.

Самуил Яковлевич Маршак атышулы Шекспирді аударған екен, сол аудармаға Валентин Берестов жазған «Судьба девяностого сонета» атты мақаласында: «.. в текст перевода может войти то, что не будучи названным, присутствует в оригинале. А то, что прямо названо в тескте подлинника может уйти в подтекст перевода», – 1 дейді. Ендеше оригиналдың подтексінде жасырын тұрған кейбір сөз аудармада тура аталуы да мүмкін екен. Дәл беруге қызу кіріскен кезде асыға қимылдап біздің аудармашылар мұндай жәйтті ол мезгілде ескере алмағандай.

Аударманың үшінші тәсілі – балама /адекватный/ аударма. Бұл ең қиын түрі. Мұны екі тілді бірдей білумен қатар, сол шетел оригиналының ішкі сырын сарқа түсінетіндер орындайды. Оның үстіне автордың дыбыс ырғағын, тілі әдемілігін, сөз қолдану мәнерін қалтқысыз жете ұғынатындар жасайды. Осыған қосымша екі елдің /аударушы ел мен аударылатын елдің/ мәдени сатысы бірдей болған мезгілде ығы-жығы білінбей тігісі жаттығып кетеді. Төл әдебиеті мен аударма әдебиетінің арасында айырма болмай қалады. Бұған бүгінгі орыс әдебиеті айғақ. Өйткені, Европа тілінен аударылған Бальзак пен Л.Н.Толстой бірдей оқылады. Ендеше, бұл ерте араласқан екі елдің мәдениет басқышы /ступень/ қаба-қатарлығын дәлелдейді. Баяғыда, осыдан




1 «Литературная газета» №113, 12/ІХ-1952.

124 жыл бұрын – 1847 жылы В.Г.Белинский айтқан екен: «По мере наших успехов в сближении с Европою запасы чуждых нам понятий будут все более и более истощаться и новым для нас будет только то, что ново и для самой Европы. Тогда... мы будем уже не догонять Европу, а идти с нею рядом, не говоря уже о том, что и язык русский с течением времени будет все более и более вырабатоваться, становиться гибче и определеннее» 1 – депті.

Ұлы сыншылың осы пікірін орыс әдебиеті мүлткісіз орындап шықты. Біздің ойымызша, тарихи тағдыры бір, өнеге-үлгісі, ортақ, саяси- экономикалық жағдайы да біркелкі совет дәуіріндегі орыс елі мен қазақ халқының мәдениеті, әдебиеті теңдесу мезгілі алыс емес тәрізді, дәл осы арада біз совет дәуіріндегі өсу-өркендеудің жедел жүретінін де ескеріп отырмыз.

Бүгінгі ғылым дүниесінде талас туып жүр. Ол – аударма тіл ғылымына жата ма немесе әдебиет зерттеу ғылымына жата ма? – деседі. Біздің айтарымыз – аударма екеуіне де жатады, екеуіне де молынан жетеді. Тек қана көркем шығармалардың аудармасына келгенде, мұның әдебиет ауқымына кіретінін ұмытпау керек.

Бөгде елдерден қазақ халқының ауызша аударып алуы, ауысуы жер өмірден келе жатқандай. Иран-Араб, монғол, шағатай тілдерінен ауысқан, ауызша айтылатын ертегілер, неше алуан ұсақ мысал-нақылдардың бар екенін ілгеріде толық айтып өттік. Орыс халқының кейбір көрнекті ғалымдары – И.Ю.Крачковский, Э.Е.Бертельс тәрізді шығыстану ғылымын зерттеушілері – иран, араб





1 В.Г.Белинский. «Взгляд на русскую литературу 1847 года», ст.І, Собр.соч.том. ІІІ, стр. 768-770.

ертегілерінің түп-негізі Үндіден /Индиядан/ келген деседі. Осы пікірін тиянақтау үшін олар – Кашмир /Индияда/ өлкесінде «Панчатантра» үшінші ғасырда жазылды, иран тіліне алтыншы ғасырда, араб тіліне сегізінші ғасырда аударылды, ал «Мың бір түн» араб елінің он бірінші ғасырдағы ертегісі, осы ертегіде «Панчатантрада» айтылатын нақылдардың бір талайы – ұшырасады деп түйіндейді.

Біздің қазақ тіліне орыс елінің көркем әдебиетінен аудару тәжірибесі ХІХ-ғасырдың екінші жарымынан басталды. Дәлін айтсақ, 1879 жылы Ыбрай Алтынсариннің «Киргизская /казахская С.Т./ хрестоматиясында» көрінді. Бұл орыс тілінен аудару дәстүрі еді. 1882 жылы орыс классиктерін Абай аударуға кірісті. 1892 жылы Алтынсарин аударған «Қарға мен түлкі» 1 атты И.А.Крыловтың мысалы шықты. 1900 жылы «Інжіл» 2 де аударылыпты. 1903 жылы «Капитан қызын» Молда Нияз Бекімов аударды. 1888 жылдан 1902 жылға дейін «Дала уалаяты» атты газет екі тілде /орыс-қазақ тілінде/ басылып тұрды. 1895 жылы 24 декабрьде /№49/ И.А.Крыловтың «Аю мен жапан дүзді мекен қылған жалғыз адамның мәжілісі» деген мысалы шықты, сол 1895 жылы /№22/ Г.И.Успенскийдің /1843-1902/ «Кім бахытты» деген әңгімесі шықты. 1898 жылы /№27, 28, 29, 30/ Мамин-Сибиряктың «Ақбоз аты» жарық көрді. 1900 жылы Л.Н.Толстойдың «Сурят Кофейнясы» / басылды. 1910 жылы «Үлгілі тәржімә» / «образцовый перевод» С.Т./ бөлек




1 «Дала уалаяты» газеті №51, 1892, 19 декабрь.

2 «Інжіл» деп қазақ Евангелеяны айтады. Араб елінің дінін ұстап отырып, оның тіліндегі «Құранды» аудармай, «Евангелияны» аударуда едәуір сыр жатқандай. Тіліне қарағанда аударушы Батыс Қазақстанның адамы болу керек, өйткені ішкі Россияға - Батыс Қазақстан жақын тұр ғой /С.Т./

кітап болып жарияланды, аударған Спандияр Көбеев еді. 1914 жылы Бекет Өтетілеуовтың аударған мысалдары шықты.

1905 жылы «Айқап» /«Әй, қап!» – «Увы»/ журналына А.П.Чеховтың

«Қара қарғасы» /«Грач»/ «Қазақ» газетіне «Хамелеон» басылды. Крылов, Короленко, Успенский, Л.Н.Толстойлар да сол кезде көрінді.

Аударма әдебиетінің қауырт өскені Ұлы Октябрь революциясынан кейін болды. Революцияның алғашқы жылдарында 1923 жылы А.С.Пушкиннің

«Дубровский» деген повесі өлеңмен аударылды. 1924-1926 жылдарда Л.Н.Толстойдың «Хаджи Мұраты», Горькийдің «Сұңқар жыры», Мамин- Сибиряктың «Ақбоз аты» басылды.

1923 жылы Гогольдің «Үйленуі» /«женитьба»/ атты пьесасы /аударған Мәжит Дәулетбаев/, Г.В.Плехановтың «Көркем өнер мен әлеумет өмірі» атты еңбегі /аударған Әшім Омаров/ шықты/ «Жаңа әдебиет» журналында үнемі басылып тұрды/. 1931 жылы Шекспирдің «Гамлеті» /аударған Мәжит Дәулетбаев/ басылды. 1932 жылы Гогольдың «Өлі жандары» /аударған Қадыр-Тайшықов/ жарық көрді. 1935 жылы «Менің университеттерім»

/аударған Мұхамметжан Қаратаев/ шықты. Ф.М.Достоевскийдің

«Бишаралары» басылды. 1936 жылы «Әдебиет майданы» атты журналда И.С.Тургеневтің «Әкелері мен балалары» / «Отцы и дети» аударған Ноян» – бұл жазушы Әлібек Қоңыратбаев еді – С.Т./ басылды. Сол 1936 жылы «Өлі жандар» түзетіліп қайта басылды. Пушкиннің 3 томдық таңдамалы шығармалары жарияланды.

Қазақ әдебиетінің даму жолдары көбінесе орыс әдебиетінде болып өткен жәйттерге үйлесе беретіндей. Мысалы, Шекспир, Сервантес, Гете, Шиллер, Байрондар орыс әдебиетіне баяғыда-ақ келіп

кірген-ді. Шекспирді сол кезде Сатин, Вельтман, Кетчер, Кронеберг, Катков, Бородиндер аударған екен. Шиллерді – Миллер, Гетені – Струговщиков, Вронченко1 тағы басқалар аударған.

Сол қарсаңда В.Г.Белинский айтыпты: «Осыдан жүз-ақ жыл бұрын біз хат танымаушы едік, ал қазір Ломоносов, Державин, Фонвизин, Карамзин, Крылов, Батюшков, Жуковский, Пушкин, Грибоедов тәрізді орыс халқының рухани мұның, келелі арманын жоқтайтын азаматтарымыз туды. Осылардың атын атап, ауызымды толтырып мақтана алатын болдық... тағы айтайыншы:

«халық өміріне, оның рухани мүддесіне сай бізде әлі әдебиет жоқ, бірақ осынша қысқа мерзімнің ішінде әдебиетіміз басталып отыр міне, табысымыз осы, бұл үлкен жетіскендік, келешектегі ұлы үмітіміздің кепілі бола алады, бірақ осының өзі де қазір бізді дәсерсітіп, мастандырмауы керек»,2 – депті.

Осы жағдай, біздің әдебиетке де жат емес. Мысалы «бұдан қырық жыл бұрын, дүнижүзілік әдебиет туындыларын былай қойғанда, орыс әдебиетінің бір де бір тұтас шығармасы қазақ тіліне аударылған жоқ-ты, ал қазірде жүздеген кітап аударылды. Осы фактінің өзі-ақ тек Октябрь социалистік революциясының арқасында ғана орыстың және жер жүзінің мәдениетіне қазақ халқының қолы жеткендігін сыпаттайды»,3 – деді 1958 жылы біздің қазіргі, белді сыншымыз Мұхамметжан Қаратаев.






1 Қазақ тіліне «Гамлетті» ең алғаш Мәжит Дәулетбаев осы Вронченкодан аударған екен, көп аудармадан қолына түскені болар, оны Мәжит өзі жазыпты: «Мен Борошенкодан аудардым» – депті. 1931 жылдары қазақта «В», «Ч» дыбыстары жоқ еді. Сонсоң екі дауыссыз дыбыстан «Вр», тағы сондай қос дауыссыз дыбыстан сөздің басталуы тіліміздің нормасында әлі қалыптаспаған еді. Сондықтан «Бороншенко» деп отыр /С.Т./

2 В.Г.Белинский. том І, 735-136 беттерін қараңыз /аударып алған С.Т./

3 М.Қаратаев. «Туған әдебиет туралы ойлар» – 1958 ж, 227 бетін қараңыз.

Осы екі сыншымыздың екеуіне де қосыла отырып айтарымыз: тарих үшін

«жүз жылдың» аз екені рас, ал «қырық жыл» одан да аз ғой! Алайда осы қырық, елу жылдың ішінде біздің әдебиетіміз қарыштап өсті. Бұған социалистік заман, революциялық жаңғыру кезеңі үлкен себін тигізді. Оның үстіне ертеде дұрыс тани алмай келген Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбаевтар қатарға кіріп бүгінгі үрім-бұтақтың сүйіп оқитын авторлары болды, совет дәуірінде бұлармен құйрық тістесе, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Сәбит Мұқанов, Мұқтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Ғаббас Тоғыжанов, Жақан Сыздықов, Ғабиден Мұстафин, Сапарғали Бегалин, Әбділдә Тәжібаев, Өтебай Тұрманжанов, Асқар Тоқмағамбетов, Қалмақан Әбдіқадыров, Ғалым Малдыбаев, Шахмет Құсайынов, Жұмабай Орманбаев, Мәжит Дәулетбаев, Тайыр Жароков, Ғали Орманов, Қажым Жұмашев, Әбу Сәрсенбаев, Әбжәміл Нүркенсов, Қасым Аманжолов, Диқан Әбілов, Мұқамметжан Қаратаев, Зейін Шашкин, Хамза Есенжанов, Есмағамбет Ысмаилов, Хамит Ерғалиев, Қалижан Бекхожин, Тақауи Ақтанов, Жұбан Молдағалиев, Сафуан Шаймерденов, Қуандық Шаңғытбаев, Сырбай Мәуленов, Ғафу Қайырбеков, Ілияс Есенберлин тағы басқалар келіп жедел шықты да өрге басты. Бұлар төл әдебиетіміздің де, аударма әдебиетіміздің де бетке ұстары болды.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   29




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет