Нарық және оның мәні. Нарықты (тауарлы) шаруашылықтың тарихи даму үрдісінде нарықтың мәні де, өзі де өзгерді, оның экономикадағы рөлі өсті.
Нарықтың объективті қажеттілігі тауарлы өндірістің қалыптасу қажеттілігін тударатын себептермен негізделеді. Нарықтың пайда болуының мынадай маңызды тарихи шарттары бар:
Бірінші шарт – қоғамдық еңбек бөлінісі және мамандандырылу. Адамдардың қандай да бір қауымдастығында шаруашылықтың бірде-бір мүшесі барлық экономикалық ресурстармен, экономикалық игіліктермен өзін-өзі толықтай қамтамасыз ете алмайды. Адамдардың жекелеген топтары шаруашылықтың әр алуан түрлерімен айналысады, яғни қандай да бір тауарларды өндіру қызметімен мамандандырылады. Бұл жағдай салыстырмалы басымдылық ұстанымдарымен түсіндіріледі, яғни жіберіп алған мүмкіншіліктерінің азғана бөлігіне қатысты өнім өндіреді.
Екінші шарт – өндірушілердің экономикалық ерекшелігі шаруашылық шешімдерін қабылдауда (не шығару, қалай шығару, өнідірілген өнімді кімге сату керек) толықтай тәуелсіз, дербес. Бұл ерекшелік тарихи жағынан жекеменшік негізінде пайда болады және ұжымдық меншікке таралады (кооперативтер, акционерлік қоғамдар, мемлекеттік мекемелер және т.б.). Егер қоғамда шаруашылық қызмет субъектілері жекеменшік құқығына ие болмаса, нарық өмір сүре алмайды.
Үшінші шарт – трансакциялық шығындар мәселесін шешу – жекеменшік құқығын беруге байланысты айырбас саласындағы шығындар. Олар субъект таңдап алған шаруашылық қызметіне рұқсат алуға (лицензиялар), тауардың қасиетін мөлшерлеу бойынша келісім жүргізу үшін ақпарат іздеуге байланысты шығындарды қосады.
Нарық жүйесінің тарихи дамуы.Алғашқы кезде нарық базар, бөлшек сауда, нарық алаңы ретінде қарастырылды. Бұл – нарықтың ең қарапайым, аясы тар ұғымы. Бұл нарықтың қауымдастықтар арасындағы айырбас жүйесі болып отыра бастаған кезде, тауар айырбасы түріне ене бастағанда, белгілі бір жерде, бір уақытта жүзеге асып отырған алғашқы қоғамдық құрылыс ыдыраған кезде пайда болғанымен түсіндіріледі. Алғашында нарық қарапайым түрге ие болды. Этнографтардың бақылауы бойынша, Калимантан аралы мен қазіргі Малайзия төңірегінде нарықтық қатынастардағы ерекшелік: сатып алушылар емін-еркін тауарларды көруі үшін сатушылар айырбас жасау мақсатында өз өнімдерін қойып кеткен. Егер сатып алушы оған ұсынылған тауарды алуға шешім қабылдаса, ол өз өнімін тастап кеткен, содан кейін сатушылар қайтып келіп, келісім берген жағдайда сатып алушы қалдырып кеткен заттарды алып, орнына өзінікін қойған. Қалалар мен қолөнердің дамуына байланысты сауда, нарықтық қатынастар кеңейе түскен, базарларға нақтылы орындар, сауда алаңдары бекітілген. Нарықтың мұндай ұғымы сөздің бір мағынасы, белгісі ретінде бүгінгі күнге дейін сақталған.
Қоғамдық еңбек бөлінісі тереңдей түсуіне және тауар өнімінің дамуымен «нарық» ұғымы әлемдік экономикалық әдебиетте көрініс тапқан күрделі түсінікке ие болды. Осылай, француз математигі, экономист О.Курно «нарық» ұғымын қандай да бір нарық алаңы деп емес, тұтастай алғанда, сатып алушылар мен сатушылардың қарым-қатынасы, бағалары жеңіл және тез теңеседі деп есептейді. Нарықтық экономика мынадай белгілермен:
экономикалық ресурстарға жекеменшіктің болуы;
нарыққа кедергісіз кіруді қамтамасыз ететін еркін бәсекелестік, экономиканың бір саласынан екіншісіне капиталдың құйылуы;
қандай технологиялар арқылы қандай көлемде, қандай өнім өндіруді, оны кімге сатуды өзі шешетін көптеген тәуелсіз өндірушілердің болуы;
қандай өндірушілерден қандай тауар сатып алуды өзі таңдайтын көптеген тұтынушылардың болуы;
кәсіпкерге бизнес саласын анықтауға мүмкіндік беретін, ал жұмысшыға еңбек нарығында еркін жүретін нарыққа қатысушылардың барлығының жеке еркіндігімен (жұмысшы күшін қосқанда);
ұсыныс пен сұраныс әсерімен баға қоюдың стихиялы сипатымен;
құнына қарай эквивалентті айырбаспен;
кәсіпкерлердің оларға ресурстарды үнемдеуге, жаңа техниканы ендіруге, жұмысшы күшін қалыпты жағдайда ұстауға мәжбүр ететін түсім түсірудегі ең жоғарғы деңгейге көтеруге бағыт алуымен сипатталады.
ХҮ-ХҮІІ ғасырларда Ұлы географиялық ашылулар, отарлау және жетекші елдер арасына отарларды бөлісу әлемдік нарықтық экономиканың алғашқы кезеңінің қалыптасуын – капиталдың алғашқы жинақталуын аяқтады. Батысеуропалық елдерде нарықтық инфрақұрылымның белгілері пайда болды. Әлемдік өркениеттің дамуында жаңа заманға өтуге байланысты Еуропа елдерінің экономикасы аграрлық қоғамнан индустриалдық қоғамға өтуге тиіс болды.
Өндірістік төңкеріске қолөнер мен мануфактуралық өндірістің әртүрлі салаларындағы жаңалықтар мен техникалық жетістіктер қосылды. Өнертапқыштар мен тәжірибешілер энергияның дәстүрлі көздерін – су мен желді тиімді пайдалануға ұмтылды. Осы мақсатта көлденең диірмен дөңгелегі жетілдірілді. Голландияда ХҮІ ғасырда айналып тұратын желдиірмендер кең таралды.
Көптеген өнертапқыш туындылар мен техникалық жетістіктер Англияда жасалды. Мұнда ғылым мен техникалық ойдың дамуына 1662 жылы Лондонда Корольдық қоғам, ағылшын Ғылым академиясының пайда болуы әсер етті. Осы қоғам аясында, негізінен, Оксфорд және Кембридж университеттеріндегідей гуманитарлық ғылымдар дамыды. Аз көлемде болса да, өндіріске қажетті кадрлар дайындау Глазго және Эдинбург шотландиялық университеттерінде, сонымен қатар Манчестер мен Бирменгем сияқты ірі өндіріс орталықтарында жүзеге асты.
«Қоршаудың» бастуымен Англияда шұға шығару дамыса, Англияның Үндістанға кіруімен мақта мата саласы дамыды. Үндістаннан алып келген мақта маталарды халық тез сатып алып отырды, бірақ оларға деген нарықтық сұраныс қанағаттарылмады.
Өнеркәсіптік төңкерістің екінші ірі жаңалығы бу машинасы болды (немесе бу қозғалтқышы). Бу машинасына ұқсас шахталардан су сорыпалатын бу насостары болып есептелді. Өндірістің басқа салаларында да қолдануға болатын әмбебеп бу қозғалтқышын 1769 жылы Дж.Уатт жасап шығарды.
Өнеркәсіптік төңкерістің үшінші негізгі белгісі тоқыма машиналары бар су қозғалтқышымен жұмыс істейтін фабриканың пайда болуы болды. Сондықтан олардың жұмыс істеуінің алғашқы кездерінде өзен жағасына салды. Алғашқы бу машинасын ойлап тапқан Д. Уатт пен бір жылда 1769 жылы фабрика салған Аркрайт болды. ХҮІІІ ғасыр соңында Англияда 150 фабрика жұмыс істеп, фабрика жүйесі пайда болды. 1785 жылы фабрикалардың бірінде Д. Уаттың бу машинасы орнатылды, 1790 жылы олар барлық жерлерде тарала бастады. Енді фабрикалар өзен жағасында емес басқа жерлерге де салына бастады. Тоқыма фабрикаларын салу 1820-1830 жылдары кеңінен таралды.