Қалас жамалов философия



бет7/62
Дата03.10.2022
өлшемі417,48 Kb.
#151479
түріОқулық
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   62
Байланысты:
филос.учебн.
КИС 2-курс ОМ каз-конвертирован, Реферат на тему Разговорный стиль речи , Срсп9.Педзерттеу.М.Адилям
ЕЖЕЛГІ ҮНДІ ФИЛОСОФИЯСЫ. Үнді – байырғы «діндер елі». Ежелгі Үнді философиясында діндарлық бағыт ашық көрініс тапты, ол түбірімен өз бастауын б.д.д. II-I мыңжылдықтар шамасында пайда болған Вед әдебиетіне (қасиетті ән-жырлардың ертедегі жинақтары т.б.) негізделген діннен алады. Осы уақытта Үнді жерінде мемлекеттік құрылымдар да пайда болып, діннен қолдау тапқан, қоғамның касталық бөлінуіне негіз болған төрт түрлі варналық қатынас өмірге енеді: абыздар (брахмандар) варнасы; әскер басы ақсүйектер (кшатрии) варнасы; жер өндеушілер, қолөнершілер, саудагерлер (вайшьи) варнасы; төменгі (шудра) варнасы. Текті абыздар отбасы қоғамда үлкен ықпалға және сауаттылық пен арнайы білімге ие болып, діни әдет-ғұрып, салт-дәстүрлердің дамуына әсерлерін тигізді.
Үнді әдебиетінің көне ескерткіші – Вед кітабы. Мұнда байырғы діни дүниетанымдық көзқарастармен астасқан әлем туралы, адам туралы бірсыпыра философиялық түсініктемелер көрсетілтен. Вед әдебиеті төрт түрлі топқа немесе бөлімдерге бөлінеді. Ең ескісі - Самхита. Ал баска бөлімдердің шығармашылық мазмұны осы Самхитаға жасалған толықтырулар мен түсіндірмелерден тұрады. Самхита төрт түрлі жинақты қамтиды. Олардың ең ертеде шыққаны - Ригведа, шамамен б.д.д. 1500 жылы жазылған діни гимндердің жинағы деп болжанады. Екінші бөлігі — Брахмандар - діни салт - жоралғылар жинағынан тұрады. Бұған буддизм дініне дейін өмір сүрген брахман діні сүйенеді. Вед әдебиетінің үшінші бөлігін - Араньяки, дуана, дәруіштердің мінез-құлық, жүріс-тұрыс ережелер жиынтығы құрайды. Біздің дәуірімізге дейінгі 1000 жылдық шамасында пайда болған— Упанишада Вед әдебиетінің соңы. Онда философиялық сананың бастапқы элементтерімен қатар, алғашқы идеалистік, материалистік дүниетанымдық көзқарастар орнын тапқандықтан, ол шын мәнінде философиялық шығарма ретінде қарастырылады.
Ертедегі Үнді философиясы белгілі бір құрылым немесе мектептер шеңберінде дами отырып, үлкен екі түрлі топқа: ортадоксалдық (Ведалар әдебиетінің беделін мойындайтын) және бейортадоксалдық (Ведалар әдебиетінің беделін мойындамайтын) деп бөлінеді. Ортодоксалдық негізінен діни, идеалистік бағыттағы мектептер болды, мысалы: веданта, миманса, санкхья, йога, ньяя, вайшешика. Бейортадоксалдық философияның материалистік бағытын ұстағандар: джайнизм, буддизм, червак-локаятиктер.
Идеалистік ілімдер Вед әдебиетіне сүйеніп қана қоймай, оны қасиетті кітап есебінде қарастырды. Мысалы, миманса Ведалық мәтіндерді ең жоғарғы бедел ретінде қабылдап қоймай, одан абсолюттік, мәңгі өмір сүретін өте жоғарғы сезімтал әмбебап субстанцияны да көреді.
Миманса философиялық мектебінің өзіндік ерекшелігі - ведалық салт жоралғыларды ардақтап, таным теориясы мен қисын сұрақтарына үлкен көңіл бөледі. Таным теориясының көмегімен заттарды дұрыс пайымдап, мәніне жетіп қана қоймай, оның негізі болатын метафизикалық түсініктер сырын, мазмұнын ашуға болады. Сезімдік таным білімнің айрықша бастауы ретінде қарастырылады. Қабылдау нысандары әр түрлі шынайы объективтік белгілерге ие болады деп сипатталады. Сезімдік қабылдаудан басқа қисындық тұжырымдар, салыстыру, қасиетті кітаптардың беделді куәліктері де танымның бастауы деп есептеледі.
Идеалистік бағытта дамыған Веданта мектебінің негізін Бадараяна қалаған. Жан мен құдайдың қатынасына жасалған пайымдаулар бұл ілімнің сан алуан түрінің өмірге келуіне себепші болды. Бұлардың бірінің негізін қалаған Мадхва, жан мен құдайдың шын мәнінде айырмашылығы бар екенін мойындаса, екіншісінің бастауында тұрған Шанкара олардың толық бірлігін мойындайды. Философиялық құрылымның мазмұны оның атында бейнеленген, веданта - тікелей аударғанда «Веданың соңы» дегенді білдіреді. Өз негізінде веданта – упанишадты, вед мәтіндерін мистикалық негізде жүйелі қайта өңдеуге жасалған талпыныс болады.
Веданта материалдық күштердің өзара әрекеттестігінен әлемнің пайда болғанын жоққа шығарады. Брахма барлық заттарды туындататын жалғыз нақтылық (реалдық) деп мойындалады және ол әлемнің абсолюттік рухани мәні деп түсініледі. Шанкараның пікірінше, құбылыстар әлемі біздің сезім мүшелеріміз қабылдайтын бұлдыр үміттің әсері. Құбылыстар әлемі тек қана білмеуден туындайтын елес. Білмеуден әлем адамға уақыт пен кеңістікте нағыз шындық сияқты елестейді. Сондықтан брахма – әлемнің анықтауға келмейтін абсолюттік мәні – ең жоғарғы жан иесі. Қайта айналып дүниеге келуден шығудың жолы тек қана білімде, басқаша айтқанда бәріне жоғарғы Шындық көзімен карауда. Осы таным негізінде, әлемнің барлық өзіндік өзгергіштігі – жаппай алдану салдарынан тұратын түсінік, өзгермейтін шындық – брахма, мұнымен теңестірілетін тек жеке өзіндік Жан (атман). Бұл ілімнің пайымдауынша, өз тәнімен тығыз байланысты жанның еркіндігі жоқ, ол тек сезімдік ләззат алуды аңсайды. Жанды езгіге, құлдыққа ұшырататын білімсіздікті жеңуге Веданта ілімін игерумен ғана жетуге болады.
Ежелгі Үнді философиясының ең көнесі санкхья ілімі. Осы кезге дейін жеткен мәліметтерге сүйенетін болсақ, оның негізін қалаушы Капила б.д.д. 600 жылдар шамасында өмір сүрген.
Алғашқы жазба деректер мазмұнында санкхья «дүниенің негізінде санасыз белгісіздік жатқандығы» туралы ілім деп аталады. Онда дүниенің алғашқы материалдық (пракрити - материя, табиғат) себебінің бар екендігін дәріптеледі. Алғашқы пракрити аморфты, бөлшектенбеген түрде өмір сүреді. Оның сезіммен қабылданатын мәндер мен дүниелер әлеміне айналуы үш сапалық элементтердің әсерінен жүзеге асады. Олар: раджас (талап, ынта), тамас (қараңғылық) және саттва (тазалық, пәктік). Әрбір затта оның өзіндік ерекшелігіне байланысты айтылған элементтердің біреуі басым болады. Әсемдікке, ақылға, шындыққа бет бұрғанда саттва басым болады, ал тамас - енжарлық, шектеулі мен қараңғылықтың шешуші элементі. Белсенділік, айбындылық, жігерлі қайраттылық негізінен раджаспен байланыстырылады.
Санкхья философиясында пракритимен қатар әлемнің материалдық негізіне тәуелсіз абсолюттік жанның (пуруши) бар екені мойындалады. Барлық заттар мен жан иелеріне қатысты болатынына қарамай, оны бақылауға, танып білуге болмайды. Пракрити мен пурушидің (табиғат пен жан, рухтың) қосындысынан 25 алғашкы негіз, түпкі бастама өмірге келеді, олардың ортасында материалдықпен қатар (су, ауа, жер т.б.) жан, руханилық та өмір сүреді (парасат, сана-сезім).
Объективті түрде өмір сүретін нақтылықтың (реалдықтың) осы екі элементінің қарым-қатынасы күрделі, олардың өзара салмағы да бірдей емес. Мұны, жалпы дуалистік философия десек те, оның дамуының бастапқы негізінде материалистік тенденция басым.
Патанджали негізін қалаған Йога философиясының шығармалары біздің дәуіріміздің II ғасырынан бастап жарық көреді. Оның қысқа, ықшам стильде жазылған еңбектеріне Вьяса (ІVғ.), Вачаснати сияқты авторлар жиі түсініктеме беріп, бұл мектептің ілімін ой елегінен өткізіп, терминологиясы мен басқа да жайларын байытуға талпынады. Психологиялық оқытуларға және психологиялық категорияларды зерттеуге назар аударған Йога философиясы ертеден келе жатқан әр түрлі кұрылымдардың медитация туралы қағидаларынан бастау алады. Кең көлемде «йога» сөзі медитациялық тәжірибелерді белгілеу үшін қолданылады. Йога, санкхья философиясына өте жақын, одан көптеген ой желісін, бәрінен бұрын пракрити мен пурушу туралы дуалистік ілімді және т.б. қабылдайды.
Бағытты психологиялық жаттығулар ережелерін баяндау барлық құрылымның маңызды элементі. Оның жекелеген элементтерінің ішінде өзін ұстай білу (яма), дененің белгілі бір жағдайда тыныс алуды меңгеруі (асана), сезімді сыртқы әсерлерден айыру, оқшаулау (пратьяхара), ойды жинақтау (дхарана), медитациялар (дхьяна) және соңғысы, күшпен тартып алу күйі (самдхи) - денелік сыртқы қабықтан босану бар. Бұл жаттығулардың техникалық аспектілерін жете зерттеген йога философиясы өзінің соңғы даму деңгейінде абсолюттік жан иесінің өмір сүретінін, яғни ишвараны мойындайды. Ол өз мәнінде жетілген және өз мектебі жақтастарының жанының карма мен самсара ауыртпалығынан құтылуына көмектеседі.
Тағы бір үнділік құрылым - вайшешика мектебінің негізін Канада (б.д.І ғ.) қалады. Вайшешика құрылымында нақты ғылыми дүниетанымдық тенденциялар бар. Мектептің негізгі тезистері - тоқтаусыз, үздіксіз өзгерістер болады, циклдік үдеріс, пайда болу мен құлдырау мәңгі дегеннен басталады. Дегенмен, бұл үдеріске тұрақты элемент атом (ану) тән. Вайшешиктер түсінігінде атомдар мәңгі, жоқ болын кетпейді, ешкім жасамаған. Осыған қоса, олар он жеті түрлі сапалықтарға (гуна) ие. Атомдардың барлық уақытша қосылуларынан біздің сезімімізбен түсінуге оңай жанды және жансыз денелер пайда болады және өмірге қайта келу – атомдардың үздіксіз қосылулары мен ажырауларының нәтижесі. Вайшешиктер мәтіндерінде атомдардың шар тәрізділігі (паримандала) туралы айтылады. Олар категориялары бойынша жалпыға (саманья) және жекеге (вишена мектептің аты да осыдан) бөледі, әрқайсы барлық денелерде болады және соның негізінде денелер бір-бірінен ажыратылады. Барлық сапалық және мөлшерлік айырмашылығында, денелі және денесіз заттардың ортақ мәні бар, өйткені олар субстанциялардан тұрады. Бірінші кезекте материалдық негізі бар субстанциялар сөз болады (су, от, жер, эфир). Дегенмен, вайшешика материалдық емес субстанциялардың болатынын да мойындайды, бұл психикалық сапалықтардан тұратын - жан (атман). Жан материалдық емес, мәңгі және шексіз, екі түрде өмір сүреді: ишвара немесе параматман (абсолютгік немесе жоғарғы жан). Өз мәнінде жетілген және барлық жерде бар өзіндік жандар, өмірдің шексіз айналмалы құйынында қыдырып жүреді.
Ньяя мектебі ұстанымдары вайшешиктермен тығыз байланысты. Ньяя вайшешиктердің метафизикасын қабылдады, бұл екі мектеп мәтіндері қайшылыққа келмей, белгілі бір жағдайларда бір-бірін толықтырады. Шығармашылық қызметі біздің дәуіріміз басына тұстас келетін Акшапада Готама ньяя мектебінің негізін қалаушы деп есептеледі. Ньяя - логиканың көмегімен метафизиканың сұрақтарын зерттеуге ден қойған құрылым.
Ньяя таным теориясында, логика, соның ішінде, сенімді үрдістерге, ақиқат танымға (прамана) айрықша көңіл бөлінеді, оған сезіну және ұқсастық тәсілімен қортындылау тәрізді танымның бірнеше бастауы енгізіледі. Кейбір мектептерде бұл бастауларға шабда (сөз) қосылады, вед мәтіндері мен басқа да мектептердің беделіне сілтеме жасалады. Таным түрі ретінде тек сезімдік танымды қолданылады. Ньяя мәтіндерінде, әр түрлі категориялар егжей-тегжейлі зерттеледі, мысалы: жете түсіндіру, таным нысаны. Логикалық талдау мен ақиқат критерийі мәселесі, қағидалары талданады.
Үнді елінде пайда болып, әлемдік дінге айналған Буддизм философиялық ілім. Оның негізін қалаған Үнді елінің шакья тайпасынан шыққан Гаутама Сидхартка (б.д.д. 563-483ж.ж.). Аңызға қарағанда, ол гүлдеген бақ ішінде құрбыларының ортасында мұңсыз өмір сүреді. Бір күні қалаға келіп, халықтың шексіз азабын көріп, 28 жасында ләззатты өмірден бас тартып,, брахмандармен сұхбаттасып, дүниенің терең мәнін іздеудің жолына түседі.
Күндердің бір күнінде ол саялы, қасиетті ағаш көлеңкесінде демалып отырғанда, оған әлем ақиқаты ашылады. Сол күннен бастап, ол Буддаға, яғни ағарған, даналық деңгейге көтерілген әулиеге айналады, өзінің ашқан ілімін халық арасында кеңінен тарата бастайды.
Будданың ашқан «Төрт ақиқаты»:
- Бұл жалған дүние зардапқа толы, адам ауырып зардап шегеді; әке-шешесінен, ағайын-туғанынан, сүйген жарынан, жолдас-жораларынан айырылып қайғырады. Өмірде тілегеніне жете алмай, қиналады, «Өтпелі пенденің өмірі азапқа толы» болады. Азапты жеңу үшін оның шыққан қайнар көзін, мынандай себептерді жою көрсетіледі:
- Өмірге деген құштарлық, өмірге деген іңкәрлік, ләззатқа тоймаушылық. «Құмарлықтан күшті от жоқ; жек көруден артық жамандық жоқ; денеден артық бақытсыз жоқ; тыныш өмірден артық бақыт жоқ». «Ол мені аяғына басты, ол мені ұрды, ол мені жеңді, ол мені жалаңаш қалдырды». Мұндай ойларды ішінде сақтаған адам ызалы, кекшіл.
- Азаптың себебі анықталғаннан кейін оны жоюға болады, «өйткені ешқашан бұл дүниеде жек көруге, кек алуға, өшпенділікке шек қойылмайды, тек қана оның негізін, жеккөруді жою арқылы оны тоқтатуға болады... Егер адам құмартудан құтылса, надандық пен жек көруден арылса, еш нәрсеге байланбаса ғана әулиелік жолға түседі!»
- Азаптан құтылудың жолдары бар. Олар: дұрыс көзқарас, дұрыс сөйлеу, дұрыс бағытта ойлау, дұрыс өмір салты, дұрыс жүріс-тұрыс, дұрыс бетбұрыс, дұрыс күш салу, дұрыс зейін қоюда болады.
Ләззат пен құмарту жолына түскен адам тұрпайы, дөрекі, пайдасыз, осымен қатар, өз денесімен күресіп, оны қинаған адам да азаптан құтыла алмайды. Тек ортаңғы жол, дүние ақиқатын ашатын білім, адамды тыныштыққа, даналыққа, нирванаға алып келеді. Тек Будда көрсеткен жолға түскен адам азаптан толық құтылады, нирванаға жетеді.
«Нирвана бар, оған зердемен жетуге болады. Ақиқат жолымен өмір сүріп жүрген оқушы, сезімдік құмартудан айырылса, нирванаға жетеді. «Дүниеде жел бар ма?» «Бар». Онда маған желдің түсін, бітімін, көлемін үлкен бе әлде кіші ме, ұзын ба әлде қысқа ма, көрсетші», - дейді Будда. Шәкірті: «Ол мүмкін емес, мен оны көрсете алмаймын, желді қолмен ұстауға, құшақтап қамтуға болмайды, бірақ ол бар», -дейді.
Будда жауап ретінде: «Сол сияқты, нирвана бар болғанымен, мен оны саған көрсете алмаймын», - деп қорытады.
Буддизм ілімі азап шегуді тоқтату үшін адамды бұл жалған қызығына байланбауға шақырады. Өмір адамды өзінің бір-бірімен байланысты шексіз ағымына салып, дүниеге келу заңының шеңберінен шығармайды, бітпейтін зардап шектіреді. Бұл дүние - «Мая» - ұлы сағым, елес, алдамшы.
Буддизм бірінші болып адам рухын, оның құдіретті күшін көрсеткен философия. Мұның гуманистік-адамгершілік жақтары – ой тазалығы, іс-әрекет тазалығы, тіршілік иелерін зәбірлемеу, зұлымдыққа зорлықпен қарсы шықпау, дүние қумау, кемтарға қол ұшын беру болады. Бұл пайымдаулар адамзат рухының шыңдалуына зор әсерін тигізді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   62




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет