Қазақ Ұлт-азаттық ҚОЗҒалысы



бет16/28
Дата05.11.2016
өлшемі5,25 Mb.
#478
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   ...   28

Әтейхан Қайсаұлы – Шинжаңның Баркөл ауданының Көбойы деген жерінде туған. Руы – Абақ керейдің ішінде Жәнтекей, Тасбике. Тасбике ішінде Ақша деген атадан, Ақшадан Бектемір, одан Мыңжасар, одан Қайса мен Әліп туған. Қайса мен Әліп бір туысқан. Елісхан – Әліптің баласы, Әтейхан Қайсаның баласы.

Пәкістанда – Түркия үкіметіне хат жазғандардың, «Түркістан қозғалысын» құрғандардың бірі. 1953 жылы Түркияға барған. 1953 жылы Түркияда қазақтардың Алтай ауылы құрылғанда ауыл әкімі болып, сол жұмысты 20 жыл істеген. Алтай ауылы Стамбұлдан 800 шақырым жердегі Лида қаласында құрылған. Естелікті ғылыми жоба жетекшісі Т.Жұртбайдың өтінішімен Әтейхан Білгіннің немере туысы ...Түркиядан әкеп тапсырған. Дайындаған – филология ғылымдарының кандидаты Иманғазы Нұрахмет.

Мұхаметжан Юсупов

ТҮРМЕ ҚАТИРАЛАРЫ1

1937 жылы қазан айының аяқ кезінде Шығыс Түркістанның (Шыңжаңның) астанасы Үрімжі қаласында Қожанияз қажы бастаған бір топ адамдарды: «Үкіметке опасыздық көрсетіп, импералистік мемлекеттердің пайдасына шпиондық жасағандары үшін» – айыпталып, Шәуешек халқының жалпы жиыны алдында жария етілді. Осы хабардан кейін бірнеше күн өткен соң Тарбағатй аймағының әкімі (дутыңы) – Жау ди шу қолға алынды. Бірер күннен соң тағы да Шәуешек ауданының әкімі – Мансұр шаңжаң (аудан әкімі), білім беру мекемесінің бастығы –Хәй-и жу, ертеректе ел басқарған Ши Ғалданның үлкен ұлы – Капу жәй абақтыға қамалды.

Үрімжіде – Хұсайын бай Чанышев қолға алынғандықтан да, Чанышовердің фирмасының Шауешектегі бас кеңсесі мен барлық қамбалары жабылып, есігіне мөр басқан қағаз ілінді. Хұсайын бай (жай көрініс үшін) бостандықта өз жұртында қалды. Осы оқиға елге өте ауыр әсер етті.

1934 – 35 жылдарға дейін Шығыс Түркістанда әр түрлі саяси мекемелер, полиция құрылымы болмағандықтан да, бірер тосын жағдайлар болмаса, мынадай көрнекті адамдарға саяси жақтан күмән тағылып, қолға алынып, ауыр жазаға душар болғанын көрмеген болатын. Көрші мемлекеттегі (Россиядағы) төңкеріс салдарынан онда абақтыға жабылып, әр түрлі жазаланғандардың болғанын естіп-білсе де, бұл жақтағы ел: «Мың жылдап үйренген ескі өмір салты сол қалпында жалғасын табады. ХХ ғасырда асқан жылдамдықпен ауысып келе жатқан әр қилы жаңалық-өзгерістердің бізге әсері болмайды – деп санап, тыныш ұйықтап, жайлы түс көретін еді.

Алайда, осы жылдары орнаған үкіметтің саяси істер басқармасы ( гоминдаңғаға жүйесі) белсенділікпен іске кірісті. Үрімжіде қолға алынғандар негізінен бай адамдар болғандықтан да, мұндағы дәулетті адамдарды да ептеп ойға қалдырды. Әр кім өз басынан қорқа бастады. Аузына не келсе соны іркілмей айта беретіндер, енді айналасына сақтықпен қарап, өзінің бір сенімді адамы болмаса, өз пікірін көрінген жерде айтудан қалды.

Полиция мекемесі ұйымдастырған арандатушылар мен тыңшылардың көбейгенін сезіп, халықты үрей биледі.

Шауешекте қолға алынған – Жау ди шу, Мансұр, Хайс жу, Капу жайлардың қол-аяқтарына кісен салып, оларды Үрімжіге әкеткендігі туралы хабар тез тарады. Осыдан кейін ел іші біраз уақыт жым-жырт болды. Азхдан кейін: Құлжада көп адамдардың, негізінен ұйғыр байлары мен мекеме бастықтарының абақтыға жабылғандығы, мұнымен бірге – Алтай, Алтышаһар тұрғындары ішінен де қолға алынғандардың бар екендігі туралы хабар тарады

Үрімжіге алып кеткен Тарбағатай аймағының әкімі Жау ди шудың (ол християн дінінің католик мәзһәбіндегі кісі болатын) орынына Үрімжіден – Жау жән фән деген кісі келді. Бұл өте сыпайы, білгір саясатшы болатын. Келе сала қаладағы белгілі адамдарға барып, олардың хал-ақуалын сұрастырып, көңіл аулап жүрді. Өзінше елді тыныштандырмақ болды. Алайда жергілікті халық алаңдаумен күн өткізді.

Арада біраз уақыт өткенде Мансұр шанжаң атынан оның Шауешектегі інісі – Хажы ахун қажыға жеделхат келді. Онда ағасы Мансұр: өзінің бостандыққа шығып, үкімет қызметінде жүргендігін, кей бір мәселелерді анықтау үшін інісі Хажы ахунға Үрімжіге келіп кетуін өтініпті. Осы мағынада тағы да бір талай адамдарға жеделхат тапсырылды.

Үрімжіден жеке сауда жұмысымен келген Хайдар әфенді Сайрани біздің үйге келді. Бұл азамат 1911 – 1914 жылдары Шауешекте марқұм мұғалім Мұкипұлла Хабибуллинге көмекші болып бала оқытқан. Сол кезден бастап бізбен ағайын туыстай болып кеткен. 1928 – 1929 жылдары болса керек, Хайдар афенді белгілі көпес Бурһан әфенді Шаһидидің қарындасына үйленіп, Шауешектегі Хисан, Бауин үшеуі саудамен-коммерциямен айналысты. Хайдар әфенді Троицкінің «Расулия» медіресесін бітірген болатын. Хайдар әфендінің түрінен абыржығаны, қайғырғаны білініп тұрды. Ол кісіні де жеделхат арқылы Үрімжіге шақыртыпты. Бірден өзінің жағдайы жөнінде айта бастады: «Бұл шақырудан ешқандай жақсылық күтпеймін, бұл – қулық басқалар сияқты қамаққа алу үшін құрылған тұзақ», – деп сөзін жалғады. –Жағдай өте күрделі еді. Бұрынғыдай жан сауғалап, бұл жерден басқа жаққа көшудің қитсыны тағы жоқ. Қожанияз қажы жөнінде әр түрлі өсек-аяңдар көп. Сайып келгенде, үкімет: өлкедегі мұсылман – түрік нәсілділерді (әсіресе көзі ашық зиялыларды) арадан аластау саясатын ұстанып отыр. Қазіргі өмір көрінісінің өзі менің сөзімнің шыңдығын байқатып отыр», – деді.

Ел абыржуда. Көпшілік бұрын емін-еркін жүрсе, енді алды-артын жинақтай бастады. Арада төрт айдай уақыт өтті. Әр күні алаңдаумен болдық.

1935 жылы бірінші болып Шауешекте дәріхана аштым. Дәрі-дәрмек, басқа да медицина жабдықтарын алу үшін «Совсинторгпен» болған шартты өз атыма жасаттым. Кейін Құлыншақовтарды серіктес етіп алдым. Мал ішектерін эсторттау шартын да Құлыншақовтармен бірге істедік.

Ескі – 1937 жыл аяқталып, жаңа – 1938 жыл келді. Шартты жаңартып, керекті жаңа дәрілермен қоса басқа да керек дүниелерді сатып алу мақсатында қаңтардың басында Ғани Құлыншақов екеуміз «Совсинторг» мекемесіне бардық. Олар әдеттегідей жылы қарсы алды. Керек дәрілерді алу үшін жаңа шарт жасау керек болды. «Совсинторгтың» директоры маған қарап: бұдан былай шарт тек Құлыншақовтардың атына жасалатындығын, Юсуповтың атына жасалмайтындығын – айтты. Себебін сұрағанымда, қанағаттандырарлықтай жауап ала алмады. Амалсыздан Құлыншақовтардың атына шарт жасап шықтым.

Ақпанның орта шені. Үйде бала-шағамызбен отыр едік, екінші қызым Никара тұрып: «Мен бүгін түс көрдім. Түсімде үйге бірнеше қытай әскері келіп, әкемнің басындағы бас қиімін алып, жерге лақтырып тастады», – дей бергенде, өзіме ұнамаған бұл сөздерді тыңдағым келмей, сөзін бөліп жібердім. 24-25 ақпанда мен де түс көрдім. Түсімде: ескі танысым алтайлық мұғалім Кәрім Дүйсебай екеуміз абақтыда, яғни, қамауда дастарқандас болып отыр екенбіз. Түсімнен шошып ояндым, садақа берген болдым. Үйдегілерге: Ғани Құлыншақовтан күманданатынымды айттым. Олар: «Түске не кірмейді, алаңдама» – дегендей пікір айтты.

Ақпанның 26-сынан 27-не (сенбіден жексенбіге) қараған түні: «Совсинторгпен» болған бұрынғы мал ішектері мен дәріхананаң дәрі-дәрмектерінің есептерін, Құлыншақовтармен серіктестіктің есеп-қисабын тексеріп ұзақ отырып қалдым, содан кейін балалардың жанына барып жаттым.

Марқұм апам қайтыс болғаннан кейін (31 желтоқсан) біз Әннәсі (әйелім) екеуміз балалардың жанына жатушы едік. Балаларым (ұлдарым) – Найль, Надир, Насим бар, ал Тойшы төрт айлық болатын. Марқұм апам Зұлхиша балалармен бірге жататын. Біз басқа бөлмеде ұйықтайтынбыз. Қарсы бөлмеде қыздарым Райхана мен Никара бірге жататын.

Көзімнің ілінгені сол еді, Райхана мені оятып, қақпаны біреулер қатты-қатты қағып тұрғанын айтты. Өте кеш болса да электр әлі жанып тұр екен. Қақпаның бейуақыт қағылғаны бізді күдіктендірді, әрине, жақсылық күтпедім. Тез-тез жеңіл киініп, Әннәсі мен Райхана үшеуміз сыртқа шығып, қақпаның жанына келіп: кімдердің, не үшін келгендерін сұрадық. Қақпаның ар жағында бірталай адамның қимыл-әрекеті, сөздері естілді. Сол кезде ар жақтан өзбектің шаңзұңы (ақсақал сияқты мансап) Әминтай Измайылбаевтың дауысы естілді. Ол: «Мұқа! Қорықпа! Біз жай бір іспен келіп тұрмыз. Қақпаны ашыңыз, кіріп сөйлесейік» – деді. Мәселе түсінікті болды. Түн ортасы ауған кезде жай жұмыспен жүрмес болар. Әлбетте мені қолға алуға келді...

Қақпаны аштық. Құрал асынған полиция әскерімен қоса басқа да көп адамдар (негізінен қытайлар) баса көктеп кіріп келді. Келгендердің арасында қалалық гонәнжұй – полиция бастығы – Ло и ту, мұсылмандардан жалғыз Әминтай шаңзұң бар еді. Әминтай: «Кәне Мұқа, жақын бөлмеге бастап жүр» – деді. Біздің шағын жатын бөлмеміз (бұрын апамның өз бөлмесі еді) келгендермен лық толды. Сүйікті көз қарашығым – балаларым төсектерінде ештеңе сезбеген күйі тәтті ұйықтап жатыр еді.

Әминтай сөз бастады: «Мұқа! Әкім мырзаның сізде бір өте маңызды жұмысы бар екен. Соған сізді шақырып келдік» – деді.

Мен: «Шаңжұң! Мұндай уақытта қалжың сөзге орын жоқ. Әкім мырзаның түн ортасында менде қандай жұмысы болсын. Баланы алдағандай қалжың сөзді доғарып, шыңдыққа көшейік. Әлбетте, мені қолға алуға келдіңіздер. Барлық қимыл әрекеттеріңіз соны дәлелдейді. Менен қарсылық жоқ» – дедім.

«Ондай болса қалың киініп, төсек-орныңды және біраз ақша ал» – деді Әминтай.

Мен тез-тез киіне бастадым. Қасымда қорыққан, сасқан, қайғырған, өзін жоғалта жаздап Әннәсі мен Райхана тұр. Қызметшілер қораның басқа жағында, өз бөлмелерінде ұйқыда жатыр. Киініп жатып, костюмымның қалтасындағы естелік дәптерімді Райханаға тапсырып беру үшін Лу и пудан ұрықсат сұрадым. Лу и пу дәптерді алып өз қалтасына салып қойды. Райхана жалынып сұраса да дәптерді бермеді. Мен киініп, бөлмеде ұйықтап жатқан сүйікті балаларымды құшақтап бәрін сүйіп шықтым. Осы кезде Найль оянып кетіп, айналасындағы адамдарға қарап: бұлар кім, неге келген? – деп сұрады. Мен: «Менде жұмыстары бар екен. Алаң болмай ұйықтай бер, жаным» – дедім.

Әннәсімен қоштастық. Ол өте қайғырып, азаптанып тұр. Райханамен қоштасқанда, ол мойныма асылып, дауыстап жылай бастады. Мен оған қарап: «Райхана! Сен былай жылап өзіңді жоғалтпа. Қайратқа бас. Әмина апайың (Райхана апай әжемнің қызымын деп, әкесін – абзи, шешесін – апай дейтін – Н.Б.) сені бұл халде көрсе оның жағдайы не болады. Әмина апайыңа көмекші бол. Балаларға көмектесіп, бас бол. Сен үлкенсің ғой. Алла аман сақтап қайтып келсем, балалардың жүріс-тұрысын, тәрбиелерін сенен талап етемін. Інші алла куә! Үкіметке қарсы істеген қиянатым жоқ, уайымдамаңдар» – дедім. Менің сөздерімнен кейін Райхана біраз өзіне келді және: қарсы бөлмеде ұйықтап жатқан Никаріңізді де сүйіп шығыңыз – деп өтінді. Мен Никардың маңдайынан өбіп (сүйіп) шықтым да әскерлерге: «Мен әбден дайынмын» – дедім. Көрпе-төсектерімді алып шығып, қақпаның алдында тұрған жүк машинаға отырдық. Жанымда 4-5 мылтықты әскер бар, жүргізушінің жанына бастықтар жайғасты. Тура жаңа жамбылға (полиция мекемесі) тарттық. Кіріп келгенімізде сол мекемеде істейтін Ілияс деген татар алдымыздан шықты. Ол – бүтін қалталарымды тінтіп, қалам, қарындаш, бәкі, бумажниктерімді алып қалды да, бір әскерге: бәлендей номерлі камераға алып бар – деп бұйрық берді. Ілиястің қылықтары өте өрескел, тұрпайы еді. Мені тіпті қол-аяғыма кісен салып, байлап тастар ма екен деп те үрейлендім. Ондай іс болмады. Сонда да: А, құдай, енді қайда, қандай камераға апарып қамап қояр екен – деп мазаландым.

Барған камерамның есігі ашылғанда көргенім, кішкентай бөлмеде сығырайған электр лампасы жанып тұр екен. Үш қабат сәкінің ең үстінде малдастарын құрып отырған ташкенттік Ғұлам қари Тиллашайхов пен қашқарлық саудагер Қадірқажы Тұрдиевті көрдім. Олар менің төрге шығуымдыөтінді. Олар өздерінше мені жұбатты. Бір-біріміздің жағдайымызды ұғысып, қолға алғандағы көріністер жөнінде әңгімелестік. Мен өмірімде абақты дегенді естігенім болмаса, онда отырып көрмегенмін. Қорыққандықтан жүйкелерім құрысып, кіші дәрет қыса бастады. Кіші дәретті сол камераның бір шетінде тұрған керосин құятын бидонға сындырады екен.

Мен барғаннан 10-15 минуттан соң хотандық Фазыл ахун бай, бір аздан кейін Миряхия әкә Мирзаһитбаев, Александр Кашкаров, сағатшы Уалихажы Юсупов, мұғалім Хисам Бауин, Германиядан келіп сауда істерін жүргізген «Фауст» фирмасының қызметкері Шаляпин, Акрам хазірет Мұнасипов т.б. келе бастады. Біздің жатқан камерамыздың дауалында тесік бар екен. Сол арқылы екі жақтағы камерадағылармен сөйлесіп қоямыз. Бір жақта –Мирхамит Мирзаитбаев, Уахап Сағитов, Ғабдырахман Тұрдыбаев, Хафиз ахун Шитан, Мақсұт қажы, өкпе ауруына шалдыққан Мұқамет қари, Рақымжан Сасықбаев, Әлімғазы болыс және басқалар бар екен.

Екінші жақта –осыдан үш жыл бұрын Шауешектен Алтайға Шәріпханның шақыруымен кеткен семейлік мұғалім Кәрім Дүйсебаев бар екен. Ол бұдан көп бұрын Алтайда қолға алынып, жақын арада ғана Шауешекке әкелініпті.

Бізбен бірге қолға алынғандар: 1. Әкірем хазірет Мұнасепов. 2. Ғұлам қари Тиллашайхов. 3. Миряхия Мирзаһитбаев. 4. Хотандық Фазыл Ахун бай. 5. Хасанбай Шанышев. 6. Уалихали Юсупов (сағатшы). 7. Мұғалым Хисам Баулин. 8.Рақымжан Сасықбаев. 9. Әлімғазы Бафин. 10. Мұхаметжан Юсупов. 11. Мирхамит Мирзаитбаев. 12. Ғабдырахман Тұрдыбаев. 13. Қадыр қажы Тұрдыбаев. 14. Мырзахмет. 15. Ғафиз ахун Шитан. 16. Уаһап Мырсағитов.17.Ғабдулхақ Бектемиров.18.Мұхаммадқари (Мақсұт хажылар). 19. Шаляпин. 20. Александр Кашкаров. 21. Шәуешек коммерция банкісінің бастығы (қытай, хотандық) 22. Жау ди шан (бұрынырақ қолға алынған, Тарбағатай аймағының әкімі Жау ди шудың інісі, католик).

Жоғарыдағылардан басқа Кеңес одағынан Шауешекке 4-5 ай бұрын келгендерден: Ғұмар ахун және Тұрды Алимов (ұйғырлар). Ташкенттегі Шыңжаң өлкелік үкімет елшілігіндегі елші найб, ақсулық Нияз Даутай –Ташкенттен келе жатып шекараға келгенде қолға алынып, біз жатқан абақтыдағы Кәрім мұғалым жатқан камераға кіргізіліпті. Алтайдан қолға алынған Кәрім Дүйсебаев мұғалым және бірталайдан бері абақтыда жатқан зайсандық Ибыраһим Сайфуллин. Барлығы – 27 кісі.

Бәріміздің де сасқандығымыз байқалады. Көңіл-қүйіміз өте нашар. Камерамыздың екі жағындағы тесіктер арқылы сөйлесеміз. Осылай бір мезгілде көп адамның қолға алынуын түсіне алмаймыз. Таң қаламыз. Көпшілікпен бірге болғандықтан да, өзімізді азды-көпті жеңіл сезінеміз. Бір-бірімізді үміттендіріп, жұбатамыз. Қаланың осынша мәртебелі адамдарын қолға алып, абақтыға жауып, барлық жұртты қыра ма? Үкіметке де жұмыс істеп, байлықты көбейтетін адамдар тегінде керек болар – дегендей әр түрлі оймен өзімізді жұбатамыз.

Қайғырып, азаптанып тыныш ұйықтай да алмадық. Әйтеуір көздің шырымын алдық. Таңды атырдық.

Таңертең әр камерадағыларды бөлек-бөлек дәретханаға шығарды. Күн суық. Алды-артымызда, үйдің үстінде мылтықтарын бізге қаратып ұстаған әскер. Қорқа-қорқа дәретке отырдық. Құдықтың зәрлі суық суымен бетімізді жуған болдық. Қайта камераға кіргізіп, бекітіп қойды. Сыртқа шығып келгеніміз үрейімізді үстемелей түсті. Осынша ма құралды әскердің бізді күзеткенінде қандай мағына жатқанын білмей дал болдық. Ғажап! Біз сонша үрей тудырарлықтай кімбіз?

Біраздан кейін әрқайсымыздың жан ұямыздан тамақ, шай келе бастады. Біздің үйден – қою сүтті шай, тоқаш, шекер, сары май, тосап келді. Тамақ ішуге тәбетіміз жоқ. Күштеп бір-екі кесе шай іштік, тамақтан дәм таттық.

Бесінде тамақ келді. Жағдай жоғарыда айтқандай. Бір-екі қасықтан артық жеуге көңіл тартпады.

Осындай жағдайда 2-3 күн өтті. 2-наурыздың кешінде Хасанбай Шанышевті әкеліп Кәрім Дүйсебаев жатқан камераға кіргізді. Әкірәм хазірет тесік арқылы сөйлесті. Біраздан кейін Ташкенттегі Шыңжаң елшілігінде көмекші елші жұмысын атқарған Нияз Даутаевті алып келді. Ол да Хасанбай жатқан камераға кіргізілді.

Бірер сағаттан кейін сақшы қызметкерлерінің бірі (қытай) камераға кіріп, әрбір мәхбуске (абақтыда жатқан адам) дәптердің жарты бетіндей қағаз бен қарындаш беріп: «Үйлеріңізге тілек өтініштеріңізді жазыңыздар. Керектеріңізді алдырыңыздар. Ертең 3-наурызда таңертең Үрімжіге кетесіздер» – деді. Асығыста ойға келген қоштасу хатын жаздық. 3-4 сағаттан кейін көпшіліктің үйінен жолға азық-түлік, киім-кешек келе бастады. Біздің үй – майлы бауырсақ, қазы, құрт жіберіпті. Бірталай адамдардың үйінен ақша да келді. А дегенде біз онша сенбеген едік: жай көңіл жұбатқандары шығар – деп шештік. Бірақ жазған хатымызға жауап ретінде келген дүниелер бізді біраз тыныштандырды.

Сол арада камераға – Миряхия ағайдың тәрбиесінде болып, оқытып жеткізген, 1935 жылы Ташкентке жіберіп, мекемелерді басқару жұмысы курсында оқып қайтқан Нұрмәди кіріп келді. Көпшілікке қарап: «Ағалар, аталар, әсіресе Яхия ағай! Тынышталыңыздар, мына көңілсіз оқиға, қамаққа алыну – үкіметтің уақытша бір саясаты ғана. Үрімжіге барып, біраз уақыттан соң қайтасыздар. Қайталап айтам, ренжімеңіздер. Орынсыз әр түрлі ойға берілмеңіздер. Аман барып, қуанышта сәлемет қайтыңыздар» – деп шығып кетті. Біз таң қалдық.

Сақшы мекемесінің біздерге істеген тұрпайы қарым-қатынасы мен жанұямызбен кездесуге ұрқсат бермегенін ойлап, Нұрмәдидің сол жендеттердің ортасынан өтіп, көңілімізді көтерерліктей сөздер айтқанына өзімізше әр түрлі мағына бердік. Қалайда, Нұрмәдидің бұл сөздері бізге тұмандау болсада біраз үміт тудырып, жұбаныш болды.

Сонда Ғұлам қари Миряхия ағайға қарап: «Молла Миряхия, Нұрмәди сіздердің тәрбиелеріңізді көріп, адам болды. Бала-шағадан айырылған мынадай ауыр сағаттарымызда, біздің от басымыздан, туған-туысқандардан, жақын ағайындардан, достардан бір адам мына тозаққа өтіп келе алмағанда, оның бір-екі минутқа болса да кіріп, жағдайымызды біліп үміттендіруі, мейлі оның айтқаны келер, я келмес, бірақ келгені – жеген тұзын ақтағаны», – деп қойды. Яхия ағайға мына сөздер қатты әсер етті. Көздеріне жас алды.

Ел-жұрттан, сүйікті от басымыздан айырылдық. Алдымызда бізді қандай зауал күтіп тұрғанын бір құдай ғана біледі. Түні бойы әр түрлі ой мазалап, ұйықтай алмадым.

Таң сәріден заттарымызды жинастырып, далаға шығуға бұйырды. Асып-сасып сыртқа шықтық. Аулада үш тонналық екі жүк машинасы тұр. Айналасы, төбесі ақ дабымен (мата) жабылған. Арты ашық. Тез-тез машинаға шығып отыруға бұйырды.

Мен отырған машинада – Әкірәм хазірет, Миряхия ағай, Ғұлам қари, ақсулық Нияз Даутай, Ғұмар ахун, Жау ди шан және бірнеше тұтқындар жайғасты. Машинаның арт жағына екі сақшы (ұлты– солаң) шығып отырды. Екі машина толған тұтқындар, барлық тағдырымызды бір аллаға тапсырған күйде, Үрімжіге қарай бет алдық.

Жолда машиналарымыз Дөрбілжіңнен өтіп, Еміл өзенінің жағасына тоқтады. Дөрбілжіңнен тағы бір машина қосылды. Ішінде – Шейх дамолла, Ғұмәр ахун және бірталай тұтқындар бар. Енді үш машина болып жолымызды жалғастырдық.

Дөрбілжіңнен 15-20 шақырым шығып, «Көрти» қарауылына келіп машиналар асхананың алдына тоқтады. Сақшылар тамақ ішуге асханаға кетті. Машиналарды қарауылдап бірнеше әскер қалды. Асхананың айналасында ақ матамен жабылған үш машинаны көріп қызықтаған жұрт жиналып қалды. Осы кезде Ғұләм қари машинаның арт жағына келіп отырып, екі аяғын кезек-кезек көтеріп (аяғына мәсі кигендей) әрекеттер істеді және бізді де сондай әрекеттер жасауға шақырды. Біздер оның себебін сұрағанымызда: «Ана тамашалап тұрғандар, өздерінің көргендерін телефон – телеграфтың жылдағымен бірдей өзге елге жеткізеді, олар Шауешекке, ел – жұртқа, ағайынға, әсіресе, өзіміздің от басымызға жеткізеді. Сонда біздің қолымызды байламағанын, аяғымызда кісен жоқтығы мәлім болады» – деді.

Жолда қар қалың болғандықтан, машиналар жылдам жүре алмады, бірнеше жерде түсіп түзге отырдық. Кешке Маупаңға (Толы) келіп, сондағы деңдегі (бекет) бір үлкен бөлмеге үш машинадағы адамдарды бір-ақ орналастырды. 4-5 күннен бері бір-бірімізді жақыннан көріп жүргендіктен – жақындасып, хал-жағдайымызды білістік. Тұтқындар арасында ең соңғы қолға алынған Хасанбай Шанышев болған жағдайды айтып берді. Оның айтқандарына қарағанда жағдайдың қиын әмбе қауіпті екендігі байқалды. Бір-бірімізді әр түрлі үмітті сөздермен жұбатқан болдық. Жолда және осында үйімізден келген тамақтарды талғажау еттік те ұйықтадық. Таңертең тағы жолға шықтық. Жол бойы белгілі уақытта машинаны тоқтатып, бізді түсіріп, дәретке отырғызып отырды. Машинаның үстінде өз тамақтарымызды жедік.

Кешке Шихудан екі бекет бері Шипейзыға келдік. Мұнда да бәрімізді бір бөлмеге орналастырды. Сол үйдің жанындағы асханадан тамаққа тапсырыс беріп, алып жеуге рұқсат етілді. Бәріміздің бір жерде болғанымызды пайдаланып ұзақ әңгімелестік.

5-наурызда таңертаң Шихуға жақындағанда машина бұзылып, жүргізуші жөндей бастады. Осы уақытқа дейін машинаны жүргізуші кім екенін білмеп едік, машинаны айналып жүрген Мирюсуп Мирзаһитбаевтың машинасын айдайтын Ахад екенін білдік. Ахад машинаны жөндеп бізге жақындаған кезде Ғұлам қари ағай естірліктей етіп: «Ахад бауырым, қожайының Мирюсупке Үрімжіге барғанда біздің абақтыға алынғанымыз жөнінде хабарлап қой. Біздің ақуалымыздан хабар алып тұрсын» – деді. Ахад: «Қожайын абақтыда» – деп ақырын жауап берді.

1936 жылдың аяғынан бастап 1938 жылдың басына дейін Мирюсуп және Һашым шаңзун Измайыловтар транспорт серіктестігін құрып, Шауешек, Үрімжі, Құлжа, Іле арасында көлік жүргізіп тұрған. Транспорт істерін басқару бас кеңсесі Үрімжіде болатын.

Осы хабарды естуіміз, бәрімізді алаңдатып, ауыр әсер қалдырды. Әсіресе Миряхия ағай: «Барлық ауыртпашылық біздерге Мирзайтбаевтарға келген екен» – деп жылап алды.

Ауа ашық, айналамыз қар, күн суық. Шихудан кейін Үрімжі – Құлжа арасындағы тас жолмен кетіп барамыз. Манас қаласына жақындағанда жолда үш-үш қатардан (мүмкін төрт шығар, менің есімде солай қалған) тізіліп бара жатқан жүзден артық атқа мінген әскерлерді көрдік. Мінген аттары семіз, әскерлердің үстінде теріден тігілген шолақ тон, құрал-саймандары жетерлік. Алдарында - командирлері бар. Олар Кеңес одағының әскерлері еді. Шығысқа қарап Үрімжіге кетіп барады. Ғұлам ағай мына әскерлерді көре сала: «Ағайындар! Біздің келешегіміз қуанарлықтай емес екен. Мына жерге шет елдің әскерінің бара жатқаны тегін емес, мемлекетте кездейсоқ бір жағдай болған, соған байланысты бізді абақтыға қамаған, бұл – қалайда жақсылықтың нышаны жоқтығын білдіреді» – деп қалды. Не болса да аллаға тапсырдық.

Кешкі сағат 9-10 шамасында Үрімжіге барып кірдік. Машина бір жерге келіп тоқтады. Әрбір машинадағы тұтқындарды бөлек-бөлек түсіріп, ішке алып кетті. Бізді – Әкірәм хазірет, Ғұлам қари, Миряхия, Нияз дутың, Қадырхажы, Ғұмар ахун, Ыбырайм Сейфуллин, Жау ди шанды – бір камераға кіргізді. Бөлме недәуір таза, жарық еді. Біраздан кейін камераға орта жастағы, толық, кеуделі ұйғыр кіріп келді. Түрі зиялылардан көрінеді. Отырып хал-ақуал сұрасқан болды. Сөз арасында: бір уақытта көп адам абақтыға алынғандықтан да, орын жетпей, осы орынды әзірлеген болдық – деген болды. Біраз үнсіздіктен кейін әр қайсымыздың аты жөнімізді сұрастыра бастады. Кезек Ғұлам қариға келгенде, Қари: «Атым – Ғұлам қари, фамилиям Қариев» деді. (Ғұлам қари Шауешекке 1926 жылы келіп, бұрынғы фамилиясы Тиллашайховты қалдырып, Қариев деп қана жүрген). Сұрақ берген адам Қариға біраз тесіліп қарап тұрды да, мазақтағандай: «Ғұлам қари Тиллашайхов дей бермейсіз бе. Тоси допысын (тақя) киіп алып, фамилияңызды өзгерткенде, мұнда сізді білмейді деп ойладыңыз ба?» – деді. Ғұлам қаридың өңі өзгеріп кетті. Азырақ отырып тергеуші (біз оны солай атадық) кеткеннен кейін Қари ағай: «Іс біткен екен. Біз мұнда келмей тұрып өмірбаянымыз, ғамал дәптеріміз (ғамал дәптер – періштелердің кісінің жақсы, жаман істерін жазатын дәптері – Н.Б.) мұнда дайын болған-ау. Шыңжаңның астанасы Үрімжіге келгенімізде, әрине, жақсы тексеріп, шыңдықты анықтап, көпшілігімізді босататын шығар деген үмітте едік. Өйткені біздің жергілікті үкіметке еш қандай қарсы қимыл қылмысымыз жоқ қой. Енді үлкен қармаққа ілінген екенбіз. Құдайға жалбарынып, ақыры қайырлы болсын дегеннен басқа шара жоқ» – деді. Аздан кейін сұйық, жылы шай әкелді. Өзіміздің әкелген тағамдарымызбен шай іштік. Шай ішіп болған соң, әр қайсымызды жеке-жеке атап, өзімізге тиісті заттарымызды алдыртып, айырым алып кете бастады. Біз енді жолдастарымызбен айрылысудың сағаты жеткен екен деп қоштаса бастадық. Кезек келгенде мені де алып шығып, 10-15 адым жердегі бір камераға кіргізді. Онда өзімізден бұрын шығып кеткен жолдастарымызды көріп көңіл біраз орнықты.

Мұнда 3-4 сақшы жаңа келушілердің қоржынын, ыдыстарын, қалталарын ақтарып, тұтқындарға пайдалануға тиым салынатын күдікті заттарды ала бастады. Бәкі, пышақ, ине, көзілдірік, сағат, қағаз, қарындаш, ұзын орамал, кендір арқанды алды және дамбалдың бауы мене шалбарға тігілген ілгіштерді де кесіп алды. Пияла кесе, шайнектерді де алды. Киім-кешек, көрпе-төсек пен алып келген тамақтарымызды ғана қалдырды. Ақшаларымызды есептеп бөлек жазып алды. Міне, енді бірінші рет Үрімжінің камерасындамыз. Бұл камерада 8-9 адам бар, бәрі де Шауешектен келген тұтқындар. Камера тар, ауасы ауыр. Терезелерге пияла орнына қағаз жапсырылған. Есік үстіндегі 2-3 кесек кішкене әйнекке пияла жапсырылған қағаздар арқылы жарық кіреді.


Каталог: repository -> history -> Ұжымдық%20жинақтар
history -> Халел досмұхамедов
history -> Тұрсын ЖҰртбай «Ұраным алаш!»
history -> Алматы: «Санат» баспасы, 2001. 480 бет
Ұжымдық%20жинақтар -> Комиссар єаббасов
Ұжымдық%20жинақтар -> Арман да, арман, шын арман
Ұжымдық%20жинақтар -> Қазақ Ұлт-азаттық ҚОЗҒалысы
Ұжымдық%20жинақтар -> Хайруллина Ғайша- сафура Құзырғалиқызы Менің шыққан тегім, жанұям
Ұжымдық%20жинақтар -> Аудармалары
Ұжымдық%20жинақтар -> «алаш» баспасы
Ұжымдық%20жинақтар -> Алаштың АҚИЫҚтары мақалалар, деректі құжаттар, аудармалар жинағы


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   ...   28




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет