8.Ауаның төменгі температурасының денеге әсері.
Сыртқы ортаның ауа температурасы бірқалыпты жылу аймағының төменгі қауіпті шегінен түскен сайын организмде жылу түзілуі жоғарылап, жылу тарау кемиді. Соның салдарынан денеде жылу энергиясын молайту үшін артық азық жұмсалады.
Ауаның температурасының төмендеуі кезінде жылу түзілуді арттыру үшін малдың тәбеті жоғарылап, ас қорыту, зат алмасу процесстерінің жұмысы жақсарып, ішек-қарын мүшелерінің ферменттік қызыметі, әсіресе бауырдың жұмысы артады да, құнарлы заттар бойға сіңеді. Мұнымен қоса организм жылудың денеден тарау жолын тежейді. Ол үшін қан тамырлары, әсіресе тері қан тамырлары тарылып, дененің жалпы бетінің ауданын азайту мақсатында мал бүрісіп, жылудың артық тарауына жол бермеуге тырысады. Мұндай ауа температурасының шағын төмендеуіне организмнің тыныс алуы кеңейіп, тез бейімделеді. Ал егер орта ауасының температурасы ұзақ уақытқа созылып төмендеуі тоқтамаса денедегі зат алмасу процессі бұзылып, толық қорытылмаған заттардың қалдығы - улар жиналып, тері қан тамырларының кеңеюіне апарып соғады да, денеден жылудың тарау жолын арттырып, дене температурасының төмендеуіне апарып соғып, гипотермия ауруының тууына себеп болады.
Гипотермия – (грекше hype – төмендеу, therme - жылу) – сыртқы ауа температурасының төмендеуі нәтижесінде денедегі жылудың тарауы артып, организмнің суыққа ұрынуын айтады.
Мұндай жағдайға көбінесе ауаның ылғалдылығы жоғары қозғалысы жылдам болып, температураның төмендеуімен қатарласса жиі ұшырайды. Әсіресе сүзелең аурудан жазылған, шаршаған, күйі төмен, жүдеген малдар, күйлі, шыныққан малдарға қарағанда тез суыққа ұрынады.
Ауа температурасының өте қатты төмендеуі (сууы) малдың кейбір дене мүшелерінің үсуіне ұрындырады. Малдардың көбінесе құлақ ұштары (құлындарда), емшек ұштары, тұмсығы (сиырларда), құйрық ұштары (шошқада) т.б. үсиді. Ол кезде бұл мүшелерге рефлекторлы түрде қанмен қамтамасыз етілу тежеледі. Соның салдарынан ондағы зат алмасу процесстері бұзылып, қорек жетіспей, мүшелердің ұлпалары өліп, бөлектеліп түсіп қалады. Мұндай жеке мүшелерге тигізілген суықтың зардабы рефлекторлы түрде, бар организмге тиеді. Мысалы, бір мүше (аяқ) суықтан үсісе, рефлекторлы түрде жоғарғы тыныс жолдарының кілегей қабаттарының қан тамырлары кеңейіп, содан тыныс мүшелерінің қабынуы пайда болады.
Ұзақ уақыт ауа температурасының төмендеуі денедегі жылу тепе-теңдігін бұзып (теріс баланс), малда әлсіздік пайда болып, тыныс алуы мен жүрек соғуы әлсіреп, сирейді, дене температурсы төмендеп, малдың өлім-жітімге ұшырауына апарып соғады.
Төменгі температураға малдың бейімделуі нашар болып, төзімділігі азайса оның өнімі кемиді. Мысалы, сиыр малын ауасының температурасы бес градустан төмен, ылғалды қорада ұстаса, әр бастан 1-2 л сүт кеміп, бұзаудың өсуі 15-20 % тежеліп, ал тауықтың жұмыртқасы 12-19 % азаяды. Төменгі температураға, әсіресе жас төлдер төзімсіз келеді. Мысалы, жаңа туған торайлардың тері асты майы жоқ және жылу алмасу процессі дамымаған болады. Сондықтан олар денеде зат алмасудан түзілген жылуды сақтап тұра алмайды. Мұнымен қоса жас төлдердің бір кг салмағына шаққандағы денесінің бетінің ауданы, ересек малдармен салыстырғанда үлкен болады да, олардың сыртқа жылу таратуы артық болады. Егер жаңа туған торайды ауа температурасы 15-20 градус ортаға орналастырса, онда олардың терісінің температурасы 1,5-3 градус, ал 12 градустық жерде ұстаса -5-6 градусқа төмендейді. Сонымен қатар бауыр мен ұлпалардағы глюкогеннің мөлшері кеміп кетеді де, әлсіреп, қорғаныс қабілеті төмендейді де, торай ауруға шалдығып, өмірінің алғашқы күндері өлім-жітімге жиі ұшырайды. Торайлар мен бұзаулардың жылу алмасу процессі (терморегуляциясы) 6-10 тәуліктен соң жұмысқа қосылады да, тек бұзауларда туғаннан соң 10-20, ал торайларда 30 тәуліктен соң қалыпты қызметке кіріседі. Сондықтан жас төлдердің 80 пайызға дейіні алғашқы 10 күндік жасында өлім-жітімге ұшыраса, оның 26 пайызы суықтан болған аурулардан шығындалады. Көптеген аурулар (тыныс жолдары; өкпе қабыну, жара ауруларының асқынуы, буын, желін т.б.) жылдың суық мезгілдерінде, әсіресе, ауа ылғалдылығы жоғарылағанда кездеседі. Малдарға өте жағымсыз әсер жоғарғы температураның тосыннан төменгі температурамен ауысуынан болады. Ол кезде организмнің қорғаныс бөгеттері (барьері) әлсіреп, табиғи резистенттілігі төмендеп, суық стрессі туып, әсіресе, жас төлдер арасында қауырт өкпе қабыну және ас қорыту мүшелерінің аурулары туады.
Төменгі температураның зиянды әсерін, малдарды құнарлы, мол азықпен қамтамасыз ету және әр малдардың физиологиялық (жасы, жынысы, өнімі т.б.) ерекшеліктерін ескеріп қалыпты микроклиматтық жағдай туғызу және біртіндеп шынықтыру арқылы кемітуге болады.
Сонымен организмде бір қалыпты жылу аймағының шегінен жоғарғы да, төменгі де температура (қауіпті шектегі) морфологиялық және физиологиялық өзгерістер туғызып, малдың өнімін төмендетіп, ауруға шалдығуына әсерін тигізіп, өлім-жітімге ұшыратады.
Сондықтан, әр малдың түрі және жасы т.б. ерекшеліктерін ескере отырып оптимальды (жағымды), яғни бір қалыпты жылу аймағының температура шамаларын белгілейді. Мысалы, ірі қара малдарын қорада байлауда ұстаған кезде 8 градустан, бос, еркін жүргенде 6 градустан, қойларды – 5 градустан, жылқыларды 4 градустан, шошқаларды 15, құстарды 12 градустан төмен температурада ұстамау керек. Ауа температурасының жоғарғы қалыпты шегі 18 тен 25 градус аралығында болып, бірақ қыс айларында үнемі ондай межеде ұстап тұру қосымша жылыту көздерінсіз қиынға түседі.
Торайларға, көжектерге және балапандарға ересек малдардан бір-екі есе жоғарғы температура қажет болған кезде, оларға арнайы жекелеме жылыту көздерін қолдану арқылы қалыпты жағдай жасалады.
Сыртқы ортаның температурасының әсерін төмендетуде денені шынықтырудың зор маңызы бар. Шынықтырудың (адаптация) негізгі мақсаты, ортаның суығына дененің төзімділігін арттыру болып есептеледі. Адаптацияның мақсаты орталық нерв жүйесінің қызметін жаңа ортаға қайта өзгерту. Денеге температураның әсері мезгіл-мезгіл қайталанғанда жылу регуляциясы қайта жетілдіріледі. Малдарды жайылымда және бос серуен алаңдарында ұстағанда ауа райының әртүрлі факторлары (температурасы, ылғалы, қозғалысы, күн сәулелері т.б.) әсерін тигізеді. Мұндай өзгерістер организмнің жетілуіне және шынығып жылу алмасу процессінің қалыптасуына итермелейді. Соның салдарынан ортаның тосыннан болған жағымсыз жағдайларына мал бейімделе бастайды. Малды айлар бойына ұзақ уақыт тұрақты, кейде жылы жерлерде ұстаған кезде организмнің жылу алмасу механизмі мен ортаның температурасының өзгерісіне бейімделу қабілеті нашарлайды. Мұндай жағдай жас малдардың бейімделу қабілетін қамтамасыз ете алмайды да, олардың сақталу және өнім көрсеткіштері төмендейді. Сондықтан әрбір органдар мен жүйелердің қызметін малдың жас өсу кезінен бастап шынықтыру қажет. Мұны микроклиматтың әрбір көрсекіштерінің дененің бір қалыпты жылу аймағының шекті мөлшерінен жоспарлы ауытқулар туғызуы арқылы бейімдеу керек.
Денені шынықтырудың нәтижесінде организмде морфологиялық және физиологиялық өзгерістер туып, дененің әртүрлі ауруларға қарсы күшін арттырады, терінің бөгеттік қабілеті жоғарылап, қалыңдап, тері қан тамырларының серпінділігі жақсарып, жүні жиілеп, тері асты май қабаты өсіп, жетіледі.
Сөйтіп, үнемі жоспарлы түрде шынықтырудың нәтижесінде малдың өнімі мен өсіп-өнуі жақсарады. Бірақ мал денесін шынықтыру үздіксіз және жүйелі түрде ауа райының әртүрлі факторларының әсеріне біртіндеп жаттықтырумен қатар азықтандыруды жақсартып отыру қажет. Шынықтырудың ең басты түрі қыс мезгілінде – жүйелі серуендету болса, жаз, жылы мезгілдерде табиғи және жасанды жайылымдарда малдарды ұстау болып саналады.
Достарыңызбен бөлісу: |