4.2 Пример №2 Республиканская газета «Егемен Қазақстан» Дата: 09.07.2016 Автор: Раушан Нұғманбекова Статья: «Елімізге қандай мамандар қажет?» Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың осынау бір сөзі жастарға нағыз үлгі-өнеге: «Отанның болашағы, мемлекеттің келешегі жастардың қолында, олардың өрісті ойы, өркенді ісі, табанды тіршілігі тек біліммен ұштасқан біліктің арқасында биік белестерге жетеді». Қазақ халқы «ақыл жастан, асыл тастан» деген. Сонау ғасырдан бері қаншама уақыт өтсе де, қаншама ұрпақ ауысса да халықтың жастарға деген сенімі өзгерген жоқ. Жастар әркез қоғамның алға бастар күші ретінде танылған. Мамандық таңдау – жасөспірім шақтағы ең маңызды шешімдердің бірі. Үлкен өмірге енді ғана аяқ басқан жасөспірім алдында жүз мыңдаған мамандықтан өзіне лайықты біреуін таңдау міндеті тұрады. Мамандықтың жаманы жоқ, бірақ мұның кез келгеніне икемділік, білім, біліктілік қажет, зор шеберлікті қажет ететін нәрсе. Былтыр елімізде қаншама жеткіншек білім ошағын тәмамдап, үлкен өмірге қанат қақты. Олардың басым көпшілігі ұлттық бірыңғай тестілеуден жоғары ұпай жинап, біразы «Алтын белгіге» лайық екендіктерін дәлелдеп шықты. Бірақ та 11 жыл бойы жинаған білімдерін сын сағатта дәлелдей алмай, опық жегендері де баршылық. Жаз сайын жоғары оқу орындарының алдында үнемі жастар, ығы-жығы халық. Біреулері тестің теперішінен өтіп, болашағына бағдар болатын мамандықты таңдауға келген жеткіншектер. Ал біразы қалаған мамандығына құжатын тапсырып қойғанымен, түсер-түспесін білмей дал болса, енді бірі әлі күнге дейін қандай мамандық таңдарын білмей, яғни таңдай алмай жүргендер. Себебі бірі ҰБТ-дан жинаған балына қарап жалтақтаса, бірі бөлінген грант санына қарап тосылады. Бірақ ешкім де: «Бүгінгі күнде қай мамандыққа сұраныс жоғары?», «Қазаққа мына заманда қандай мамандық қажет?» деген сұрақтарға бас ауыртып жатпайды. Ал ата-ана болса «балам, әйтеуір оқып, қолына дипломын алса болды, әрі қарай көре жатармыз» деп ойлайтыны рас. Жастар таңдауды дұрыс жасай ала ма? Мамандық таңдау адам тағдырында көп нәрсені шешетіндіктен, оған атүсті қарауға болмайды. Бұл жөнінде студент Асыл Оспанғалиева былай дейді: – Алдымен өз қызығушылығыңызға назар аударыңыз. Немен айналысқанды қалар едіңіз? Мектепте қандай пәндер ұнады? Бос уақытыңызда немен айналысқанды жақсы көресіз? Еліме, Отаныма адал қызмет етсем, қоғамды өркендетсем деген ойлар болуы керек. Көп нәрсе адамның бейімділігіне байланысты. Біраз уақыттардан кейін бұл таңдаған мамандығым тиімді бола ма? Және көптеген ақпараттарды пайдалана отырып, болашақ мамандығыңыз туралы мәлімет жинақтауға тырысыңыз. Таңдаған мамандығыңыздың иелерін жұмыс үстінде көріп, мәселен, зауыттар мен түрлі кәсіпорындардағы техникалық мамандықтар жайлы әуел бастан таныса берген жөн. Айнұр Бәкенова, Бесқарағай ауданынан келген жас: «Мен Семейдегі бизнес колледжін бітіргенмін. Мамандығым бойынша жұмыс таба алмадым. Қазір отбасылы болғандықтан, дүкенде сатушы болып істеп жатырмын. Әйтеуір балаларымның қарны тоқ, осы күніме де разымын». Нарбек Әпсәметов, Бородулиха ауданының тұрғыны: «Мен жастайымнан спортқа жақын едім. Бірақ ата-анам экономист бол деген соң, оларға қарсы келмей осы мамандықты таңдап оқып жатырмын. Қателестім бе, жоқ па оны болашақ көрсетеді». Нарықтың талабы мен сұранысына назар салыңыз Болашақ мамандығыңыздың еңбек нарығында қаншалықты бағаланатынын білу де пайдалы. Қарапайым жол: бос орындарға жарияланған байқауларда, интернеттің еңбекке орналастыру сайтында қандай мамандарға сұраныс бар екендігін қараңыз. Арнайы агенттіктер жүргізген болжамдардың да маңызы зор. Осы мәліметтерді ескере отырып, таңдаған мамандығыңызға қай жоғары оқу орнында, қалай даярлайтынын анықтаңыз. Жүсіпбек Аймауытов былай деген екен: «Мамандықтың жаманы жоқ, бірақ мұның кез келгеніне икемділік қажет. Бұл – жай күнелту, тамақ асыраудың жолы емес, үлкен өнерді, зор шеберлікті қажет ететін нәрсе. Кімде-кім өзіне біткен ыңғайына қарай өз жолымен қызмет етсе, өз басына да, әлеуметке де үлкен пайда келтірмек. Өз орнында істеген адамның жұмысы да өнімді, берекелі болмақ, әр өнер, әр қызмет мемлекетке, әлеуметке қажет». Бір оқу орнын бітіріп алып, табақтай дипломмен жұмыссыз отыру күйкі көрініс. Ал бүгінгі жастардың дені заңгер, экономист, қала берді, кеденші болуды армандайды. Құрылысшы, сантехник, токарь боламын деп ешқайсысы ұмтылмайды. Шынында да заңгерлер, экономистер басқаларға қарағанда ақшаны жақсы табар, бірақ барлығының осы салада жолы болып кетуі неғайбыл. Қандай мамандық иелері сұранысқа ие? Бүгінде әркімді толғандыратын нәрсе: жастар осы болашақ мамандығын дұрыс таңдай біле ме екен? Бірақ жастарымыз жақсы маман иесі болсам деп ойлай бермейді. Көбінесе диплом алып шықсам болды дейді. Бұл ретте мамандыққа деген сүйіспеншілік пен ықылас айдалада қалып тұрғаны рас. Қазақстандықтар үшін ең қажетті мамандықтардың қатарында энергетик, құрылысшы, геолог, радиотехник, инженер, мұнай мен газ, кен ісі сынды мамандықтар аталып жүр. Маман иелері ғана емес, білікті мамандар керек. Олар жастарды оқытып-жетектеп әкетуі қажет. Елімізде Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы қолға алынғалы техника мамандарына деген зәрулік байқалады. – Қай кезде болса да, ауыл шаруашылығының мамандары аса қажет, – дейді семейлік ғалым-профессор, «Радиоэкологиялық зерттеулер ғылыми орталығының» жетекшісі Серғазы Дүйсембаев. – Мал дәрігерлерін, агрономдарды көбірек даярлау керек. Мәселен, зоотехник, веттехник, сауыншы, жылқышы – бұлардың барлығы да қазаққа керек мамандық», – дейді ол. «Әсемпаз болма әр неге, Өнерпаз болсаң, арқалан. Сен де бір кірпіш дүниеге, Кетігін тап та, бар қалан», – деп ұлы Абай айтқандай, адамның өмірден өз орнын тауып, қоғамға еңбек сіңіруі басты мәселе. Құрылысшы Бекет Мәкетов өзіндік өмір тәжірибесін ортаға сала келе былай дейді: «Бұл күндері елімізде техникалық және кәсіптік білімі бар мамандарға сұраныс жоғары. Әсіресе, сантехник, электрик, дәнекерлеуші, механик, ағаш ұстасы, слесарь, токарь мамандары тапшы. Мұның себебі мектеп бітірген оқушылардың көбі кәсіптік оқу орындарына барғылары келмейді, менсініңкіремейді. Себебі, құрылыста жұмыс ауыр, ақшасы көп емес...