Хіх ғ. алғашқы жартысындағы әдебиеттің мұрасы мен зерттелуі



бет18/19
Дата08.02.2022
өлшемі115,98 Kb.
#130873
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   19
Байланысты:
19ғ әдебиетінің зерттелуі

Қорытынды
19 ғасырдан бастап қазақтың жазба әдебиетi — әлеумет халiн ұғып, ел қамын жақтауға кiрiсiп, өлең бұрынғыша, қызық, сауық сияқты ермек емес, қауым қызметiн атқара бастады, елдiң саяси пiкiрi мен тiлек, мақсат, мұң, зар сияқты сезiмдердiң басын қосып, жаңадан ой негiзiн, салт санасын құрауға кiрiстi, бұл уақытқа шейiн болмаған әлеуметшiлдiк сарыны, азаматтық нысанасы бой көрсеттi. Осындай әлеуметшiлдiк сарынды көбейткен тарихи оқиғалар бұл дәуiрде орыс отаршылдығымен байланысты туды. Ресей империясына бодан болу, сонымен байланысты туған ел iшiндегi өзгерiстер, қанаудың күшеюi, халықтың тiршiлiк ету аясының тарылуы, ұлттық намыстың тапталуы қазақ ақындары шығармаларында кеңiнен бейнелендi. Осы өзгерiске қарсы анық наразылық Махамбет Өтемiсұлы өлеңдерiнен айқын көрiнедi. [11.111 бет]
Махамбет жырлары — Исатай Тайманов бастаған 1836—37 жылдардағы көтерiлiстiң ұраны, үнi. Мұнда көтерiлiстiң мақсат-мұраты («Қорлықта жүрген халқыма бостандық алып берем деп»), оған қатысатын ерлердiң сипаты («Ереуiл атқа ер салмай»), соғыс суретттерi («Соғыс»), Исатайдың батырлығы мен оны жоқтауға арналған жырлар («Тарланым», «Мұнар күн»), ақынның өз жайына, көңiл-күйiне («Баймағамбет сұлтанға айтқаны», «Қызғыш құс») байланысты өлеңдерiне жалғасып, тұтастай көтерiлiс тарихын, сол кезеңдегi әлеуметтік жағдайды бейнелейдi. Исатай-Махамбет көтерiлiсiне тiлектес ақындар қатарындағы Шернияз Жарылғасұлының Исатайды мадақтап, Баймағамбеттi даттайтын өлеңдерi батылдығымен, тапқырлығымен бағалы. Исатай—Махамбет көтерiлiсiне жалғас туған Кенесары—Наурызбай бастаған 1837 — 47 ұлт-азаттық қозғалысы да өзiне тiлектес әдебиет тудырды («Наурызбай — Қаншайым», «Топ жарған», «Жасауыл қырғыны», Нысанбай Жаманқұлұлының «Кенесары-Наурызбай» жыры). [12.442 бет]
Сыр бойында, Батыс Қазақстанда өткен патша отаршылдығына қарсы көтерiлiстер кезiнде жаңа жырлар туды («Бекет батыр», «Жанқожа батыр»). Отаршылдыққа қарсы күрес поэзиясы қазақ көркем сөзiнiң дамуында озық идеясымен, халықтық мазмұнымен жаңа белес саналады. Билеушiлерге қарсы наразылықты ашық айтқан шыншыл поэзия туды, адамды суреттеудiң жаңа тәсiлдерi қолданылды. Осы қатардағы ақындар iшiнде Жанақ Сағындықұлы, Шөже Қаржаубайұлы, Сүйiнбай Аронұлы елеулi орын алады. Отаршылдық дәуiр әдебиетiнiң ақындары шығармаларында ел байлығының талауға түсiп, халықтың кедейшiлiкке ұрынып, қоныстың тарылуы, зорлық-зомбылықтың күшеюi, парақорлықтың етек жаюы, адамдар мiнез-құлқының өзгерiп, ұсақталып, берекесiздiкке түсуi, дiн шарттарының еленбеуi, т.б. жағдайлар кең қамтылып, көркем бейнелендi. [13] Оларды заман қайғысы, өткендi ойлап торығу, алдағы өмiрден шошыну зары бiрiктiрдi. Бұл сарынның көрнектi ақындары — Дулат Бабатайұлы, Шортанбай Қанайұлы, Мұрат Мөңкеұлы,  Кердерi Әбубәкiр Шоқанұлы, т.б. халықтық поэзияның түрлерiн жетiлдiрдi. Оны заман шындығын бейнелеумен шебер байланыстыруда, реализмдi байытып, адам психологиясындағы өзгерiстердi жарқын суреттеуде, тiл өрнегiнде сан алуан жаңалықтар табуда осы топтағы ақындардың еңбегi үлкен. Олардың бiразы отарлаушыларға шошына қарады, дегенмен шығыс әдебиетiмен, дiни әдебиет үлгiлерiмен жете таныс болуы арқасында көркемдiк құндылығы жоғары туындылар жасады. [14.155 бет]
Қазақ әдебиетiнiң өскелең бағытын айқындауда ХІХ ғасырдың екiншi жартысында туған демократиялық ағартушылық әдебиеттiң орны ерекше. Бұл әдебиеттiң өкiлдерi Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбаев, Шоқан Уәлиханов ғылым-бiлiм, оқу-өнер арқылы алдыңғы қатарлы елдерге теңелуге, теңдiкке жетуге болатынына сендi. Шоқанның ғылыми көзқарасы, қызметi арқылы қазақ елi iшiнде ағартушылық, демократиялық идеялар тарады. Ыбырай әдебиетке деген ұғым, түсiнiктi жаңартып, оның жас ұрпақты тәрбиелеудегi ұлы күш екенiн көрсеттi. [15]. Өзi балаларға арналған әңгiмелер, өлеңдер жазды. Көркем сөз өнерiнiң кемелденуi, өлең сөздiң қоғамдық қызметiн көтеру, сол негiзде жаңа көркемдiк әдiс — реализмдi қалыптастыру ұлы Абайдың үлесiне тидi. Ол Еуропа мен орыстың классикалық әдебиетiн еркiн меңгерiп, көркемдiк таным мен талғамға жаңа талаптар қойды, жаңа сипатты поэзия туғызды. Классикалық әдебиет үлгiлерiн қазақ тiлiне аударып, қазақтың төл әдебиетiмен қатар қойды, Қазақ әдебиетінiң эстетикалық принципi Абай шығармаларында жүзеге асты. [16.214 бет]
ХІХ ғасыр әдебиетi ұлттық таланттардың көптiгiмен және олардың бiр-бiрiне ұқсамайтын сан алуандығымен көзге түседi. Онда айтыс ақындары (Жанақ, Шөже, Орынбай, Түбек, Бақтыбай, Кемпiрбай, Сабырбай, Сара, Ырысжан, Ұлбике, Тәбия, Ақбала, т.б.), әншi ақындар (Бiржан сал, Ақан Серi, Сегiз Серi, Мұхит, Жаяу Мұса, Балуан Шолақ, т.б.), қиссашыл ақындар (Жүсiпбек Шайхисламов, Ақылбек Сабалов, Шәдi Жәңгiров, Мәулекей Юманчиков, Кашафутдин Шахмарданұлы, т.б.) жыршы-жыраулар дәстүрiн жалғастырып, халықтық әдебиет үлгiлерiн сақтап жеткiзушiлер (Марабай, Абыл, Нұрым, Мұрын, Ығылман, т.б.) қатар өмiр сүрдi. Бұлардың барлығы өз мүмкiндiктерiнше әдеби арнаны толықтырды, өмiрдi өзiнше танып жырлады. Қазақ тiлiндегi алғашқы кiтаптар осы кезде басылды («Өсиет наме» — 1880, «Бала зар» — 1890, «Диуани хикмет» — 1896, т.б.), фольклорлық мұралар жинақталып, жарық көре бастады. Қазақ әдебиетінiң көршi халықтар әдебиеттерiмен байланыстары ұлғайып, жаңа аудармалар пайда болды. [17.5 бет]
Осылай тарих толқынымен бірге аққан қазақ әдебиеті де бір жаңа белеске қадам басты. Ақын-жазушылардың қаламына арқау болар өзекті тақырыптардың маңызы айқындалып, ел мен жер тағдыры, халық тұрмысы, тіл, дін, діл сынды мәселелер де назардай тыс қалмай қағаз бетіне түсіп жатты. [18.21 бет]
ХІХ ғасырдың бірінші жартысында ұлт азаттығы, ел тәуелсіздігі басты сарындардың бірі болса, сол ғасырдың екінші жартысы ағартушылық бағытқа ауысып, көптеген өзгерістерге ұшырай бастады.
Осының бәрін өз уақытында көзбен көргендер мен уақыт өткенсін құлақпен естігендер зерттеп, зерделеп бір жүйеге келтіріп түрлі құнды мәліметтер мен зерттеу жұмыстарын қалдырды. Осы жолда «Қазақ әдебиетінің тарихы» атты онтомдық кітаптың 4,5 томдарының берері мол. [19]. ХІХ ғасыр әдебиетінің соның ішінде Жаңа дәуір әдебиеті, зар заман әдебиеті мен әнші-ақын сал, серілердің, айтыс өнерінің жай жапсарын жеткізген бұл томдарда Х.Досмұхамелов, М.Әуезов, С.Мұқанов, Қ.Жұмалиев, Ы.Дүйсенбаев, Ә.Қоңыратбаев, Б.Кенжебаев, С.Қирабаев, Т.Кәкішев, Х.Сүйіншәлиев, Р.Бердібаев, М.Мырзахметов және тағы басқа белгілі әдебиетшілердің зерттеулері, жинаған мәлеметтері көрсетілген. [20]
Курстық жұмыс барысында жинақталған деректер бойынша жалпылама қорытынды жасайтын болсақ, ерекше тарихи өзгерістер кезеңіңде қаламды қару қылған ақын жазушылардың еңбегі көзі ояу, көкірегі ашық зерттеуші әдебиетшілердің тарапынан үлкен қызығушылыққа ие болып, ұрпақ сабақтасытығында ұлт зиялыларының абыройын арттырып, маңызын жоғарылата түскендей.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   19




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет