Реттік сан есімдер есептік сандарға -ыншы (-інші) жұрнақтарын қосу арқылы жасалады да, белгілі бір заттар мен құбылыстардың сандық ретін білдіру үшін қолданылады. Мысалы: Тамара атты жетінші класта оқып жүрген жалғыз қызым бар (С. Мұқанов)
Реттік санд есімдер де морфологиялық құрамы жағынан дара және күрделі болып келеді де, күрделі сан есімдерде -ыншы (-інші) қосымшасы тіркестегі ең соңғы санға жалғанады. Мысалы: Солардың ішіндегі ең жақсылары он алтыншы, он жетіншінөмірлер екен (М. Әуезов).
Жинақтық сан есімдер
Жинақтық сан есімдер бірден жетіге дейінгі есептік сан есімдерге -ау (-еу) жұрнақтарын қосылуы арқылы жасалады. Бұндай сөздердің негізгі мағынасы абстракт сан мөлшерін білдіргендіктен, олар үнемі субстантивтеніп жеке қолданылады. Мысалы: Беретін мүлкің нешеу? Түйе біреу, ат екеу, қасқыр бесеу (І. Жансүгіров)
Топтық сан есімдер есептік, жинақтық, болжамдық сан есімдерге, қазіргі кезде шығыс септікке тән грамматикалық мағынадан біржола қол үзген -дан (-ден, -тан, -тен) аффиксін қосу арқылы жасалады да, біркелкі заттар мен құбылыстардың сан мөлшердің топтап көрсетеді. Мысалы: Бір түн отырып ел адамдарын төрттен, бестен жиып алып, барлығына бір түрлі іс тапсырған (М. Әуезов)