Жамбыл атындағы мемлекеттік жасөспірімдер кітапханасы



бет14/14
Дата22.12.2021
өлшемі261,75 Kb.
#896
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   14
Кітапханшы: Осымен әдеби – еске алу кешін аяқтай отырып, жасөспірім оқырмандарымызды Қазақтың «Алты абызды қаламгері - Әбу Сәрсенбаевтың шығармашылығының бір қырымен таныстырып, ақын поэзиясына деген құштарлығын оятуы ақынның өлең-жырларымен жақын болсаңыз ұлылыққа жол ашып, жаныңа рухани байлық ала отырып, ақынның ойды оятатын қиялыңды қозғайтын, жүрек тебіренетін жырлары ғасырдан-ғасырға жалғаса бермек- демекпіз.
Ақын туралы естеліктер
Әбу шығармашылығы - өз дәуірінің айнасы. Бұл айнаның бетінде Әбу дәуірінің алуан-алуан күнгейі мен көлеңкесі, дұрыстығы мен бұрыстығы, жетістігі мен кемістігі қатар көрініс тапқан.

Ірі ақын, ұлы ақын - әрқашан ақын. Осы ұғыммен өлшесек, Әбу Сәрсенбаевтың аса көрнекті ақындығы орасан биік азаматтығында жатыр.

Әбу Сәрсенбаевтың тоғыздан тоқсанға дейінгі саналы өмір жолы – тап-таза адамдық, азаматтық сапар. Ол тоғыз жасында теңіз жағасындағы балық, батағасында табырашы бала болып, тұңғыш рет еңбекпен табысты. Адамды адам ететін, еңбек есейткен кісілікті кісі қайтадан ардан туады да, арман қуады. Арман, яки асқақ мақсат адамды азаматқа айналдырады. Азаматтың асыл мұраты халық қамы:елге қызмет ету. Әбу Сәрсенбаевтың осы мағынадағы азаматтығы ақындығымен астасады да, оның қаламынан екі том өлеңдер мен поэмалар, үш кітап әңгімелер мен новеллалар, екі роман туады. Бұған «Ғасыр мен ғасыр беттессе» жинағын қоссақ, алты том әдеби көркем қазынаның өнбойында құс жолындай сайрап, азамат ақынның тоқсан жылға созылған ғұмырнамасы жатыр.

Зейнолла Қабдолов

Расында, «Ақша бұлт» - махаббат, сағыныш жолындағы адам жүрегінің қыл пернесі. Оқырмандар сезімін, жан толқынын, жан сырын жеткізетін жан ләззаты. Біздер, ақындар, бұрын тек қана саяси лирика жазумен болдық.

Ал махаббат, табиғат, адамдар қарым-қатынасы, мінез-құлық, өнер жүйелерін еркін жазудан сырт қалдық. Ал жанға жайлы, еркін, сыршыл тақырыптарға тек қана Отан соғысында, от ішінде, оқ астындағы жауынгер ақын – жазушылар - біздер бастап, елдегілер қостады. Әбудің жаңағы «Ақша бұлты» осының жан жүйесінің жас перзенті дер едім.

Әбу Сәрсенбаевтың шығармалары, әсіресе поэзиясы орыс, болгар, эстон, тәжік тілдерінде де сөйлеген, соған «болдым», «толдым» деп асып-таспайтын да еді. Жанарына жарық еткен бір ақынның шағын өлеңі түссе болды, оқып, іштей парасаттанып, пікірін айтатын, өзгенің де пікірін тыңдайтын.

Бір ғажабы, сондай ой-толғамдарын не топта, не жиналыстарда «айтқыштық», «білгіштік», «белсенділік» жасамайтын ерекше табиғаты болатын. Бұл мінезі Бейімбет Майлин ұстамдылығына ұқсас еді.

Ұлы Абай «Өлмейтұғын артына сөз қалдырған» деп қандай сөзге, қандай ақынға бағыттап айтты екен десек, мен «Ақша бұлттың» авторы Әбу Сәрсенбаевты айтар едім.

Дихан Әбілев

Отанды, ұлтты, әдебиетті, оның болашағын сүю үшін көп айқайдың керегі жоқ. Әбекеңдікіндей тынымсыз, жанашыр, табанды әрекет керек.

Қазір көзі тірі жүрген ақын-жазушыларда Әбу Сәрсенбаев маңдайынан сүйіп, басынан сипамағаны кем де кем.

«Жақсы адам қартайса – қазына» деген осы. Тоқсаннан аса көз жұмған Әбекем қазына еді.

Шерхан Мұртаза

Әбу Сәрсенбаев есімі маған мектеп қабырғасында жүрген кезімде-ақ жақсы таныс еді. Әдебиетке құштар балалар қазақ ақындарының жыр жинақтарын қуалап жүріп іздейтінбіз де, біріміздің қолымызға түскен кітап болса, жұлығы шыққанша қолдан қолға түсірмей, жарысып оқып, ұнаған өлеңдерге әрқайсымыз өзімізше еліктеп, жарысып, көп өлең жазатынбыз. Сондағы бізді қатты еліктірген өлеңнің бірі Әбу Сәрсенбаевтың «Ақша бұлты » болатын.

Уа , ақша бұлт, айтшы маған,

Айтшы маған , келдің қайдан ?
деп басталатын әдемі сазды жыр туған жерге деген шексіз сағынышымен жас жүрегімді бұлқан-талқан күйге түсіргені есімде. Кәдімгі күнде өзіміз көріп жүрген, ауылымыздың төбесінен қалықтап ұшқан ақша бұлттардың жанды заттай боп, онымен сөйлесуге, сырласуға болатынын, тек ол үшін ақындық қасиет керек екенін ұғыну қандай ғажап еді.

Бұл өмірден өткенінше ұзақ жылдар бойында Әбекең маған әкемдей жақын адам болды. Менің алғашқы әңгімелерімді қолжазбамнан оқып пікір айтып, үнемі қамқорлық жасап отырды. Әдебиет жолына түсіп, қаз тұруыма, буыным қатайып, есеюіме бірден – бір қамқор болған жан еді.

Сайын Мұратбеков

«Жалғыз тұяқтын жан сыры»

(Сәрсенбаевтар әулетін жалғастырушы, әулеттегі жалғыз тұяқ

Минаж Сәрсенбаевтың атасы туралы естелік)


Қазақ әдебиетінің «алтын ғасырында» өмір сүрген, ұлт әдебиетін өркендетуге өлшеусіз үлес қосқан Әбу Сәрсенбаев – біздің әдебиетке теңіз тақырыбында соңғы леп әкелген қаламгер.

Әбу де, оның інісі Харыс та сұм соғыстың кермек дәмін тартқан. Отан үшін отқа түскен, зулаған оққа көкірегін тосқан. Әулеттің қос бірдей ұлы соғысқа аттанған сәтте олардың соңында бір қыз, бір ұлдан қалған екен. Әбу Сәрсенбаевтың Дәрмен атты ұлы, Райхан атты қызы жазушы шаңырағының отын маздатып қала беріпті. Ал Харыстың үйінде Шолпан және Жамбыл атты қос бүлдіршіннің қос жанары жәудіреп отырыпты. Әбу де, Харыс та соғыстан аман оралады. Бірақ қос шаңырақтың қос ұл олар оралғанша дүниеден озады. Дәрмен мен Жамбыл әкелерін асыр салып қарсы ала алмайды.

Бұл турасында Әбу Сәрсенбаевтың артынан қалған жалғыз тұяғы Минаж Сәрсенбаев атасына деген естелігінде ес білгелі Әбу Сәрсенбаевты ата деп атадым деп еске алады. Негізі Әбу Сәрсенбаевтың өзі соны қалаған екен. Соғыстан көп жарақат алып елге оралған Харыс 1946 жылы шаңырақ көтереді. Содан екі бауырдың шаңырағында мен - Минаж ортақ жалғыз ұл өмірге келіппін. «Харыс -Әбуге ұл тауып беру үшін, мүгедек болса да майданнан тірі оралды»,- деп Хамит Ерғалиев әзілдеп отырады екен.

Әбу Сәрсенбаев жұбайы, адал жары Ләзиза Серғазинамен 1934 жыл отау құрған. Олар елу жылдай тату-тәтті отбасылық өмір кешті. Өкінішке орай, олардың ортақ балалары болмаған. Екі үйдің ортасында өскен ерке ұл 1963 жылы анасы Фатимадан ойда жоқта айырылып қалады. Сұм ажал отыздан енді асқан жас келіншекті жалмап кетеді. Сол кезден бастап Әбу Сәрсенбаевтың жары Ләзиза Минажды қамқорлығына алып, аналық мейірімін төгеді. Минаж «сол кісінің қамқорлығының арқасында өзімді еш уақытта жетім сезінген емеспін»- дейді.

Жазушының жары Ләзиза белгілі журналистердің бірі болатын. Зейнетке шыққанға дейін «Қазақстан әйелдері» журналында жауапты хатшы қызметін атқарды.

Минаж Сәрсенбаевтың балалық шағындағы сәулелі сәттерден құралған естелігіне ерік берейік. « - Менің балалық және жастық шағым атамның өте мұхият қамқорлығымен өтті. Ол менің тәрбиеме көп көңіл бөлді. Оқушы кезімде ол мені жанынан тастамайтын. Тіпті жол сапарларға да бірге алып жүретін. Атаммен бірге Мәскеу, Ленинград, Қырымға дейін бірге қыдырып барған кездерім әлі күнге дейін көз алдымнан кетер емес. Атамның үйі қонақтан босамаушы еді.

Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері Қажым Жұмалиев, Қасым Аманжолов, Тайыр Жароков, Жақан Сыздықов, Төкен Әбдірахманов,
Жәрдем Тілеков, Қуандық Шаңғытбаев, Сырбай Мәуленов, Сафуан Шаймерденов, Қабдікәрім Ыдырысов, Қасым Тоғызбаев, Әбдіжәмәл Нұрпейісов, Тахауи Ахтановтар біздің үйдің қадірлі қонақтары болатын.Ал атамның ең жақсы көретін достары – Хамит Ерғалиев пен Зейнолла Қабдолов үйге күн аралатып келіп тұратын. Кіші буын өкілдерінен Жұмекен Нәжімеденов, Асқар Сүлейменов, Мұқағали Мақатаев, Зейнолла Серіккалиев, Фариза Оңғарсынова, Ақұштап Бақтыгереева, Сәтімжан Санбаев, Бабажан (біз Ләзиза анамызды осылай атайтын едік ) жайған дастарханынан талай мәрте дәм ауыз тиді.

Атам кемел жасына дейін Қазақстан, Ресей, Украина, Балтық жағалауы елдері, Өзбекстан және басқа да республикаларға шығармашылық іс-сапармен жиі баратын. Венгрия, Румыния, Болгария сияқты шет мемлекеттерге де ат ізін салды. Сапар барысындағы жазбалары мен өлеңдері, қойын дәптерлері мен өлеңдерінде – «Украина түні», «Жауынды Рига», «Шипка асуы», «Балатон көлі», «Амудария саздары» және тағы да басқа шығармаларында орын тапқан. Атам аударма жұмысымен де көп айналысты. Ол Мажарлық революционер ақын Шандор Петефиді аса құрметтейтін. Петефидің қазақтың хас батыры, өршіл рухты ақыны Махамбет Өтемісұлына теңейтін. Олардың екеуі де ХІХ ғасырдың бірінші жартысында өмір сүріп, азаттық жолында қаза тапқан.

Жазушы ресейлік ақындармен де жақын жолдас болды. Сұрапыл соғыс кезінде әскери газетте бірге еңбек еткен Мұстай Кәрім, Илья Сельвинский және Михайл Львов секілді кісілермен достық, шығармашылық байланысын үзген жоқ , - деп Минаж Сәрсенбаев өз естелігімен бөлісті.

1982 жылы күзінде Сәрсенбаевтар әулеті қара жамылды. Дүниеден ақсақалдың адал жары, аялы қосағы Ләзиза Серғазина дүниеден өтті. Бұл қаза жазушы қабырғасына қатты батып, шығармашылығы тоқырап, өзі еңкіш тарта беретін болды.

Ол өзінің соғыс және соғыстан кейінгі кезеңдегі достары жайында естелік жазумен шұғылданды. 1985 жылы 80 жылдық мерейтойы Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрында және өзінің туып өскен жері –ол кездегі Гурьев облысының Теңіз ауданында кеңінен аталып өтілді.

Ал 90 жылдығы Қазақтың Абай атындағы опера және балет театрында өтті. Бұл жолы Президенттің қолынан «Парасат» орденін алды. Тәуелсіз елінің жоғары мәртебелі марапатын алғанына шын жүректен қуанды. Өкінішке орай, 1995 жылдың қараша айының соңына дүниеден өтті.

Қазір атам мен Бабажан (Ләзиза жары ) бір зиратта жатыр. Олардың жанында Бауыржан Момышұлының ескерткіші тұр. Кезінде атам осы ескерткішті құшақтап, былай деген еді: «Солдат, сен өзіңнің қаруыңның күшімен соғысты жерге қададың». Сол соғыстың улы жебесін бірге қадасқан қандыкөйлек жолдасының, қаламды серік еткен қаламгер бауырларымен бірге мәңгілік орнынан жай тапты»

Атам жайындағы қысқа естелікті Зейнолла Қабдоловтың, Ғабит Мүсіреповтің Әуезовке арнап айтқанын атама қарай бағыттап: «Әбекеңді мақтаудың керегі жоқ, Әбекеңмен мақтану керек»,- деп аяқтады әулеттің жалғыз тұяғы Минаж Сәрсенбаев.

Қарашаңырақта жазушының қызы Райхан екі ұл, бір қызы және немере-шөбересімен ғұмыр кешіп жатыр. Райхан әке-шешесінің артынан қалған қолжазбаларын реттеп, баспаға беріп, кейбір еңбектерін Атырау мен Павлодардағы мемлекеттік архив пен мұражайларға табыс етті.

Жазушы жалғыз тұяғының «Болашақ – теңіздің түбі» деген өлеңімен Минаждың келешегін анықтап қойғандай мектепті тамамдаған соң, ҚазМУ–ге оқуға түсіп инженер-гидролог мамандығын алып шықты. Оқу бітіргеннен кейін алты жыл ғылыми-зерттеу институтында қызмет етіп, экспедицияларда және ғылымның қолданбалы басқа түрлерімен айналысты. ҚазМУ-дің құрлықтар гидрологиясы кафедрасында аспирантураға түсіп, ғылым кандидаты, кейінірек ғылым докторы дисертацияларын қорғады. Кафедра меңгерушісі және география факультетінің деканы қызметін атқарды. Бүгінде осы кафедраның профессоры.

Әдебиеттер тізімі
Сәрсенбаев Ә. Жаса, достық! // Аспанда күн сөнбесін.-Алматы, 1985.-11-12 б.
Сәрсенбаев Ә. Кіршіксіз жандардың көңіл күйлері: ( З.Шүкіровтың «Тоғысқан тағдырлар» кітабы жайлы ) // Ұстаздар мен тұстастар.- Алматы, 1986, 294-313 б.
Сәрсенбаев Ә. Шандор мен Махамбет: (Қазақ және венгр әдебиеті арасындағы байланыс жайлы) // Ұстаздар мен тұстастар.-Алматы, 1986.-

20-34 б.
Сәрсенбаев Ә. «Ақша бұлттар» туралы: (Жырдың шығу тарихы туралы) // Ұстаздар мен тұстастар.- Алматы, 1986.- 429-431 б.


Сәрсенбаев Ә. Балапан жырлар самғайды: ( Жас ақындар творчествосы жайлы ) // Ұстаздар мен тұстастар.-Алматы, 1986. -314-368 б.
Сәрсенбаев Ә. Жетпіс бесінші қырқадан : (Өмірбаян естелік )

// Ұстаздар мен тұстастар.-Алматы,1986.- 396-428 б.


Сәрсенбаев Ә. Ағалар рухына: Өлең // Әлем – Альманах – Алматы. Жазушы, 1990.-360 б.
Сәрсенбаев Ә. Ғасыр мен ғасыр беттессе - Алматы: Жазушы, 1995. –

272 б.
Сәрсенбаев Ә. // Қайырбеков Ғ.Алыста жақын жағалаулар.- Алматы, 2001.-135-143 б.

Сәрсенбаев Ә. Ақша бұлт: Өлеңдер мен балладалар.- Алматы: Раритет, 2005.-240 б.- «Алтын қор» кітапханасы
Сәрсенбаев Ә. [Әбу Сәрсенбаев туралы естеліктер].-Алматы: Білім баспасы, 2005. -240 б.

Х Х Х
Асылжанұлы Б.Ұзын аққан Әбудария айдыны: ( Әбу Сәрсенбаев - 100 жыл ) // Жұлдыз.-2006.-№6.-164-171 б.

Молдағалиев Т. Тау алыстаған сайын биіктейді: (Әбу Сәрсенбаев)

// Егемен Қазақстан.-2006.-2 наурыз.


Бектөре Б. Жалғыз тұяқтың жан сыры: (Жазушы Әбу Сәрсенбаев туралы) // Б.Бектөре // Ана тілі.-2010.-13 мамыр.-5 б.
Қазақ әдебиеті: Энциклопедия. Алматы: Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі қазақстан даму институты,1999.-750 б.

Қазақстан жазушылары: Анықтамалық.- Алматы: Ан Арыс, 2009.-

349 б.

Мазмұны
Алғы сөз - 1 б


«М е й і р л і м е й і р»- ( кітап көрмесі)- 2
«Мен бүгін әкем жайлы толғанамын» -

( еске алу кеші ) – 3

Ақын туралы естеліктер - 12
«Жалғыз тұяқтын жан сыры»- 14
Әдебиеттер тізімі - 17

Құрастырушы: Шарымбаева Ф.Қ – кітапхананы дамыту және

әдістемелік жұмыс бөлімінің меңгерушісі

Редакторлары: Қозыбекова Р.С – құқықтық білім орталығының меңгерушісі

Сұраншиева Г.Қ – жоғары дәрежелі 2-ші категориялы

кітапханашы





Каталог: sites -> default -> files
files -> Жамбыл атындағы республикалық жасөспірімдер кітапханасы Қазақстан ақын – жазушылары ХХ ғасырда
files -> Ермұхан Бекмахановқа Сыздайды жаным, мұздайды қаным, жан аға!
files -> Жамбыл атындағы Мемлекеттік жасөспірімдер кітапханасы Қазақстан ақын – жазушылары ХХ ғасырда
files -> Қызылорда облысының жер – су атаулары қызылорда, 2013 жыл сыр елі қызылорда облысы
files -> ОҚу курсының каталогы 050117 қазақ тілі мен әдебиеті
files -> Өмірбаяндық деректеме
files -> Жиырма үш жыл бір ғұмыр
files -> Пәнінің мұғалімі Ищанова Эльмира Абайқызы Қазақ әдебиеті ( 6 «б» сынып ) Сабақтың тақырыбы


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   14




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет