ДЕВИАНТТЫ МІНЕЗ – ҚҰЛЫҚТЫҢ ПАЙДА БОЛУЫНЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК- ТҰРМЫСТЫҚ СЕБЕПТЕРІ
Мирсатова Дилора Хавазматовна
Шымкент қ., №113 жалпы орта мектеп педагог-психологы
Біз ХХІ ғасырда ғылыми-техникалық прогресс пен компьютерлендіру ғасырында өмір сүріп отырмыз. Адамзат өзінің дамуында көп ілгері жылжыды. Сонымен қатар бүгінгі күнгі біздің планетамызда тұратын адамдардың басына көптеген девиантты мінез-құлықтың түрлерін игеру қаупі мәселесі алдыңғы қатарда тұр. Елімізде саяси-әлеуметтік және экономикалық ахуалдың өзгеруі халықтың әлеуметтік қалыптасуының бұзылуына әкеп соқтырады .
Әсіресе девиантты мінез-құлықтың жасөспірімдер арасында кең тарауы бізді көп ойландырады. Адамдардың көпшілігі мысалы, темекінің зиянды екенін біледі, бірақ олардың көпшілігі, тіпті медицина қызметкері арасында да, темекінің шын мәнінде қауіпті екеніне мән бермейді .
Қоғамдағы жат қылықтардың көптеп тарауы өкінішке орай, балалық және жасөспірімдік кезеңнен-ақ басталады. Мұны әлеуметтанушылардың, дәрігерлердің, педагогтардың зерттеулері дәлелдеп отыр.
Жасөспірімдер мен жастардың жат қылықтарға әуестенуінің негізгі себебі: білімінің төмендігі, мәдениет деңгейінің жеткіліксіздігі, ең бастысы, қызығушылықтың шектеулілігі, қоғамдық пайдалы іске деген ниеттің жоқ болуы .
Балалардың ішімдікке салынуының басты себебі – тәрбиенің дұрыс болмауы, балалар мен жастардың бос уақытын қалай өткізетініне ата – аналар тарапынан бақылаудың жоқтығы ортаның қолайсыздығы деп те айтуға болады.
В.М.Мясичев, Н.А.Коновалов девиантты мінез-құлықты жасөспірімдердің пайда болу себептерін үш топқа бөлген:
1.әлеуметтік-педагогикалық жағдайлар мен қоғамдық орталары ұйытқы болған;
2.жүйке психикалық жай – күйлерінің нашарлауынан туындаған ;
3.құқықты ұстамаған қылмыскер , қатігез, жауапсыз , қаңғыбас балалардың ықпалы әсер еткен .
Л.В.Занков, М.С.Певзнер, В.Ф.Шмидт баланы девиантты мінез – құлықты жасөспірімдердің қатарына қосатын : отбасы, мектеп және көше жолдастары, яғни қоршаған ортасы болса, дұрыс жолға түсіретін мүмкіндіктер: оның алдын алу, оқу – тәрбие жағдайында қоғамдық жұмыстарға тарту, оңды қасиеттерін сұрыптап алып , соның негізінде өзіндік сенімін арттырып, өзін - өзі тәрбиелеуге тарту немесе қылмыстық әрекеттер дәрежесіне орай арнаулы тәрбие мекемелеріне бөлуді жатқызған .
Қазіргі кездегі саны күннен күнге көбейіп бара жатқан девиантты мінез – құлықты жасөспірімдер қайдан пайда болады? Бізді ойландыратын да осы сұрақ. Дүние есігін жаңа ашқан сәбилер о бастан “девиантты” немесе “девиантты емес” болып бөлінбейді . Бұл қалай? Бұған жауапты алыстан іздеудің қажеті бола қоймас. Дұрысын айтқанда, мұны әрбір ата – ананың өзінен - өзі іздегені дұрыс .
Қоғамда өмір сүрудің алғашқы әліппесін қоршаған ортадағы қарым – қатынас тәжірибесінен, өзінің отбасынан үйренеді . Халықтың “Ұяда не көрсең ұшқанда соны ілерсің” деген мәтелі тегіннен – тегін айтылмаса керек.
Жасөспірімдердің бірден девиантты бола салмағанын зерттеу нәтижелері де көрсетіп отыр. Ол өмірде әке-шеше мейірімі, қамқорлығы дегеннің не екенін білмей өсуі , не болмаса оның нағыз достары да болмауы мүмкін. Содан да нашар ортаның ықпалына түсіп , төбелес жанжалға үйірсек болып, бұзақыларға қосылуы ықтимал .
Осы орайда нақты деректерге жүгінер болсақ, қалада жайсыз отбасының яғни, “қиын” ата-ананың көбеюі девиантты мінез-құлықты жасөспірімдер санының арта түсуіне әкеліп отырғаны анық .
Девиантты мінез-құлықтың пайда болуына отбасындағы үш түрлі жағдай әсер ететіні белгілі. Олар: әке-шешесінің теріс үлгісі, ата-ананың біреуінің болмауы, үй ішіндегі еңсені басатын ауыр жағдай-отбасында өне бойы болып тұратын ұрыс, жанжал. Өкінішке орай отбасының теріс қылықтарын атап көрсету оңай , түзеру қиын .
Әлеуметтік жағдай негізінде (қоғамдағы экономикалық қарым-қатынас, қоғамдық сана, тап және ұлттар қатынасы т.б). Жеке адамдардың қалыптасуына объективтік мүмкүндік туғызып, жастардың әлеуметтік белгілерді сақтап, құқық тәртібін бұзуға жол бермейді. Ал, жасөспірімдердің заң нормаларын мойындамауы, қоғамдық орындарда тәртіп сақтамауы, үлкен – кішіні сыйламауы сияқты қылықтар ұжымда, топта, отбасында, жора – жолдастарының арасында т.б шағын ортада ғана қалыптасады. Өйткені баланың алғашқы қадамы отбасында, мектепте, жора – жолдастары мен ата – анасының арасында жасалады.
Нақтылай айтқанда жасөспірімдердің бойында девиантты мінез – құлықтың пайда болуына бірден – бір себеп болатын және жағымсыз жағдай туғызатын отбасы тәрбиесі. Оның бастылары біріншіден, баланың күнделікті жүріс – тұрыстарын қадағаламау, оның көзінше арақ – шарап ішу, дау – жанжал, ұрыс – керіс туғызу. Екіншіден, тәрбиенің көзі – баланы киіндіру, тамақтандыру, мұң – мұқтажын қамтамасыз ету деп санау. Үшіншіден, жастайынан баланың еңбектену дағдыларын қалыптастырмау, оқушының жан – дүниесіне көңіл аудармау, отбасындағы ажырасу және жаңа адамның отбасына мүше болып енуі де түрткі болады. Төртінші себеп – ата – аналардың бір топтары адамгершілік талаптардың мән – мағынасын түсінгенімен, оларды күнделікті өмірде нық ұстамай, екі жүзділік көрсетіп, сөз бен істердің арасында алшақтық туады. Олар балаларына мораль талаптарын сақтауды міндеттегенімен өздері бұған немқұрайды қарайды. Кейбір ата – аналар олардың туған – туыстары қызмет бабын пайдаланып, заң нормаларын сақтамаса, кейбіреулері ала жіптен аттап қылмыстық әрекеттермен айналысады. Мұндай қылықтарды көретін жасөспірімдер сол шағын ортаның салт – санасын қабылдайды.
Бесінші себеп – кейбір ата – аналар өмірлік бағдарламасында ала беру, жинау, мансапқорлық, менмендік пиғылдар орын алып, адамдарды ақыл – парасатына қарай емес, “байлығына”, “қажеттілігіне” қарай сый құрмет көрсету баршылық. Осындай ортадан шыққан балалардың ұрлық, тонау, жәбірлік, зорлық – зомбылық жасауға бейім екенін байқауға болады.
Алтыншы себеп – балаларын шектен тыс мәпелеу, еркелету, ерекше жақсы көру, тұрмыстық еңбекке қатыстырмай “ақ саусақтылыққа” дағдыландыру, алдарындағы қиындықтарды жеңуге баулымау, еңбек, әдет дағдыларын қалыптастырмау. Өмірге икемсіз балалар қоғамға жат қылықтарға, темекіге, ішімдікке, нашаға, ұрлыққа икемделе бастайды.
Отбасында кеткен кемшіліктер мектепте одан да бетер шиеленісе түседі. Себебі мектепте де балалардың жеке басын сыйламау, әкімшілік көрсету баршылық. Мектеп мұғалімдері мен девиантты мінез – құлықты жасөспірімдердің қарым – қатынасы көбінесе “ақыл” айту, ұрысу, ар – ожданына тию тәрізді педагогикада жат әрекеттермен сипатталады.
Ата – ананың баламен дұрыс қарым – қатынас жасамауы және баланың тәрбиесіне тікелей әсер ететін теледидар арнасынан сапасыз хабарлардың көрсетілуі. Осының әсерінен елімізде нашақорлық, ішімдік және әртүрлі қылмыстар мен теріс қылықты жүріс – тұрыстар көбеюде. Теледидарда көрсетілетін хабарларға ішке қойылмағандықтан балалар әртүрлі видеокинолардан көрген зорлық – зомбылық, төбелес, шабуыл, ату, өлтіру т.б әрекеттерді ойын кезінде ойыншықтарымен еліктеу қылықтарын жүргізеді.
Белгілі психолог К.Бютнердің айтуы бойынша осындай ойындар, видеолар, теледидарлар девиантты мінез – құлықтың негізгі себебі болады дейді.
Сол сияқты қазіргі экономикалық жағдайымызда балалардың жастайынан нашақорлық, жезөкшелікпен айналысуы және бұлар жайында көптеген фильмдердің, хабарлардың көрсетілуі балаларды жас кезінен еліктіріп, оларды құрбы-құрдастарынан бөліп, осындай жүріс-тұрысқа бейім топтың адамдарымен араласуына кедергісіз жол ашады. Сондықтан бала санасының дұрыс қалыптасып, психикасының дамуын жетілдіру үшін бала санасын улайтын мұндай хабарлардың көрсетілуіне әлеуметтік, қоғамдық тұрғыдан шектеулер қойылуы керек.
Баланың мектептегі өмірі белгілі бір тәртіппен және ұйымдасқан түрде өтсе, ол мектептен тыс ортада жасырын қарама-қайшылықта және ерекше жағдайда өтеді. Мектепте және үйде баланың өзіне тиісті міндеттері болады, бақылаумен ұйымдастырылады. Ал, көшеде бала өзін бақылаудан және жауапкершіліктен еркін сезінеді. Сондықтан да балалардың шағын мектептен тыс уақытын қалай өткізетінін есепке алып отырудың маңызы зор.
Оқушылардың тұратын жерлерін, оның жеке басын қалыптастыратын және дамытатын кіші ортаның бірі ретінде қарастырамыз. Бұл тұрған жерінде бала мектепке келгенше өзімен таныс адамдармен қарым-қатынас жасап та үлгереді. Сондықтан да балалардың тұрған жеріндегі тәрбиелік жұмысты төменгі сыныптан бастап жүргізу керек. Бұл орайда олардың бос уақытын дұрыс өткізуіне, әрбір іс-әрекетін үлкен қызығушылықпен және ынтамен ат салысуын қадағалау орынды болып саналады
Мектеп бұл жағдайда ата-анамен көпшіліктің біріккен жұмысын бір салаға салып, реттеп, онда бала тәрбиесінің нәтижелі өтуіне мүмкүндіктер жасайды.
Бала тәрбиесінің мектеп алдына қойған міндет талаптарын тиімді жолмен шешіп және оның жан-жақты дамып, әлеуметтенуін қамтамасыз ету үшін мектепте педагог-психолог мамандықтарымен қоса әлеуметтік педагог мамандығы да ойластырылған.
Қазіргі жағдайда мектептің, отбасының және көпшіліктің өзара байланысын жақсартатын әлеуметтік педагогтар даярлаудың ауқымын кеңейту керектігі өте айқын сезілуде. Мұндай категориядағы кәсіби білікті маманды дайындау және қайта даярлауға ерекше көңіл аудару қажет – ақ. Міне сонда ғана бала тәрбиесіндегі мектеп, отбасы және көпшілік ұйымдарының арасындағы байланысты жақсартатын мамандар саны көбейіп, сапасы артады. Мұны өмір талап етіп отыр.
Ерте кездегі профилактика тек қана ескертулермен ғана шектелмей, сонымен қатар жасөспірімдердің бойында рухани идеалдар мен сенімдердің қалыптасуын қамтамасыз ету керек. Біздің ойымызша жасөспірімдердің рухани, имандылық және физикалық жағынан жан – жақты қамтылуы үшін клубтар, орталықтар ашылуы тиіс. Мұндай білімнің жалпылану тәжірибесі және оны республиканың басқа аймақтарына тарату міндетті жеңілдетеді және жасөспірімдердің бірігуі үшін тиімді болар еді, сонымен қатар қажетсіз әрекеттерден арылуға көмектеседі. Дәл осындай әрекет “мен ешкімге керек емеспін” деген санадан туындайтын “жатсыну” сезімін әлсіретеді.
Антиәлеуметтік және әлеуметтік қатерлі әрекеттерден арылу үшін басты орында жаңа адамды тәрбиелеудегі қоғамдық қатынасты шаралар тұру керек. Алдын - алу шаралары тек көмекші роль атқаруы мүмкін және сонымен қатар нақты жағдайды қарастырады. Ең бастысы – бұл қалаларды, аудандарды, облыстар мен республикаларды, сонымен қатар мекемелер мен ұжымдардың әлеуметтік даму жоспарының бір бөлігі болып табылатын құқық бұзушылықтың кешенді жоспары ретінде жан – жақты таралған жұмыс түрі. Мінез – құлықтың нормадан ауытқушылығы көңіл аударарлық мәселе болып ең бірінші адамның тұлға болып қалыптасатын шағын ортасында яғни отбасында, мектепте, жоғарғы оқу орнында, еңбек ұжымында қарастырылуы қажет.
Жасөспірімдерге өмір құндылығын ұғындыру маңыздылығы
Токсанбаева Салтанат Болатбековна
Шымкент қ., № 94 жалпы орта мектеп педагог- психологы
Ғылыми тілде адамның өзін – өзіне қол жұмсап өлтіруін суицид деп атайды. Суицид ауру ма? Психологтар өз-өзіне қол салу себептерін денсаулықтың нашарлауы мен биологиялық факторлардан көреді.
Психиатрлар да жас-өспірімдердің суицидке баруын 3 себепке бөліп қарастырады.
Біріншісі – өзіне көңілі толмауы. Яғни, бала өзінің мінез-құлқына, түр-әлпетіне көңілі толмай, өзін өзгелерден бір саты төмен ұстап, кемсітеді. Ақырында өмір сүрудің мән-маңызын жоғалтып, өзіне қол жұмсауға бел байлайды. Екіншісіне психологиялық дағдарысты көңіл күй, микроәлеуметтік дау-дамайлар жатады. Мәселен, ата-анасымен, ұстазымен немесе досымен ренжісіп қалған жастар үшін тұрмыста кездескен қиындықтан шығатын жол – өзі-өзін өлтіру болып көрінеді. Үшінші себепке психикалық ауытқулар, физиологиялық факторларды жатқызады.
Біздің елімізде әсіресе жастар арасында өзіне қол жұмсау оқиғалары көрініс табуда. Жастарымыздың арасында суицидтың жиіленуі қоғамымыздың ең басты проблемасына айналды және жыл өткен сайын артуда. Мұндай әрекетке негізінен жалпы жастар мұндай әрекеттерге психологиялық дерттерге ұшырағанда, ауыр депрессиялық жағдайларға кездескенде барады. Өмірден түңілу, туыстары мен жақындарынан қолдау таппау, есірткі мен алкогольға тәуелділік солардың барлығы жасөспірімнің суицидке ұшырау қаупін арттырады. Мысалы өтпелі кезеңдегі стресстік жағдайға, белгілі бір адамдармен ұрысып, арақатынасын үзуінен туындаған жағдайға бағытталған жауап болуы да мүмкін. Жасөспірімнің суицидке жақындығын өзіндік белгілерден байқауға болады. Олар суицидке қатысты ойларын түрлі жолдармен білдіруі мүмкін.
Сөздермен. Ол өлім жайлы жиі сөйлеп, өзін-өзі «жаманмын, менің ішкі дүнием бос, өлгім келеді» немесе «мен өмір сүруге лайық емеспін», әйтпесе «басқаларға жүк болғым келмейді, өмірдің мәнісі қалмады» тағы басқа сол сияқты сөздермен қорлайды.
Әрекеттермен. Достары мен отбасысынан алшақтауы, сыртқы ортадан оқшаулануы, тамаққа тәбеті, ұйқыда ұйқысы, түр-әлпетінен нұры қашып, әрекеттерінде тыныштығы жоғалады және әр нәрсеге тез ашуланғыш келеді.
Сезімдерімен. Ондай адам үмітсіз, айыпты, өмірден түңілген халде байқалады. Бұрында қызықты болған ойындар мен жұмыстарына қызығушылық танытпай, келешегіне бейқамдықпен қарайды. Кейде бірден көңіл күйі өзгеріп, депрессиядан кейін өзгеше қуанышты көңілде болуы мүмкін (осындай жолмен депрессиядан шығуы да мүмкін).
Статистикаға сүйенсек Қазақстан барлық елдер бойынша өз-өзіне қол жұмсаудан 3 орында екен. Бірақ мәселенің мән-жайына барып, себеп-салдарын анықтап, шешу жолдарын қарастыру көбіне-көп қалыс қалуда. Суицидтің өзі екіге бөлінеді: бірі –аяқталған суицид болса, екіншісі- оған ұмтылу. Психологтардың зерттеуі бойынша өз-өзіне қол жұмсау мүмкіндігінің мынандай белгілері бар екен:
1. Өз ісін қалыпқа келтіру – қымбат бағалы заттарын таратып беру, өзгелердегі дүниесін жинастыру. Яғни, бұрын ісіне салғырт қарайтын адамның бәрін қолына алуынан күдіктенуге болады. Бұл соңғы әзірлік болуы мүмкін.
2. Қоштасу. Өмірінің әр кезеңінде өзіне жақсылық жасаған адамдарға ризашылық білдіре бастауы.
3. Сырттай көңілі тоқ адам – күш-қуаты артады. Егер өз-өзіне қол жұмсау туралы шешім қабылданып, жоспар құрылып қойса, онда осы тақырыптағы ойлар оны мазалануын қояды, артық күш-қуат пайда болады. Сырттай өз-өзін еркін ұстайды - өлім туралы ойдан бас тартқан секілді болып көрінуі ықтимал. Алайда күш-қуаттың артуы ұзақ мерзімдегі депрессиядан да қауіпті болуы мүмкін.
4. Қағаздағы белгілеріне назар аударыңыз (заттарда, жазбаларда, күнделікте)
5. Сөз жүзінде белгі беруі немесе «өлемін» деп қорқытуы
6. Сөзімтал жасөспірімдерде болатын аяқасты ашу
7. Жақын адамын жоғалтқан, үйін жоғалтқандарда жоғарыда аталған белгілер кездеседі.
8. Ұйқысыздықтың көрініс табуы.
Ата-аналар мен ұстаздар көмек көрсету үшін не істеу керек?
1. Мұндай шешімге бару себебін достарының көмегімен анықтаңыз.
2. Жылы, мейірімге толы қарым-қатынас орнатыңыз.
Өзін ештемеге икемсіз, ешкімге керексіз сезінген адам үшін айналасындағылардың назар аударып, көңіл бөлуі жақсы әсер етеді. Сүйткен жағдайда жүрегіне жол табасыз.
3. Әңгімеге тартып, тыңдай біліңіз.Суициденттердің көп бөлігі оқшауланудан зардап шегеді. Соған орай олар көп ретте сіздің ақыл-кеңесіңізді тыңдамауы да мүмкін. Бұл ретте олар өздігінен ашылғысы келеді.Мұндай жағдайда, депрессияға түскен жанның өзі көбірек сөйлегені дұрыс, ал сіз мұқият тыңдай біліңіз.
Сізде егер жолдасыңыз өз сұрағыңызға дереу жауап бере қоймаса, өзіңізді сабырлы, қалыпты ұстауға тырысқаныңыз абзал.
4. Сөзге таласпаңыз, дауыс көтермеңіз.
5. Қырсықтырмайтын сауалдар қойыңыз. Жақыныңыздың дағдарысын ұғынудың ең ұтымды тәсілі- оған тіке сұрақ қою: «Сен суицид жайлы ойлайсың ба?». Егер ол суицид жайлы ойлап жүрмеген болса, бұл сұрақ оны ол ойға жетелей қоймайды. Ал егер сол жайында көптен ойлап жүрген болса, онда ол өзінің жағдайына жұрттың назар аудара бастағанын сезініп, жеңілдеп қалары сөзсіз.
6. Бос жұбатулардың еш қажеті жоқ. Психологиялық қорғаныштың ең басты әдістерінің бірі – рационализация болып табылады.Сіз суицидтік қауіпті естігеннен кейін: «Жоқ, сен олай ойламайсың!» дегіңіз келуі мүмкін. Ал бұл оның емес, тек сіздің қаупіңізді ғана сейілтетін нәрсе.
8. Құрылымдық шешімдер ұсыныңыз.
Суицидтің алдын алу әдістерінің ең маңыздыларының бірі – оның өзін жайсыз сезінуінің көзін анықтауда жатыр. Бұл өте қиын болуы мүмкін, өйткені ол адамның проблемасының көзі осы құпиялылықта жататыны белгілі. Сондықтан, ең ұтымды сұрақтар қоя білу.
9. Үміт шоғын сыйлаңыз.Депрессияға бейім балалармен жұмыс жасаудың маңызы өте жоғары және ол үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Сондықтан, психотерапевтердің көбі олардың сөзі мен сезіміне баса назар аударуға кеңес береді. Құпия жүрген ойлар құпиялылығын жоғалтқан кезде, мәселенің де шешілуі оңайлай түседі. Өзін-өзі жеп жүрген жан «Мен бұл мәселені қалай шешетінімді білмеймін.Бірақ менің қиыншылықтарым белгілі болған тұста, менде үміт бар ғой» деген ойға келуі әбден мүмкін.
10. Суицид қаупінің дәрежесін анықтаңыз.
11. Жоғары суицидтік қауіпте адамды жалғыз тастауға болмайды. Мұндай жағдайда оның қасында ұзағырақ болуға тырысыңыз, болмаса өзіңізді ауыстыратын бір адамды қалдырыңыз. Оған өз-өзіне қол жұмсамас бұрын, жедел жәрдем шақырған да ағат болмайды. Сіз өз ісіңізге жауапкершілікпен қарауыңыз қажет.
12. Мамандар көмегіне жүгініңіздер.Психиатрлар мен клиникалық психологтардың көмегі зор болады.
Барлық бала қиналған сәтінде: ұл болса әкесімен, қыз болса шешесімен ашық әңгімелесіп, сырласа білуі өзара сенімділікке әкелетіні сөзсіз. Балаларға жай ғана киім, тамақ тауып беру аздық етеді. Олар үнемі ата-ананың жылуын сезініп, жақсы көретінін біліп өсуі тиіс. Сондықтан да ата-ана күйбелең тіршіліктен бір сәтке болса да қол үзіп, баласына уақыт бөлуі маңызды. Әке-шешесі көңіл бөлмейтін бала өзінің ешкімге керексіздігін түсініп, психологиялық күйзеліске тап болуы әбден мүмкін. Әр отбасы ұрпағымен бақытты болу үшін, өмір мәнін ұғындыру, сезіндіру, бірге мазмұнды өмір сүру отбасы негізінде.
Ең бастысы - жүрегің таза болсын;
Өмір - сенің мүмкіндігің,пайдалана біл;
Өмір - сұлулық,сүйсіне біл;
Өмір - арман,жүзеге асыр;
Өмір - парыз,орындай біл;
Өмір - ойын,ойнай біл;
Өмір - байлық,бағалай біл;
Өмір - махаббат, ләззат ала біл;
Өмір - құпия,сырын аш;
Өмір - қайғы, көтере біл;
Өмір - күрес, жеңе біл;
Өмір - бақыт,баянды ете біл.
Әрбір адамға өмір құндылығының маңыздылығын түсіндіру, дұрыс бағыт беру, еліне деген сүйіспеншілігін, өмірге деген құштарлығын арттыру азаматтық борышымыз. Ақындар сөзімен түйіндесек
Өмір деген тұрмайды: қап - қарадан.
Өмір деген тұрады:ақ - қарадан,
Ақ - Қара,екі арасын ашып өтіп,
Арымен өз бақытын тапқан Адам!
Пайдаланған әдебиеттер:
1. Баспасөз материалдары
2. Интернет ресурстары
ӨЗ-ӨЗІНЕ ҚОЛ ЖҰМСАУШЫЛЫҚТЫҢ СЕБЕПТЕРІ
Издибаева Меруерт Ержановна
Шымкент қаласы №62 «Ботақан» бөбекжай балабақшасының тәрбиеші
Өзін-өзі өлтіру (суицид) – бұл саналы түрде өзін өмір сүруден айыру, адамның қатты жан-күйзелісі жағдайында немесе психикалық ауру ықпалымен жасалған өз-өзіне қол жұмсау әрекеті; жүйкесін қатты жарақаттайтын жағдайлар ықпалымен өмірден саналы түрде кету әрекеті, бұл жағдайда жеке өмірдің жоғары құндылық ретінде мәні жоғалады. Осылайша, суицид ұғымы адамның өзін-өзі өлтіру туралы түсінігін береді, басқаша айтқанда, бұл өз-өзіне қол жұмсаудың жоғарылатылған тәуекелі. Кәмелетке толмағандардың ауытқушылық мінез-құлқының аталған түрі енжарлы, әрекетсіздік болып сипатталып, шешімі жоқ мәселелерден: өз-өзін зорлықпен, күшпен өмірден қиып кету тәсілі болып табылады. Суицидалдық ниет-түпкі ойға ерік компоненті қосылған кезде шығады, яғни, шешім сыртқы мінез-құлық әрекетіне көшуге дайын болу кезеңі. Дәрігерлер өзін-өзі өлтіруді үш түрге бөледі:
Бірінші, анық күйзелістік жағдайдан соң, өмірдің мәнін жоғалтып, адам өзін
ұзақ уақыт өлімге дайындайды.
Екінші, жасырын суицид, адам өзін өлімге арнайы дайындамайды. Тек
саналы түрде тәуекелге бел буу күтпеген өлімге алып келеді.
Үшінші, басқалардың көзінше ашық түрде өлімге бет бұру. Бір нәрсені
дәлелдеу үшін, біреуге ерегісу.Өзіне қол жұмсайтындарды екі негізгі категорияға бөліп қарауға болады. Бірінші, әртүрлі психикалық ауруға ұшырағандар. Екінші, психикалық дені сау, стресстік (күйзеліс) жағдайларға төзбей қарағандар. Әсіресе дені сау адамдардың ауруларға қарағанда өзіне қол жұмсауы алты есе жоғары болып келеді.
Ресми мәліметтерге жүгінсек, еліміз бойынша соңғы үш жылда балалар арасындағы аурушаңдық деңгейі 8 пайызға өскен. Жүйке сырқатының аурулары 2,3 пайызға артты. Қазіргі таңда елімізде 15 жасқа дейінгі әрбір 14-ші бала, яғни 300 мыңға жуық жасөспірім жүйке жүйесіндегі және психикалық ауытқушылыққа душар болған. Жыл сайын елімізде 11 мыңға жуық баланың психикалық және мінез-құлық ауытқушылығына душар болғаны анықталады. Психикалық қоздырғыш заттарды тұтыну салдарынан балалардың алғашқы ауытқушылыққа ұшырау оқиғасы 2000 жылғы мәліметтермен салыстырғанда, 2003 жылы 3 есеге өскен. Сондай-ақ ішімдікке әуестену салдарынан психикалық мінез-құлық ауытқушылығына ұшыраған балалар саны тіркелген. Бұл көрсеткіштердің үштен бір бөлігі Алматы қаласының үлесінде. Сонымен қатар, соңғы үш жылда психикалық қоздырғыш заттарды тұтыну салдарынан ауытқушылыққа ұшыраған жасөспірімдер саны да арта түсті (51,5 пайыз). Суицидтің себептері:
- мүгедектік (ауру);
- мамандықты өз еркімен қалауға, жан ұя құруға, балалы болуға мүмкіндіктің болмауы;
- жалғыздық (әсіресе 70 жастан кейін);
- жұмыссыздық (өте күшті жан күйзелісіне әкеледі) болуы мүмкін.
Суицидалдық белсенділіктің жеке адам мінез сипаттарына қарай екі типі бар: кәрілік және жасөспірімдік. Адамның өзін-өзі өлтіруі ең алғаш қашан болғаны белгісіз болғанмен, адам саналы түрде өз өмірін қиюды ерте кезден бастаған. Мұны ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы антропологиялық зерттеулер де дәлелдейді. Осы кезеңде жер бетінің әр түкпірінде алғашқы қоғамдық құрылыстың заңымен өмір сүрген адамдар да болған. Зерттеулердің қорытындысы көрсеткендей , белгілі бір қауымда өзіне қол салу әркімнің «жеке ісі» деп есептелсе, кейбіреулерінде осыған байланысты діни салт-дәстүрлері болса, енді бірінде бұған тиым салынып, жазаланып отырған. Әлеуметтанушы Дюркгейм өз заманында суицидтердің төрт негізгі себебін бөліп көрсеткен еді. Өзімшілік өзін-өзі өлтіру – басқа адамдармен байланысы жоқ, жалғыздыққа жанықұмар, өзімен-өзі болуды қалайтындар да көп кездеседі.
Альтруистік өзін-өзі өлтіру – керісінше басқа адамдардың өмірін сақтау үшін болатын жағдай (мысалы, екінші дүние жүзілік соғыс кезіндегі ерліктер). Аномалиялық өзін-өзі өлтіру кенеттен қоғамда кездесетін қиындықтардан шығудың жолын таппай , өз өмірін қию.Фаталистік өзін-өзі өлтіру – жеке адамды, қатал бақылауға алғандықтан, оған бостандық бермегендіктен, болашақтан үміт үзуден болатын өлім. А.Е.Личко жасөспірімдер арасында кездесетін суицидтердің ең жиі кездесетін себебіне мыналарды жатқызады:
1. Сүйікті адамын жоғалту.
2. Шектен тыс қалжырау жағдайы.
3. Өзіндік қадір-қасиетін осал сезіну.
4.Алкогольді, гипногенді, психотропты дәрілерді және есірткіні пайдалану
нәтижесінде пайда болатын жеке бастың қорғаныш тетігінің бұзылуы.
5. Өзін-өзі өлтірген адаммен өзін теңестіру.
6.Әртүрлі сылтаулар бойынша туатын қорғаныш, ызалану мен жабырқаудың әр алуан формалары.
Өзін-өзі өлтіруге ниеттенудің кейбір белгілері: ұйқының бұзылуы, жалғыздыққа, басқалардан бөлектенуге бейім болуы, үйден қашуы, сыртқы келбетінде және мінез-құлқында өзгерістердің білінуі, ішімдікті немесе есірткіні жиі қолдануы, агрессивті, ашушаң жағдайда жүруі, өлім жайлы әңгіме айтуы, өзін-өзі өлтіруі туралы жазып қалдыруы, тек қара түске бояған, өзіне бағытталған қаталдықты бейнелейтін суреттер, іс-әрекеттеріне арлану, өз бетімен қаңғыру, үмітсіздік сезімі, қорғаныш, күйзеліске ұшырау, себепсіз жылау, жеке заттарын тарату, жақсы көретін істеріне қызығушылығын жоғалту, сабақ үлгерімінің бірден төмендеуі, сабақтан қалу, мектепте тәртібінің төмендеуі, топтарға немесе секталарға қатысу т.б.
Достарыңызбен бөлісу: |