Күшейтпелі шырай – заттың сындық белгілерін асыра, күшейте білдіретін шырай. Күшейтпелі шырай екі түрлі тәсілмен жасалады: редупликация тәсілі (қап-қара, сап-сары, аппақ), аналитикалық тәсіл (ең ыстық, аса салқын).
Сын есім зат есімге тән қосымшаларды да қабылдай алады. Мысалы, Жақсының аты өлмейді. Бұл құбылыстың өзіндік себептері бар. Бұл – сын есімнің заттануымен байланысты жүзеге асатын құбылыс. Сын есім– зат есімдермен тікелей байланысты сөз табы болғандықтан, субстантивтенуге (заттануға) бейім сөз табы. Сын есімнің субстантивтенуінің негізгі бір себебі – сөйлем құрамындағы сын есім арқылы анықталатын зат есімдердің эллипсистенуі. Мысалы, Жақсының жақсылығын айт деген мысалдағы жақсы сын есімінің субстантивтенуі Жақсы адамның жақсылығын айт нұсқасындағы сөйлемнен сын есім (жақсы) арқылы анықталып тұрған зат есімнің (адам сөзінің) сөйлемнен түсіп қалып, оның заттық мағынасы анықтауыш қызметіндегі сын есімге өтуімен байланысты. Сөйтіп, түсіп қалған зат есімнің есебінен өз бойына заттық грамматикалық мағына жинақтаған сын есім енді зат есімнің қосымшаларын еркін қабылдау қабілетіне де ие болады.