Сабақтың мазмұны:
Сан есімнің семантика-морфологиялық түрлері.
Сан есімнің морфологиялық ерекшеліктері
Сан есімнің синтаксистік ерекшеліктері.
Сабақ мақсаты:
Сан есімнің семантика-морфологиялық, морфологиялық, грамматикалық ерекшеліктерін таныту.
Теориялық бөлім:
Сан есім – заттың сандық белгілерін білдіретін сөздер. Басқаша айтсақ, тілдегі сан есім қатарына жататын сөздер шындық өмірдегі заттар мен заттық ұғымдардың санын, сандық шамасын, ретін атайды.
Сан есімнің семантикалық ерекшеліктері. Қазақ тілінде таза сандық ұғымды атайтын небәрі 22 сөз ғана бар. Оның оны – бірлік сандардың атаулары, тоғызы – ондық сандардың атаулары, бұлардан басқа нөл, жүз және мың сөздері бар. Ал миллион, миллиард, т.б. сан атаулары кірме сөздер. Тіліміздегі басқа сандық атаулар осы сөздердің әр түрлі комбинацияларда бір бірімен тіркесіп келуі арқылы жасала береді. Әр сан есім бірін бірі қайталамайтын жеке лексикалық мағынаға ие, сондықтан олардың синонимдік қатары, антонимдік жұбы болмайды. Күрделі сан есім құрамындағы әр сан есім жеке алғанда дербес лексикалық мағынаға ие болғанмен, олардың тіркесі үшінші лексикалық мағынаны білдіреді. Мысалы, жиырма бес, жиырма, бес.
Сан есімдер туынды сөздердің жасалуына негіз болғанмен, басқа сөз таптарынан сан есім жасалмайды. Мысалы, бірлік, ондық, жүздік, т.б.
Тілімізде сан есімдерге лексикалық мағыналары жуық сөздер де кездеседі. Оларға, біріншіден, өлшем бірліктерінің атаулары: қадақ, пұт, келі, батпан, бір уыс, елі, адым, тұтам, сүйем, қарыс, кез, аршын, құлаш, т.б;, екіншіден, белгілі бір сан есімдерге синоним мағынасы бар сөздер: жарты, жарым, жек, дара, жалғыз, жалқы, егіз, қос, жұп, ширек; лексикалық мағынасы уақытпен байланысты сөздер: ай, жыл, ғасыр, апта, сүт пісірім, бие сауым, т.б. жатады. Бірақ бұлардың бәрі – сан есім емес, басқа сөз таптарына жататын сөздер.
Сан есімнің мағыналық топтары синтетикалық және аналитикалық жолдармен жасалады. Алайда есептік сан есімдерден қосымшалар арқылы қалыптасқан, немесе олардың қосарлануы, тіркесуі арқылы қалыптасқан сөз тұлғалары жаңа туынды сөз бе, әлде сан есімнің түрленген тұлғалары ма деген мәселеде бір қайшылықтары бар. Болжалдық сан есімдер мен бөлшектік сан есімдер қатарына жататын сөздер есептік күрделі сан есімдер сияқты үшінші бір лексикалық мағынаны білдіретініне күмән тумайды. Ал реттік, жинақтық және топтау сан есімдері жаңа ұғымның атауын тудырды деу қиын.
Сонымен, қалай болғанда да, сан есімдерді алты мағыналық топқа бөлеміз:
Есептік сан есімдер: бес, елу, елу бес, бес жүз елу бес, т.б.;
Реттік сан есімдер: бесінші, елу бесінші, т.б.;
Жинақтық сан есімдер: біреу, екеу, бесеу, т.б.;
Топтау сан есімдері: бестен, бес-бестен, ;
Болжалдық сан есімдер: бес-алты, он шақты, мыңдаған, елудей, бірер, мыңдап, сегіздер шамасы;
Бөлшектік сан есімдер: бір жарым, төрттен бір, бес бүтін оннан үш, т.б..
Достарыңызбен бөлісу: |