Зуһраның үйі. Дастархан басында Зуһраның əжесі түрік кемпір мен
ауылбасы қария отыр.
Түрік кемпір.
Үйіміз де, күйіміз де болған. Үйім сенің мына тоқал
тамыңның қасында хан сарайындай еді. Мұны мақтанып, асылық
жасап айтып отырған жоқпын. Шыққан жеріміз жақсы, текті жердің
ұрпағымыз. Қызымды балаңа əперетін болсаң, қорламай əпер.
Бидайдың баратын жері диірмен болса, қыздың баратын жері жəне
белгілі. Үйде ұстап абырой таппаспын. Бірақ сыйлап ал.
Ауылбасы.
Біреуді кем санайтын, қор санайтын кісі емеспін. Қу заман
не істемейді, зобалаң келсе, бұдан да зоры болады. Сонда қалыңына
қанша мал сұрайсыз?
Түрік кемпір.
Қызым барамын десе, сүйемін десе, тегін-ақ берер едім.
Бірақ Зуһрадан ондай ешнəрсе естімедім. Мал екеш малды да
бауыздарда ырымын жасайды. Өзің де жөн-жоралғысынан
жаңылмасаң, ертең қызым шаңырағыңа құт əкеледі.
Достарыңызбен бөлісу: