Әңгімелер, хикаяттар
ШАНШУДЫҢ БАЛКОНЫ
Шаншу шіркін шіреніп балконнан тост айтып түр екен деймін. «О заман да, бұ заман, дені-қарны сау адам да балконға шығып бақылдап тост айта ма? Байғұстың шынымен-ақ шатаса бастағаны ма?». Құдайдың құдыреті, түсімде санамды сансыратқан сан-сапалақ оқиғаларға өзімнен-өзім таңғалып жататын бір қызық әдетім бар.
- Рахмет, - дейді Шаншу, - Шуылдақ атама ескерткіш қойыпсыңдар. Бірақ шалды есекке мінгізудің не қажеті бар еді? Ұынқұлақтан Айбардың шығарып жүргені деп естідім. Оныкі таза өзінің атын шағару ғой. Естібай мен Кенжебск те шыбындаған жылқыдай бас шұлғи беріпті...
Шаншуды баяғы Хрущевтің пәрменімен соғылған ескі үйдің балконында тұр екен деймін. Зілдей денесін көтере алмай салмағын бір аяғынан екінші аяғына аударған кезде ескі балкон сықыр ете қалды. «Ау, Естібай атам біздің Шаншу жаңа үй алды деп Кенжебекке ылғи мақтанып отырмаушы ма еді?». Жарымжан балкон бір жамбастап, әні-міні құлайын деп тұр. Шаншу сорлы оны сезіп тұрған жоқ. «Ойпырай, мынан-дай апатты жағдайға қарамастан беймарал өмір сүре беретін адамзаттың баласы не деген көнбіс еді?!.»
Айналайын, Көркемтай, сен ауылдан қол үзбе. Мен баскаларға қарап бой түзеймін деп мына қураған қу балконға байланып қалдым...
«Мә, Шаншу көкем Демосфен болып кеткен бе? Ішіп алғанда «Шумел камыш...» деп, миды ашытқаны болмаса, аузын буған өгіздей үндемеуші еді ғой».
Әй, сендер мені балконнан былшылдатып қой-е-еп. өерін аузынан сынғытып жаткан жоқсыңдар ма?
Балкондағы Шаншудын дорбадай аузына қарап тұрамыз деп Асқар екеуіміздің мойнымыз талып қалыпты. Қолымыздағы әлі ашылмаған бөтелкені көрсеттік «Жоқ, ішкен жоқпыз» деген белгіміз.
Ал, онда «әруақ риза болмай, тірі байымайды», Шуылдақ атамның ескерткіші үшін алып қоялық.
Шаншу қолындағы бір кесе сүтті (Сүті несі? Бұл кісі арақты қойған ба? Түу, мұны естісе елден бұрын Естібай атам қуанатын болды ғой. Апама айтып «жеті нан» құдайы бергізбесе неғылсын?) аузына апара бергенде, жер сілкінгендей болды да, кенет қолындағы кесесі үшып кетті. Ағарған шашырап келіп үстімізді аймандай қылды. Жоқ, жер сілкінбепті. Опырылып кұлап бара жатқан Шаншу тұрған «хрущевканың» балконы екен.
- Шаншу аға...
Айғайлайын десем даусым шықпайды. Шаншу да, балкон да, үй де жым-жылас. Қираған қалдықтардан шаң-тозаң көтеріліп, түтін бықсиды...
Жастық бір жақта, басым бір жақта жатыр екен. Желісіне әрең ілініп тұрған торлама қауындай төсектен салбырап қалған сопақ басты көтеріп тұру оңай ма, мойным ұйып, қозғалтпай қалыпты. «Пыссымылда, пыссымылда...».
Үйдің сыртқа есігі ашық тұр. Бөлмеге су себілген саялы ауладан салқын леп келеді. Қыт-қыттаған тауықтардың табалдырыққа дейін тақымдай түскенін сеземін. Байғұстар үйдің ішіне аңсары ауып, мойындарын созып, қайта-қайта қарағыш-тағанымен «жә, бір малын кәйтсем екеу қылам деп жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген Естібайдың бір бәлесіне қалармыз» дегендей, өрістерін қайтадан аулаққа салады. Дүниені дүрліктіріп жатқан «құс тұмауынан» бейхабар қызыл әтеш қана нәпсісін жеңе алмады. Табалдырыққа секіріп шығып, қы-зылды-жасылды мамығы мың құбылған мойнын қылт-қылт еткізген кербез неменің жаны дәліздегі аяқ-табақты салдыр-гүлдір еткізіп бір-ақ тыншыған.
- Кіш, әй. Адамды түтіп жейтін шығар мыналар.
Жаздым-жанылдым дегендей қоқ-коқтап қаша жөнелген кербез әтешті атамның жыңғыл таяғы сақпандай ысылдап шығарып салды.
Тұру керек шығар. Басқа жер құрып қалғандай ала мысық көрпемнің үстіне шығып пырылдап жатыр. Сілкіп тастадым. Тәтті ұйқысын бұзғанымды жақтырмағандай даусын соза мияулаған мысық қағынып-сілкініп, керіліп алды да атам-ның мыж-мыж мәсісіне барып оралды. Осы кезде даладан Кенжебектің даусы естілген.
- Ай, Естібай, үйдемісің.
- Е, үйде болмай Мекке-Мәдинеге кетті деп еп ең?
Кенжебек үйге өзімен бірге даланың бір құшақ бәйшешегіндей көктемнің хош иісін ала кірді.
- Оу, мына сабаз әлі тұрмаған ба?
- Шарбақтыдан шығатын алғашқы пірімір-міністір болам дей ма, көзінің майын тауысып жұлдыз ауғанша кітап оқиды. Түске шейін тырайып жатпағанда кәйтеді сосын.
- Біздің қара шұнақ ертелі-кеш кәмпитүрге қадалады да отырады. Онысы ыңғи атыс-шабыс бірдеңе...
Апам далада самаурынмен апысып жүр екен, үйге «бу машинасын» тура деректі фильмнің өзінен алып келгендей болды. Дастарқан басынан құлаққа жағымды әдемі әуен естіліп, табалдырық пен төрдің арасын сексеуіл шоғынын жағым-ды иісі жайлаған. Жарнамадан түспейтін «Шах» шәйінің жаңа демделген сәтіндегі жұпар иісі тәмпіш мұрнымды қытықтады. Кенжебек атам жөткірінді. Сосын менің бас жағымдағы кітап-ты алып, Бейімбет Майлиннін қамалмай тұрған кездегі кекіл шашы бұйраланып түскен әдемі суретін аялай сипап отырды да:
- Анауың құлап қапты, - деді. - Өсетін бала сондай-ақ болар деуші ем.
Таң қалдым. Оқуға құжат тапсырған талапкерлердін тест деген бәледен құлайтын кезі былтыр өтіп кеткен. «Құлап» қайтқан көзі тірі куәнің біреуі өзім. Биылғы «құлайтын» уа-қыттың ауылы әлі алыс. Сонда наурызда тыраң ете қап жүрген кім болды екен? Ойымдағы ойпырайлаған сауалдың орайын Кенжебек атам оңайлатты.
- Кімді айтасың?
- Кім боушы еді, Шаншуды айтам.
- Оның қай құлағанын естімей жүр ек?
Бәсе, әңгіме талапкерлер туралы емес екен. Кенжебек атамның құлқын сәріден кұпиялап жүргені қалада тұратын Шаншу қақындағы гәп болды. «Түсімді айтып берсем бе
екен?..»
- Жоқ, бұ жолғысы бөлек құлас дейді.
- Қанадай құлас дейсің?
- Бөлек құлас деймін.
- Жүрек пе?
- Қайдағы жүрек.
- Қаны таситын бәлесі бар ма еді?
- Қан да емес...
- Енді не? Айтатыныңды айтсай адамды діңкәләтпай.
- Әкімнің үстіне құлапты.
- Не дейт?!
Атам шошып кетті. Шалдардың әңгімесін құлағының сыртымен тыңдап, шәй құйып отырған апам да шыдамаса керек.
- Қай әкімнің үстіне құлапты теректей боған байғұс?
- Айбар деген әкім бар емес пе еді әлгі.
- Ие...
- Бот, тұп-тура соның үстіне құлапты.
- Алда сорлы-ай, сорлап қалған екен-ау онда. Ұрмап па әйтеуір?
- Әзірге ондай інпәрмасиә жоқ.
- Бұл әңгімені сонау ит өлген жерден кім айтып кеп жүр саған?
- Ай, анау Шауыпкелдің айтысқа қатысатын баласы бар емес пе?
- Иә, осы өткенде ғана айтысқа барам деп далаңдап жүргенін көргем.
- Со неме сахнада айтысып отқанда бопты уақиға. Апам бетін шымшылады.
- Апырай, жүмысынан шығарып жібермесе неғылсын. Атам ақиды.
- Енді жалтыраған басынан сипайт деп пе ең?!
Шешем сірәдағы шегінбес.
- Е, маған десе таз басын үйітіп жесін. О несі, ай. Шуылдақ жәкемнен қалған жалғыз тұяқ қой деп жаным ашып отса, маған айғайлағаның қай сасқаның.
Мағұлым болды, баяғы Шаншудың арағының жыры - Апам айтпақшы, бұдан да әлгі Айбар деген әкімнің аяғын құшып құлаған күйі қата қалғаны жақсы еді. Профессор жеңешеміз қалай қапы қалды екен? Үйіне тас қып қамап кетпеуші ме еді?
- Шақыртып, өз аузынан естіп білейік те, былай.
- Кі - ім -ді?
Атам ә дегенде Кенжебек қаладағы Шаншуды шақыртайық — тайық деп отыр екен деп қалды-ау деймін, даусы созалаңданып, қабағы қырыстана қалды.
- Ақын баланы.
- Ой, құдай-ай, сенің де ақын, ақын деп таңдайың тақылдай қапты ғой. Шаупкелдің баласы десейші онан да.
Осы күні ақын деген ат та арзандап кеткен ба, немене өзі?
Атам үшін ақиық ақындар арғы ғасырларда Шортанбай, Дулаттармен бірге өтіп кеткен. Бергі дәуірлерден Абай мен Жамбылды ғана мойындар. ауылдағы ақын-жазушымыз деп көкіп жүргендердің аты— жөнін естісе, ер тоқымын бауырына алып тулап шыға келеді. Кенжебекке шешем көмекке келді.
- Кенжебек байғұста нең бар? Өкпең боса «ақын бала» деп алақандарына салып жүрген әкімдерге айтпайсың ба?
- Әй, Көркемтай тұр да, ана Шауыпкелдің баласын ертіп кеші.
- Асқарды ма?
- Біліп тұрып сұрайтындарың-ай осы, иә, со лоқиды ертіп ке...
Атам Шауыпкелдің баласын адам құрлы көрмегенімен, маған айтыс ақынының үйіне кіру кедейдің кеденінен өткеңнен де мұң болды. Жеңгеміз жартылай ашылған есігінел дода-дода басын шығарар-шығармастан:
- Оскардың қолы бос емес, состязаниеге дайындалып жатыр, - деді де, ініне зып берді. Қолын қусырынған молдадай жолдың бойында шоқиып тұратын сарышұнақтан да жылдам. «Жейше-ау, атам Оскар Уайльдты шақырып жатқан жоқ, сіздің үйдегі Асқар Суайтты шақырып жатыр» деп те үлгере алмадым.
Үйдің ішінен «еу-еу» деп бақсыдай буынған Асқардың ащы даусы талып естіледі. Қалжырай бастаған ба, қалай? Жеті қат жердің астынан жеткендей домбырасының үні де құмығыңқы. Амал жоқ, жеңешемнің аузымен құс тістеген Оскары арқасын құрыстырған жын-шайтанымен әбден арбасып болғанша жалықпай күтуге тура келді. «Қанша мықты ақын бол-саң да, түзге отыруға бір шығарсың» деймін қасарысып.
Мен де ақын болып көргем. Бірақ атамнан аса алмаған соң қойдым. Қазір атамның Шаншу туралы «Арақта кеткен есесі, басынан үлкен кесесі» деп Шортанбай, Дулат жырауларша термелетіп басталатын өлеңі бүкіл Шарбақтының аузында жүр. Үлкен-кіші жатқа айтады. Ал менің «Самал желмен шайқалып, жас қайың тұр жайқалып» дегенімді аудандық газет екеш аудандық газет те баспай қойды. Сосын өлең шіркіңді өкпелете бермейін деп поэзия пырағымен ат құйрығын кесіскем. Далаға сорайып шыға келген Асқар ақын мені көріп состиып тұрып қалды.
— Өй, үйге нәғып кірмей тұрсың?
— Айтысқа дайындалып жатыр дегесін...
— Той деп, беташар деп ел әбден ығыр қылды, елки, - Асқар тізесіне шейін түсетін ұзын қолын екі жағына созып, масаттана керіліп алды. - Кеше Кәкімжанның баласы келін түсіріп, қоярда-қоймай ертіп кетті. Ақша дегенің соларда екен ғой. Банкирлерің сәлемге жүз доллардан тастады...
Құлақты сарсытқан мақтан.
— Атам шақырып жатыр.
— Жәй ма?
— Білмейім.
Асқар ақын шарбағының аяқ жағындағы қамыстан далдалап қойған әжетханасына кіріп кетті. Арзанқол қытай белді-гінің ілгектерін сылдырлатып ағыта бастағанына қарағанда, біраз бөгеліңкірейтін түріміз бар.
- Бірдеңе жазып жүрсің бе?
Асқар ақынның үні әжетхана деген аты ғана бар қамыс далданың ішінен күшене шықты.
- Бәрібір атамнан аса алмаймын.
- Оның да жөн.
- Не оқып жатсың?
- Гюнтер Грассты.
Қайдан шықса, одан шықсын, өтірікті соғып жібердім. Шарбақтыдағы тап-тұйнақтай үйінің астынан су шыққандай «атажұртым Алмания қайдасың!» деп көшіп кеткен Гауфлердің қиқар отандасы Гюнтер Грассыңның Нобель сыйлығын алған сұңғыла екенін жақында ғана газеттен оқығанмын.
- Астарлап отырып үкіметінің аузын ұратын ит екен.
Қамыс далданың ішіндегі Асқардың үні шықпай қалды.
Осы өңірдің жар дегендегі жалғыз ақыны «ә, анау ма, оқып ем ғой» демеді. «Ау, оның кім еді?» деп сұрауға да намыстанатынын сезем. Ауданның бетіне қараған жалғыз суырып салма ақыны әлі күнге шейін оқуға түсе алмай, тест деген сынақтан торғайдай топ ете қап жүрген боқмұрынға осалдығын білдірмеуі керек. «Бәлем, қатынын әбден қанымды ішіп еді, сол керек өзіңе» деймін ішімнен.
- Аптаның аяғында Арқаға жүрем. Есбол батырдың әруағына ас беріп, айтыс өткізбек. Бас жүлдеге «иномарка» тігіпті...
Бір жағына қарай қисайған қамыс далдадан ышқырын көтеріп, ауын түймелей шыққан Асқардың мұнысын «Гюнтер Грассыңның әке ғанасының аузын... Пәлсәпаңды езіп, басыңа жақ. Қазағымның айтысына қуат берсін» деген дөң айбатты ұғып, ақынды үйге қарай бастадым. Екеуіміздің әдебиет һәм шығармашылық қам-қаракет турасындағы толғанысымыз осы-мен тәмәмдалған...
* * *
- Балам, жөндеп, рет-ретімен айтшы өзін былай. Ана әңкиген сорлы не бүлдірді?
«Атаң жауап алу үшін шақыртқан екен ғой» дегендей, маған алакөзімен ата қараған Асқар:
- Айтысып боған соң залға кеп откам... - деді сүлесоқ.
- Қош.
- Шаншу балаңыз («балаңыз» дегенді кекесіндеу кейіппен, екпін түсіре айтты) удай мас боп қазылардың қасында тұр екен.
- Алда сорлы-ай, атауын ішіп алған екен, арт жағында-ақ отыра бермеді ме? Аузынан жыны ағып жүріп қазыларда несі бар ей, а?
- Жә, кемпір, сөзін бөлме.
- Бір кезде Айбар ағайдың қасына келіп, бұрыла берді де...
- Өйтіп әдемілемей-ақ қойсайшы, сыры белгілі ғой.
- Әйтеуір бастықтардың қасындағы қатындары баж ете қалды. Соған қарағанда әкімді ұрайын деп жатыр деп қалды-ау дейім.
- Бәсе, қосылған қойы жаман екен деген елдің сөзінен шошушы ем. Содан...
- Содан бойын билей алмай Айбардың үстіне кескен теректей құлап түсті.
- Астапыралла!
- Әкім байғүстың зәресі қалмаған шығар?
- Көкпаршы адам ғой. Дер кезінде қамшылар жағына қарай жалт беріп үлгерді.
- Қаматып қойған жоқ па?
- Білмейім, әйтеуір әлекедей жалаңдаған тақырбас көмекшілері жетелеп ап кеткен...
Атам ернін тістелеп отырып қалды. Сосын «таз ашуын тырнаудан алар» дегендей, Кенжебекке ежірейді.
- Сен бағана айтысып отырып көріпті демеп пе ең әй?
Кенжебек те сақалы шошаңдап дес берер емес.
- Айтысып отырып көрді не, шәй ішіп отырып көрді не? Мәселе, мас боп әкімнің үстіне құлаған Шаншу деген албастыға кеп тіреліп тұрған жоқ па? О заманда, бұ заман, ел естімеген масқараның бәрі біздің Шарбақтыға үйір болатыны несі екен осы?
Атамнан маза кетті.
- Әй, жетесіз сүмелек-ай, - дейді тістеніп. - Әулетіміздің сүйегіне таңба салды-ау. Шуылдақ марқұмның бұл сұмдықты көрмей өліп кеткені абырой болган екен да.
Шуылдақатамыз қазақтың аңқау шалдарының бірі болса керек. «Істәліннің ескерткішін ауылға әкелем деп жүріп жазықсыз қамалып кетті ғой байғұс» деп атам аузынан тастамайды. Сосын «о кезде кәзіргідей көлік қайда» деп әңгімесін бастап кететін.
Аупарткомдағылар Сталиннің ескерткішін аулыңа алып бар деп қоймаған соң Шуылдақ атам қайткен. Кеуде мен бастан ғана тұратын домаланған тасты есекпен алып жүру оңай шаруа емес. Өзі зілдей ауыр бәле тағы. Ақыры атам ары ой-ланып, бері ойланып, қақшиған бас пен талыстай кеудеден тұратын тасты құм салған қанар қаппен теңдеп байлайды да, қауын артқандай есегінің үстіне көлденең тастай салып «Шарбақты қайдасың?» деп тартып кетеді. Айтпақшы, қырсық шалғанда, ауылға бірден тартып кете бармайды екен. Үйдегі апамызға қант-шәй ала салайын деп ауданның орталығындағы дүкенге барса, мойнына бұғау салынған Сталиннің басы да салақтап дүкенге барады, ауылдан ала шыққан ала тоқтының терісін өткізе салайын деп базарға соқса, бас та ала-қүла жүрты жыртылып* айырылған базарға соғады. Шәйханаға аялдап, аяқ суытса да есектің сауырындағы қу бас салақтап соңынан қалмайды. Шәйханада не көп, көк шәй ішіп кеу-кеулескен қылжақбастар көп.
- Шуеке, есегіңізге не артып алғансыз? - дейді шәйханашы үйғыр қутыңдап.
Атамыз саспайды.
- Не боушы еді, Істәліннің басы, - дейді шып-шып тер шыққан маңдайын дәу беторамалымен сүртіп.
- Қапта не бар?
- Сарыкемердің құмы.
- Құм дейсің ә, - деп сыздаусиды төрде төбедей боп жатқан шегір көз, таңқы танау, бақа тамақ қазақ.
- Құмға теңдеп артпағанда, сенің қарныңдағы боққа теңдейін ба енді?
- Құп қатырдың әка, - дейді көк шәй ішіп көсіліп жатқан ала шапанды өзбек қарқ-қарқ күліп.
Шуылдақ атамыз осы арада шегір көз, таңқы танау, бақа тамақтың НКВД-дағы лақап аты «Қаламұш» боларын аңдамас. Сөйтіп ойында ештеңе жоқ атам Стекеңнің басы екеуі Шарбақтыға жеткенше әбден қыдырар. Бірақ қыдырғаны бар болсын, атамның есегімен құйрық тістесе жеткен әпербақандар шалдың қолын артына қайырып, ауданға қайтадан алып кетеді. Атам сол кеткеннен мол кетіпті. Тепсінген тергеушілер қазақтың жүкті көлікке теңдеп артатынын құлақтарына да ілмепті. Арада пәленбай жыл өткеннен кейін ҰҚК мүрағатынан табылған айыптау қорытындысының қысқаша мазмұны мұны былай деп шежірілейді:
«Шуылдақ Шопанбайұлы Жапондармен астыртын байланысып, жапон әскерлері Сы-Сы-Сырға басып кіре қалған жағдайда Шарбақтыда ксңес окіметіне қарсы котеріліс жасауды жоспарлаған. Йосиф Виссарионұлы Сталин жодастың ба-сын шиландай жұрттың көзіншс есекке артып, БК(б)П саясатына қарсы ашық түрде қасақана акция ұйымдастырған... »
Шаншу сол аңқау Шуылдақ Шопанбайұлынан қалған жалғыз тұяқ.
- Түяғың қиылғыр тұқымына тартпай шәрәмік боп кетті десейші.
Аскар ақын маған көзінің қиығымен қарап қояды. Қылмиған көзінің жылмиған қиығында «Шаншудың ана тірлігін естісе, ататайың мына түрімен қылғынып өлетін шығар» деген табалау тұр.
***
«Талапкер - 2000»-нің тестінен топалаң тиген тоқтылардай топырлаған бір топ боз өкпелермен бірге мен де «құлап» қайтқам демеп пе ем. Атам мені сонда Асқар ақынға қосып, «құжаттарыңды реттеген соң анау Шаншу ағаңның үйіне барып сәлем бер» деп тапсырған. Асқар кәдімгідей қала көріп, ысылып қалған ғой. «Алдымен Шаншу ағаның үйіне телефон шалып, Естібай атамыздың аманатын айтайық» деп маңызсыды. Бірақ телефонның трубкасын құлағына тақап, желінің ар жағындағы Шаншумен тілдесе бастауы мүң екен, түрі бұзылып сала берді. Айтысқан кезде тілі мен жағына тоқтау болмайтын Асқар ақын «мақұл» деген сөздің түбіріне түп етектен байланып қалғандай басын шұлғи берді. Таксофонның трубкасын орнына тарс еткізіп қонжитқан соң:
- Кеттік, - деді бұртиып.
- Қаяқа?
- Комокқа.
Шарбақтының шарап зауытынан шығатын қызыл арақтардың түр-түрі «комокта» самсап тұр екен.
- Қаншау аламыз? - деді Асқар ақын.
- Екеуі жететін шығар.
Екі бөтелке шарапты марқұм Шуылдақ атамшалап кәстөмімнің екі жағындағы қалтасына «теңдеп» алдым.
Соңғы кезде намаз оқып, арақ-шарабыңызды татып алмайтын айтыс ақындарының «партиясында» Асқар да бар. Сайрамдағы сансыз бапқа барғыштап, Түркістандағы түмен бапқа түнегіштеп, Арқадағы Алаша, Жошы, Домбауылдардың мазарларына зияратшылап жүрген Асқар ақын да арақ- шарап қойылған жерден бойын аулақ салып жүреді. Сондықтан сәлем бермей жатып шарапқа жұмсаған Шаншуды да, кемпірінің шәйін ішіп, құдай деп жатудың орнына «Шаншуға барып сәлем беріңдер» деп арқамызға аманат арқалатып жіберген Естібай атамды да, екі бүйірімді мұп-мұздай боп қарып түскен Шарбақтының екі бөтелке шарабына мәу демей келе жатқан мені де сыбап келеді.
Шаншу ағайдың құжырасы каланың қиыр шетіндегі бетон үйдің бесінші қабатында екен.
- Шаншу, Шаншу дегенге коттеджде тұрады екен десем, қазақтардың маңдайына жазылған пәтерде тұрады екен ғой, - дедім.
Көңіл-күйінің барометрі шайқалақтап қалған Асқар ақынды күлдірейін дегем. Бірақ ол аузын буған өгіздей қасарысып үндемеді.
Қаланың сыртына қараған балконынан сыраханадағы араның ұясындай құжынаған думанды топқа сілекейі шұбырып, жарға қонған жауыр қарғадай қарауытып тұрған Шаншу болып шықты. Асқарды таниды екен. «Келдіңдер ме?» деді да, балконнан шелегін асығыс түсіре бастады. Шелекке жіптің орнына ақ жаймаларды байлапты. Көзім бақырайып кетті. Асқар ақын үндеме дегендей бүйірімнен түртіп қалды. Шелек үйдің іргесіндегі көк майсаның үстіне НЛО сияқты қалықтап кеп қонақтады да, екі бөтелке қызылды «бортына» тиеп алған соң, жоғары қарай қайтадан қалықтай көтеріліп кете барды. Біз ғарышқа тұңғыш «ғарышкер» Лайканы шығарып салған коммунистер сияқты басымызды шалқайтып, қаттық та қалдық. Шаншудың шелегі кедергісіз ғарыш кеңістігіне шықты-ау деген кезде «уһ» деп бір-ақ демалдық. Шаншу екі бөтелке шарапты шаң-шаң бүйірінен шөп-шөп сүйді де, бізге «кәзір» деп, қорбаңдап үйіне кірді де кетті. Біз де, шелек те жаңағы ғарыштық қиял-ғажайып дүниеден жерге оралғандай, қоңыл-тақсып қалдық. Кенжебек атам асар жасап, ауылдың қолы бос балаларына анда-санда қорасының төбесін сылатып алатын. Сонда жіптің үшына жалғаған темір ілгекке балшық толы ше-лекті іліп, жоғарыдағы сылақшыларға жіберіп тұрушы ек. Мынаның содан айырмасы шамалы.
- Мынау тура Кенжебек атамның асары болды ғой.
- Шаншу таздың «бас жазары» десейші одан да.
Ойыным осылып бара жатқан мені Асқар ақын қабақ шытып, әлі жақтырмай тұр. Жақтырмаған сайын құтырамын.
Мен кәйтейін аласын ұшқан қаздын,
Асарлатып Шаншудың басын жаздым, еу, еу...
Көмейімнен өзінің мақамын естіген Асқар одан бетер ыза болады. Дегенмен, тырсия бергеннен түк шықпасын түсінді-ау деймін табан астында:
Шелегін шарапқа сап шөлін басқан,
Қорлығын қарасаңшы-ай мына таздың, еу, еу...
- деп, тапқырлығымен ішек-сілмеді қатырды.
Күн шақшиып, тас төбемізден өтіп барады. Шаншу қорбаңдап үйіне кіріп кеткеннен әлі жоқ. Екі бауырының емешегі езіліп келіп тұрғанын мүлде ұмытып кеткен. Бір уақыттар болғанда ағамыздың жалтыраған дәу басы көрінді-ау. Бағанағыдай емес, қабағы ашылып, жүзі жадырап қалыпты.
- «Жедел жәрдемнің» өзі бүйтіп тез жетпейді, жігіттер. Шыбын жанымды бір ажалдан алып қалдыңдар. Рахмет, бауырларым!
- Оқасы жоқ, Шаншархан аға, ұлықсат болса, біз енді қайта берсек.
- Оу, қайда асығасыңдар? Ауылдың әңгімесін айтпайсыңдар ма? Анау қара пұшығың кім?
- Естібай атамның баласы емес пе?
- Ауылдың балдары тері-терсек жинап жүр деп естіп ем. Базардамысың?
- Аға, бұл ініңіз сіз сияқты бастық болам дейді. Ертең университетте тест тапсырады...
- А-а... Кәзір...
Шаншу қолындағы бос бөтелкені балкондағы өз кызметін адал атқарған шелекке атып ұрды да, мен туралы әңгіменің аяғын тыңдамай ішке қайта кіріп кетті. Тағы күтіп тұрмыз.
- Екінші бөтелкені жайғауға кетті, - деді Асқар ақын.
- Бұл кісі бізді неге үйіне шақырмайды? - дедім мен жыным ұстап. «Ауылдың балдары тері-терсек жинап жүр деп естіп ем. Базардамысың?» дегеніне кәдімгідей намыстанып қалғанмын.
- Әйелінің істеп жүрген бәлесі. Арақ іздеп, қаңғып кетпесін деп сыртынан әдейі құлыптап кетеді.
- Мәссаған, ұят емес пе? Дап-дардай кісі ғой.
- Жеңгең орысша оқыған, балтай-шалтайыңа қарамайды.
- Атамның «арақта кеткен есесі, басынан үлкен кесесінің» мәнісін енді түсіндім.
Шаншу балконға шықты. Масайып қалыпты. Осы кезде үйдің бұршынан бізден басқа тағы екі адамның сұлбасы көрінді. Біреуі ұзын, екіншісі тапал. Бұлар да біз сияқты «жедел жәрдемдер» екен. Сөздеріне қарағанда Шаншу ағайдың кызметтестері сияқты. Шаншуды көре салысымен Ұзын қутыңдап:
- Майна! - деп, айқайлады.
Ағамыз қорбаңдап қауғасын төмен түсіре бастады. Шелекке Шарбақтының шараптарын әп-сәтте «тиеп» біткен екеудің Тапалы жоғары қарап:
- Вира! - деп, айқайлайды.
Ұзын мен Тапалдың бізге қарағанда тәжірибелі екендері мен-мұндалап тұр. Құрылысшылардың терминдерін де ұтқыр қолданады екен көксоққандар.
Шаншу «түсіндім» дегендей шелегінің «жібін» саумалап тарта бастады. «Дәрі-дәрмектерін» бесінші қабатқа аман-есен аттандырған екеу бір бөтелкені өзара жәукемдеуге көшті. Шаншу балконда, ана екеуі жерде, қызу әңгіме- дүкен басталды да кетті. Кенжебек атамның асары түске қарай о жақ, бұ жақтың адамдары кеп, жұмысшылардың қарасы көбейе бастаған кезде қызушы еді. Сол қызық енді басталғандай. Шаншу бағаналы бері илеуіне дән тасыған құмырсқадай бөтелкені қайта-қайта үйіне алып кіріп кетуші еді, енді балконда тұрып-ақ сілтеп жатыр.
- Ал, жігіттер, Шаншархан ағаларыңның денсаулығы үшін ап қоялық.
- Біздің ауылда о кісіні Шаншу дейді.
Ұзыны Асқарға үңіле қарады.
- Тіліңнің тікенегі бар екен, осы сен... ақын емессің бе? Бәсе, қай жерден көрдім деймін.
«Ақынмын» деп мақтана ма, Асқар үнсіз.
- Мэлсті айтасың ба, Булгаковты айтасың ба? - деп қасын керді Тапал. Айтыс төңірегіндегі кәлләсына жинақталып қалған біраз-міраз тәкбірлерін тәмсілдемек түрі бар. Бірақ Асқар:
Тіркеу
- Булгаков емес, Айтақын Бұлғақов деңіз, - деп Тапалды тыйып тастады.
- Ой, олардай боу қайда? - деді Ұзын.
Асқардың қабағы түйіліп кетті. Көзіңді бақырайтып қойып кемсіткенді кім жақсы көрсін. Әшейінде Асқарды іліп- шалып жүретін менің де жүрегім шым ете қалды. Бірақ Ұзын өзеуреп қояр емес.
- Сенің осы «еу-еу» деп сыңар езулеп отырып алатының қалай?
- Сөзге тоқтамайтының деп, тоқ етерін айтсай, - деп балконға қарап, керги берген Тапалдың қалың көзәйнегінін. ар жағынан аларып көрінетін ақ түскен көзі шеңберінен шығып кете жаздады. Біздің бастарымыз да жоғары қарай кегжең-кегжең ете қалысты.
Шаншу балконда басы тап-тақыр бір бәлемен алысып жатыр.
- Атаңа нәлет, бермеймін деген соқ бермеймін, деп кіжінеді кеп. Анау бірдеңе деп орысшалайды да, ағамыздың қолындағы бөтелкеге жармасады.
- Баласы ғой, - деді Ұзын.
- Түрмеден шығып кеп пе еді бұ пәлесі? - деді Тапал таңданып.
- Баяғыда шыққан. Қаны бөлек қатынымен ажырасып тынды.
Қызметтестер командасынан түзілген «жедел жәрдем» мүшелері негізгі жұмыстары «бас жазу» екенін тарс ұмытып, Шаншу ағамызды көзімізді бақырайтып қойып жамандай бастады. Балкондағы төбелес тақыр бас бәленің, жеңісімен аяқталды.
Ұлының шиландай жұрттын көзінше шарабын тартып алғанына қорланған Шаншу ағамыз кемсеңдеп жылып жіберді. Шелектің түбінен басқасын алып, тығынын тістеп ашты да қызылкүрең сұйықты көмейіне лақылдатып құя бастады. Сосын салпиған ерінін қолының сыртымен сүртіп, кавказшалау қоңқақ мұрнын қорс еткізіп бір тартып, үйіне кіріп кеткен ұлының соңынан екілене айғайлады.
— Атаңа нәлет, нашақор! Жиырма жыл түрмеде отырып, қанымды сүліктей сорғаныңмен қоймай, үйде де тыныштық бермейін дедің бе? Атаңа нәлет, кет үйден, жоғал! Сұм, құзғын, жүлік...
Тақыр бас бәле балконның есігінен басын шығарды да әкесіне:
— Таблетка керек маған, таблетка, - деп, ақырып ішке қайта кіріп кетті.
— Топылиыма шейін тәблеткіңе айырбастап құрттың ғой атана нәлет, енді не қыл дейсің маған?!.
Шаншу аузынан ақ көбігі шашырап «атаңа нәлет» деп бақырған сайын есегіне Сталиннің басын теңдеп алып, ойында ештеңе жоқ тепеңдеп келе жатқан Шуылдақ атам есіме орал-ды. Шаншудың дорбадай аузынан шыққан нәлеттер Шуылдақ атама НКВД-ның әпербақандарының күрзісіндей дүңк-дүңк тиіп жатқан сияқты. Жазықсыз сотталып кеткен ақкөңіл атам-ды аядым. Көңілім босап кетті. Шаншуға қосылып жылағым келді. Асқардың жүзі де қарауытып кетіпті. Ұзын мен Тапалдың ғана әттегенайлары жоқ. Ыржыңдап койып, қалған-құт-қан шараптарының түбін төбеттерше жалап-жұқтап жатыр.
— Ішпейтіндерің дұрыс екен, - деп панданды Тапал.
Асқар ақынның сонынан Ұзын әлі қалар емес.
— Шаншудың, тойыс Шаншарханның атасы шығарған мына өлеңді білесің бе? Қалай еді? Ә - ә, былай екен ғой...
Қыңқапты мен кәйтейін кимегенсоң Сұлуды мен кәйтейін сүймеген соң Шаншудың деректірлігінен не пайда бар, Насыбайдай пайдасы тимеген соң..
Атамның өлеңі сонау Шарбақтыдан ұлы жіңгір шаһарға да жетіпті. Бірақ оған мақтанып, Ұзынмен мылжыңдасып тұратын уақыт қайда.
— Көр - кем - тай...
Кенет еңіреп жіберген Шаншу балконнан құлап кете жаздады. Торға түскен торғайдай азаттықты аңсай ма, жұлқынып-жұлқынып қояды.
— Мен қор болдым ғой. Қорлады ғой мыналар. Ауылға ап кетіңдерші. Естібай атам қайда? Апарыңдаршы...
Бағанағы танымай тұрғаны көлгірлік екен. Көркемтайлап ботадай боздаған кезде сай-сүйегім сырқырады. Бұдан ары шыдап тұра алмадым.
- Кетейікші, Асқар.
Шаншу мен баласының әуеніне төңкеріліп, бесінші қабаттағы «бас жазарға» қарап тұрам деп мойыны талған Асқар желкесін уқалап:
- Кеттік, - деді.
- Көркемтай, Асқар, кетпеңдер. Кәзір мен бір тост айтайын, сосын кетесіңдер...
Шаншу ағамыз трибунада тұрғандай әңкілдеді. Бесінші қабатта тұрып тост айтатын дәстүрінен көршілері де зәрезап болса керек. Лезде дүрлігіп шыға келді. Екінші қабаттағы көзі бақырайған, бұйра шашты басының қарақұсына тақияға ұқсас бірдеңе жапсырған семіз көршісі балконына шығып:
- Шаншархан Шуылдақович, егер атан түйеше бақыра беретініңізді қоймасаңыз, кәзір полиция шақырамын, - деп сызылды.
- Бішкектің базарынан жаңа ғана кеп мызғып ем, адамға маза бересіңдер ме, жоқ па? Сұмдық-ай, бұл жерде осыдан соң қалай өмір сүресің, - деп, үшінші қабаттағы жирен шашты қатын бажылдады.
Бірінші қабаттағы терезесін айқара ашып тастаған қазақ:
- Шаншу тағы да балконда тұрып бөсуге кіріскен бе?
- деп мырс етті де, бұлтиған бөксесін буаз кесірткедей бұраң-датып көзден ғайып болды.
- Шаншудың халі мүшкіл екен, - деді Ұзын.
Асқар ақынның талағы тарс айырылды.
- Мүшкіл деп мұрындарыңызды шүйіргенше, қой демейсіздер ме?
- Ау, қанша айттық, құлағына ілмейді. Оның үстіне білдей бастығымыз емес пе?!.
- Тоқсандық есептің қызған кезіндегі түрі мынау...
— Енді осы ішкеннен бар ма, түн-тура үш апта жатып ішеді, сосын үш апта жатып емделеді. Сендер білмейсіңдер ғой, нағыз рахат осыныкі...
Байқауымда Шаншудың еркелігінен Үзын мен Тапал да кажыған.
— Әй, екі ит, былііылды доғарыңдар.
Балконда түрған Шаншу Кенжебек атамның байлаулы төбеті құсап арс ете қалды. Қызыл шарап көбейген сайын әңгіменің де мәнісі кете бастаған. Шаншу енді ауылға ауыз салды.
— Ауылдан келдік дедіңдер ма маған. Бәрің де итсіңдер. Естібай да, Кенжебек те, бәрің Жақс атты көрінгілерің келеді, ә. Аттарын шығару үшін ескерткіш дегенді шығарып апты түге. Түкірдім мен ондай... ондай — ...халтураларыңа,
— деді, шарабы таусылып балконға шыға келген тақыр бас бәлесіне бұрылып:
— Ақылдым менін, бетті әкеш-ш... -
Шаншу жаңа ғана жер-жебіріне жеткен ұлын емірене құшақтады. Әке де, ұл да қып-қызыл мас еді.
— Мұндай шошқаға сәлем береміз деп әуре боп жүрген біз де ақымақ, «сәлем бер» деп жұмсап жүрген атаң да...
— Атамда шаруаң болмасын. Шаншудың адам сиқынынан шығып кеткенін шал қайдан білсін.
Асқар ақын екеуміз ұлы жіңгір шаһардың бір қиырында тұрып төбелесіп қала жаздадық...
* * *
Асқар ақынның маған қараған кездегі қылмиған көзінің жылмиған қиығындағы табалау осы еді.
— Адам болмайтын жақа шықты десеңші...
Кенжебек күрсінді.
— Әкесінің ескерткішіне келмегенінен-ақ ішімді жиып ем. Естібай атам қалтасынан дәу беторамалын алып көзін сүртті. Жылап отыр. Шалдарға керек болмай қалғанын сезген Асқар ақын ыңыршағы айналған көтерем сиырша шұбалаңданып орнынан тұрды. Әкімдер мен кәсіпкерлер әлпештеп жүрген алтын басын аса сыйлай қоймайтын шалдарға деген қыжыл бар жүзінде. Әжетхана деген аты ғана бар қамыс дал-дасына шейін шығарып салдым.
- Айтыстан қашан келесің?
- Бір аптадай болатын шығармыз...
Қайтарда Қазанбас болыс атындағы мектептің алдындағы ескерткішке соқтым. Қара есегіне Сталиннің басы мен бір қап құмды теңдеп алған Шуылдақ атам тепеңдеп барады. Былтыр көктемде Алматыдағы сәулетшілерге тапсырыс беріп Айбар әкім арнайы соққызған ескерткіш. «Елде жоқ ескерткіш» деп сарысы бар, бозы бар, күллі газеттер жабыла мақтады. Құдайдың құдыреті, бұрын жер бетінде бар-жоғы білін-бейтін әкіміміздің аты осыдан кейін аспандап шыға келді. Себебі Айбар ескерткішті Сталиннің басы туралы аңызды негізге алып соғыңдар депті. «Үкімет басшысынан ыңғайсыз болады ғой» дегендерге «Шаншу сияқты балконына байланып қалған боркемік деп пе едіңдер оны, өнерді түсінеді» депті. Шуылдақ атамның ескерткішіне қойылған Қордайдың қызыл тасына сталиндік жазалауға үиыраған шарбақтылық 77 адам-ның аты-жөндері жазылған. Ескерткіш ашылғанда бәрінің үрпақтары келді. Абыр- сабыр жүрттың ортасынан тек Шаншудың ғана жалтыраған дәу басы көрінбеген. Елдің сәлемін жеткізе барған атамды «сендер ескерткіш деп елден акша жина-ғанды ғана білесіңдер» деп, үйіндегі қасқыр итше қауып алып-ты. Келіні шәй ішіңізге жарамапты. Атам жағасын үстап келді. Ендігісі мынау айдың-күннің аманында әкімнің үстіне құлап, масқара болып жатқаны...
* * *
Бір аптадан кейін Асқар келді. «Арқаның ақындары соңғы кезде сұмдық өсіпті» дейді күпілдеп. Өзі үшінші орынға әрең дегенде ілініпті.
- Әзірге «иномарканың» ауылы алыстау болып тұр.
Жеңіліп қалғанына ыңғайсызданып, өтірік ыржиған болады.
- Құдай беташар мен тойдан берсін де. «Елде болса ерінге тиеді», - дедім мен.
- Е, сөйдесейші ағаңды қажай бергенше. Астанаға кету керек. О жақтағы министрлердің тойына асаба болсаң мың жарым долларды пытырлатып түрып санап береді екен.
Асекеннің сонғы жылдары жабыскан дерті үстай қалды. «Дүние, доллар...». Өнер, білім туралы әңгіме бастасаң бітті, түйінін айналдырып әкеліп айтыс пен ақшаға тірейді. Анадан оқыдым, мынадан үйрендім деген бір ауыз сөз айтсайшы сабазың. Оның тісі опырайып ылғи үшінші орыннан аса алмайтынын мен осы түк оқымайтынынан көрем.
- Шаншу туралы ештеңе естімедің бе?
- Қызметінен алып тастапты. Соны Айбардан көріп, газетке жазыпты дейді.
- Не деп?!.
- Жас болған, мас болған деп...
- «Жығылып жатып, сүрінгенге күлетін» сорлы екен ғой.
- Департаментіндегілер де сөйдеп жүр...
- Атам «үлкенмен жағаласпа, көрінбей қаласың, баламен жағаласпа, көмілмей қаласың» деуші еді. Кәртейген шағында жастармен жауласып, жексұрын атаныпты ғой.
- Шіріген жұмыртқаға жүйкеңді жұқартып қайтесің Нашақор баласымен алысам деп өзі де өлетін бопты.
- Түсім осыған көрінген екен ғой.
- Түс көріп пе ең?
- Атамдар сені шақыртқан күні түс көргем. Жамандыққа жорып жүрер деп ешкімге айтпам ем.
Құрбан айттың алдында базарға барған Кенжебек атам Шаншудың тері жинап жүрген делдал балалардан арақ сұрап, ілмиіп тұрғанын көріп шошып келді. «Әй, енді адам болуы қиын-ау» дейді түңіліп. Естібай атам «Ойда сиыр мөңіресе, тауда арқардың мүйізі сыркырайдының» кері ғой біздікі деп кояды Кенжебекке. Бірақ мен «ойда сиыр мөңіреді екен деп, тауда мүйізі сырқыраған арқарды» көрмедім. Шаншу да, шелек те, балкон да таз қалпында. Асқар ақын екеуіміз Астанаға кететін боп қол алыстық. Банкир келінінің бетін ашқанына риза болған бір беделді сенатор Асқарды министрлікке қызметке тұрғызатын болыпты. Сол кісі арқылы маған да түріктердің құрылыс компаниясына жұмысқа жалдануға қол ұшын беретін болды. Жазда Гумилев атындағы университеттің ең мықты факультетіне тест тапсырамын. Атам айтпақшы, Шарбақтыдан шыққан алғашқы «пірімір - міністір» өзім болмасам, балконға байланған Шаншудан ауылға қайран жоқ...
Досым Бауыржам
Үсенге ескерткіш
АВТОР.
СОП-ТИАК-ТИ
- Ой-бай, ой-бай...
Ауылға анда-санда «джиптерімен» шандатып кеп, шаңдатып кететін; шаңдатып келген сайын Мәдениет үйінің. төріне жиналып ап, быртиған қолдарымен қозы қарындарын құшақтап, шәниіп-шәниіп тұра қалатын; шәниіп-шәниіп тұра қалған сайын бастықтарына қарап «алдияр, сіз бастаңыз» дегендей күнбағысша иілетін домалақ шенеуніктерше сап түзеген асықтарының шекесіне сарт ете түскен сары сақасының күшіне мейманасы тасыды білем, киіз үйдің іргесінде өзімен-өзі ойнап отырған Тінәлі ойда-жоқта ойбайға бассын.
- Ой-бай, ой-бай...
Ойбайының екпіні ерен. Шешемнің шала бүлініп, ашуланғанын қызық көре ме, кейде Тінәштің қараптан қарап отырып ойбайға басатыны болушы еді. Бірақ бұл жолғысы оған ұқсамайды. Екі кештің арасында жаман ырым бастады деме-сең, Тінәштің сырнайдай сызылтып салған «ойбайының» астар-әдібінен жаманшылық іздеудің өзі күнә-сынды. Дауысын қандай әуенге салып алғанын бір құдайым білсін, әйтеуір, әннің сөзіндей құйқылжып тұр.
— Ой-ы-бай, ой-ы-бай...
Бірақ, қанша жерден бұлбұл болса да, ойбайдың аты ойбай. Анам да, әкем де «ойбайдың» қандай шаңырақты жағалайтынын қалқан құлағымызга әбден құйып қойған. Әсіресе, бейуақта жылағаннан жандары жаман түршігеді. Ал мына батырдың жамандық шақырғандай төрт көзі түгел әке-шешесінен төрт қадам жерде отырып ап «ойбайға» басқанын жақсылыққа жоруға бола қояр ма екен? Қазір әке-шешем осы қылығы үшін сазайын бермссе неғылсын? Қауіптенгенімдей болды. Тінәлінің «әні» ең алдымен шешемнің зәресін ұныр-ды.
— Мына тұқымың өскірдің пәлекет шақырып отқаны несі-әй, а?
Арқасындағы құжынған шыбын-шіркейді құйрығымен сабалап, ауылдың желке тұсындағы жусанды жазықта арқандаулы тұратын жауыр атын анда-санда бір байқастап қоятын дағдысымен үйдің сырт жағында жүрген әкемнің құлағы да ерке ұлының оғаш қылығын қалт жібермепті. Беліне көлденең ұстап келе жатқан таяғын Тінәліге туралап кеп сілтеп қалды. Қолдан қолға өтіп, әбден жылтыраған келте таяқ ысылдай ұшқан күйі киіз үйдің жосасы кете бастаған көне керегесіне сарт ете түсті. Таяқтың сарт ете түскен дыбысымен қоса әкем-нің:
— Сайтаныңды қағып алайын ба осы, аһ? — деген құмығыңқы үні естілді.
— Бұл ма, бұл тұқымың өскірдің шығармайтыны жоқ.
Шешемнің от басы, ошақ бұтынан шыққан бір ауыз «мәлімдемесі» сырттағы ашулы шалына коалицияның ұрынарға қара тапай жүрген ұр да жық әскерлеріндей «одақтас» екенін ұқтырды. Ә дегенде не болып, не қойғанын аңдамай қалған Тінәлі әке-шешемнің «бірлескен шабуылының» сыңайы санасына сарт ете қалған тұста, аяқ астынан пайда болған «сыртқы» және «ішкі» жаулардан жансауғаламаса жағдайының мүшкіл болатынын сезіп, жанға жайлы көлеңкені жан-дәрмен дегенде «жау қолына» тастап шықты. Сосын, не болса соған күйіп-пісіп, айқайлай беретін әке-шешесін келемеж-дегендей санын шапаттап қаша жөнелді. Бірақ ерулінің сонынан іле-шала атқа қонған қарулының жоқ екенін сезген соң анандай жердегі Совтрактордың есегі «аунап-қунайтын» тулақтай тақырға барып талтайып тұра қалды да, сай жаққа қарап «ойбайын» одан бетер үдетті.
* * *
Жалға алған азын-аулақ жеріне Орлик деген кәріспен қосылып пияз егіп, Құдай тағаладан сол ащы сабақтың ормандай болып өсуін тілеп жүрген әке-шешемнің халықаралық мәміледен хабары шамалы. Мысалы, кіші халықтардың басындағы қасіретті мына аяқ астынан сүтке тиген мысықтай «түрткі көрген» Тінәлі бейбақтың басындағы «қорлықпен» салыстырып қарасаңыз, кез-келген шетін мәселені атысша-быспен шешеміз деген асылықты қою керек деген байламға келесің Жалпы, Шаншарханның «бір күн ұрыс болған үйден, қырық күн береке кетеді» деген мақалының жаны бар. Бірақ баяғы плантаторлармен бірге тұқымы тұздай құрыған әлім-жеттіктің мынау ғылым-білімі таңдай қақтырған үшінші мыңжылдықтын табалдырығында тым дөрекілеу көрінетінін менің арам шөп отаймыз деп жүріп өндері қап-қара боп күнғе күйіп кеткен әке-шешем тұрмақ, мұхиттың ар жақ, бер жағын ау-зына қаратқан ақ жағалы ақсүйектердің өздері де пайымдап жатқан жоқ.
Тау халкының даңқты ұлы Шәміл елім мен жерім ақ патшаның аждаһадай аранына түсіп кетпесін деп қан кешіп жүргенде жүртын «Кіші халықтарға үлкен қанжар керек» деп қамшылапты. Бәрекелді! Содан арада жүз жыл өткенде Әбутәліп деген ақын қандасы оны «Кіші халықтарға үлкен дос керек» деп өңдепті. Жөн-ақ! Әбутәліп ақынның осы «түзетуінен» кейін де, міне, бірсыпыра мүшел өтті. Бақсақ бәрі де бекер сияқты. Кіші халықтарға «үлкен қанжар» да, «үлкен дос» та қорған болып жарытпады. Тіпті, дос өшіксе, дұшпан-нан да жаман болады екен. Үшінші мыңжылдықтың буымен бостандықты аңсап, «мінез» көрсеткен Тінәлі сияқты кіші халықтардың кейбірін үй- орман, бау-шарбағымен қоса атқылап, жермен-жексен ғып жіберген сол «достары» емес пе? Сонда маңдайларына «кіші халық» деген таңба басылған ел-жұрт дымын шығармай, тым-тырыс отыруы керек пе?
Шаншархан болса сақал-мұртын сыйпалап отырып:
— Кіші халықтарға білім мен ғылым керек, - дейді. - Сонда оларға жүзінен жұрт сескенетін қанжар да, қас-қабағына қарап өбектеп отыратын дос та өзінен-өзі табылады.
— Тәуелсіздік ше?
— Тәуелсіздіктің діңгегі әуелден-ақ ілім-білімде ғой.
Мен бұдан ары «Шарбақтының Шәмілімен» таласа алмаймын.
* * *
Жаман әдет жұққыш келеді. Шешем де «шаңырағымызға жамандық шақырды» деп Тінәшқа айдың-күннің аманында ай-шай жоқ дүрсе қоя берді. Ал әкем болса қай жағы-нан алып қарасаң да дәреже-дәргейі кіші халықтардың қатарына жататын Тінәліге алпауыт елдердің ұр да жық тәсілімен «қару» қолданып, жағдайды мүлде ушықтырып жіберді. Одан да ойда-жоқта біздің үйдің «№1-лаңкесіне» айналып шыға келген Тінәлінің «ойбайының» астарындағы мәселеге саясат төңірегіндегі сака мәмілегерлерше салмақпен қарағанда, ол батыр мына күсап бүкіл ауылды басына көтермес еді. Енді, міні, дарылдаған дауысын бүкіл Шарбақты естісін дегендей: «Ой-бай, ой-бай, ал, қайтесің, ой-бай, ой-бай...Соп-тиак- тидың үйінің ай жағында ой-бай, ой-бай...», - деп, қасарыса «бақырып» тұр.
— Қап, әттеген-ай! Мына күшіктің сонша азынағаны несі- ей, а-аһ?!.
Әкем айласы таусылып, айран-асыр болған адамның сыңайымен керегенің көзіне тұрып қалған таяғын алып, босағаның іш жағына әкеп сүйеді де, дастарқанның шетіне келіп, даусын соза «Е-е, Аллаһ» деп, малдас құрып отырды.
- Сені ма, осыдан үйге бір келерсің..
Шешем білегіндегі күміс білезіктері сылдырлап диірменді қолына алды. Таңғалмай-ақ қойыңыз, Шарбақтыда «Майкрософтың» соңғы үлгідегі бағдарламасы салынған жапон компьютері қазақтың қол диірменімен құдайы көршідей қатар тұра береді. Тінәлі ойбайына «Соп-тиак- тидың үйінің ай жағында ой-бай...» деген бәлені қосып «әндеткен» кезде төр-дегі «Самсунг» компьютеріне шимай- шатпақтарымды жазып отырған менің бүйрегім бүлк ете қалды.
* *
Совтрактор көкемді айтам да, жарықтық трактор десе тура трактор ғой. Сексенді сеңгірлеп қалса да қаламүшы мен қағазын шошаңдатып бала-шағамен бірге шапқылайды да жүреді. Балағымен дүниенің топырағын «күреп», ауыл- ауылды ақтап шыққанын айтпағанда, «шаттан тыс тілшімін» деп аңғал әкімдерден жамбаспұл мен жолкіре алып, бармаған жері, баспаған тауы жоқ. Сосын әр жердегі ет жеп, қымыз ішкендерін тәптіштейтін «тәпсірлерін» жариялату үшін баласымен жасты редакторлармен қызылкеңірдек болып, айтысып -тартысып жүргені.
- Тә - ә- әк, арағыңды қойдырдым, енді темекіңді қойдырсам...
Көк түтінге көміліп, өзімен-өзі ойға шомып отырған Шаншарханның қасына тапырақтап жетігі келген Совтрактордың аузынан шыққан алғашқы сөздің сиқы осы болды. Адамдарды «ассалаумағалейкүміне» қарап бағалайтын шар-бақтылықтар үшін бұл, әлбетте, ерсілеу қылық Бірақ Ай-дапкелден әрең дегенде сұрап алған бір тал темекісінің түтінін құныға жұтқан Шаншархан селт еткен жоқ. Сырбаз. Бұл сырбаздық Совтрактордың шамына тиеді.
Сосын сарышұнақша шақ-шақ етіп, бұрыш-бұрышты тіміскілей бастайды. Бірақ тұздығы бұзылған бөшкедей әлемтапырақ бөлменің ауасын қанша иіскесе де дым сезбес. Міне, осы кезде сәңкиғен мұр-нының іске аспай қалғанына ызаланғандай шылым шегіп тұрғандарға шүйлігер. Нысанаға, әлбетте, ең бірінші боп Шан-шарханның жүн басқан бетаузы ілінеді. Қақпағы ашық қазандай қарауытқан ауыздың айналасын Совтрактордың тұм-сығы ұры иттей тіміскіп өткен кезде, Мәдениет үйіндегі шиландай шылымшы бір-біріне «абайлаңдар, мына алжыған төбет Бауырмалды құртқаны аздай, тағы біреуіміздің түбімізге жетіп жүрмесін» дегендей сақтана бастайды. Шалдың пенделігіне мырс ете түскендер де болар. Бірақ айылын жиятын Совтрактор жоқ «Әгәрәки, мен бүгін осы шаңырақтан бір жағымсыз иіс таппасам, онда мына сәңкиген мұрнымның қал-ғанын кесіп алғың» деп, ауыл әкімі Айдапкелмен бәстесіп келгендей дегбірсізденіп бітеді.
***
Ұмытып барады екем, айтпақшы, трактор көкемнің әу бастағы аты Советғали екен деген әңгіме бар. Төңкеріс, интер-нацинолист, большевик деген тақырып та баяғы. Бірақ бертін келе тілінің тікенегі бар қушыкештер әп-әдемі аттың «ғалиын» алып тастап, «тракторды» тіркеп қойыпты. Шаншархан болса бұл оғаштау атқа онын шаш ал десе, бас алатын ұрма-перме мінезі кінәлі дейді.
Ол кезде облыстық партия комитетінің хатшысынан «қоңырау» жетсе бітті аудандағы шымалдай қаптаған шенеу-ніктер дереу Советғалиді тауып ала қояды екен. Тауып алатыны «Ойбай, Сәбеке, құрыдық. Шарбақтының ауқаттылары әке-шешесінің қабіріне күмбез тұрғызамыз деп «біріншінің» қаһарына ілігіп қалыпты. Орталықтан бұрын өзіміз сынап жібермесек, нағыз қызылкөз бәлеге қаламыз» десе бітті, жын ұрғандай «Шарбақтынын моласы қайдасың?» деп, шаба жөнелетін көрінеді. Ол шапты дегенше, шаруа бітті дей бер. Ертесіне-ақ газетке «Сағаналар сап түзеді» деген фельетон жарқ ете қалады. Ауылдағылар болса «мынаны жазғанның ата-ба-басы көмусіз қалған ба, әлде жын-шайтаннан підә болған ба?» деп, жағасын ұстайды. «Діндәр шалдардың еркінсуіне жол берген ауыл кеңес» болса қызметінен ұшып түседі. Ал фелетоншының артынан топырақ шашқан ауылкеңестің отбасы «Көмусіз қалғыр, сәңкі! Тілін шайнаған балаң басыңа белгі тұрғызбайтын болған соң жазып отырсың ғой» деп ойбайлап қала береді.
Көп ұзамай тағы «дабыл» түседі. Бұл жолы «Ойбай, құрыдык Құлмырза деген қу сүндет той жасапты. Сол бәленің сазайын тартқызу керек» деп, тапсырма беріледі. Бұл жолы «Сүт кенже мен сүндет той» деген фельетон парткомның түбіне жетеді. Парткомның әйелі болса баласын жиырмадан асқанша сүндетпеген соң жазып отыр ғой деп, қарғап-сілеп қала береді. Бертін келе шенеуніктердің өздері де «ауылдарыңда әлгі трактор бар емес пе, соған айтсаңдаршы тас-талқанын шығарсын» дейтін болыпты. Сөйтіп көкеміздің кеңес өкіметінің үрметіне үкілеп қойған аты ұмытылып, Совтракторға айналып шыға келіпті. Айтпақшы, Совтрактордың мазарлар туралы шатпағын оқыған Шаншархан «анау айтаққа еріп, жөн-жосықсыз шабалана беретін төбетке айтыңдар, әке-шешесінің опырылып жатқан моласын қарайтпаса, трактор-мен көмгізіп тастасын» депті-мыс деген әңгіме де тараған. Содан бері Советрактор... кешіріңіз, көкем мен Шаншарханның арасы ит пен мысықтай.
* * *
салып, басын «жөндеп» бергенбіз. Айдапкелден аттай қалап алған бір тал темекісін қалт-құлт еткен саусақтарына Шәкең содан кейін ғана қыстырған. Совтрактор болса Сол Совтрактор шапқаннан шауып кеп Шаншарханға «тә-ә-әк, арағыңды қойғыздым, енді темекіңді қойғызсам» деуі қамқорсу емес, «мен айттым, сен көндінің» дөңайбаты еді.
Шаншархан арағын өлгенде қоюшы ма еді. Бүгін де жұмысқа басы мең-зең боп келген. Әйтеуір көкем келіп, ауаны тіміскілемей тұрғанда тиын-тебінімізді ортаға бірдеңеден құр қалғандай тапырақтап, міне, осы кезде жетіп келген. Әншейінде қой аузынан шөп алмайтын Шаншархан осы жолы күйіп кетті-ау деймін:
- Дүниеде темекіден де тұрпайы нәрселер көп қой. Бірақ күресіңді алдымен анау нашақор балаңнан бастасай,
- деп, Шауыпкелдің жанды жерінен бір-ақ ұрды.
«Балам «обкомның» қызымен бірге оқиды» деп мақтанатын көкем кеңес өкіметінің күні қараң болғалы бері жуасып қалған. Сенген хатшысы шекара асып кетті. Бұл кітапхана-сынының төріндегі шаң басқан қызыл туды көк байраққа ауыстырды. Бірақ ту өзгергенмен көкем өзгерген жоқ. Оның түсінігінше хатшылардың тұсындағы шаш ал десе, бас алатын белсенділер бүгінгі шенеункітерге де керек. Белсенділерсіз өкімет өкімет па? Тек мазмұны бөлек болсын. Мәселенки, кеше «жолдас, хатшы» деп сүйреңдесең бүгін «әкім мырза» деп мәймөңкеле...
Шаншарханның «шиті мылтығының» оғы нысанасына дөп тиді-ау деймін, Шауыпкел шатқаяқтап кетті. Аңдамай басқан кетпенінің сабы маңдайына сарт ете қалғандай басын ұстап ойланып тұр. Совтрактор екені рас болса дәл қазір бір сұмдықты қойып қалары анық. Бекерге күдіктенбеппін.
— Қатын-балам жаман болса да қасымда отыр. Сен құсатып жұртқа тастап кеткен жоқ, білдің бе?
Ұшына әб жыланның уы жағылған сұр жебе Совтрактор жақтан ысқыра ұшып келіп енді күрк-күрк жөтеліп отырған Шаншарханның жарымжан жүрегіне кірш ете қалды. Шан- шарханның жолым үйдің жабығындай жел улеген қырық- шұрық көңілі қатын-бала мәселесіне кеп тірелген тұста басылып қалады. Қайсы күні менің шеберханама келіп, бүгежектеп біраз тұрыңқырап қалды. Күмілжи берген соң бірдеңе айтқысы келгенін сезіп «о, нелеп» қоймай қойып ем:
- Бар болса, айлыққа дейін бес жүз теңге бере тұрсаң,- дегені.
- Шәке-ау, сол да сөз болып па?
Қалтамда Тінәліні арзанқол ойыншықтармен алдаймын ба деп жүрген мың теңгем бар тұғын, жалма-жан суырып бердім. Шәкең қолымды қайта-қайта қысып, енді болмаса мыж-мыж мың теңгеден айырылып қалатындай құжырамнан апыл-ғұпыл шыға жөнелді. Қуанышын қызықтасам керек Шаншар-ханның соңынан жынды адам құсап ербиіп мен де дәлізге ілесе шықтым. Шәкең темекі шегетін бұрышта бір асықтай баламен шүйіркелесіп тұр екен. Осы кезде Совтрактор қасым-нан әжетханаға қарай зу етіп өте берді де аса маңызды хабар жеткізгендей:
- Баласы ғой, - деп, сыбыр ете қалды.
Түкке түсінсем бұйырмасын. Әжеті бір минөттен асты ма, жоқ па білмеймін, қолын екі жағына сілкілеп Совтрактор тағы кеп қалды. Мына құйын-перен жылдамдықтың жанында Ирактың ойран-ботқасын шығарған суперзымырандар жіп есе алмас. Ербеңдеген екі қолынан шашыраған судың тамшылары адасқан оқтұмсықтай ерніме келіп жабысты. Совтрактор болса бұл бейбастағы аздай бетіме бетін тақап тұра қалды да әлгі сыбырлап кеткен суыт хабарының жалғасын тәптіштеді.
- Сауда жасаймын деп желігіп жүріп, байға тиіп кеткен әйелінің баласы ғой. Анда-санда ақша сұрап Шаншарханға кеп түрады. Сорлы бала бұл көксаудың жарымай жүргенін қайдан білсін...
Ішіне ит өлгендей демінің иісі мұндай жаман болар ма. Аузынан аңқыған бәлекет қала маңындағы шайынды судан мүңкитін сасық иісті есіме түсіріп, жүрегім айнып кетті. Әлде... Шаншарханның соңына шам алып түскені шошытты ма екен?
- Сұмдық екен...
Мең-зең болып тұрып айтқан сөзімді өзінің пайдасына балаған Совтрактор айызы қанған адамның пошымымен кітапханасына қарай тапырақтай жөнелді.
Бірақ мұның бәрі ананың қасында түк емес. Онда Айдапкелдің партком кезі. Әскери дайындықтан өтіп келген күні қарап отырмай:
- Мен де бір мақтанайыншы, - деді қатпар-қатпар қарнын ышқырлықтың тұсынан жоғары қарай бір көтеріп қойып.
- Е, мақтаныңыз, - деді Шаншархан.
- Мақтансам, мен - лейтенантпын.
Совтракторге бүл мақтан үнамай қалды.
- Капитандық болмаса, лейтенанттың жүлдызын мен баяғыда алып койғанмын.
- Әскерге жарамай калған шегірге қайдағы капитандық.
Совтрактор ақиып шыға келді.
- Кім шегір? Сен Кі-Гі-Бі-нің запастағы лейтенантымен ойнама! Капитанның шенін сенен бұрын алмасам әкел қолыңды.
Совтракторге қол беретін Айдапкел ма.
- «Салпаңқұлақпын» десейші одан да, — деп кеңкілдей күлді.
- Қамалып кетпе сорлы!
- Баяғы баскесер билікті аңсап отырсың ба?
Совтрактор бұдан ары айтысарға уәж таппай
кітапханасына қарай жортақтай жөнелді.
Бірақ Совтрактордың айтқаны айдай келді.
- Осы қураған қу шен-шекпеннін жолында Шарбақтының бір бозымын «құрбандыққа» шалып жіберді жексұрын, - дейді Шаншархан тістеніп.
* * *
Бауырмал бөлек жаратылыс еді. Арқа-жарқа азаттықты сүйетін. Шабыты шалқыған кезде өлеңдерін оқитын. Ол өлең оқығанда Шаншарханның көздері жайнап кетеді. Тұңғиық ойлардың иірімі шыркөбелек айналдырып, түбіне тартқандай жанұшыратын. Елжірейтін, егілетін. Көңілі босап, бәрімізді сыраханаға шақыратын. Қызып алған кезде:
- Айналайын-ай, сенің жырларыңды түсінетін жұрт жындыханаларда жүр ғой, - деп жылайтын.
Бауырмалдың балладасынан ұққаным, баяғы заманда, сірә, біздің ата-бабаларымыз Еділ үшін егесіп, Тептер үшін тебісіп жүрген түста-ау деймін, Америкадағы үндістер де шарбақтылықтар сияқты «ақ табан шұбырынды, алқа көл сұламаны» бастарынан көп кешіпті. Мұхит асып келген басқыншылар қызыл жонды қайсар халықты койша иіріп, қынадай қырып салыпты. Аман қалған үндістер ата- мекенінен ауа көшіп, үркіншілікке ұшырапты. Шаншархан осы балладаны Бауырмалға қайта-қайта оқыта берген соң мен де жаттап алғам. Міне, былай. Айтпақпы, ол өлеңін бастамас бұрын қабағын түйіп: «Ақ түсті адамдардың келуімен қандай келісті халық жер бетінен түп-түгел дерлік құрып кетті?!» деп, американың атақты ақыны Генри Уодсворт Лонгфеллоның өксікке толы өкінішін айтып, біраз үнсіз қалатын. Сосын мақпалдай барқыт даусын баппен созып, мұңы мен зарына өзі ғана қанық жұмбак халық туралы толғанып кететін.
Жүгірткенмен сан-саққа әрі-бері,
Болмағанмен ғалымы, дәрігері.
Сарайда емес, күркеде өмір сүрген,
«Жабайы еді», бірақ та халық еді.
Сәтті аңшылық, бай егін - ел тілегі,
Самал желмен джунгли желпінеді.
Қалпақ киіп, бант тағып, кофе ішпеген,
«Жабайы еді», бірақ та еркін еді.
Байлықтың да, бактың да кезі өтеді,
Еркіндікке алайда не жетеді?!
Зіркілдеген зеңбірек, мылтығы жоқ,
«Жабайы еді», бірақ та өжет еді.
Адамға емес, тек аңға жақ кезеді,
Суларындай сүйріктің тәтті өзегі.
Өмір мұнда ұйыған сүттей еді,
Күлкісіндей сәбидің тап-таза еді.
Түк көрсетпей бір сұмдық түлесе күн,
Лапылдатып жағатын күрес отын.
Көбелекпен жарысып кыз өсетін,
Қабыланмен алысып ұл өсетін.
Суда - балық, нуда - үндіс сайран құрсын,
Иірімінде уақыт айналдырсын.
Колумб жар салды: «Жер аштым!» - деп,
Ұрпағы отар қыларын қайдан білсін.
Мұрттан күліп, тапқандай мықты арманын,
Отаршылдар баптады «Сырттандарын».
Жағалауға мұхиттан кеме келді,
Кесепаттың басы боп құртқан бәрін...
Шаншархан балладаны тыңдап болған соң жағын таянып, ойланып отырып қалады.
- Үндіс дегені болмаса тура бізді айтып отыр.
- Онда шарбақтылықтар деп неге ашық айта бермейді? -деймін мен.
- Ойбай-ау, құртады ғой.
- Кімдер?
- Совтракторлар...
- Олар кім сонша?
- Жас жемтік үшін жан алып, жан беретін құзғындар ғой.
Құзғын демекші, Шаншархан кейде Бауырмалға «Қара Құзғын» деген өлеңді оқытады. «Қара кұзғынның» тыңдаушылары сирек. Сол сиректің өзі ақынның дауысы естіле бастаған кезде жан-жағына алақтай бастайтын.
Өлеңдегі «Қара құзғын» дәл кәзір сырахананың сыртында «мыналар қашан шығады?» деп күтіп тұрғандай үрейленетін. Өздерінің Сәкен, Ілияс, Бейімбеттерден артық емес екенін, бұлардың да күбір-сыбырын Совтрактордың құлағы шалса аямайтынын жүректері сезетін.
Ақыры солай болды. Азаттықты аңсаған бозымнан қалай айырылып қалғанымызды білмей қалдық Неге кетті? Кім-дер кетірді? Жұмбақ. Білетініміз, Совтрактор жоғарғы пария мектебінде оқып жүрген жерінен «Тәңіртаудағы ұлтшыл жастар ЦК-ның шешіміне қарсы шығып жатыр» деп, жерден жеті қоян тапқандай далақтап Шарбақтыға қайтып келді. Онымен қоймай парткомның құжырасына кіргіштеуді жиілетті. Түрі өрт сөндіргендей. «Уыздай ұйыған елді алатайдай бұлдіретін сендер сияқты заржақтар» дегендей Бауырмалға кектене қарайды...
* * *
Сыбырлағанды Құдай да естиді. Бұдан ары Тінәш екеуіміздің де жасырып-жабатын ештеңеміз қалмаған сияқты. Тінәлінің тілінің ептеп сақаулығы бар. Бірақ «ептеп» деп сыпайылаудың керегі жоқ.
Не бәлесі барын қайдам Тінекең «р» дегенді айта алмай- ақ қойды. «Өзі-ақ түзеліп кетеді» деп, әке-шешем аса мән бермегенімен, бауырымның тілін сындыру үшін мен ішінде «р»-дың көкесін көзіне көрсететін неше түрлі сөздерді іздеймін де жүремін. Дүние жүзіндегі халықтардың «р»-ға екпін түсіре айтатын сөздердің бәрін айтып тауыстық десем де болады. Бала-шағалардың «қаһарманына» айналған «Рембо» мен «Терминатордың» өздері түкке жарамай қалды. Оларды қайталай-қайталай Тінәлі де жалықты. Испандардың «Корридо-сын» да байқап көрдік. Ол да болмады.
Кеше Совтрактордың үйінің қасындағы саңғырық сасыған қара талдың көлеңкесінде саясатшылардың аузынан түс-пейтін «террорист» деген сөздегі қаптаған «р»-ға Тінәлінің тілін келтіре алмай қиналып отырғанымда, басы сопайып Шаншарханның келе қалмасы бар ма.
— Осы да сөз боп па? - деді Шаншархан бізден мұқым түңілген адамның сыңайын танытып. — Осыны да сөз деп айтып отырсыңдар ма, айналайындар-ау?!. Қайдағы бір қаскөйлерді көксеп, сау бастарыңа сақина тілегенше, Шарбақтының құдайға қараған сөзін неге үйретпейсің балаға? Шарбақтыда кеңес өкіметінің мүлкі талан-тараж болса да, ата-бабаларың-нан қалған қара сөзге қасқыр шапқан жоқ қой.
Шаншархан Совтрактордың үйіне қысық көзін сығырайта бір қарап қойды. Жұрт анадайдан айналып өтетін үйге мен де үрке қарадым.
— Мысалы, шарбақтылықтардың кәдімгі «ор» деген сөзі бар емес пе? Соны неге үйретпейсің балаға? Кәні, «Совтрактордың үйінің ар жағында ор бар» деп айтқызып көрші.
Екі күннің бірінде мас боп жүретін Шаншарханның патриоттық сезімі менің жеті жұрттың кітабын тауысқан білім-дарлығымның бытшытын шығарды. Шынында Гамлеттейін бейбақтың «боламыз ба, әлде бордай тозамыз ба?» деген жаны сірі сауалы сияқты Шарбақтының тілі де екіұдай күйде тұр екен-ау» деген ой үш ұйықтасам түсіме кірмепті. Шаншарханның алдында кәдімгідей мысым басылып қалды. Осы уақытқа дейін анау Тәңіртаудың етегіндегі түтінге тұншыққан дімкәс шаһардан мынау таяқ тастам жердегі ат төбсліндей ауылға келіп «Шарбақтыдағы Мәдениет үйінің тасталқаны шығыпты-ау!» деп, бір шенеунік әттеген-ай деді ма? Жоқ! Ендеше
«Шарбақтылықтар тілінен айырылыпты» десе де қабырғасы қайысатын шенеунік табылмайды. Өйткені дүниенің екі тізгін, бір шылбырына таласып, Жаратқанның алдында астамшылық жасап жүргендердің Шарбақты сияқты ұсақ-түйекпен ісі жоқ
— Совтрактор естісе ұят қой.
— Несі ұят оның? Исі қазақта Шарбақтының Совтракторынан басқа Совтрактор құрып қалып па? Қане, Тінәш, «ор» деп айта қойшы?
Тінәлі күмілжіді. Бірақ Шаншархан қояр емес.
- Кәні, кәні, қысылма, екі-ақ әріп қой.
«Екі-ақ әріп қой» дегенге оп-оңай екен деп қалды-ау деймін:
- Ой, - деп, таңдайы тақ ете түскен Тінәлінің беті қып- қызыл боп кетті.
Шаншарханның қысық көзінің айналасына күлкі үйіріле қалды.
- «Ой...» деме, «Ор» де. «Ор-р-р...» «Сов-трактордың үйінің ар-р-р жағында ор-р-р бар-р...». Кәні, тағы бір қайталап жібер.
- Соп-тиак-тидың үйінің ай жағындай ой бай...
Шаншарханның ішек-сілесі қатты. Діттеген мақсатына
жеткен сияқты. Қысық көзі жұмылып, сылқ-сылқ күледі. Мәз.
- Үйбай, ішегім-ай, - дейді ішін басып, - осыған «р»-ды үйретпей-ақ қойсақ қайтеді...
- Неге?
- Ленин де сақау болған ғой. Біздің Тінәш те былдырлап жүріп, жиырма бірінші ғасырда тағы бір қазан төңкерісін жасайтын шығар...
Менің жыным келді. Өйткені Кремльдің қызыл қабырғасының алдындағы тас молада мәйітін не Құдай, не Жер қабылдамай қатып-семіп жатқан Лениннің кім екенін Тінәш білмесе де, мен бір кісідей білемін. Мешіттер мен шіркеулерді бұздырып, құдайсыз ел жасауға талап қылған кәпір ақыры сол Құдайдың қаһарына ұшырап тынған.
Тінәлі қызарақтап тұр. Тәңіртаудың басындағы қысқа күнде қырық рет құбылатын қап-қара бұлттайын ағайынды екеуміздің әлемтапырық бола бастаған түрімізді байқаған Шаншархан өзінің ерсілеу қылығын жуып-шайғысы келді- ау деймін:
- Оқасы жоқ, алдымен «ор бар» деп, тіліңді әбден жаттықтырып ал, сосын «Совтрактордың үйінің ар жағында» дегенді қосасың - дейді көзінен аққан жасты сүртіп.
Әке-шешем шәйға кіріскен. Тінәлі бағана өзі «ат шалдырған» тулақтай ғана тақырдың үстінде «бақырып» тұра беруден жалығып, шешем кеше ғана шатырдай ғып жуып берген шалбарына обал болады-ау деместен топырақтың үстіне жалп етіп отыра кетті. Ұрмай-соқпай жылаудан өзі де зеріккен сияқты. Ендігісі «үйдегілер мені ұмытып кеткен жоқ па өзі» дегенді білдіретін ыңыл. Бірақ бүйткен «ыңылы» бар болсын. «Ой-ы-бай, ой-ы-бай, Соп-тиак-тидың үйінің ай жағында ой байға» енді «ойдың ай жағында сай бай, сайдың ай жағында мола бай» деп, ел естімеген қайдағы бір сұмдықтарды қосып зәремді ұшырды. Сірә, Шаншархан мен жоқта Тінәліні бәй-геге қосатын тұлпардай тағы «суытса» керек. Тоқта, тоқта, Шаншархан қу «Совтрактордың үйінің ар жағында ор бар, ордың ар жағында мола бар...» дегенде оның Бауырмалды алыстағы ауданның Мәдениет үйіне «жер аударып» жібергенін меңзеп тұрған жоқ па осы? Совтрактор... ор... мола... Құлағыма түрпідей тиген мына «тың тіркестердің» сарынында ғаламат астар жатыр ғой құдай-ау!..
Дегенмен «ойбай» мен «моланы» әнге қосқан баланы кім «қарағым» десін. Шешемді қайдам, ал әкемнің кәрі жыны қозса, бұдан кейін қандай сандуғаш болса да Тінәлінің жон арқасынан таспа тілетіні анық. Іс насырға шаппай тұрғанда әке-шешеме бар шындықты жайып салу керек болды.
- Тінәліге бұл «өлеңсымақты» үйреткен Шаншархан,
- дедім, компьютерден басымды көтеріп.
- Өлеңі несі?
Шешем Тінәлінің «ойбайының» астарындағы қитұрқы сөздердің мағынасын әлі пайымдамаған екен. Тінәлі сойқан да «ойбайға» көбірек екпін түсіріп, мәселені мүлде ушықтырып жіберді емес пе.
- «Совтрактордың үйінің ар жағында ор бар...» дегенді Тінәліге «р»-ды үйретем деп Шаншархан жаттатқан.
Дастарқанның басында малдас құрып отыра беруге белі шыдамай жантайып жатқан әкем шешеме «не ұқтың?» дегендей таңдана қарады. «Ойбайдың» сырын енді түсінген шешем болса ернін сылп еткізді.
- Шығармайтыны жоқ сол қысық көздің Кішкентай балаға...
- Онда дүрыс екен, - дейді әкем, - бәледен машайық қапыпты деген, кімнің кім екенін біліп жүрсін дегені иығар...
Тінәлінің басына үйірілген қауіп бұлты сейіле бастады. Иракты аузына қаратқан коалиция әскерлеріндей ымырасы бір әке-шешем екеуара бәтуаласа келіп, өздері біздің үйдің «№1 лаңкесі» деп тапқан інімнің шәйдің шырқын бұзған тосын «бүлікке» ешқандай қатысы жоқтығын ескеріп, дастарханға шақырды.
- Шәй іш те анау қазан бұзар, үй тентегіңе.
- Сен де таяғыңды көстеңдетіп сонша лақтырдық қате тиіп кетсе қайтесің. Қаршадай баланың жүрегін ұшыра жаздадың ғой.
- Шаншархан найсапты айтам да, тілінің қыршаңқысын қарашы.
- Басқа сөз құрып қалғандай, Трәктір қайнағаның атын айтқызғаны несі?
Ирактағы бейкүнә балалардың обал-сауабын ойламастан, бейбіт шаһардың берекесін алған әскерилердін «қауіпті қару» таппай ауыздары топайдай болмап па еді? Тіпті, Бірік-кен Ұлттар Үйымының бәтуасын да құлағына ілмей қойып еді ғой. Оның қасында әке-шешемнін ашуын басып, бір ауыз сөзбен Тінәліні шаңыраққа шақыртқызған менің «мәлімдемем» БҰҰ-ның әлемге әйгілі Бас хатшысының желкесін қасытқандай басалқалы уәж болып шыққан сияқты. Ал шайға маңдайы жіпсіп, Тінәлінін хикаясына Қожанасыр әпендінің қағытпаларын тыңдағандай көңілденген әкем «ойпыр-ай, мына Шаншарханнын айтқышын-ай» деп, мырс-мырс күліп қояды. Мен үшін шаруадан қажып жүрген әке-шешемнің жадыраған жүзін көруден асқан бақыт жоқ.
Тінәліге де керегі осы...
ШАРБАҚТЫНЫҢ ЖАЛҒЫЗЫ
Еркіндік дегеніміз - жалғыздық.
А. КАМЮ.
Біз неғұрлым ұлтжанды болсақ,
солғұрлым бүкіл адамзаттық бола түсеміз
Ф. ДОСТОЕВСКИЙ.
Байшыкештердің жүгермектері жексенбі күні шәниіп- шәниіп «Шыңғысханда» отырса, бұл пақырыңыз мысықтай мияулап, күшіктей қыңсылап мазасын алған ішек-қарнына ел қондырсам деген есек дәмемен Шарбақтының қи сасыған мал базарына жетеді. «Арқада күн жылы болса, арқар ауып несі бар» дейді Шаншархан. Көңіл-күйім бай-бағыландардың не ішем, не кием демейтін еркетотайларындай болса, менің-дағы қызық қуған беймарал жұрттан жырылып нем бар?..
Көтерем тоқтының бүйіріндей қабысқан қарныма қабағының астымен қарап тұрып «өзсн жағалағанның өзегі талмайды» деп мүсіркейтін де қу Шаншу. Сөзі де, өзі де көңіліме жақын сол жаны жайсаң көкемнің қойын қосақтасып, қоржын-қосқолаңын көтеріп, базар жағалап жүрсем, тамағыма талғажау боларлық бірдеңе-сірдеңенің бұйыратынын мен де жақсы білем.
Сіз менің Шаншархан көкемді бес-алты қойын қосақтап қойып, мал базардың ортасында бойы сорайып бекерден-бекер тұр деп ойлап қалмаңыз. Ұқсамасаң тумағырдың қайдағы жоқты тауып айтатыны тура Шаңырақшы атама тартқан. Бірақ, әттеген-айы сол, қайран сөз қи сасыған базардың ортасында, Шахаңның аузынан шыққанын шыққанша қағып алатын адамына жолықпай, текке рәсуә боп жатыр. Қайта, оның қасында Шарбақтының тауық екеш тауықтары бақытты. Айналақарынның үйінің күлқоқысын шашып, қыт-қыттап жүретін бейбақтардың қанша жұмыртқа тапқанын қай сұңғыланың шотқа салып отыратынын қайдам, әйтеуір есеп-санақ басқар-масының тоқсан сайынғы мәліметінен бірінші орынды бермей шүпірлейді де тұрады. Ал сөз бен ойға ден қойып, есепке алып отырған ешкімді көрмедім. Базарды күн сайын сұқ итше бір сүзіп шықпаса сыбағасынан құр қалғандай түнімен дөңбекшіп шығатын шенеуніктер Шахаңның сөзін құнттамақ тұрмақ, оның сорайған бойын көргеннен-ақ байқамағансып жылыстай бастайды.
* * *
Шарбақтының кеңқолтық базарында кім жоқ дейсіз? Тәңіртаудың ар жағы да, бер жағы да осында. Қазақ пен қырғыз, қытай мен кәріс, ұйғыр мен дұңған, өзбек пен тәжік, орыс пен татар мидай араласып кеткен...
Мынау жалмаң-жалмаң еткен шақшабас кім болды екен? Домаланған жүзі үрген қарындай тырсылдап тұр. Жіпсиген жанары адамда емес, малда. Жан-жағына сұқтана қарап, тірідей ішіп-жеп келеді. Міне, сәлем-сауқат жоқ Шаншарханның құйрығы кетпендей еділбай қойының қыр арқасынан шеңгелдеп ұстады да, байғұс саулықты ыңқ еткізіп жоғары көтеріп кеп қалды. Еділбайдың артқы екі аяғы тырбаңдап ауаға ілінді. Байғұсты бауыздауға підә болды екен деп те осылай басынуға бола ма? Маңырағаннан басқа қайраны жоқ жандықтарды қалай жұлмаласақ та құқымыз бар деп еркінсігендер қашан тыйылар екен осы? Әне, еділбайдың арқасынан жұлынған жүннің бір шөкімі шақшабастың быртиған саусақтарының арасында тұр. Мына шоқпардай жүндес қолда талай қоңырдың обалы бар ғой. Шаншархан дандайсыған неменің озбырлығына қитығып қалды білем, даусын паңдана созып:
- Қамыр, - деді.
Қайраң Шахаң! Тіл институтының қасқабас профессорлары бақ десе де, шақ десе де, бір шара боп көпсіп тұрған қамырды әйелінің сыпырасынан әкеп базардағы сауда-саттықтың тіліне ашытқыдай араластырды да жіберді. Дәл қазір оған қойының терісін шымши ұстаған шақшабасқа «семіз» деп құлдық ұрғаннан гөрі, соны «қамыр» деген бір ауыз сөзбен сыздана жеткізудің ләззәты анағұрлым артық. Бір қызығы, тілдің соңына шам алып түскен ғалымдардың өзі желкесін қаситын Шаншарханның «шифрлы тіліне» қойдың асты-үстіне үңіліп, құңжындап жүрген жіпсік көз бірден түсінді. Сосын қосақтағы қойларды олай бір жұлмалап, бұлай бір жұлмалап, түк мін таппаған соң жүндес қолымен аша тұяқтың аузына жармасып, жоңыршқаның көгі жұққан тісіне шұқшиған. Шан-шархан бұрынғыдан бетер паңданды.
- Пышақ.
Мен күліп жібердім. Қоңды малының құйрығын қамырға теңеп тапқырлық танытқан Шахаң тіс тұрғысындағы мәліметті шарықтастан жаңа шыққан селебедей жалаңдатып тұрса күлмегенде ше? Сосын қасындағы майда-шүйде сатып отырған жалбашашқа бұрылып, енжар ғана:
- Қызым-әй, бір тал темекі берші? — деді.
Темекінің талын бір-бірлеп сататын майда-шүйде
сауданың шыққаны Шаншархан екеуміз сияқты можантопайларға жүдә жақсы болды.
- Қайсысын?
- «Бондтан»...
- Ағын ба, қызылын ба?
- Ағын.
- Үш теңгеден, ағай.
- Мә...
- Ағай , үшеуін ала салыңызшы...
Он теңгелік бақырдан қалған тиын-тебенді қайтарып беруге қимай, қипақтап тұрған қыз балаға Шаншархан кеңшілік жасап, қолын сілтеді де, сіріңкесін шырт еткізіп теме- кісін тұтатты. Ак «Бондтың» көк түтіні бүрк еткен қалпы бошалаған сиырдың шылымындай шұбатылып барып базардың үстіндегі мұнартқан ауаға араласып жоқ болды.
- Қайда жүрсің?
- Демалыс қой...
- Сен осы ненің оқуындамын деп ең?
- Құқық қорғаушы ғой...
«Әй, соныңды қойшы» дегендей Шахаң қолын селқос сілтей салды. Сілтенген қол серейген күйі «қазақтың құқын қорғайтын адвокат әлі туған жоқ» дегенді меңзеп, базардың шуаш сасыған ауасын сүлесоқтау сызып өтті.
- Құқық қорғаушылар деп, әне, анау жөйттің балдарын айт. Басқаларыңдікі Абай атамыз айтқан шен тағып, шекпен кию ғана ...
Әңгіме азаматтық құқық туралы мәселеге кеп тірелгенде арманда кеткен ата-бабасының малын жоқтаған көкемнің іші қазандай қайнап қоя береді. Делдал болғалы бері қалтасынан тастамайтын калькуляторы да әлгі бай- манаптардың малын түгін қалдырмай санап беруге келгенде АҚШ зымырандары-ның өзін шаң қаптырғандай ұшқыр.
- Мысалы, - дейді Шаншархан сүйегі әлдеқашан ақ сөңке боп қурап кеткен атасының «бизнес жоспарын» тауып алғандай ежірейіп, - Шопанбайдың бес мын қойының әр қайсысы бір қозыдан туды дегеннің өзінде екі жылда он мың бола ма? Болады. Оған тағы екі жылдың төлін қосыңыз, әлгі он мыңыңыз жиырма мың бола ма? Болады...
Өз қиялына өзі масайраған Шахаң бастауыш сыныптын математикасына сұранып тұрған есеп-қисабын ежіктеп, біраз жерге барып қайтады. Мен болсам саудасы жүрмей қиналған кезде темекі алатын теңгеге зар боп қалатын көкемнің мынандай қайталана бермейтін бақытты сәтін ұзарта түскім кеп:
- Түйе ше, - деймін жерден жеті қоян тапқандай өтірік қуанып, - жарықтық Шопанбай атамның түйелері екі жылда бір рет боталағанның өзінде осы күнге дейін Жиекқұмнын бетін жауып қалар еді ғой.
- Дұрыс айтасық заңгерім. - Шаншархан көңілденген кезде «заңгерім» деп, өтірік қана алдаусыратып қояды.
-Менің ата-бабамның мыңғырған малының арқасында аяқ астынан миллионерге айналған шенеуніктердің үш ұйықтаса түсіне кірмейтін байлық қой бұл...
- Шіркін-ай, сонда осындай өсімтал мал жетпіс бес жылда қанша болар еді, а?
Шаншарханның көңілінің ауанына жығыламын деп отырып отар-отар қойдың сүрлеуіне түскен аш қасқырдай меніңдағы сілекейім шұбырып кетеді. Өйткені Шаншарханның қиялының жаны бар сияқты. Қазірдің өзінде Шарбақтының ана жер, мына жерінен екі мын, бес мың қой айдаған байлар шыға бастады. Және бұл бар болғаны он-он бес жылдын төңірегін-дегі әңгіме. Алдында елу мың қойы бар Шопанбай атасы дәл қазір «іри, қойым» деп, Тәңіртауды бөктерлеп келе жатқандай желпінген Шаншархан:
- Бүган Шахаңның калькуляторының саны жетер-ау, бірақ жайылым жете ме? Айналақарын партком боп тұрған кезде ен далаға небары 45 мың қойды сиғыза алмай басы қатқан жоқ па? Ол дегенің Шопанбай сияқты төрт-бес байдың ғана малы болатын. Міне, саған ата-бабамның мал- жанының есеп-қисабы керек болса! - дейді.
Шаншархан Американың №1-ші миллиардерімен терезесі тең адамша паңданып шыға келеді. «Әттең, - деймін іштей, — осыдан жетпіс, сексен жыл бұрын Шопанбай марқұмның мыңғырған малын «қызыл билеттілер» тігерге тұяқ қалдырмай тартып алып, өзін итжеккенге айдатып жібермегенде, мына Шаншархан сияқтылар анау атқосшы ерткен әкімқараларға сәлем бермей, талтаңдап жүрер бай-бағыландардың сортынан болатын екен-ау!».
Мынау Еуропадағы неміс деген елдің балалары өте үлкен жүректі халық боп келеді екен. Гитлердей қандастарының қаскүнемдігі үшін кешегі қырылғаны қырылып, аман қалғандары аты-жөнін өзгертіп, жан-жаққа ауып кеткен жөйттердің ұрпақтарына өкіртіп тұрып өтемақы төлеп берді. Төлеместеріне жандарын қоймаған жөйттер де мықты екен-әй! Ал қазақ байларының қызығын көрген кешегі «қызыл билетті» бәлшебектердің мүрагерлері өтемақы тұрмақ, ауылдағы кедей-кепшікке кұдайы тамақ та таратқан жоқ Осыдан кейін бес минөтсіз адвокат менен бастап бүкіл исі қазақтың шен тағып, шекпен киген заңгеріне Шахаңның өкпесі қара қазандай болмағанда, қайтеді?!.
* * *
Мал базардың айналасы қаптаған асхана. Соңғы кездері осы қаптаған асхананың қасынан киіз үйлер де қымсынбай бой көрсете бастады. Қымсынбай дейтінім, киіз үйлердің тағдыры да шарбақтылықтардың тілі сияқты: кей өкіметтің тұсында кәдеге аспай қаңырап қалса, кей өкіметтің тұсында төсегінен жаңа тұрған аурудай қалқайып, қатарға қосылып қалады.
Шахаң қосақтаулы қойларын шақшабастың шүлдірлей сұраған бағасына өткізіп, қи жұққан сарыала жібін беліне байлап алған соқ ұзынды-қысқалы, ағалы-інілі боп осы үйлердің біріне келіп кірдік. Менің жексенбі сайын базарға келіп дел-дал көкемнің саудасына көмектесетінім, ал оның тапқан табысының бірер пайызына маған жүрек жалғар бірдеңе-сірдеңе сатып әперетіні дәстүрге айналып кеткен. Сонан соң оған менің қылжақбастығым ұнаса керек. Әйтеуір шарбақтылық екі шерменденің арасында жібек жіптей үзілмейтін бір жылы сезім орныққан.
Шахаң киіз үйдің төріне шығуын шықса да, жалп етіп бірден отыра кетпей, шаңыраққа қарады. Тегіне тартып үйдің сүйегін байқағысы келді ме, әйтеуір түндігі жартылай ашық тұрған киіз үйдің төбесіне қараңқырап, біраз бөгеліп қалды. Одан жанары төмен сырғып уықтарға ауысты. Қаламы шаңырақтың көзінен шығып кеткен бір уық өзінің шодырайған шынтағы құсап епетейсіздеу салбырап тұр екен.
- Уық та қарашаның кебі сияқты. Шаңырақ ауыр болса, қанша майысқақ болғанымен күндердің-күнінде шарт сынады...
«Оппозиционер» уық үшін қарадай ыңғайсызданып қалған қымызханашы келіншектің басындағы қолайсыз жағдайды Шаншарханның табан астында тауып айтқан пәлсапасы жуып-шайып жіберді. Тоғышарларды мақтамен бауыздайтын тағдыр-талайы ауыр Эзоптайын Шахаңдардың тұспалы да түскен жерін солқ еткізер зіл батпан. Бірақ Шаншархан «Бондтың» түтінін іргеге қарай ширата үрледі де:
- Дегенмен, басқа бір гәпті де ұмытпау керек, деп, кергіді.
- О не?
— Күлдібадам шаңырақ кімге пана болсын?
Шаншархан сұңғыланың нені меңзеп отырғанын ішім сезе қойды. Семіздігінен Айналақарын атанып кеткен базаркомның қай наданға салдырып әкелгенін қайдам, мал базардың кіре берісінде былтырдан бері құрақ көрпеше сияқты түрлі-түсті бір шаңырақ іспетті сұлбаның суреті жарқанаттай жабысып тұр. Базаркомның суретшісі шаңыраққа неше түрлі бояуларды баттастырып жаға беріпті. Осы күлдібадамның түбінен күн сайын өтетін Шаншархан күйінбегенде, кім күйінеді енді. Дегенмен жығылған шабандозға жалын төсейтін жылқы малы сияқты тәй-тәй басқан тәуелсіз жұрттың болашақ құқық қорғаушысы ретінде бірдеңе деуім керек сияқты.
— Ауқатты атаңыздың түйелері сияқты кері қарай шаптыра беретініңіз не осы? Шанырақтың мәнісін базаркомның қазан басы білмесе де, сіздің сопақ басыңыз білуі керек қой. Кезінде кім көрінгенге күлкі болған киіз үйіміздің төрінде шәниіп жатқанымыз да осы қара шаңырақтың амандығының арқасы емес пе? Құдай қаласа, төрімізге салт-дәстүріміз де озды. Әйтпесе, кешегі күніміз босағадағы жетім баладай еді ғой.
Шаншархан тышқанмен ойнаған мысықтай бір бүгіліп, бір жазылды. Сірә, менің шенеуніктердің қолынан шыққан баяндамадай қан-сөлсіз гәбіме оның тулақтай боп қатып қалған жүрегі аса жіби қоймаса керек.
- Далбаса! Мен бірдеңе білсем, Шарбақтыдан шыққан дүбәралар қазақтайын халықты сайлаудың кезінде ғана есіне алады. Басқа уақта сіз бен біздің ұлттық құндылықтарымыздың бәрі анау уық сияқты салбырап тұрғаны тұрған.
Шахаң «оппозиционер» уықты енді басқа қырынан мысалға алды. Бұл енді, шынында, мен күтпеген соққы. Бірақ қалай болғанда да Шаншарханның ыстық ботқаша жабысқан пәлсапасынан құтылу керек.
- Жасасын оппозиция!
- Кекетпей-ақ қой, құқық қорғаушым. Қойдың өрісі көкжалсыз болмас.
Шаншархан менің «әй, қанша мықты болсаң да, осы жолы бұлтара алмассың» деп сенім артқан ең соңғы аргументімді де тас-талқан қылды. Енді онымен бұдан ары сөз жарыстырудың пайдасы шамалы. «Айналайын, Бірежінібім-ай, сен армандаған коммунизмнен секетеп жүріп сексенінші жылы-ақ өтіп кетіппіз ғой...» деп, әлі күнге дейін аһ ұрып отыратын жүгерші әкемді бетіме салық қып, дымымды құртпай тұрғанда жекпе-жекті доғару ләзім. Бірақ Ыстыбай атам дүниеден қызғыштай қорып өткен қасиетті шаңырақтың қи сасығын мал базардың маңдайшасында нотариустың мөріндей баттиып тұрғаны көңілімді жермай ішкендей әлем-жәлем қыла берді.
* * *
Шарбақтылықтар енді-енді ғана жуыса бастаған кәсіпкерлікті Ыстыбай атам сонау Некәлай патшаның заманында-ақ меңгеріп алыпты. Содан көпшілікке ортақ кәсібін шолақ белсенділер қанша қорқытып-үркітсе де қойдыра алмаған.
Мысалы, Айналақарын ауылда екі адамды жек көрсе, оның біріншісі Әмір қожа да, екіншісі Ыстыбай атам еді. Қожа-молданың жәйі белгілі, о байғұсты басыңа қазандай ғып сәлде орайсың, елді жаназаға жиып, жұртты ісләм дініне уағыздайсың деп, ағаш атқа теріс мінгізсе, Ыстыбай атама келгенде оның қиылып келген ауылдасына шаңырақ жасап бергені үшін алатын бір танасын күндеп, қасқыр көрген ешкідей ежірейетін. «Көлденең табысқа құныққан пайдакүнем әкеңе қой демесең партиядан шығасың» деп, Шаншарханға шүйлігетін кеп. Міне, сол коммунистердің қолшоқпары болған Айналақарын сонау Қоянды жәрмеңкесімен түйдей құрдас мал базарға әкесінің меншігіндей аяқ астынан қожайын боп шыға келді. Қазір жалғанды жалпағынан басып жүр. Сонда кім пайдакүнем? Шаппа-шотпен шаңырақ шапқан Ыстыбай ма, әлде «сары бала, қара қазанның» қамы үшін тапқан-таянғанын пүлдауға келген жарлы-жақыбайлардың базарға кірген- шыққаннын аңдып, ақша тауып отырған Айналақарын ба?
Кемшілігін бетіне басқаныңды бауырың да жақсы көрмейді. Кеңес өкіметі - боса болмаса. Айналақарын партком боп тұрғанда бір үйлі жанды асырап отырған атамның шағын ғана шаруасын тұншықтыру мақсатымен шапқылап жүріп қаладағы тұрмыс қажетін өтеу комбинатының қасынан киіз үй жасайтын цех ашқызды. Содан бастап Қожанасырдың күркесіне ұқсас қуыршақтай қап-қара үйлер қаптап кетті. Ал жан-ның қадірін білетін қойшылар сықырлаған темірге жабылған құрым киізден гөрі, атамның аппақ үйіне жәутеңдеп қарай беретін. Өйткені тал бойына темір-терсекті дарытпаған киіз үйден далалықтарға тән бір даралық сезілетін. Сол даралықты мұқату үшін не істелмеді?..
Қай жылдары құдай-ау, Айналақарын қаланың қақ ортасынан жайлау жасаймын деп қатты желікті. Желіккенімен қоймай, Ыстыбай атмның киіз үйін қалаға алдыртты. Қит етсе баласының «партиялылығын» көлденең тартып, қорқытып-үркітіп отыратын өкіметтің қатыбастығынан зәрезап болған атам «қай қазақ киіз үйін шыбын-шіркейі быжынаған сайға тігіп еді» деп, кіжінеберді- Шынында, лүп еткен самалы жоқ сайға қай жанынан безген барып демалсын. Жыл он екі ай болмай жатып жайлаудың сәні кетті. Киіз үйге қымыз емес, арақ-шарап іздеген албастылар ғана үйір болды. Оның соңы жын-ойнаққа айналды. Жаман хабар жерде жата ма, Айналақарынның жер-жаһанға жар сап, мақтанып жүрген жайлауы жын-бақсының ордасына айналыпты деген сөздің де гу ете қалғаны осы тұс. Көп ұзамай киіз үйдің туырлықтары мен үзіктеріне қап-қара боп күйе түсіп, жиди бастады...
Сайдың үстінде аспалы көпір бар болатын. Бір күні қаланың қырық сідік жұрты осы көпірден автобуспен өтіп бара жатып киіз үйдің туырлығын әлдекімнің қасқыр тартқандай ойып алып кеткенін көрді. Жосаға боялған нау кереге шөгеріп қойып терісін сыпырған қара нардың қабырғасындай ырсыйып тұр. Бірақ ешқайсысы былқ еткен жоқ. Екінші күні киіз үйдің үзігі сыпырылып жерде жатты. Жалаңаш уықтар тарам-тарам саусақтарын көкке жайып: «мына ит қорлықты көретін көз бар ма, жоқ па?» деп, шашын жұлған кейуанадай тым қасіретті еді. Автобус іші тағы да тым-тырыс. Тіпті алғашқы күнгідей «қала басшысы мына масқараны әдейі көрмей отыр ма? Айналақарын қайда?» деп күңкілдегендер де болған жоқ. Қой дейтін қожа, әй дейтін әже болмаған соң сайдың ішіндегі иесіз жайлауды емін-еркін жайлап алған найсаптар ең соңын-да түңлікке қол салды. Түңлігінен айырылған үйдің шошайған шаңырағы бір қасиетсіз кеп бөркін жұлып алған ақсақалдың әзіз басындай қорғансыз еді...
Атам алғашқыда өз көзіне өзі сенбеді. Киелі шаңырақтың іші әжетханаға айналыпты. Бір кездері ауылдың игі жақсылары ғана мәслихат құрып отыратын қасиетті төрінің боқсідігі шығып жатқанын көргенде қызыл иегі кемсеңдеп кетті. Жұлым-жұлым болған туырлық пен сөгілген керегеге қарап «атаңа нәлет тексіздер-ай, ақ ордамды әбден ыламайлапсың-дар-ау» деп, көзінен аққан тарам-тарам жасқа ерік беріп, екі иығы бүлкілдеп отыра кетті. Еңіреп отырып «бұ дүниеде сатылмайтын ештеңе қалған жоқ, сатсаң да сатасың сатпасаң да сатасыңның» астына алып, тақымдап қоймай қойған Айналақарынды ал кеп қарғап-сіледі. Шөкелеп отырған қалпы ұзақ егілген шал біруақтар болғанда орнынан тұрып, ойран-ботқа үйді ретке келтірмек болған. Сүрініп кетті. Кебісі пәршек-пәршек боп жатқан домбыраның ішегіне ілініпті. Домбыра! Жошыханға ұлының қайғылы қазасын безілдеген бебеуімен жеткізген қара домбыра! Қазақтың кайран тілі! Қайран, Кетбұға! Оңдамақ боп әуреле-ніп еді, қарт шебердің қолы қараптан-қарап дірілдеп, түк шығара алмады. Бір бүлінген дүние бастапқы қалпына кәйтіп кел-сін!.
Ертеңіне таң ата көп қабатты үйлердің пәтерлеріндегі қалақтай радиолар:
«Ақпыз, сарымыз, қарамыз, туысқанбыз бәріміз...»
деп, таңдайлары тақылдап жатқанда әлгі аспалы көпір арқылы өтетін автобустағы қырық сідік жұрттың өкілдері айдың табанынан көтерілген қып-қызыл алауға куә болды. Атам шаңырақтың ағашын доғалап тұрып иер кезде шарт сынып кетпес үшін оны алдымен ыстық қозға көміп, талбойын әбден балқытып алатын. Мен осы қозды дайындау үшін кәшек-құшақты шарбақтың ортасына алаулата кеп жағатынмын. Өрт тура сол алау құсап, пышырлап тұрып жанды. Көліктерін өкіртіп-бақырып өрт сөндірушілер жеткенде жалын басылып та қалған еді. Бет-аузындағы күйеден көздері ғана жылтыраған атам шаңырақты біреу тартып алатындай тас қып құшақтап алыпты. «0, Жаратқам ием, басымыз бүтін, бауырымыз түгелде, бұл қай қорлығы-ең» деп, өксіп-өксіп қояды. Көпірдің үстіне қызыл автобусты қаңтарып қойып, осының бәріне қы-зыға қарап тұрған манағы марғау жұртқа көзінің жасын көрсетпейін дегендей теріс айнала берген Шаншархан әкесіне «кім көрінген керегін алып, керек емесіне тышып-сиіп кеткен шаңырақ саған-ақ қастерлі ме?» деп, қыстыға жылап жіберді. Менің де жанарым жасаурап, көңілім босады. «Атынан айырылса да, ертоқымынан айырылмайтын елдің қайраны таусылған қайран да қайран қарттары-ай!..» деймін, Шарбақтының базарындағы шаршы топтың алдында тайсалмай сөз бастай-тын Шаншархан көкемше шамырқанып.
* * *
Шындықты айтқан адам қашан да жалғыз. Шарбақтының жалғызы - Шаншархан. Сосын ішіндегі шерін мен сияқты болашақ «құқық қорғаушыға» ақтармағанда, кімге ақтарады? Шаншархандай от ауызды, орақ тілді жалғыздары жоқ елдердің болашағы бордай тозатынын кешегі шаңырағы ортасына түскен елдердің мысалынан көрдік қой.
Кекірік ата ішкен қымыз бен Шаншархан көкем қалтама шытырлатып сап берген 200 теңге қанымды қыздырып, көңілімді көтерді білем:
- Көке, «Ахау, қасқа атты» айтыңызшы, - деймін масай-рап.
- Сенің аңдығаның сайқымазақ сөз ғой, - деп, Шахаң іргедегі аққу мойын үкілі домбыраға қол созады.
Ахау, қасқа ат дегенде, ахау қасқа ат,
Алматыда ойнайды бес жүз солдат.
Кеңес өкіметінің құдіретінен айналайын,
Сымтемірдің ішінен тоқ жүргізген...
Қымызханашы келіншек сылқ-сылқ күледі де:
- Осындай да өлең бола ма екен, аға, - дейді.
- Неге болмасын. Мысалы, қымыз құйып отырған мына сен де өлеңсің, — дейді де қу Шаншу «Бір келіншек» деген әнге басады. Келіншекті бір желпіндіріп алған соқ өзімен- өзі оңаша қалғандай бір тұңғиық ойға беріліп, домбыраның ішегін тыңқылдата бастайды. Тыңқ-тыңқ, тыңқ-тыңқ еткен домбыраға ілесіп:
Кереге басы кер жылан-ай,
Бері қарай кел жылан-ай....
деген үн естіледі. Тамағындағы жұтқыншақтың түбінен қырылдап шыққан мұңды мақам киіз үйдің баушуын дірілдетіп жібергендей болады...
Менің көзім жұмылып барады. Шамасы, Шахаң айта беретін «үш арсыздың» әуелгісі ай-шайға қаратар емес. Өзім де әбден қалжырап, шаршасам керек. Күні бойы бірі келіп, бірі кетіп жатқан жіпсік көздермен тікеңнен тік тұрып саудаласу оңай деймісің.
«...Анаң қара, Тәңіртауды бөктерлеп Ыстыбай атам кетіп барады. Жетегіндегі аруананың үстінде дәу шанырақ тербеледі.
— Ата!..
Айналақарыннан тақыр көңілі қалғандай шал базар жаққа мойын бұрмайды. Қайда бет алды екен? Мынау диірменнің тасындай шыр айналған дүниенің бір күнгідей болмай бұлбұл ұшарын білгенде: «Түсімде біздің үйдің шаңырағын көтереміз деп бақанға таласқан бір топ алапесті көрдім. Есім барда кім-көрінгенге көтертпеп ем. Шаңыраққа... шаңыраққа уақап болыңдаршы» деген екен жарықтық. Әлде сол түсін Айналақарынның әрекеттеріне жорып, қыстығып жүр ме? О тоба, Тәңіртаудың кір шалмаған ақ бас шыңын ұп-ұзын құйрығымен оңынан да, солынан да орап алған мына бір үш басты айдаһар қайдан пайда бола кетті? Өздері адам сияқты:
— Қайда барсаң да Қорқыттың көрі, шал. Бәрібір қашып құтыла алмайсың, - дейді, атамның артынан шәңк-шәңк етіп.
Көзімді ашып алсам үйге Айналақарын мен манағы жанары жіпсиген шақшабас екеуі шиқ-шиқ күліп кіріп келе жатыр екен. Баса-көктеп төрге озған бетте келіншекке «қымыз әкел» деп, сығырая қарағанына қарағанда уығы салбыраған шаңырақтың иесі шақшабас болды. Далбасалап Шаншархан отырған көрпешені сипасам, орны баяғыда суып қалыпты...
ЭЛЕКТОРАТ
Сайлаубек саясатпен айналысайын деген пенде емес. Бақай есеп, арзан беделмен о бастан дүрдараз. Аспанға түкіріп, жайбарақат жатқан адамның миын меңдуана жегендей мең-зең қылатын саясат түскірдің өзі. Төріндегі түрлі-түсті телебезерінің «тілі мен жағы» аман тұрғанда сайтанның сапалағындай пәледен қашып құтыла алмайды екен жүдә.
Арзанқол сағат кешкі жиырманы нұқығанда, телебезердің маңдайына біткен жалғыздай тәлпіштеніп сөйлейтін диктор таңдайын тақылдатып шыға келеді. «Ауыз ашарын» жаңалықтармен бастайтын ат төбеліндей аздың бірі болған соң Сайлаубек тәлпіштің бұл «қорлығына» амал жоқ шыдайды. О баста осыған бет-аузыңды қисандатқаныңды қойсайшы, атаңдай адамдардың алдында отырсың ғой дейтін адам бар ма, жоқ па? деп, әлгі тәлпіш телебезерден «кеткенше» әйелі екеуі жүйкелерін жүндей түтіп бітетін. Кәзір шыбын шаққан ғұрлы көрмейтін болды. Өйткені жұрт жақтырмайды екен деп мынау дарақы дүниенің беті қып-қызыл болғанын әлі-әзір көрген жоқ.
Соңғы кезде жаңалықтардың басы тәтті болғанмен, аяғы қатты боп барады. Бала Буш тағына отырар-отырмастан «біссімілдәсін» Ауғанстанды бомбылаудан бастады. Қатын-қалаш, бала-шағаға обал деп айылын жиған жоқ. Аспан асты, жер үсті ысқырған оқ. Сайлаубек болса ойы мен қыры ойран-ботқа боп жатқан елді көрсеткен сайын «ойпырайлайды» да отырады. Бен Ладен деген бәле де табыла қоймады. Бұрынғының телебезері өлген адамның мәйітін көрсетпек түгіл, айтуга қорқушы еді. Кәзір, телебезерді ашып қалсаң шыбынша қырылған адамдар, бет-ауызы бұзылған мәйіттер. Бірде үйіндінің астында қалған анасының мәйітін құшақтап жылап отырған кішкентай қызды көріп қалып, қапелімде көзінен жас шығып кеткені. «Е-е, жаратқан ием, қазағымды осындай бәлеңнен сақтай гөр». Өзінен өзі үрейленіп, үйінің шаңын шығарып жүрген Әйгерімін шақырып, тәмпіш мұрнынан сүйіп-сүйіп алады. «Айнолайын...». Әкесінің аяқ астынан ет бауыры елжірей қалғанын құрттай қыз да кішігірім «спектакльге» айналдырып, «әке-оу. балмұздак әперші» деп мойнына орала кетеді. Айтты ғой, бұл саясат дейтін сайтанның жүрмейтін жері жоқ деп. Қарашы, бала екеш балаға шейін бас пайдасын біліп алғанын.
Екі көзінен жас парлаған ауған қызының жүзіндеғі қасірет қандай қорқынышты еді. Бейне бір араны ашылған ажал бет-аузы көгеріп әлемді аралап жүрген сияқты. Қан болса жылымдай ағып бір елден екінші елге өтіп келеді. Үлкен боп - үлкен, кіші боп - кіші бұл лаңды қояйық демейді. Бөдене төбелестіргендей үшінші ел отыр. Олардың саясаты түғел, сайтандары дін аман.
Ауғанның әңғімесі бітті дегенде Израйл мен Палестинаның «кәрі жындары» козды. Мұнда да күнде жарылыс, күнде өлім. Сайлаубектің әкесі қара болса да қожа- молданың қасына көп ілескен діндар адам еді. Сол кісі «Ерусалимде сегіз бұрышты ғажайып мешіт болған. Мұхаммед пайғамбар ғалей-кім уассәлам осы қасиетті жердегі мұғаллақ деген тасқа аяғын салып пырағына мініпті» деп тамсанып қойып, тәспісін тартып отырушы еді. Ендігі оның да жермен-жексені шыққан шығар...
* * *
Қазақ жұрты, құдайға шүкір, тыныш. Дегенмен ырың-жырың бар. Анау құрақ көрпешенің үстіндегі қобырап жатқан гәзиттердің беті алабажақ саясат. Жағадан алған
- жау, етектен тартқан - бөрі. Қаптап жүр.
Кешелі бері тәлпіш кыз «әлигәрхия» дегенді тәптіштеп кетті. Бірақ «әлигәрхияның» мәнісін бір білсе Жайлаубек білер. Мектепті жетпіс алтының жаңбырсыз жазында бітіргендерден ауылда бұл, Жайлаубек және Мүсірәлі қалған. «Р»-ды «ығ» деп, франңуз мақамына салатыны болмаса, Жайлаубек тәп-тәуір мұғалім. Сайлаубектің сегізіншіде оқитын Сейсенәлі деген жүгермегі бар. Бірде соның дәптерінен «үшті» көріп, түрі бұзылып кетті. Сөйтсе, құрдасының қарындашы ылғи «труба» деген сөздердің жон арқасына сүліктей қадала беріпті...
— Әй, мынау не пәле?
- Ағайдың өзі ғой.
- Немене өзі?
- «Тұғыба» деген.
- Анықтап сұрадың ба?
- Иә.
- Не деді?
- Бәрібір «тұғыба» дейді.
- Сосын?
- Сосын «трубаны» қазақшалаған екен ғой деп «тұрба» деп жаздым.
Сейсенәлі мұрнын қорс еткізіп бір тартып қойды.
- Сен немене, терминком бе ең, ей? Қасындағыларға көзіңнің қиығын салмайсың ба? Қап, иттің ғана күшігі-ай!
- Сомадай боп көшірем бе?
Сол Жайлаубектің нан сұрап жерлік орысшасы бар. «Қой, мен бұл «әлигәрхияның» мәнісін сол Жайлаубектен сұрап білейін».
Дәлізге шыққан Сайлаубек состиып тұрып қалды.
Табалдырықтың алдындағы бағдаршамға аялдаған мәшинелердей иін тірескен ат көпір аяқ киімдердің арасында мұның кәлөші жоқ «Қайсысы қағып кетті екен?». Бала-шаға, құдайға шүкір, жетеді. Қырық жылқы қыз-қырқынды санамағанда, еркек кіндіктің өзі Аманәлі, Мәденәлі, Дүйсенәлі, Сейсенәлі, Әшірәлі, Иманәлі сияқты арыстай-арыстай алтауға жетті. «Атадан алтау туғанның, жүрегінің бастары, алтын менен бу болар, атадан жалғыз туғанның, жүрегінің бастары, сары да жалқын су болар, жалғыздық сені қайтейін!». Қайран, Ақтамберді жырау! Бірақ әзірге «жүрегінің бастары алтын менен бу болған» алтау жоқ. Қыл аяғы кәлөшіне шейін бір жақа сүйретіп кеткенін қараш. Қаны басына шапты. Ашуы алқымына тығылғанда өстетін жаман әдеті. Жұқарған жүйкеге «сап-сап» деген. «Мына тұрған жер ғой, басқасын-ақ іле салайын». Бірақ тұмсығы тасқа соғылмай тоқтамайтын кете балықтай табалдырықтың алдына келіп шүпірлеп қалған аяқ киімдердің ішінен аяққа ілуге жарайтынын тапсайшы.
Өкшесі қисайып, сірісі мыжылған кіл бірдеңе. Қытайдың мүкәммалы ғой. Әй-теуір арзан. Дәтке қуаты да сол. «Болмады. Айқайламасқа жанды қоюшы ма еді бұлар?».
— Кәлөш!
Есіктің тұтқасына жармасып, дәліздегі сыз еденді басуға жиіркеніп тұрған Сайлаубектің жандауысы шықты.
Кәлөш жоқ Кәлөшті киіп кеткеннен де дыбыс жоқ Сайлаубек күйіп кетті. «Міні, бірдеңе істей ғояйын десең ыңғи осы...».
— Әй, қайыс-сың барсың?
Сырттан Сайлаубектің кәлөшін тырп-тырп сүйретіп, жүгіре басқан дыбыс шықты. Кәлөшті қағып кеткен Қырмызы екен. Қайықтай қайқиған дәу кәлөшті әкесінің аяғының астына тастай салды да, зып беріп үйге кіріп кетті. «Баланың өскені де бәле екен-ай. Мектепте сөйлескендері аздай, үйге келгесін тағы бір сыбырласпаса тұра алмайды түге. Дәу де болса үйдің сыртына бақатамақ Мүсірәлі пұшықтың телефонға тыным бермейтін бәлекейі кеп кеткен ғой».
* * *
Жайлаубек жалғыз емес екен. Қасында Мүсірәлі отыр. Екеуінің ыпыны пәре алып, түрмеге қамалған «теркомның» қоян жымын шиырлап, түк таппаған адамға ұқсайды.
— Әй, бұны да босатып жібереді-ау.
Прокурормен пікірлесіп келгендей Жайлаубек паң
— Бәлкім, қашырып жіберуі...
Мүсірәлі мүләйім үнмен жапа шекен адамның кебін кие қалды. Сайлаубек төтесіне көшті.
— Әй, екі ит, гәзиттер «әлигәрхия» деп неменеге шуласып кетті өзі? Түкке түсінсем бұйырмасын. Бұл өзі қазақшасы бар сөз бе?
— Олигархтар десейші. Тіліңе теріскен шыққан ба?
Мүсірәлінің ұлықсынғанына Сайлаубек күйіп кетті.
— Менің ана тіліме келгенде төрешінің қаптай қалатындары қалай осы?
«Ығы»-лап сөйлейтін Жайлаубек үстелінің суырмасынан орысша-қазақша сөздікті шығарды. Қолға алмағалы қай заман. Сыртын қалың шаң тұтып қалыпты Сүрте қояйын деп еді, қапелімде жөндемді шүберек табыла қоймады. Айғайлап әйелін шақырайын десе есіктің алдында шемішке сатып отырған көкдауылдан сөз естіп, екі қызлкөздің мазағына қалары кәдік. Амал жоқ көйлегінің жеңімен қалың кітапты ысқылап, дорбадай аузымен үрлеп кеп жіберді...
* * *
«0»-дан басталатын орысша мұндай көп болар ма? Түбің түскір «олигәрхия» бірінші томнан ұстатпады. Екінші томды ашты. Тырнағымен сөздіктің сарғыш тартқан парағын тесіп жіберердей шүйіліккен Жайлаубек күбір- күбір етеді.
- Олива - зәйтүн ағашы, оливковое масло - зәйтүн ағашының майы, тәк... Міні, табылды. Пәлені түсіну де қиын екен ғой. «Ат төбеліндей ақсүйектердің яки капиталистердің финанс магнаттарының саяси және экономикалық үстемдігі» депті.
- Ақсүйек деп қожаларды айтпаушы ма ек?
Мүсірәлі өтірік мүләйімсіді.
- Бүгінгінің қожасы да, қожайыны да - байлағ-ғ... ғой.
- Базарком - депутат, кәсіпкер - сенатор, рэкет - кәсіпкер болды. Қош делік. Сонда бұлардың арманы енді ел басқару болғаны ма?
Сайлаубек сауапын сексеуіл құлатқандай солқ еткізді. Екі қолын жеңінің ішіне тығып, жүгіне қалған Мүсірәлі:
- «Кедей бай болсам дейді, бай кұдай болсам дейдінін» кері десейші. Сонда біз кімбіз? - деп ыздиды.
- Біз - электоғатпыз! - деп күңк еткен, Жайлаубек сөздігін қайта парақтады. Әліпбидің аяғында жүретін «э» қазақтар сияқты қараң-құраң ғана екен. Бірақ «электорат» деген сөз зым-зия жоқ. Жайлаубек шаң басқан сөздігіне үңіліп біраз отырды да:
— «Электғ-ғ...»-дің қасында болуы керек еді, - деп күмілжіді.
— Сенің мынауың қай жылы шыққан кітап өзі?
Кітаптың мұқабасында «Қазақ Совет энциклопедиясының бас редакциясы. Алматы, 1978 жыл» деп бадырайып тұр еді. Бодандық пен тәуелсіздіктің ара жігін бес саусағындай біліп қалған баяғы шопан, бүгінгі «тәксис» Мүсірәлі:
— Түу, менің тұңғышым құралпы екен ғой. Бәсе, кәмунистердің ғалымдары электоратты не қылсын?
Жайлаубек қызарақтап қалды. Үйіне тоқсанынііы жылдан бері кітап кірмепті. Көбіне Шымкенттен шығатын жеке-меншік газеттердің өсек-аяңдарын оқитын Жайлаубек «ғылым мен білімге деген көзқағасты өзгертетін уақыт болған сияқты, Жақа» деп қойды ішінен. «Мына жаман шопығдың өзі кеше мен бүгіннің айырмасын бір кісідей біліп отығ...».
* *
Мүсірәлі былтыр бір жылқыға құдасының ескі «Мәскеуішін» сатып алған. Біраз болды сонымен жолаушы тасып жүр. Әйелі мектеп директорының орынбасары болып жоғарылады. Жақында тұңғыш қызы мұғәлім болды. Мына екі көк-соққан сол күні-ақ «қызыңның алғашқы табысын жу» деп, бір табақ ет пен екі бөтелке «Парламентті» жайғап кеткен. «Сарығаштың» суын есептемегенде. Бұл «іс- шарадан» тоқсаныншы жылдардың алағай-бұлағайында «апырайлап» ауылда қалған үш кұрдастың әжептеуір оңалып қалғанын байқауға болар еді.
— Қанша қалталы болса да «әлигәгхияның» қазақсыз таңы атып, тауығы шақығмайды.
Жайлаубек арзанқол темекісін тұтатты. Түтіні оппозиция серкелерінің тіліндей удай екен.
— Баяғы бір жыл әкім болған базарком да әлигәрхия ма еді? - деп, Сайлаубек шақшасын іздеді.
— Ол әлигәрхиядан өткен жынды еді ғой, - деп Мүсірәлі лекіте күлді. - «Мой адрес - ни дом и не улица, мой адрес Советский Союз» деп әндететін мекен-жайсыз сұм емес пе ол?
Сайлаубек ел арасында «базарком-әкім» атанып кеткен басшыны бекерге еске алған жоқ. О кезде мұражайда қарауыл боп жүрген. Бір күні әлгі базарком-әкім мұражайға нөкерлерімен сау ете қалсын.
- Мынау не? - деді, сәлем-сауқат жоқ, мұражайдың ауласының қақ ортасына талтайып тұра қалған ол.
Мұражайдың директоры Мәшһүр деген аузынан сөзі, қойнынан бөзі түскен зиялы кісі болатын.
- ХТЗ-ы ғой.
- Бұл мұнда шығып тұр?
- Көненің көзі емес пе? Жем-су сұрап жатқан жоқ
- Бүгіннен қалдырмай көзін құртыңдар. Ал мыналарың
не?
- Мынау ма?!.
Жойқын шабуылдан жасыгі қалған директордың жана- рынан «мүны білмеуіңіз барып түрған...» деген сөз «жүгіртпе жолдай» зыр етіп өте шықты. Бірақ әпербақан әкім діңкілдеуін үдетпесе, тоқтатқан жоқ.
- Соны айтам.
- Балбал тас қой. Мынаны Тайтөбенің бауырынан, мынаусын Ақыртастың басынан алып келдім. Бетіндегі таңбаларын көрдіңіз бе? Мынаусы Талас жазулары... Мынау Андронов дәуіріндегі...
- Құртыңдар көзін!
- Мемлекеттің қаруындағы жәдігерлер ғой бәрі. Тауарих қой...
- Құрт деген соң, құрт. «Халам-баламдарды» бұл жерден ендігәрі көрмейтін болайын. Біз бұл арадан мынауский казино жасаймыз. Ескі-құсқының исі мүңкіген мұражайдан пайда жоқ. Солай ма, Барон?
Базарком-әкімнің қасындағы бадырақ көздің қалайша Барон атанып жүргеніне Сайлаубек таң қалды. Анау жайнаң-жайнаң етеді.
— Мәтіби Мәтбіиевич, мықындары былқылдаған қыз-келіншектерді билетіп қойсақ, қаладағы кәрі-жастың бәрі осы араға құзғынша құжынайды.
— Дұрыс айтасың, анау «Қыз Жібектің» бишілері осы жерде билейтін болсын.
Мұражайдың директорының жанын алуға келгендей қабақтары қату нөкерлердің арасында шашын қап-қара ғып бояп, көзіне қап-қара көзілдірік киіп, мәймиіп жүретін мәдениет басқармасының маңқа бастығы болатын. Сол байғұс «өлетін бала молаға қарай жүгіреді» дегендей қолын көтерді.
— Мәтіби Мәтібиевич...
— Не?
— «Қыз Жібектің» бишілері ақысыз билемейміз деп жүр.
— Ақша керек болса, мына Баронға тиіп алсын! Әйтпесе анау буаз кесірткедей былқ-былқ еткен бөксеңді бұраңдатып өзіңді билетемін!
Шекесі шып-шып терлеген маңқа бастық нөкерлердің тасасына тығыла берді. «Барон» қарқ-қарқ күлді. Құдай жарылқап табан астында бір топ мекиенге ие боп шыға келген қораздай жан-жағына қоқиланып, тәкәппар қарайды.
— Мұражайды қайтеміз?
Мәшһүр өлім жазасына кесіліп, ақтық сөзін айтқан айыпкердей үздікті.
— Алдымен ақшаны ойлаңдар...
* * *
Сөз пұшық дендей нөкерлерін ертіп жөнеле берген Мәтіби Мәтібиевич кенет осқырынып тұра қалды. Екі қолы қалтасында. Тілшілер шаңқиған күннің астына иіріліп тұр.
— Айтпақшы, «қазақ тілі құрып барады» деп қақсай беретін қай журналист еді, сол мықты менің ана тілімді неге сұрамайды?
Аптап ыстықтың астында тұрған тілшілер «мынаған күн өткен бе, не деп сандырақтап тұр өзі? Қазақтың ана тілі қазақ тілі болмағанда, шошқаның басы бола ма?» дегендей жым-жырт.
- Кеше біраз басқармаларды аралап шықтым, - деп ыңыранды базарком-әкім. - Қаптаған қазақ. Кадр саясаты многонациональный болуы керек. Неге? Себебі, біз мононациональный ортамен ешқашан ұшпаққа шыға алмаймыз. Мысалы, менің ана тілім... жоқ.
Мәтіби Мәтібиевич «ә, бәлем, қатырдым ба,!» дегендей, бұрыла беріп шырт түкірді. Түкірік балбал тасқа қашалып жазылған Ұмай ананың тура аузына барып былш ете түсті. Жұрт тым-тырыс. Әпербақан әкімнің балбал-ананың бетімен сырғи аққан түкірігін көрсе де көрмеген боп тұр. Тыныштықты мұра-жайдың директоры Мөшһүр бұзды.
- Сонда ұлтыңыз кім?
Мәтіби Мәтібиевич басқаны күтсе де, дәл мұндай сой-қан сауалды күтпесе керек. Беті лап ете қалды. Оның ойынша тілшілер: «Мәтіби Мәтібиевич, «ана тілім жоқ» деп мәлімдеуіңіздің сыры неде?» деп таң қалуы керек екен да, бұл өзінің түрлі ұлт өкілдерінің ортасында өскенін майын тамыза тәп-тіштеуі керек екен. Бірақ мұражайдың мұңға батып, мең-зең боп тұрған директоры алдын-ала дайындалған сценарийдің быт-шытын шығарды. Табан астында не дерін білмеген базарком-әкім түкірігіне шашалып қалды. Сосын Мәшһүрге ызғар шашып:
- Ертең нөл-нөл тоғызда облыстық әкімшілікке кел! Жауабын сонда айтам! - деп барк етті де, Баронға «кеттік» деп жөнеле берді. Нөкерлері топырлап соңынан ерді.
Сайлаубек мүражайдың директорына бір қатердің төнгенін сезді.
- Әй, осы сүрақты бекер-ақ қойдыңыз-ау.
- Өлеміз бе енді...
Ертеңіне мұражайға қырық жыл еңбегі сіңген Мәшһүр мырза қызметімен қош айтысты да, оның орнына әпербақан әкімнің аузынан түскендей қитар көз інісі келді...
* * *
— Әй, қатын, менің байым сенің үйіңде отыр ма?
Терезенің тұсынан естілген дауысқа саясат соғып отыр-
ған үшеу елең ете түсіп, бір-біріне қарады. Мүсірәлі мен Жайлаубек «сенің әйеліңнің дауысы ғой» дегендей Сайлау- бекке ежірейді.
— Байыңды мен тығып қойғандай айғайлайтының не, әй?
Бұл - есіктің алдында өткен-кеткендерге шемішке сатып
отырған Жайлаубектің көкдауылының үні.
Сайлаубектің сұлуы көк базарға барып көкөніс сатады. Жайлаубек болса Жібегіне есігінің алдынан дүңгіршек жасап берген. Дүңгіршектің ең өтімді тауары - шемішке. Олардың осы еңбектері күйеулерінің алдында өктем-өктем сейлетеді.
Орнынан алдымен Мүсірәлі түрегелді. Өзінің қызметін қал-қадірінше атқарған сөздікті Жайлаубек құтты орнына қойды.
— Бұлардың бастары қосылса бастықтарды жамандайтын әдеттері емес пе?
Сайлаубектің әйелі үш құрдасты бір шымшып өтті.
— Әлигархтардай екі қабатты үйде тұрып, астарына ақ «Мерседес» мініп жүрсе, көрер ем жамандағандарын, - деп Жайлаубектің әйелі қабаттасты.
— Сендер не білесіңдер...
Сайлаубек күңк етті. Мұның әлигәрхтарда алты аласы, бес бересісі жоқ. Оның ит-жынын қоздыратыны әлгі «әлигәрх» деп ат қойып, айдар тағып жүргендердің бойынан ата-жұрттың иісінің аңқымайтыны. Қарға тамырлы қазақ қанына тартпаушы ма еді? Ау, анасының бетіне түкіріп отырып қазақты басқарам деп өршеленетіні несі бұлардың? Бәрібір дейтін кеңес өкіметінің заманы емес қой қазір.
Сонау сексен алтыда Сайлаубек те секеңдеген жастардың бірі еді. Ереуілге шыққандарға ерем деп басы да сарылған. Елдің қамын жеген ерлерді топырлатып соттағанын да көрді. Сонда әлгі базаркомдар мен «барондар» облыстық тұтынушылар одағының шотын теріс қағып, халықтың несібесін жеп жатты емес пе?
- Әй, үйге қайтасың ба, жоқ па? Әлде Жайлаубектің көкдауылының қасында қалғың кеп тұр ма?
- Қалса несі бар, нарық заманда екі шал көптік қыла қоймас.
- Әй, қысқағтыңдағ-ғ, жетеғ-ғ енді.
Жайлаубек әйеліне жорта қабақ шытқан болды. Бірақ «қой» дегенге қоя салатын Жайлаубектің көкдауылы ма? Бәледен машайық қашыпты дегендей үйіне қарай зытып бара жатқан Мүсәрілінің соңынан айқай салды.
- Мүсеке, бастық қатыныңа ет астыра бер. Кешке кызыңның айлық алғанын құттықтап барамыз.
Жайлаубек ыңғайсызданып қалды.
- Өй, өткенде жуып қойған.
- Немене, біз адам емеспіз бе?
Сайлаубек көкдауылдың қабынан бір уыс шемішкені іліп алды да үйіне қарай аяңдады.
- Немене, өліп баратқандай жетіп кепсің?
- Әдірам қал, не қылам сені. Бағана базардан ілмиген Мәшһүр мырзаңды көргем. Сені сұрап, кеп кетсінші деді.
- Менің малға шығып кеткенімді айттың ба?
- Айттым.
Мәшһүрді екі дүниеде де ұмытпас Сайлаубек. Жұмыссыз қалған кезінде қарауылдыққа алған сол еді. Танысып-білісуі де қызық. Осы шаңырақтың тұмар белгісіндей санды-ғының түбінде жататын қара қылыш бар болатын. Әкесі жаз сайын қой сайын, құдайы тамақ таратады. Сол кезде сандық та ашылады. «Батыр бабамыздың қыльшын көреміз» деген жұрт тұс-тұстан ағылады. Жұрттың құмары басылды-ау деген кезде қылышты жаңа матаға орап, сандықтың түбіне қайта салып қояды. Ескі шүберекті әйелдер «батыр атамыздан тәбә-рік болсын» деп қылдай бөлісіп алады. Әке кеткелі қалыптас-қан сол дәстүр бұзылды. Сөйтіп жүргенде Кекіліксеңгірдің бабал тасын әкетуге келген Мәшһүр қылыш туралы естіп ал, кеп жабыссын. Айтуынша облыстағы тарихи өлкетану мұражайында тұрса бұл қылыштың көсегесі көгереді екен. Құжатқа кімнен алғанын қатырып тұрып жазып қояды екен.
- Сен менің атымды жазып неғыласың - деген Сайлаубек, одан да «Кенесары ханның сарбазы Ыстыбай батырдың қылышы. 1843 жыл.» деп жазыи қой.
- Неге жазбасқа?
- Қайдам, баяғыда шашы жылтыраған бір хатшыға қылышты көрсетіп, тарихын айтқанымда «Қанішер Кенесарыны не деп насихаттайсың?» деп ыршып түскен.
- Қорыкпа, ол қазір қазақтың батырлары мен бақсыларын зерттеуге көшкен. Бірақ менің кылышыңа төлейтін көк тиыным жоқ Білесің ғой, облфин айлықтың өзіне әрең ақша бөліп отыр. Қарауылдық жұмысқа қалай қарайсың?
Екі қолы алдына сыймай, қаракетсіз жүрген Сайлаубек қарауыл болуға куана келісті. Міні, бар болған-біткені осы. Базарком-әкім «мұражайдың ішіндегі «халам-баламның» бәрін құртыңдар» деген күні шынының астында жатқан қылышты алып Сайлаубек те мұражайдан біржола қарасын батырған.
- Қылыштың әңгімесі шығар...
- Қайдам...
Ертесіне Сайлаубек інісі бағып жатқан жылқыға кетті. Қырғыздардан сатып әкелген жылқы Кекіліксеңгірді жатсынған жоқ. Бір айырмасы, бұл енді баяғы кеңестік жүйенің үйір-үйір жылқысы емес. Өздерінікі. Жекеменшік.
* *
Киізбен қаптаған ыдыстағы салқын қымызды сылқылдата жұтқан Сайлаубектің жансарайы ашылып сала берді. Мұртына жұққан ақты тоқшылықтың белгісіне ырымдап, біразға шейін сүртпей отырды. Кешегі гәп есінен әлі кетпеген.
Кекіліксеңгірдің биігінен дүрбі салды. Шәһарга шығатын қасқа жолда Мүсірәлінің ескі «Мәскеуіші» зырлап барады. Мәшиненің бөксе жағы бал араның құйрығындай сүйретіліп қалғанына қарағанда, кәбіңкесін жолаушыға лық толтырып алған шамасы. Жайлаубектің көкдауылының Дүнгіршегі қараяды. Жайлаубек «ығғылап» қойып Сейсенәліге дәріс оқып жатқан шығар. Жібегі базардан не деп келер екен?
Жұдырықтай радионың түймесін басты. «Орыс радиосы», әдеттегідей, қақсап жатыр. «Әл-Жазира» Бен Ладенді көрсетіпті» дейді... «Әмериканы топан су басты» дейді... «Палестинада тағы да жарылыс боп, жүз қаралы адам қырылып қалды» дейді...
- Ау, бұ жұртқа не жетпейді осы? Жаратқан ием, бізді осындай пәле-жалаңнан сақтай гөр!
Сайлаубек «Қазақ радиосын» қосты. Олар да «Әлигәрх» деп, «Сайлау» деп қақсап жатыр екен.
- Ел-жұртқа ет жақын біреуді сайлап алмаса, әсілі сауда-саттыққа ауған әлигархтар халықты ұшпаққа шығара қоймас, - деп күбірлеген Сайлаубек Кекіліксеңгірдің биігіне шығып, төрткүл дүниенің тыныштығына бас- көз болуға серт берген адам сияқты малдасқұрып отырды...
Достарыңызбен бөлісу: |