Шу мен Қорағаты өзендерінің қосылған жеріндегі үлкен саз. Осы сазда Аша болысы Тілеуқабылдың немересінің сүндет тойы өтіп жатыр. Болыстың сый-сияпатына бөккен үлкенді-кішілі адамдар сегіз қанат үй ішінде дәудірлесіп отыр. Осы сәт әлекедей жаланған бір жігіт ішке ентіге еніп, көңілді сөйлей жөнеледі. Жігіт. Ал, ағалар, аяқ-қолдарыңызды жинап, ыңғайланып отырыңыздар. Қыздар келе жатыр.
Отырғандар жарыса тіл қатады:
Келсін.
Кірсін.
Ақбөпе бар ма ішінде?
Жігіт. Бар.
Соны айт. Өзге қыздар – бір төбе, Ақбөпе – бір төбе.
Өзге қыздар – торғай, Ақбөпе – бұлбұл.
Жидебай. Жә, шуламаңдар. Ақбөпе – ақын қыз. (Сауытбекке бетін бұрып). Ал, Сауытбек сал, қолыңа домбыраңды ал, өзіңді көрсететін кезің келді.
Сауытбек (жәйбарақат). Асықпаңыз, Жидеке, бір мәнісі болар.
Жидебай. Асығам. Айтысасың. «Абылайдың асында шаппағанда әкеңнің басында шабасың ба?»-деген сөзді естімеп пе едің?