Педагогикалық қолдаудың тиімді жағдайлары (тұлғааралық қатынастар атмосферасы, қарым-қатынас стилі, педагогикалық әдеп және т.б.). Педагогикалық қолдауда педагогикалық әдепте негізгі орын алады. Әдеп - этиканың зерттеу нысаны, қоғамдық сана-сезімнің формасы және жеке тұлғаның өзіндік бағасын анықтауға бағытталған қоғамдық қарым-қатынастың бір түрі. Әдеп дегеніміз – адамдар арасындағы қарым-қатынаста сыпайы болу, жұмсақ сөйлеу және оқыс қылықтардан аулақ болу. Яғни бір кісінің басқа кісілермен инабатты түрде қарым-қатынас жасауы және сөйлеген сөздері мен істеген істерінде, көрсеткен қылықтары мен жасаған әрекеттерінде сыпайы, мәдениетті болуы әдептіліктің нышаны болып табылады.
Әдептілік турашылдық, ізеттілік талаптарының бұзылуына, өзін-өзі орынсыз ақтауға қарсы тұру тілегі, ұялу сезімі, адамдарға қайырымдылық, мейірбандық көрсету, қанағатшылдық, өзін басқаның орнына қоя білу мәрттігі, адамдарды жақсы көріп қана қоймай, оларға қызмет қылу тілегі, қайырлы іс істеуге, жамандыққа қарсы тұруға ұмтылу, кішіпейілділік, кешірімділік, пәктік, өзінің ғана емес, өзгелердің де тілектерін құрметтеу, ұқыптылық, тазалық т.б. сияқты ұғымдарды қамтиды.
Қарым-қатынас стилі – мұғалім мен оқушы арасындағы бірлескен шығармашылық іс - әрекеттер, білім, білік дағды, тәлімдік тұрғыда алмасуы, мұғалімнің бағалаушылық әрекетіндегі табыстылығы қамтылады.
Педагогикалық әдеп - мұғалімнің педагогикалық үдерістегі іс - әрекетінің, қарым – қатынастағы мәдениеттілігі, әділеттілігі, адалдығы т.б., адамға тән рухани-адамгершілік құндылықтардың бойынан табылуы.
4.9 Білім берудегі инклюзивті тәсілі және оны Қазақстанда іске асыру. Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә. Назарбаев: «Қазақстандық жол 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Мүмкіндігі шектеулі азаматтарымызға көбірек көңіл бөлу керек. Олар үшін Қазақстан кедергісіз аймаққа айналуға тиіс. Бізде ондай адамдарға қамқорлық көрсетілуге қажет. Бұл өзіміздің және қоғам алдындағы парызымыз. Білім беру мекемесінің ортасы денсаулығының мүмкіндігі шектеулі балалардың қажеттілігіне бейімделуі тиіс, «кедергісіз» болуы керек, өйткені мүгедек балалардың толыққанды кірігуін қамтамасыз етуі қажет», – деп атап өткен. Инклюзивті (франц. inclusif – өзіне енгізетін, лат. include – ішіне аламын, енгіземін) немесе енгізілген білім беру – жалпы білім беру мектептерінде ерекше қажеттіліктері бар балаларды оқыту үрдісін сипаттау үшін пайдаланылатын термин. Инклюзивті білім беру дегеніміз – мүмкіндіктері шектеулі балаларды жалпы білім үрдісіне толық енгізу және әлеуметтік бейімдеу, олардың жынысына, шығу тегіне, дініне, жас ерекшеліктеріне, қимыл-қозғалыстық және ақыл-есінің жағдайына, әлеуметтік-экономикалық жағдайына қарамастан, баланың түзеу-педагогикалық және әлеуметтік мұқтаждықтарына арнайы қолдау, сапалы білім алу және өздерінің потенциалдық дамыту мүмкіндігіне ие болу. Инклюзивті оқыту негізінде балалардың қандай да бір дискриминациясын жоққа шығару, барлық адамдарға деген теңдік қатынасты қамтамасыз ету, сонымен бірге оқытудың ерекше қажеттілігі бар балаларға арнайы жағдай қалыптастыру.
Инклюзивті білім беру бағдарламасы 2006 жылдың 13 желтоқсанында Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы мақұлдап, БҰҰ-ның Конвециясына енгізілді. Инклюзивті білім беру мәселесі шет елдерде 1970 жылдан бастау алады, ал 90 жылға қарай АҚШ пен Еуропа өздерінің білім беру саясатына осы бағдарламаны толық енгізді.
Мүмкіндігі шектеулі балалардың білім алу құқықтары Қазақстан Республикасының Конституциясында, «Қазақстан Республикасының балалардың құқықтары туралы», «Білім беру туралы», «Мүмкіндігі шектеулі балалардың әлеуметтік және медициналық-педагогикалық түзетуге ықпал ету туралы», «Қазақстан Республикасында кемтарларды әлеуметтік қорғау туралы», «Арнайы әлеуметтік қызмет туралы» заңдарында қамтылды. Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңының 21-тармағының 3 тармақшасына сәйкес «инклюзивті білім беру – оқытудың тиісті білім беретін оқу бағдарламаларына білім алушылардың өзге де санаттарымен тең қолжетімділікті, арнайы жағдайларды қамтамасыз ету арқылы дамытуға түзету-педагогикалық және әлеуметтік қолдауды көздейтін, мүмкіндігі шектеулі адамдарды бірлесіп оқыту және тәрбиелеу»,- деп нақты көрсетілген.
2002 жылдан бастап Қазақстан ТМД елдерінің арасында алғашқы рет «Мүмкіндігі шектеулі балаларды әлеуметтік және медико-педагогикалық тұрғыдан қолдау» туралы заңды қабылдады.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 17 мамырдағы №499 қаулысымен бекітілген «Жалпы білім беру ұйымдары (бастауыш, негізгі орта және жалпы орта) қызметінiң үлгілік қағидаларында» (бұдан әрі – Үлгілік қағидалар) ерекше білім беруге қажеттіліктері бар білім алушылармен бірлесе оқытатын қалыпты және арнайы сыныптарын жалпы білім беретін мектепте құру тәртібі берілген. Үлгілік қағидалардың 18 тармағына сәйкес жалпы білім беретін мектептерде инклюзивті және арнайы сыныптар халықтың қажеттілігін, оның ішінде мектепке дейінгі және мектеп жасындағы мүгедек баланы тәрбиелеп жатқан ата-аналардың мүддесін есепке ала отырып, білім беруді жергілікті басқару органдарының келісімі бойынша ашылады, әрбір инклюзивті сыныпта екі даму мүмкіндігі шектеулі баладан артық оқытылмауы тиіс. Жалпы білім беретін мектептердегі инклюзивті және арнайы сыныптарға балаларды қабылдау Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2015 жылғы 8 сәуірдегі № 179 бұйрығымен бекітілген «Бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім берудің жалпы білім беретін бағдарламалары бойынша оқыту үшін ведомстволық бағыныстылығына қарамастан білім беру ұйымдарына құжаттарды қабылдау және оқуға қабылдау» мемлекеттік көрсетілетін қызмет Стандартының талаптарына сәйкес жүзеге асырылады. Инклюзивті білім беруді жүзеге асыратын білім беру ұйымдарының педагогикалық кеңесі жеке оқу жоспарлары мен жеке бағдарламаларды, ерекше білім беруге қажеттіліктері бар балаларды психологиялық-педагогикалық қолдаудың жеке бағдарламасын бекітеді. Қазіргі таңда психологиялық дамуларының дәрежесіне, ауыру түрлеріне байланысты балаларды оқыту тәжірибеде аптасына 3 рет болатын 12 апталық бағдарламамен, баланың күнделікті топта болу ұзақтығы 4 сағаттан асырмауға, сабақтардың ұзақтығы 20 минут уақытты қамтып отыр.
Ы.Алтынсарин атындағы Білім академиясы ұсынған «Инклюзивті білім беруді жүзеге асыратын жалпы білім беру ұйымдарындағы оқытудың ерекшеліктері» білім беру саласындағы мемлекеттік кепілдіктерге сәйкес даму мүмкіндігі шектеулі азаматтарға барлық білім беру деңгейлерінде білім алу үшін, даму бұзылысын түзеу үшін және әлеуметтік бейімдеу үшін арнайы жағдайлар қамтамасыз етіледі.