Сұрақтар: Қазіргі қазақ романдарының тақырыптық бағыты?
Жеке жазушы шығармашылығы туралы айтыңыз?
Негізгі әдебиет: Қазақ әдебиетінің тарихы. Он томдық. 9т. 10т. А. ҚазАқпарат, 2005.
Әдебиеттану терминдер сөздігі. А. Ана тілі,1998.
Қосымша әдебиет: Б.Майтанов. Сана ағымы // Кітапта:Сөз сыны. А. Ғылым, 2002.
З.Серікқалиев. Роман және біз // Кітапта: Сын кітабы. А.Жазушы,1997.
Лекция тақырыбы: Қазіргі қазақ повестері
Лекция мақсаты:Көркем проза бастауындағы қазақ повестерінен бүгінге дейінгі кезеңдегі жанр жетістігі, жекелеген авторлар повестерінің қазақтың тілдік қорын байытудағы ролі.
Повесть өмір құбылыстарын жан – жақты талдап, көркемдеп көрсете білуге мүмкіндігі мол, прозаның белсенді жанрының бірі. Қазақ повесі – белгілі бір өсу кезеңі, өсу тарихы бар әдеби қалыптасқан жанр. өйткені оның өзіндік табиғатын, уақыт тынысын белгілі бір сәттердегі адамдардың ішкі әлемін ашу мүмкіндіктері қазақи ауызша әңгімелеуге жақын көрінеді. Бір сөзбен бұл – қазақ оқырманының рухына жат емес. «Оқиғаны жан – жақты суреттеу, философиялық түйін жасау, қат – қабат тартыстар сияқты кең тынысты танытарлық романда кездесетін тәсілдер повесте бола бермейді. Повестьке оқиға тізбегін баяндау, хроникалық әңгімелеу тәсілі тән. Сөйтіп, повесть эпикалық баяндау түрі мен жанрлық ерекшеліктері арқылы дараланатын шағын прозалық шығарма». Сонымен қатар көтерген проблемасы, идеялық – көркемдік деңгейі де бұл жанрдың прозадағы беделін әр дәуірде көтеріп келеді. 1960 – 1990 жылдар арасындағы қазақ повестерін тақырыптық жағынан шартты түрде негізгі үш топқа бөлуге болады:1 соғыс тақырыбына арналған; 2 өндіріс тақарыбы; 3 уақыт, кеңістік жігі айқын білінбейтін, жалпы адамзатқа тән проблемаларды қозғайтын повестер. Осылайша шартты бөлінген тақырыптар кейде шығарма табиғатын схематизмге бейімдеп жібереді. Алдыңғы орынға өндіріс, шаруашылық проблемалары шыққан мұндай шығармаларда адам бейнесі буалдырланып, тіпті қалыптасқан қасаң схематизмнің шеңберінен шыға алмай қалды. Өндірісті, оның соны проблемаларын жазу, көбінесе, саяси талаптардан туындады. Поблемалар мен табыстардың ортасында жан дүниесі күрделі, парасатты да білімді адамның көркем бейнесін жасау барысында жасандылық орын алды. Шын мәнінде, өндіріс дегеніміз – қаһарман бейнесінің сыртындағы таза фон болып қана қалуы тиіс еді. Алайда еңбек адамының бейнесін тұлғалау керек деген саяси талап әдеби туындының көркемдік – эстетикалық болмысын толық ашып көрсетуге белгілі бір дәрежеде тұсау болып келгені даусыз. Бірыңғай проблема мен тақырып ұқсастығынан кейбір туындылар тартыс, сюжеттік желі тұрғысынан бір – бірін қайталап жатты. Кейіпкерлер өздерінің жеке бастары немесе моральдік – адамгершілік принциптері үшін өндіріс, шаруашылық мәселелеріне бола айтыс – тартысқа түсіп , қоғамдық мүддені басты орынға қойды. Сол бір тұстарда көптеген жас қаламгерлердің тақырып деңгейін, көркемдік кестесін бірінен – бірін айырып – ажыратуда оңай болмады. Мысалы: жастық романтикасы, бозбала жігіттің мектеп бітіруі, жоғарғы оқуға түсуі, қызбен алғашқы қыдырысы, сүйіспендік, шамалап мұңға бату, алғашқы махаббатты аңсау көптеген жазушылардың бірсарындас дүниетанымын білдіретін. Тақырып ауқымының тарлығы, өзара ұқсастығы – сол кездегі повестердің ортақ кемшілігі болды. Жанрлық ерекшеліктерді ажырату үшін көбінесе шығарманың көлемін көркемдік өлшем етіп алу дағдысы қалыптасты, ал шығарма жанры көтеріп тұрған көркемдік жүгіне қарай анықталса керек. Дегенмен бұл тұстарда көркемдік орындалу жағынан биік болмағанымен, замандастар бейнесін көрсету жолында өмірге келген түрлі – түрлі тәжірибелер ретінде бағалы повестер баршылық: Т.Ахтанов «Махаббат мұңы», Р.Райымқұлов «Жасыл белес», І.Есенберлин «Өзен жағасында», Ғ.Сланов «Асау арна», М.Сүндетов «Күтем сені, Дидар» т.б. Әсіресе, Т.Ахтановтың «Махаббат мұңы» адамның рухани әлемін бейнелеу жағынан сол кезеңдегі қазақ әдебиетіндегі өзіндік құбылыс болатын. Осы кездегі қазақ повестерінің көркемдік жетістігі Ғ.Мүсіреповтің «Ұлпан» повесі арқылы да айқын көрініс тапты. Қазақ повестерінің көркемдік арқауы болған тақырыптардың бірі – соғыс кезіндегі тыл өмірі. Мұндай повестердегі ситуациялар, сюжеттік желілер көбінесе ұқсас болып келеді. Жас оқырмандар үшін романтикалық леп әкелген шығармалардың бірі – Ә.Сәрсенбаевтың «Капитан ұлы» повесі. Бұдан кейінгі онжылдық /1966-1975/ повесть жанры үшін өркендеу, өсу жылдары болды. З.Шашкин «Өмір тынысы», Ө.Қанахин «Маздақ», Н.Ғабдуллин «Өмір, қымбатсың маған», Ә.Тарази «Құйрықты жұлдыз», Р.Тоқтаровтың «Бақыт» т.б. повестерінің елеулі орны бар. Осы кезеңдегі қазақ повестерінің бір алуаны өнер тақырыбына арналып жазылды. Жазушыларымыз қазақтың жаныны жақын ән – күй өнеріндегі көрнекті тұлғалар мен олардың шығармаларының тағдырларына қатысты өз пайымдауларын көркем бейнелеуге ұмтылды. Бұл тақырыпқа қалам тартқан авторлар қатарында Т.Әлімқұлов, І.Жақанов, Ә.Кекілбаев т.б. бар. Бұлардың шығармаларында қазақ өнерінде белгілі бір із қалдырған ірі өнер тұлғаларының тағдырлары және олар шығарған туындылардың халыққа рухани әсер еткендігі әртүрлі сипатта суреттеледі. Жалпы өнер туралы, оның ішінде ән – күй өнері жайында қалам тербеудің өз жауапкершіліг болатыны белгілі. Өнерпаз бейнесін тұлғалау үшін оның өнеріне ғана талдау жасап қоймай, адам ретіндегі жеке қасиеттерін әртүрлі ситуацияларда аша білу шарт және шығарманың орындалуы идеялық – эстетикалық тұрғыдан көркем орындалуы талапқа сай болуы тиіс. Мысалы, Т.Әлімқұловтың Ақан сері өмірінің соңғы сәттеріне арналған «Көк қаршыға» повесі. Жалпы Т.Әлімқұлов повестерінде шиеленіс көбіне кейіпкердің өз ішіндегі психологиялық толғаныстар арқылы көрініс тауып, оқиғалар шегіністер арқылы баяндалады. Ал кейіпкерлердің психологиялық тартысына құрылған Ә.Кекілбаевтың «Күй» повесі күйге құлақ салып, оның әсерінен ләззат алу арқылы өткенге көз жүгіртуден басталады. Жазушының бұл повесі – өнер тақырыбын көтере отырып, адам өміріндегі жауыздық пен іңкәрліктің, қатыгездік пен нәзіктіктің,жаугершілік пен өнердің, ең ақырында өмір мен өлімнің арасындағы қайшылықтарды бір – біріне мейілінше шендестіріп, жақындата әкелуімен бағалы. Бұл арада халық аңыздарының сарыны шығарма бітімімен оңды үйлесім тауып, жете жымдасып кеткен. «Мифологиялық жүйе мен құрылымдар арқылы тарих пен бүгінгі өмірдің шындығын бейнелеу қажеттігі...» Ш.Айтматов. Ә.Кекілбаевтың прозасында алдымен назар аударатын көркемдік ерекшелік – идеялық–эстетикалық тереңдігі. Осы тереңдіктің өзі шартты түрде философиялық, психологиялық, әлеуметтік, оьраздық болып жеке–жеке тарамдалып кетеді. Қоғамдық әлеуметтік ойлау жүйемізде қолданылатын ұғымдар қатары соңғы жылдары «мәңгүрттік» деген сөзбен толығып, ол ауызекі әңгімелерде айналысқа түсіп кеткені белгілі. Ш.Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күн» романында этимологиясы көркемідк тұрғыдан сәтті дәйектелген «мәңгүрт» сөзі алдымен қазақ жазушысы Ә.Кекілбаев шығармашылығында қолданылғандығы зерттеушілер тарапынан соңғы уақытта көп айтылып жүр. Жазушының тілдік қолданыстарды игеру шеберлігі айырықша, ол өз дәуіріндегі қазақ прозашыларының ішіндегі бейнелі тіл бесігі. Алпысыншы жылдардың аяғы жетпісінші жылдардың басына қарай повесть жанры жаңа сипатқа ие бола бастады. Осы кезең повестерінде оқырман қауымды алдымен елеңдеткен адам тағдырын, оның жан дүниесіндегі құбылыстарды алғашқы орынға шығару үрдісінің байқалуы еді. Әдебиеттің мәңгілік функциясы – идеялық – эстетикалық сипаты рухани құндылық ретінде көңіл аудара бастады. Қазақ прозасына көркемдік серпін әкелген К.Ысқақовтың, Ә.Таразидың, С.Мұратбековтың, Ә.Кекілбаевтың, А.Сүлейменовтың, М.Мағауинның, Д.Исабековтың, О.Бөкеевтің адамммның жан дүниесін түрлі аспектіде, әр түрлі көркемдік деңгейде ашып көрсетуді мақсат еткен шығармалары осы кезеңнен бастап жарық көре бастады. Олар бүкіл қазақ әдебиетіне өзіндік жаңалықтарымен келді. Алдымен, пішіндік тұрғыдан шығарма жасау жолдары ширап, жазушыларымыз сюжет құру, композиция құрастыру, образ ашу мәселелерін нақты игерді. Екіншіден идеологияның кеңес адамын, еңбекті, интернационализмді жырлау талаптарды емес, алдымен көркемдік – эстетикалық талаптарды басшылыққа алу үрдісі байқалды. Цензураға қарамастан замандастар бойындағы асқынып кеткен кемшіліктер, қайшылықтар ашық түрде көркем шығарманың негізіне айналды. Патриоттық сезім ғана өмір сүретін жасанды кейіпкерлердің орнына, ең алдымен өз жайын, сосын ет жақындарының қамын жейтін, өз қиял – сезімін күйттей білетін шынайы персонажлар басты. Үшіншіден, қазақ әдеби тілінің мол мүмкіндігі ашылды. Әдеби тіл нормасын кеңейтуге болатындығын да жоғарыда аталған авторлар әртүрлі деңгейде дәлелдей бастады. Олар әкелген тосын тілдік өрнектер, бейнелі тіркестер мен идиомалар қазақ тілінің қаншалықты бай, қаншалықты икемді екендігін байқатты. Ал әдебиеттің басты пәні адамды суреттеу үшін қажет осынша бай тілдік қордың айналысқа енуі – ең алдымен аталған авторлар таланты мен ізденістерінің нәтижесі. Бүгінде жазушыларымыздың қатары жас буынмен толықты, олардың шығармашылығы жеке кітаптары немесе мерзімді басылымдар арқылы көпшілікке тарап өз бағасын алуда.
Достарыңызбен бөлісу: |