Өзіндік сұрақтары: 1.Құстардың тыныс алуы?
2.Қосарлы тыныс алу механизмі?
3.Ауа қапшықтарының маңызы ?
№6 лекция.
Құстардың қан айналу жүйесінің ерекшелігі Жоспар: 1.Құстардың қан тасымалдау жүйесінің ерекшелігі
2.Қан тасымалдау жүйесінде жүректің маңыздылығы.
Лекция мақсаты: Құстардың қан тасымалдау жүйесінің ерекшеліктері мен таныстыру. Жүректің маңыздылығын түсіндіру.
Лекция мазмұны: Омыртқалылардың ішінде алғашқы рет (крокодилдерді еске алмағанда құстарда 4 камералы жүрек пайда болады. Жүректің оң жақ жартысы венозды, сол жағы-артериальды. Қарыншалардан крокодилдердегідей екеу емес тек бір ғана аорта доғасы шығады, бұл функциональдық жағынан өте маңызды. Аорта доғасы, оттегіне қаныққан кан бар, сол қарыншадан шығып оңға орай бұрылады. Одан жұп атсыз артерия шығады. Оң және сол атсыз артериялардан үш жұп артерия басталады. Олар-оттегіне байыған қанды тұлғаның алдыңғы бөлімі мен басқа апаратын - көкірек, бұғанаасты және жалпы ұйқы артериялар. Құстардын алдыңғы аяқтарынан басқа бүкіл организмі арқа аортасынан шығатын қан тамырларымен артериялдық қанмен байланысады, олар аортаның оң доғасына (бауыр, бүйрек және т.т.)
Тұлғаның алдыңғы бөлімінен венозды қан әрқайсысы яремді (бұғалық), бұғанаасты және көкірек веналарынан қалыптасатын оң және сол жоғарғы қуыс веналары арқылы оң құлақшаға құйылады. Оң құлақшаға, сол сияқты, ең ірі венозды тамыр (артқы қуыс вена) келеді. Оған дененің артқы бөліміндегі барлық басқа веналар (өкпе веналарынан басқалары) келіп қосылады. Құстарда тек осыларға ғана тән құйымшақ-шажырқай венасы болады, ол рептилиялардағы құрсақ венасын алмастырады және бауыр қақпа венасына келеді, оған қарын және ішектен қан таситын бірнеше тамыр қосылады. Бауырда барлық омыртқалылардағыдай, қақпа жүйесі түзіледі. Бауырдан бауыр веналары шығып, артқы қуыс венасына келіп құйылады. Құстарда бүйрек қақпа жүйесі біртіндеп редукцияға ұшырайды және тек бұл органның төменгі бөлімінде ғана сақталады. Өкпе веналары өкпеден шығып сол құлақшаға барып, одан сол қарыншаға оттегіне қаныққан қан апарады.
Құстарға салыстырмалы түрде үлкен жүрек тән. Тез ұшатын және белсенді тіршілік ететін түрлердің жүрегі дене массасының 2%-н құрайды. Жүректің мөлшері салыстырмалы түрде майда түрлерде үлкендеу. Құстар үшін жүректің қарқынды қызметі, әсірісе майда түрлеріне тән. Егер жүрек лүпілі тыныштық кезінде минутына 60 рет соқса, ал ұшуда ол 100-ға дейін көтеріледі. Басқа көрсеткіштер: қан мөлшері, эритроциттер саны, оттегі сиымдылығы сүтқоректілердегідей, бірақ рептилияларға қарағанда біршама жоғары.
Құстардың қан айналу жүйесі. Құстардың қан айналуына тән белгі артериальды және венозды қан ағысының толықтай бөлінуі. Бұл қарыншаның бөлінуіне яғни төрткамералы жүректің пайда болуына, сол сияқты аортаның сол доғасының жойылуына және тек бір оң доғаның сақталуына байланысты.
Кептердің өте үлкен жүрегі дененің орта бөлігінде жатады. Құстардың жүрегі, венозды қойнаудың жойылуына байланысты, тек төрт бөлімнен – екі құлақша және екі қарыншадан тұрады. Жүрек үстінен жұқа жүрекмаңы қапшығымен жабылған. Жұқа қабырғалы құлақшалар оның әр жерінде орналасқан бұлшық еттері есебінен қалыңданған. Құлақшааралық перде жұқа және біршама қырындау орналасқан. Оң, біршама жұқа қабырғалы қарынша, біраз қалың қабырғалы сол қарыншаны қоршап жатады. Қарыншааралық перде жуан, бұлшық етті. Сол қарынша сол құлақшадан екі атриовентрикулярлы тесігінде тек бір ғана үлкен бұлшық етті қақпақша болады. Сол қарынша аорта доғасынан үш бұлшық етті қақпақшалармен бөлінген. Оң қарыншада өкпе артериясының шығар жерінде үш жарты ай тәрізді қақпақшалар болады.
Артериальды жүйе. Артериальды жүйеге сол қарыншадан таза артериальды қан алатын бір ғана аортаның оң доғасының шығуы тән. Аортаның оң доғасы жүректен шыға салысымен екі тамыр – оң және сол атсыз артериялар бөледі. Аортаның оң доғасы ары қарай оң бронхыны айналып, арқаға қарай өтеді және арқа аортасы түрінде омыртқа жотасының астын бойлай құйрық бөліміне дейін жетіп, онан артқа қарай кішкені құйрық артериясы түрінде созылады. Жол-жөнекей арқа аортасы бірқатар жұп және тақ тамырларды ішкі органдар мен дене қабырғаларына бөлінеді.
Диамерті аорта диамертінің үлкен болатын өте үлкен атсыз артериалар жалпы ұйқы, бұғана асты және кеуде артерияларына бөлінеді. Жалпы ұйқы артерияларынан қалқанша без бен мойын еттерін қанмен жабдықтайтын омыртқа артериялары және төменгі көмекей мен бронхыларды қанмен жабдықтайтын бронхиальды артериялар, сол сияқты өңеш пен жемсауды қанмен жабдықтайтын өңеш артериясы және басқа да бірқатар тамырлар шығады. Бастың шүйде бөлімі аймағында жалпы ұйқы артериясы екі тамырға– сыртқы және ішкі ұйқы артерияларына бөлінеді. Сыртқы ұйқы артериясы жақтың бұлшық еттерін, ауыз қуысының түбін, тілді, мұрын қуысын, таңдай мен көмекейді қанмен қамтамасыз етеді. Ішкі ұйқы артериясы ми саутына кіріп миды, көру және есту мүшелерін қанмен жабдықтайды.
Бұғанаасты артериясы өте қысқа әрі қалың бағана сияқты және атсыз артерияның тікелей жалғасы болып табылады. Иық артериясы иықтың еті мен терісін қанмен қоректендіреді, ол қол білегінің алдында шынтақ және шыбық артерияларына бөлінеді, олар білезікке дейін жетеді. Кеуде артериясы көптеген өте майда артерияларға тарамдалып, кеуде бұлшық еттеріне қан апарады.
Арқа аортасынан асқорыту жүйесінің органдарын қанмен жабдықтайтын бірнеше – құрсақ, қарын, ішек, шажырқай артериялары, бүйректі канмен қамтамасыз ететін бүйрек артериялары, жыныс бездеріне баратын тұқым немесе жұмыртқа артериялары, қабырғааралық еттерге баратын – қабырғааралық артериялар шығады. Арқа аортасынан бүйрек тұсында сан, немесе артқы мықын артериялары шығып, олар санның ішкі бетін қанмен жабдықтайтын нағыз сан артерияларына және құрсақ еттерін қамтамасыз ететін жамбас артерияларына бөлінеді. Сан артерияларының құйрыққа жақын жерінен арқа аортасынан жұп шоңданай артериялары шығады. Шоңданай артериялары кішкентай екі бүйрек артерияларын бөліп, сан бұлшық етіне тереңдей енеді, ал тізе буыны аймағына алдыңғы және артқы үлкен асықты жілік артерияларына бөлініп, сирақ пен табанның еттерін қанмен жабдықтайды.
Оң қарыншадан ортақ бағанамен өкпе артериясы шығып, жүрек астында бұрылып, оң және сол өкпе артерияларына бөлінеді. Өкпе артериялары бронхылар бойымен жүреді және өкпеге енеді.
Венозды жүйе. Құстардың венозды жүйесі бауырмен жорғалаушылардың жүйесіне ұқсас, тек бүйректің қақпа жүйесі жартылай және құрсақ венасы түгелдей редукцияға ұшыраған, олардың қызметін құймышақ-шажырқай венасы армастырады.
Дененің артқы бөлімінен венозды қан жүрекке қарай мына тамырдар арқылы қозғалады. Құйрық бөлімінен қан құйрық түбінен, клоакадан қан жинайтын кішкентай құйрық венасы және құрсақ қуысының астыңғы қабырғаларынан қан жинайтын жұп ішкі мықын веналарымен жүреді. Бұл тамырлар қосылып құймышақ-шажырқай венасымен жұп бүйрек қақпа веналарының бастамасын береді. Құймышақ-шажырқай венасы ішектің үстіңгі қабырғаларын бойлай алға қарай жүріп бауырдың қақпа венасына келеді. Бүйректің қақпа венасының оң және сол тамырлары бүйректің артқы бөліміне енеді және онда жартылай капиллярлар тізбегіне таралып, бүйректің қақпа жүйесін құрайды. Бауырмен жорғалаушылардан ерекшелігі, құстарда бүйректің қақпа венасынан қанның бір бөлігі ғана капиллярлар арқылы бүйрек ұлпаларына барады. Қанның көп бөлімі бүйрек заттары арқылы ірі тамырлар – жалпы мықын веналар – арқылы тарайды, соңғылары бүйректің қақпа веналарының жалғасы болып табылады. Алып келуші веналардың тек бүйректің артқы бөлімінде бөлінуі құстардың бүйрегінің қақпа жүйелерінің жойылуының дәлелі деп есептеуге болады. Жұп жалпы мықын веналары бүйректердің артқы бөлігінен басталып, оның медиальды шетін бойлай жатып, бүйректен майда венозды тамырларды қосып алады. Мұнан басқа, жалпы мықын веналары өз жолында екі ірі тамырларды – шоңданай және сан веналарын қабылдайды. Бүйректің алдыңғы ұшының деңгейінде оң және сол жалпы мықын веалары қосылып, тақ артқы қуыс венасын түзейді. Артқы қуыс вена алға қарай созылып, бауыр заттары арқылы өтіп, капиллярларға тарамдалмай, оң құлақшаға құяды. Артқы аяқтан және жамбас аймағынан қан таситын сан венасы үлкен асықты жіліктің бірнеше веналарының қосылуынан пайда болады.
Асқорыту жолынан қан бірнеше веналар – тік ішек венасы, шажырқай венасы, 12-елі ішек венасы, қарын венасы, ұйқы безі-көкбауыр венасы арқылы жиналады. Бұл веналардың барлығы құймышақ-шажырқай венасымен қосылып, бауыр қақпа венасын құрайды. Бұл қысқа әрі жуан вена бауырдың оң және сол бөліктерінде екі тамырға бөлініп, онда капиллярларға тарамдалып, бауыр-қақпа жүйесін құрайды. Бауырдың алып кетуші веналары ірі жұп бауыр веналарына қосылып, қанды артқы қуыс венасына апарады.
Дененің алдыңғы бөлімінен венозды қан жұп алдыңғы қуыс веналарына жиналады. Әр алдыңғы қуыс вена үш негізгі – күре тамыр, иық, кеуде тамырлардың қосылуынан пайда болады. Күре тамыр шүйде тұсында тіл мен көмекей (тіл венасы), ми және есту аппараты (сыртқы яремді вена) , үстіңгі жақ, таңдай, көз шарасы (ішкі яремді вена) веналарының қосылуынан қалыптасады. Өте ірі кеуде венасы кеуде бұлшық еттерінен қан таситын тамырлардың қосылуынан пайда болады. Иық венасы иық боймен бойлай жүреді және иықтың бұлшық еттері мен терісінен, қол білегі мен алақанына қан таситын тері-шынтақ және шыбық веналарының қосылуынан пайда болады.