1-тарау. СПИРТ ТЕХНОЛОГИЯСЫ КІРІСПЕ. САЛА ДАМУЫНЫҢ ҚЫСҚАША ТАРИХЫ
Спирт технологиясы – көне өндірістердің бірі. Алғаш рет спирт Қытайда және орта Шығыста шамамен біздің заманымыздан 2 мың жыл бұрын алынған деп саналады. Басқа мәліметтерге қарағанда, спирттің ашылуы айдау үдерісінің ашылуымен байланысты. Бұл жайлы біздің заманымызға дейін бірінші мыңжылдықта жазылған манускрипте айтылады. Кейбір мәліметтер бойынша спирттің тұңғыш шөлмегін араб алхимигі Рагез біздің заманымыздың ІХ ғасырының аяғында алған болатын.
Спирт өндірісіне байланысты көптеген терминдердің шығу тегі – араб тілі. Соның ішінде, алкоголь – арабтың alkohol сөзінен шыққан, ол ұсақ нәрсе деп аударылады. Спирт өзінің атын латынның spiritus vini деген тіркесінен алған, ол шараптың рухы деген мағынаны береді.
ХІV ғасырға таман көптеген елдерде ашытылған астықтан спиртті айдау кеңінен пайдаланылған. Осы кезеңде Италия мен Францияның бірқатар монастырьларында алынған аква вита (өмір суы) деп аталатын шарап спирті Ресейге генуялық елшілікпен әкелінді.
Русьте спирт технологиясы ХV ғасырдан бастап дами бастады. Сол кезде 1448-1478 жылдар аралығында, В.В. Похлебкиннің зерттеулеріне қарағанда, нан спиртін айдау технологиясынан – арақ қайнату ашылды. Ақырында, осы технология бойынша алынған өнім орыс арағы деп аталған.
Қазіргі кездегі номенклатура бойынша спирт технологиясы биотехнологияға жатады, өйткені спирт өндірісі үдерісінде биологиялық катализаторлар – ферменттер, әртүрлі микроағзалар қолданылады.
Этил спирті халық шараушылығында кеңінен пайдаланылып келеді. Оның негізгі тұтынушысы – тамақ өнеркәсібі. Спирт ликер-арақ өнеркәсібінің негізгі шикізаты болып табылады.
Спирт өндірісінің заманауи технологиясы биотехнологияның соңғы жетістіктері, жаңа технологиялық үдерістер мен жабдықтарды енгізуге негізделген.
Қазіргі уақытта Ресейде жалпы қуаттылығы жылына 90 млн. дал спирт шығаратын 140-тан аса зауыттар жұмыс істейді. Шарап жасауда, косметикалық препараттар өндірісінде және т.б. оны пайдалану есебімен спирттегі қажеттілік жылына 120 млн. дал деп бағаланады.
Спирттің шығуын көбейту, ең алдымен, шартты крахмалдың 1 тоннасынан спирт шығымын арттыру жолымен жетуге болады деп ұйғарылады. Қазіргі уақытта ірі отандық кәсіпорындарда 1 т шартты крахмалдан спирт шығымы 66,5 далға жетеді, бұл теориялық шығымнан 93% құрайды. Спирт шығымын шикізатты механикалық-ферментативті өңдеу, ректификация, ашытудың қазіргі заманғы тәсілдері, уыт орнына кешенді ферментті препараттарды па йдалану, шикізаттың жаңа түрлерін игеру, қалдықсыз технологияны қолдануды енгізу жолымен арттыруға болады.
Ликер-арақ өнеркәсібінде технологияны жетілдірудің негізгі бағыттары технологиялық мақсаттағы суды дайындаудың жаңа тәсілдері, сұрыптама алу және оны белсенді көмірмен өңдеудің үздіксіз тәсілдері, ликер-арақ өнімдерінің тұрақтылығын қамтамасыз ету, арақ сапасын жоғарылату үшін заманауи аса тиімді сорбенттерді пайдалануды енгізуге байланысты.
Осы курстың мақсаты – отандық кәсіпорындардағы спирт және ликер-арақ өндірістерінің теориялық және практикалық негіздері, өндірістің әр сатысындағы негізгі технологиялық үдерістер, технологиялық сұлбалардың салыстырмалы сипаттамасын оқып білу және оларды жетілдіру жолдарын бағалауды үйрену.