Сондықтан жыл сайын үйреншікті, стандартты мамандықтар бойынша ғана маман даярлап, оның болашақта жұмысқа орналасуын ойластырмаған, келешекте сұранысқа ие салалар бойынша мамандарын даярлауды ойластырмаған оқу орнының, білім жүйесінің түрлі кедергілер мен қиындықтарға ұшырасатыны айқын. Үшіншіден жан-жақты емес, нақты бір саланы бүге-шігесіне дейін жетік білетін маман дайындайтын жүйе қалыптастыру. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары қосарланған мамандықтар (химия- биология, тарих-география, физика-информатика, педагогика және психология және тағы да басқалар) көп болатын. Кейіннен бұл үрдіс бәсеңдеп, нақты мамандықтар бойынша маман дайындау үрдісі көбейді.
Алайда әлі күнге қосалқы пәндердің (орыс және ағылшын тілдерін оқыту, философия,
саясаттану, тарих, педагогика) алғашқы курстар бойынша негізгі мамандықпен қоса
оқытылуы жалғасып келеді. Негізі мұндай пәндер орта білім деңгейінде базалық деңгейде
оқытылса, жоғары оқу орнында өзінің маманданған саласына қатысты пәндердің көбірек
енгізілгені студенттің кәсіби маман ретінде жетілуіне септігін тигізер еді. Өйткені жоғары
оқу орнының алғашқы курстарында оқыған қосалқы қоғамдық пәндер оның жалпы
танымын арттырғанымен, маман ретінде жетілуіне пайдасы шамалы.
Төртіншіден үздіксіз білім беру арқылы жетілген мамандардың елде қалып, еңбек етуіне мемлекеттік деңгейде жағдай жасау қажет. Өйткені жаһандану заманында, түрлі коммуникация құралдары өркендеген шақта білікті кадрларды ұстап қалу, олардың әлеуетін ел игілігіне пайдалану өзекті мәселеге айналды. «Ақыл-ой ағыны» қазіргі әлемде қарқын алған үлкен тренд. Бұл ретте, ұзақ жылдар бойы мемлекет білікті маманның жетіліп шығуына үлкен ресурс жұмсайды. Ал жетілген маман өз таңдауымен шет мемлекет асса мемлекет ұтылады. Бесіншіден білім беру жүйесінің толыққанды жұмыс істеуі үшін олардың материалдық-
техникалық базамен қамтылуында зор мән жатыр. Әсіресе соңғы бір бір жарым жылда
пандемия кесірінен қашықтықтан оқуға мәжбүр болған оқушылар мен студенттердің,
оларға дәріс беруші ұстаздардың интернеттің баяулығы, компьютер, смартфон сияқты
құрал-жабдықтардың жетіспеушілігі сияқты себептермен үлкен кедергілерге тап болуы осы
сөзіміздің айқын дәлелі болса керек. Бұл ретте, анықталған кемшіліктерді жою шаралары да
мемлекет тарапынан қарқынды қолға алынғанымен, ауылдық жерлерде әлі күнге
интернеттің дұрыс жұмыс істемеуі сияқты проблемалар шешілмей келеді.