Жетінші бөлім
«ӘН ӘЛЕМІНДЕ»
* * *
«...Сазгер, жазба және айтыс ақыны, әнші Үміт Битенованың сегіз қырлы таланты айрықша аялауды, синтезді бағдарламаны қажет етеді. Ері Ерболмен (Е. Қамбатыров), ұлы Бағланмен қосылып, формасы тың, мазмұны терең, ойлы да ойнақы дүниелер жасауына болатын сияқты.»
Елен Әлімжан, жазушы – драматург.
«Ақ жол», 14 шілде 1999 жыл.
* * *
«Әттең- ай, әттең, жүрегім жалғыз» («Қыздар-ай»)
әнінің авторы Үміт Битеноваға.
Бір қыз бар Қаратауда Үміт деген,
Жастарды жақсы әдетке үгіттеген,
Хабарсыз кетті сол қыз қосылғалы,
Айтыскер Ербол деген жігітпенен.
Жырларын жинақ болған көре алмай жүр,
Әндері әлеуметке таралмай жүр.
Содан ба, өнері мол сол қарағым,
«Жүрегін жалғыз бөліп» бере алмай жүр.
Тайыр Түлеков, ақын
«Ақ жол», 22 қараша 1997 жыл.
Қонаев ұландарының маршы
Өжеттік пен ізет күткен
Ақтау үшін ел сенімін.
Сынар шақта сыналсақ та,
Еңкеймеген еңсе бүгін.
Қайырмасы:
Бала шықты,
Болашақты
Күзететін қырағы біз –
Қонаевтай,
Қонаевтай
Асыл ердің ұланымыз.
Баласынбай жнашырдай
Қарап қамқор көңілменен.
Көргендікпен сенгендіктен
Ел іргесі сөгілмеген
Қайырмасы:
Адалдықты, арамдықты
Аңғал ғна айырмаған.
Батпаққа да, аптапқа да
Әрқашан да дайын болам!
Қайырмасы:
2.05.1999 жыл.
Ана сыры
Тыңда, ұлым, балақайым,
Анашыңның жан айқайын,
Бір жұрттың бар сенің тағы,
Анаң үшін дара қауым.
Әлпештеген, аялған
Анаң үшін аяулы адам.
Қарамасаң қабағыңа,
Түсіргенің қаяу маған.
Қайырмасы:
Қажет емес, қажет емес сый-сияпат не оған шапан,
Қажет емес, зәулім сарай қанағат оған қараша там.
Қажет емес дүние де, қадірін тек сен білсең болды,
Балақайым, балақайым, жолыңа құрбан нағашы апаң.
«Бала- емес – қыз баласы,
Ұл баласы – із ғана шын
Жиен деген ел болмаса
Жүрек қалай сыздамасын.
Сарқыса да күшін кімге
Бұлдамайтын ісін мүлде,
Нағашы апаң – менің анам,
Балақайым, түсіндің бе?
Қайырмасы:
12.10.1999жыл.
Шырағың сөнбесін
Тұлымшағы желбіреген,
Кеше ғана бала ең.
Нұр жүзіңді елжіреген
Көргендеймін жаңа мен.
Қайырмасы:
Тауып сүйген сыңарыңды,
Отау құрдың, қарағым.
Сөнірмей жақ шырағыңды,
Сүтін ақта анаңның!
Қайғы ма, әлде, сған, мұң ба,
Жолап кетсе, қамықпа,
Аппақ адал ар алдында,
Басын иген тамұқ та.
Қайырмасы:
Демеп жүрсін дос табына,
Берік болсын босағаң,
Бақыт қонсын бастарыңа,
Қосағыңмен қос ағар!
Қайырмасы:
5.02.1996 сағ 200
Өмірді сүю қандай бақыт
Жігіт:
Кездері мұндай болады екен тағдырдың.
Амалсыздықтан жалғыздыққа да бағындым.
Күлімдеп түскен суретіңе көп қараймын,
Үніңді сенің, үмітім менің, сағындым!
Қайырмасы:
Сөнгендер қанша өмірде лаулап жанбай жатып.
Өмірді сүю, өзіңді сүю қандай бақыт!
Өмірді сүю қандай бақыт!
Өзіңді сүю қандай бақыт!
Ару:
Сағындым мен де өзіңді қатты сағындым.
Сағыныш отын баса алмадым жанымның.
Сағындым сенің жылулық тұнған көзіңді.
Аялар мені ізгі гүліндей бағыңның.
Қайырмасы:
Бірге:
Сенгендер қанша өмірде лаулап жанбай жатып,
Өмірді сүю, өзгені сүю қандай бақыт!
Бақытқа барар жолда біз мәңгі біргеміз,
Біз үшін өмір тұрады мәңгі балдай татып.
Қайырмасы:
1998 жыл.
Шәмші аға
Балауса кезім есімде
Кіршіксіз көңіл елжіреп,
Мектептің сол бір кешінде
Бантикті тақтым соңғы рет.
Қимастықпенен ойланып
Мөлдір шық көзге толса да,
Биледім сонда айналып
Әніңе, Шәмші аға.
Қайырмасы:
Жыл өтсін қаншама,
Белгілі баршаға,
Айтамын тамсана
Әніңді, Шәмші аға.
Әніңмен жүрекке сап ұшқын,
Жастықтың жан отын жағыстың.
Каролі Вальстің.
Есімде өткен күндерім,
Қиялдың құсын ұшырған,
Айлы бір түнде сүйгенім
Махаббат гүлін ұсынған
Жарқырап күліп атып таң,
Қуанғым келіп жар сала,
Биледім сонда бақыттан
Әніңе, Шәмші аға.
Қайырмасы:
Боталарым
Қолыма алып отырмын екеуіңді,
Біледі жұрт екенімді.
Сендерменен әр таңым арайланып,
Сндер болып әр күнім көтерілді.
Қайырмасы:
Өміріме сән берген,
Көңіліме нәр берген,
Бақ құсымен тең келген,
Бықыттымын сендермен, боталарым!
Қошақндай сүйкімді бөпелерім,
Аялағым келеді, мәпелегім.
Алыс кетсем асығып тез жетуге,
Үйіп-төгіп базарлық әкелемін.
Қайырмасы:
Сендер барда жоласын қайдан уайым,
Қалай сәби күлкіңді тойламаймын.
Ынтықтырып сендерді мына маған
Тарту еткен тағдырдан айналайын!
Қайырмасы:
1990 жыл.
Той бастар
Орындалса арман-тілек, ойлар-ай,
Қазақ қалай отырады тойламай,
Дастарханын ағыл-тегіл жасайтын
Тойлар-ай, тойлар-ай!
Қайырмасы:
Келіңдер, көріңдер,
Қуанышты бірге бөліңдер.
Тұрмаңдар, жырлаңдар,
Таң атқанша билеп жырғаңдар!
Шат-шадыман күйге түскен қанша адам,
Той тастасаң тартылар сый бар саған.
Бәрі-бәрі, бәрі-бәрі бұл тойды
Аңсаған, аңсаған.
Қайырмасы:
Көп аузынан көл тілектер ағылсын,
Періштенің құлағына шалынсын.
Тойдан той боп, ақ түйенің қарыны
Жарылсын, жарылсын.
Қайырмасы:
1996 жылдың тамыз айы.
Көз алдымдасың сен
Әне мен өлеңі Ү.Битенованікі
Көктем күліп шақырса – көз алдымдасың сен,
Көктен күміс шашылса – көз алдымдасың сен.
Терсем қырдан қызғалдақ – кө алдымдасың сен,
Болсам егер жыр жазбақ – көз алдымдасың сен.
Қайырмасы:
Мен сені кіналай алмаймын,
Кінәм бар өзімнің де.
Еңсемді басқан мұң, жан-қайғым,
Таусылды төзім мүлде.
Сен едің мекенім де,
Қорғандай айбарлым да,
Көкжиек қол бұлғап, жетегінде,
Сағымға айналдың ба?
Атса менің ақ таңым-көз алдымдасың сен,
Жауса қары ақпанның-көз алдымдасың сен.
Құлпырса да айнала-көз алдымдасың сен,
Қарасам да айнаға-көз алдымдасың сен.
Қайырмасы:
Ақ қанат көбелек аппақ қар
Әні мен өлеңі Ү.Битенованікі
Қысқы түн. Айдай әлем. Ғажап сурет. Көздің жауын алғандай аппақ дүние тыныштық бесігінде тербеледі. Мен-жалғыз. Дала жым-жырт. Ойға шомам Ойға алып жүр ме екенсің, Сен де мені
Мүлгіген мамық түн,
Маужырайды дала.
Оңаша қамықтым,
Ойымда сен ғана.
Манаурап сағым көк,
Қылаулап қар жауды.
Жер беті ақ үлпек,
Жарқырап арбайды.
Қайырмасы:
Ақ қанат көбелек аппақ қар,
Ақ құсым аңсаған.
Ақ қарға салынған соқпақтар
Апарар жол саған.
Тербейді тыныштық,
Қыстың бұл ақ түнін.
Жүрекке тым ыстық
Қалдырып тәтті мұң.
Биік деп табындым
Өзіңе әрдайым.
Пәктігі жаныңның
Тап-таза қардайсың.
Қайырмасы:
Сезіммен шын, асыл
Орын да кеудемнен,
Ойымда тұрасың
Аяулы бейнеңмен.
Көктемгі бақтардай
Көңілімде көктеші,
Ақ ұлпа ақ қардай
Тез еріп кетпеші.
Қайырмасы:
Сен мені сағынбайсың ба?
Әні мен өлеңі Ү.Битенованікі
Сен мені сағынбайсың ба,
Кей сәттерде көргің келіп,
Уайымға салынбайсың ба,
Көз жасына бердің бе ерік?
Қайырмасы:
Жанардан тамып тамшылар,
Сен мені іздемейсің бе?
Сағынбағыңнан шығар,
Сағынсаң бір келмейсің бе?
Сағынсаң еске алар ең,
Серік етіп сыр сезімді,
Айналып маған бар әлем,
Көрер ең тұнжыр көзімді.
Қайырмасы:
Естісең қатал болмас ең,
Даусымды менің ышқынған.
Өртенер едің сонда сен,
Мендегі ыстық ұшқыннан.
Қайырмасы:
Түсінер едің бәрін сен,
Түсінер едің қиналсаң.
Күтетініме кәміл сен,
Келем деп маған жиналсаң.
Қайырмасы:
Майдангерге мінәжат
Әні мен өлеңі Ү.Битенованікі
От кешіп талай ерлеген,
Тайсалып, тайып көрмеген,
Жаралы майдан жерінде
Жастығын ерте жерлеген.
Қайырмасы:
Майдангерлер, марқұм, қрт еді,
Өзекті өксік өртеді....
Соңғы рет желпіп жүзінен
Мұңды жел мұң-күй шертеді...
Алтынның біліп қадірін
Арулап қою-тағылым,
Артында қалған ұрпағы
Көмкерді гүлге қабірін.
Қайырмасы:
Шуағы көктем күнінің
Ойнатты сәби тұлымын.
...Қырқада жатыр қария
Тілеуін тілеп тірінің...
Майдангер деген құтты есім,
Дәріптеу оны көпке сын.
Қарулы қолмен қойды олар
Соғыстың соңғы нүктесін.
Қайырмасы:
Туған жер үшін, ел үшін,
Қан төккен маңдай тері-шын.
Мәңгілік сақтап қалайық
Майдангерлердің жеңісін!
11.04.1995 жыл.
Ардақты анам
Әні мен өлеңі Ү.Битенованікі
Мәңгі жарық күн сыйлаған маған
Бір адам бар, ол-өзіңсің, анам!
Мейірімге бір өзіңнен қанам,
Жылуды да жүрегіңнен алам
Ардақты анам, аяулы анам.
Қайырмасы:
Суық күнде тоңбады ма деп.
Әлде болмады ма деп,
Жалғызсырап қалмады ма деп.
Мені ойлап қам жемеші, анам!
Саған тартқан менің күлгенім,
Сенің арқаң шалқып жүргенім,
Қасыңдамын әркез, біргемін,
Мені ойлап қам жемеші, анам!
Сен қуансаң мен бірге қуанам,
Саған ғана сенемін, жұбанам,
Аспандағы Ай, Күнімсің маған,
Баға жетпес байлығымсың, анам.
Ардақты анам, аяулы анам.
Қайырмасы:
Есімде жазған хаттарым менің,
Сағындырып, аңсатқан күндерім,
Маған шексіз қуаныш әкелер,
Өз қолыңнан дәм татқаным сенің.
Ардақты анам, аяулы анам.
Қайырмасы:
Ақша бұлт
Әні мен өлеңі Ү.Битенованікі
Көш түзеген керуендей,
Күн астынан көлбеңдей,
Көшіп қайда барасыңдар, Ақша бұлт?
Көлеңкеңді ұзартып,
Жосып қайда барасыңдар. Ақша бұлт?
Қайырмасы:
Шөліркеп дала,
Қурап айнала,
Іздейді пана табиғат-ана.
Қаңсып құз-жартас,
Қуарып Балқаш,
Тартылды Арал,
Тапшы бір амал,
Баяу көшіп бара жатқан ақша бұлт.
Асу, асу белдерден,
Айдын шалқар көлдерден,
Мұхиттардан,
Мұхиттардан өтесің бе,
Ақша бұлт?
Айшылық алыс жерлерге,
Алуан-алуан елдерде,
Сәлем алып жетесіңбе, Ақша бұлт?
Қайырмасы:
Зардап шекті ну орман,
Жаңбырыңды қуарған
Шөлді жерге төккізе жүр, Ақша бұлт?
Жер бетінде мекені,
Бейбіт ел бар екенін
Басқаларға жеткізе жүр, Ақша бұлт!
Қасиетті Ұлы Отан
Әні мен өлеңі Ү.Битенованікі
Кең көсілген батысың мен шығысың,
Солтүстүкке сұлу Көкше тауларың.
Егеменді мемлекетсің, ірісің
Ұлылықпен ұластырған арманын.
Қайырмасы:
Қазақ елі, қазақ жері,
Күліп атар нұрлы таң.
Қазақ елі, қазақ жері-
Қасиетті Ұлы Отан.
Сары далаңды тербеп бидай масағы,
Аспанында әсем қалқып жыл құсың,
Жер жүзінде күн арайы шашады
Сыңғырлаған тыңдап сәби күлкісін
Қайырмасы:
Бауырмалдық, туыстықты ту етіп,
Ізгілікпен көпір еткен арасын.
Жүректерге жылылықты түнетіп
Жатсынбаған бүкіл адам баласын.
Қайырмасы:
1997 жыл, қыркүйек
Ізбасарлар әні
Әні мен өлеңі Ү.Битенованікі
Қобалжың тұр жүректер,
Бүгін соңғы салтанат.
Қанат қаққан түлектер
Барады арман арқалап.
Ұмытсаңдар өкпелеп
Алтын ұяң сағынар,
Ағатайлар, әкпелер,
Әнімізді қабыл ал.
Қайырмасы:
Сондарыңнан ереміз
Кішкентай деп ойлама.
Өздеріңе сенеміз,
Жолың болсын, қайда да!
Ағалар тұр нық басып,
Қыздар қандай әдемі.
Сыңғырлайды қоштасып,
Қоңараудың әуені.
Шынықсын деп сендерді
Дауылдарда, боранда,
Сынайтұғын тез келді,
Шақырады жол алда.
Қайырмасы:
7 маусым, сенбі күні, 1997 жыл.
Немеренің наз әні
Әні мен өлеңі Ү.Битенованікі
«Кім баласы?» дейді үлкендер әуелі,
«Кімнен тудың?» дейді сосын әдейі.
Мамады да, папамды да атармын,
Орны бөлек бірқ апамның.
Қайырмасы:
Құлағымда әлдилеген әнің, апам.
Ауызымда тосатұғын бәрін, апам
Бір сәт мені көрмей қалса еміреніп,
Құшағына қысатұғын, жаным, апам!
Жаным, апам!
Әлпештеген апашыма мен келіп,
Анда-санда жасап қоям еркелік.
Жұбатам деп ертегі айтып береді.
Көне салам, маған да сол керегі.
Қайырмасы:
Ол да маған, мен де оған асығым,
Бір елі де тастамайды қасынан
Дүниеде жақсы адамдар көп дейді,
Бірақ менің апашыма жетпейді!
Қайырмасы:
1997 жыл
Қыздар-ай, қыздар
Өлеңі Ә.Қалмырзаев пен Ү.Битенованікі
Әні Үміт Битенованікі
Қарындастарым, қарлығаштарым,
Жазылмай жүрген жалынды асқағым.
Жанартау болып жарылды кеудем,
Сендерге арнап әнін-дастанын.
Қайырмасы:
Қыздар, қыздар!
Еліктірдіңдер, елікпеген ем!
Желіктірдіңдер, желікпеген ем!
Әттең-ай, әттең, жүрегім жалғыз,
Бәріңе бірдей бөліп берер ем.
Қырмызы қызыл гүлсіңдер ме екен,
Бақытты іздеп жүрсіңдер ме екен.
Құлпырған қырда қызғалдақсыңдар,
Жұмбақ жансыңдар бір сыр бермеген.
Қайырмасы:
Ақ қанат ару арманбысыңдар,
Жанымды жаулап алғанбысыңдар.
Сыланған әсем аққумысыңдар,
Аспан төрінде самғап ұшыңдар!
Қайырмасы:
Ұмыта алмайсың мені
Әні Ү.Битенованікі
Өлеңі Н.Қашағановтікі
Басқамен бірге өмір кешсең де
Басыңа түскенге көніп.
Басқаша болар деп еш сенбе
Бәрібір ойлайсың мен.
Жүрсең де қай қиыр өңірде,
Келмесе көрудің жөні
Тазалық тапшы бұл өмірде
Мойындап өтерсің мен.
Қайырмасы:
Ат басын зәуімде бұрғанда
Жүрегің тір тулар кемі.
Аяулы Алматы тұрғанда
Ұмыта алмайсың мені.
Күндерді өткізген сезіммен
Күрсініп аңсарсың талай.
Мен өзіңмін ғой, өзіңнен
Қашып құтыласың қалай.
Тосыннан түсіңе кіргенде
Толқытып кетермін сені,
Екеуміз жер басып жүргенде
Ұмыта алмайсың мені.
Қайырмасы:
Кірпігің ілінбей таңдарды
Кім білсін, күтесің нені.
Махаббат туралы ән брда
Ұмыта алмайсың мені.
17.01.1998 жыл.
Көзіңе қалдым арбалып
Әні мен өлеңі Ү.Битенованікі
Жас емеспіз қазір біз бір кездердегідей,
Жалын да жоқ сәуле шашқан көздерде күндей.
Жүрек сырын түкпірдегі жая алмаймыз біз,
Жүргеннен соң жайбарақат елдермен бірдей.
Қайырмасы:
Жанарыңның мұң құйып,
Терең сырың тұңғиық
Тұрғандай маған арналып,
Көзіңе қалдым, көзіңе,
Көзіңе қалдым арбалып.
Жан сезімнің қарашы бұл отқа салғанын,
Жасырынған көңіл көлі жасқа толды, әні.
Жүземін деп айдынында тұншығып қалмай,
Жағалауға аман-есен жетсем болғаны.
Қайырмасы:
Жауабы жоқ. Қас-қағым сәт. Мөлдір шық тұнған.
Жадыңдағы жасын ойды айтпай ұқтырған.
Жұмақтың да, жұмбақтың да жолы жіңішке,
Жетер енді, босат мені, босат тұтқаннан.
Қайырмасы:
5.х.2000 жыл, жексенбі.
Автор осы кітаптың шығуына көмек қолын созған Талас ауданының әкімі Батырбек Құлекеевке, жанашыр ағасы Қыдырбек Тойшымановқа ризашылығын білдіреді.
Үміт Битенова
АУАДЫ ДА ТҰРАДЫ АҢСАРЫМ
Редактор: Тойшыманов Мақсат
Техн.редактор: Төлегенова Марзия, Милькина Анастасия
«Сенім» ЖБО ЖШС-де басылды.
Тараз қаласы, Төле би көшесі 22 үй. Тел.43-32-84
Достарыңызбен бөлісу: |