Монография түркістан, 2010 жыл Пікір жазғандар: Ә. Жолдасбеков- педагогика ғылымдарының докторы,профессор



бет63/226
Дата22.12.2021
өлшемі4,7 Mb.
#585
түріМонография
1   ...   59   60   61   62   63   64   65   66   ...   226
Тәрбие тәсілдері – бұл әдістердің құрамдас бөлігі. Тәрбиелік іс желісіндегі бір мезеттік әрекет. Мысалы, марапат әдісі өз ішіне келесідей тәсілдерді қамтиды: қолдау, мақтау, алғыс, байрақтау. Ал иландыру әдісі – сендіру, түсіндіру, әңгімелесу тәсілдерімен орындалса, жазалау әдісінде ескерту, сөгіс, қатаң түрде сөгіс тәсілдері қолданылады.

Педагогикалық ықпал тәсілдері арқылы қандай да қажетті педагогикалық жағдай жасалады да, ол белгілі заңдылықтар негізінде жаңа ойлар мен сезімдер оятып, балаларды ұнамды әрекет-қылықтарға, өз кемшіліктерін түзетуге ойыстыру үшін пайдаланылады. Мұндай тәрбие тәсілдерін екі топқа ажыратуға болады:

1) әрекет-қылықты реттеп, шәкірттерді рухтандырушы тәсілдер – қуаныш келтіру, алғыс жариялау. Бұл тәсілдердің жасампаздық тобы, себебі осылардан балада жаңа ұнамды сапалар өрістеп, ал келеңсіз қылықтар бастауларын шектейді. Жаңа ойлар мен сезімдер туындап, әрекет-қылықтың жаңа сеп-түрткілері (мотивтер) кемшіліктерді жеңумен бала мінез-құлығында жетекшілік маңызына ие болады. Мұндай сеп-түрткілер – наным, сенім, мадақ, зейін, қамқорлық, өтініш, өрнек, адамгершілік сезімдерді ояту, өкініш білдіру, моральдық қолдаумен шәкірттің өз күш-қуатына сенімін нығайту, сену, тәлім табысын ұйымдастыру, қызықты іс-әрекетке тарту, әдептілік үлгілерін ұсыну және т.б;

2) баланың келеңсіз сезімдеріне қозғау салумен әрекет-қылықтың оң бағыт алуына жәрдем беретін тәсілдер – ұят, өкініш және т.б. Бұл тәсілдер “тежеуіштер” тобын құрап, жағымсыз сапаларға тиым салып, ұнамды қасиеттердің дамуына жол ашады. Ұялу, өкіну сезімдерінің арқасында балаларда жарамсыз қылықтардан сақтану, аулақ болу ниеттері орнығады.

Тәрбиелік үдерісті ұйымдастыру, шәкірттердің ұжымдық және жеке дара іс-әрекеттерін мақсатты бағытта жүзеге асыру жолдары, әдістері тәрбие шараларын құрайды. Бұл орайда әдебиеттерде “тәрбиелік шаралар”, «тәрбиені ұйымдастыру шаралары» терминдері де қолданылуда. Шара – қандай да тәрбиелік мақсаттарға қол жеткізуге бағытталып, ұжым тарапынан бірлікті, келісімді ұйымдастырылған әрекет.

Шараларды ұжымдаса, бас қосып, жоспарлау, дайындау және өткізу үдерісінде шығармашыл қызметтестік қатынас түзіледі. Бұл тұлғаның, ұжымның дамуына, ұжымның ішкі байланыстарының нығайып, өрістеуіне себін тигізеді. Шара нақты тәрбиелік міндеттерді шешуге арналған педагог, тәрбиешінің әр жеке баламен, түгелдей ұжыммен бір мақсатқа жұмылдырған өзара ықпалдастығы күйінде іске асырылады. Шаралар науқандығына жол бермеген жөн. Мұндай тәрбиелік істер жыл бойына бірін бірі жалғастыра, байыта түскен, қызғылықты да танымды жоспарлар тізбегінен құралуы тиіс.

Тәрбиелік жұмыс формаларын топтастырудың нақты бір тұжырымы жоқ. Тәрбиені ұйымдастыру формаларының аса кең тараған түрі – бұл шәкірттер санына орайласқаны: жаппай тәрбие (бүкіл сынып қатысуымен), үйірмелік тәрбие топтық және жеке-даралықты тәрбие. Тәрбиелік жұмыстарды ұйымдастыруға назар аударарлықтай және бір бағыт – бұл тәрбиелік іс-әрекеттердің тәрбие міндеттерімен байланысты келуі, мысалы, шәкірттердің танымдық әрі дамытушылық іс-әрекеттерін ұйымдастыруға “білгірлер бәсекесі (аукцион)”, “Не? Қайда? Қашан?тапқырлар жарысы, “Ғажайыптар алаңы” (поле чудес) ойыны, “Алтын қақпа” жарысы және т.б. Бұлардың бәрін де сынып, мектеп аумағында нақты пәнге, тақырыпқа, оқиға, құбылыстарға арнап, балалардың адамгершілікті ой-өрісін, зеректігін дамыту үшін әбден пайдалануға болады. Тәрбиелік жұмыс формаларын таңдау педагогиканың ғылыми принциптері негізінде жасалады. Әрқандай жастағы және ерекшеліктерімен еленген балалар ұжымдарында өткізілген тәрбиелік іс формалары табиғи сәйкестік және педагогикалық қажеттілік принциптерін арқау еткені жөн.

Тәжірибе көрсеткендей, тәрбие ұйымдастырудың жиі қолданылатын біртекті формалары өз жаңашылдығын жойып, қарадүрсін еліктемелерге айналса, күтілген тиімді нәтижені бере алмайды. Осыдан тәжірибелі педагогтар тәрбие формаларының көптүрлігін пайдалануға ұмтылады.





Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   59   60   61   62   63   64   65   66   ...   226




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет