ОҚУ Әдістемелік комплексі


Сабақ 2. Сабақтың тақырыбы: Әлеуметтік-психологиялық зерттеулердің әдіснамалық мәселелері



бет5/11
Дата06.02.2020
өлшемі1,15 Mb.
#57276
түріСабақ
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11
Байланысты:
Әлеуметтік психология


Сабақ 2.

Сабақтың тақырыбы: Әлеуметтік-психологиялық зерттеулердің әдіснамалық мәселелері.

Жоспары:


1. Әлеуметтік психологиялық зерттеулер жүйесі.

2. Әдіснама мәселелері: әдіснама, жалпы әдіснама, арнайы әдіснама.

3. Әлеуметтік-психологиялық зерттеулердің қолданбалы мәселелері.

1. Әлеуметтік психологиялық зерттеулер жүйесі.
Қазіргі заманда кез келген ғылым үшін зерттеудің әдіснамалық мәселелері өзекті болып табылады. Қоғамда ғылымды ұйымдастырудың жаңа түрлері қалыптасуда, үлкен зерттеу ұжымдары құрылуда. Осыған байланысты, математика және кибернетика ғылымдарының дамуымен қатар, әртүрлі салада қолданылатын пәнаралық әдістер пайда болуда. Қазіргі заманғы ғылымның әдіснама мәселелерімен айналысудың маңыздылығын философияның ішіндегі ерекше білім саласы - логика мен ғылыми зерттеудің әдіснамасы айқын көрсетеді. Әдіснамалық мәселелерді талдаумен тек философтар ғана емес, сонымен қатар белгілі бір арнайы ғылым салалары да айналысуда. Бұл жерде әлеуметтік психология ғылымының пайда болуы мен статусының құрылымы, зерттеу практикасында екі түрлі ғылым саласының – психология және әлеуметтану ғылымдарының принциптеріне негізделу қажеттігі туады. Әлеуметтік психологиядағы әдіснамалық мәселелер туралы айтпастан бұрын, әдіснама дегеніміз не деген сұраққа жауап берелік. Қазіргі заманғы ғылымда «әдіснама» терминінің астарында үш түрлі ғылыми деңгей бар.


  1. Жалпы әдіснама – зерттеушілер қабылдаған танымның жалпы әдісі және жалпы философиялық әдіс. Жалпы әдіснама зерттеу жұмыстарына қолданылатын жалпы принциптерді қарастырады. Әлеуметтік психология үшін қоғам мен тұлғаның, адам табиғатының арақатынасына нақты анықтама беру қажет. Көптеген зерттеушілер әртүрлі философиялық жүйелерді жалпы әдіснама тұрғысында қарастырады.

  2. Жеке немесе арнайы әдіснама – белгілі әдіснамалық принциптердің жиынтығы. Жеке әдіснама зерттеу объектісіне байланысты қолданылатын философиялық принциптерді жүзеге асырады. Бұл да белгілі бір таным әдісі, бірақ ғылымның белгілі бір саласына лайық жасалған.

Әлеуметтік психологияда арнайы әдіснама психология мен әлеуметтанудағы әдіснамалық принциптердің өзара әрекет ету жағдайында қалыптасады. Мысал ретінде іс-әрекет принципін қарастыруға болады. Кең мағынасында іс-әрекеттің философиялық принципі адамның өмір сүрудегі іс-әрекеті арқылы танылуы деп түсіндіруге болады.

Әлеуметтануда іс-әрекет адамзат қоғамының өмір сүру әдістерімен түсіндіріледі. Іс-әрекет жеке адам мен қоғамның өмір сүруіндегі нақты жағдайларды өзгерте алады. Жеке адамның іс-әрекеті арқылы ол қоғамдық қатынастар жүйесіне араласады. Психологияда іс-әрекет адамзат белсенділігінің ерекше бір түрі ретінде қарастырылады. Іс-әрекет кезінде адам өзінің қызығушылығын жүзеге асыра алады және өзінің қажеттіліктерін қанағаттандырады. Осылайша іс-әрекет процесінде адамның жеке тұлғасын дамытатын процесс ретінде қарастырады.

Әлеуметтік психология әлеуметтік-психологиялық феномендерді зерттеуге айрықша көңіл бөледі. Жеке адам мен қоғамның өзара іс-әрекетінің механизмдерін сипаттай және түсіндіре отырып, болашақ мұғалім мен психологтың әлеуметтік-психологиялық білімі психологиялық-педагогикалық әсер ету құралына айналады.

Әлеуметтік психология басқа қоғамдық ғылымдармен: әлеуметттанумен, педагогикамен, саясаттанумен, философиямен тығыз байланысты. Әлеуметтану қоғамдық, топтық және жеке құндалықтар мен нормалардың табиғаты мен сипатын қарастырады. Әлеуметтік психология адамдардың өмір сүретін макро және микро ортаның әсерін ескере отырып, сол құндылықтардың қалыптасуының нақты механизмдерін зерттейді. Әлеуметтану жеке адамның әлеуметтік белсенділігінің қайнар көзін түсіндіретін ғылым саласы болып, әлеуметтік психология белсенділіктің танылу жолдары мен заңдылықтарын зерттейді, сол белсенділікті толық жүзеге асыратын жағдайларды анықтауға көмектеседі. Әлеуметтану адамдар тобы мен қоғамдастығының ішінде тұлғааралық байланыстардың әлеуметтік маңызын көрсетсе, әлеуметтік психология осы әлеуметтік маңыздылықтың әрбір адамның немесе бір топтың іс-әрекетінде байқалатынын, оның тұлғалық қасиеттерінің қалыптасуына әсер ететінін зерттейді.

Педагогика ғылымының мол тәжірибесін пайдалана отырып, әлеуметтік психология педагогикалық ғылымдардың алдында жеке адам мен ұжымға тәрбиелік ықпл етудің тиімді жолдарын көрсетеді, оқыту мен тәрбие процестерін жетілдіруге мүмкіндік береді. Әлеуметтік психология пәні болашақ мұғалімдер мен психологтарға ұжымға психологиялық талдау жасаудың ғылыми әдістері мен жолдарын үйретуге мүмкіндік береді. Әлеуметтік психология философиялық ғылымдар қатарында саналып келсе де, 100 жылдан бері жеке ғылыми пән ретінде дамып келе жатқан ғылымның бір саласы болып табылады.
2. Әдіснама мәселелері: әдіснама, жалпы әдіснама, арнайы әдіснама.
Әлеуметтік психология өзінің арнайы әдіснамалық принципі ретінде іс-әрекет принципін қабылдай отырып, оны өзінің зерттеу пәніне – топқа сай бейімдейді. Сондықтан әлеуметтік психологияда іс-әрекет принципінің мазмұны төмендегідей ережелерде беріледі:

А) адамның бірлескен әлеуметтік іс-әрекетіндегі ерекше байланыстардың пайда болуын түсіндіру;

Ә) іс-әрекеттің ұжымдық субъектісі ретіндегі жеке адамды, топты, қоғамды танып-түсіндіру;

Б) топты іс-әрекеттің субъектісі ретінде тану жағдайында оның қажеттіліктер мен қызығушылықтарын түсіндіру;

В) қорытынды ретінде кез келген зерттеуді эмпирикалық тұрғыда сипаттауға болмайды, оны қоғамдық қатынастардың жүйесінде «әлеуметтік контекстен» тыс жеке адамның іс-әрекетін анықтауға сай жүргізу қажет. Осылайша іс-әрекет принципі әлеуметтік психологияның зерттеу ережелеріне сүйеніп, зерттеу стратегиясын анықтайды. Бұл арнайы әдіснаманың функциясы болып табылады.

3. Әдіснама – зерттеудің нақты әдістемелік тәсілдерінің жиынтығы. Бұл «әдістеме» терминімен анықталады. Басқа тілдерде, мысалы ағылшын тілінде «әдіснама» терминінің орнына «әдістеме» сөзі қабылданады. Әлеуметтік-психологиялық зерттеулерде қолданылатын нақты әдістер жалпы әдіснамалық әдістерден бөлек қарастырылмайды. Кез келген әдістемелік тәсілдер – анкета, тест, социометрия нақты әдіснамалық мағынада қолданылады. Философиялық принциптер әрбір ғылыми зерттеулерде қолданылмайды, олар арнайы әдіснама принциптері арқылы жүзеге асырылады.

Қазіргі заманғы ғылымның әдіснамасы мен логикада «ғылыми зерттеу» мағынасын түсіндіріп, анықтама беруіміз қажет. Қазіргі заманғы ғылыми зерттеудің айрықша белгілерін анықтауда мына ережелерді ұстану қажет:


  1. зерттеу белгілі бір нақты объектілермен байланысты, яғни ғылымдағы бар құралдар арқылы жинақталатын эмпирикалық мәліметтер ауқымымен байланысты;

  2. зерттеуде эмпирикалық міндеттер (деректерді анықтау, өлшеу әдістерін жасау), логикалық міндеттер (бір ережеден екінші бір ережені шығару, олардың арасындағы байланыс), теориялық міндеттер (себептерді іздеу, принциптерді табу, болжау немесе заңдарды құрастыру), танымдық міндеттер.

  3. зерттеу үшін гипотезалық болжамдар мен қалыптасқан деректер арасында біртұтас байланыс болуы қажет.

  4. зерттеудің мақсаты – деректер мен процестерді түсіндіру ғана емес, оны алдын ала білу.

Ғылыми зерттеудің жоғарыда аталған айрықша белгілерімен қатар әлеуметтік психологияда өзінің ерекшеліктері болады. Логика мен ғылымның әдіснамасында ұсынылған ғылыми зерттеудің үлгісі физика мен басқа дәл ғылымдар үлгісінде құрылады.

Әлеуметтік психологияда ең бірінші мәселе – эмпирикалық мәліметтер мәселесі. Әлеуметтік психологиядағы мәліметтер жеке адамның топ ішіндегі оның мінез-құлқы туралы мәліметтер болуы мүмкін немесе сол топтың психологиясының сипаттамасы болуы мүмкін. Бұл мәліметтерді зерттеулерге ендіру мәселесінде әлеуметтік психология ғылымында теориялық тұрғыда әртүрлі пікірлер айтылуда.

Бихевиористік әлеуметтік психологияда мәліметтер деп ашық мінез-құлық деректері: когнитивтілік, яғни жеке адамның когнитивті әлемін сипаттайтын бейнелер мен құндылықтар аталады. Әлеуметтік психологиялық зерттеулерде мәліметтер көлемі екі түрлі болады:


  1. корреляциялық - бұл мәліметтердің көп аумағына негізделген.

  2. эксперименталды – бұнда зерттеуші шектелген мәліметтер көмегімен ғана жұмыс істейді.

Ғылыми зерттеудің екінші белгісі – мәліметтерді принциптермен байланыстыру, болжам мен теорияларды құрастыру. Бұл ерекшелік әлеуметтік психологияда айрықша маңызды. Басқа гуманитарлық ғылымдардағыдай, әлеуметтік психологиядағы теориялардың дедуктивті сипаты болмайды. Осындай жағдайда зерттеуде болжам маңызды орын алады.

Болжам әлеуметтік-психологиялық зерттеуде білімнің теориялық түрі болып табылады. Осыдан әлеуметтік психологияның зерттеудің маңызды бөлімі – болжамдарды құру пайда болады. Көптеген зерттеулердің сапасыздығының себебі – болжамдардың болмауында немесе оның сауатсыз құрастырылуында.

Ғылыми зерттеудің үшінші белгісі – логика мен ғылыми әдіснаманың талаптарына сай болжамдарды міндетті түрде тексеру немесе негізделген болжамдар құру. Болжамдарды тексеру ғылыми зерттеудің қажетті элементі болып табылады, бұл элементсіз зерттеу жұмысының мәні болмайды. Әлеуметтік психология эксперименталды пән ретінде эксперименталды ғылымның кез келген саласында бар болжамдарды тексеру ережелеріне сүйенеді. Бірақ әлеуметтік психология гуманитарлық пәндермен байланысты болғандықтан, сипаттауға қатысты қиындықтарға тап болуда.
3. Әлеуметтік-психологиялық зерттеулердің қолданбалы мәселелері.
Әлеуметтік психологияда ақпараттың сапасы мәселесі жоғарыда айтылған мәселелермен тығыз байланысты. Ақпараттың сапасы мәселесі репрезантативтілік принципі арқылы шешіледі. Әлеуметтік психологияда бұл жалпы мәселелердің ерекше мазмұны болады.

Адам туралы басқа ғылымдар сияқты, әлеуметтік психология үшін ақпараттың сапасының екі түрлі өлшемі анықталған: объективті және субъективті. Мұнда ақпарат көзі адам болып саналады. Әрине, анкета немесе интервьюдегі сұрақтарға берілген жауаптар «субъективті» ақпаратты құрайды. Кемшіліктерді болдырмау үшін ақпараттың шынайылығына байланысты талаптар енгізілген. Ақпараттың шынайылығы мәліметтер жинайтын құралдың беріктігін тексеру арқылы жүзеге асады. Әрбір жағдайда шынайлықтың үш түрлі сипаттамасы болады:



  1. валидті;

  2. тұрақты;

  3. нақты.

Құралдың валидтілігі – объектінің сипатын өлшейтін қабілеті. Әлеуметтік психолог-зерттеуші белгілі бір шкаланы құруда, мысалы жеке адамның құрылымын өлшеуде сенімді болуы керек. Құралдың валидтілігін тексеруге байланысты бірнеше әдістер бар. Бұл жерде сараптаушының көмегі де қажет болады. Шкаланың көмегі арқылы алынған объектінің ерекше қасиеттерін сараптаушының берген қасиеттерімен салыстыруға болады. Алынған нәтижелердің сәйкес келуі қолданылған шкаланың валидтілігін көрсетеді.

Екінші бір әдіс – қосымша интервью алу. Мұнда берілетін сұрақтар зерттеу объектісінің ерекшеліктерін сипаттайтын жауаптарға сай болуы қажет. Ақпараттың тұрақтылығы – бұл ерекшелік біржақты, яғни әр түрлі жағдайда оның тұрақтылығы ұқсас болуы керек. Ақпараттың тұрақтылығын тексеру әдістеріне мыналар жатады:



  1. қайталап өлшеу;

  2. бір ерекшелікті әртүрлі бақылаушының өлшеуі;

  3. «шкаланы бөлу», яғни шкаланы бөліп тексеру.

Бұл әдістердің барлығы өлшемдердің бірнеше рет қайталануына негізделген. Зерттеушілердің алынған мәліметтерге байланысты сенімділігі осы әдістерге сай болуы қажет. Ақпараттың нақтылығы – құралдың сезімталдығына байланысты. Әрбір зерттеуші дәл, нақты мәлімет алуға ұмтылуы керек. Бірақ дәлдіктің қажетті деңгейі бар құралды құру қиын. Зерттеуші бұл жағдайда объект туралы өзінің теориялық ұғымдарын барынша қолдану қажет. Көптеген зерттеушілер әлеуметтік психологиядағы ақпараттың тұрақтылығын тексеру әдістерін жетілдірілмеген деп санайды.

Барлық әдістерді екі үлкн топқа бөлуге болады: зерттеу және әсер ету әдістері. Зерттеу әдістерін талдауда ақпарат жинау және оны өңдеу әдістерін бөліп қарастыруға болады. Әлеуметтік психологиялық әдістерді жіктеуде басқа әдістер де бар:



  1. эмпирикалық зерттеу әдістері;

  2. модельдеу әдістері;

  3. басқару-тәрбюиелеу әдістері.

Ақпарат жинау әдістерінің ішіндегі мына әдістерді кең тараған деп бөліп қарастыруға болады:

  1. бақылау

  2. құжаттарды зерттеу;

  3. сұрақ-жауап түрлері (сауалнама, сұхбат);

  4. тестілер (социометриялық тест);

  5. эксперимент.

Бақылау - әлеуметтік психологияның ескі әдісі болып табылады және кейде жетілмеген әдіс ретінде экспериментке қарсы қойылады. Бақылау әдісін қолданудағы бір қиындық – бақылайтын объектіге және оны қалай реттеуге байланысты туады. Бақылауды ғылыми әдіс және жай бақылау деп бөлуге болады. Ғылыми зерттеудің әдісі ретінде бақылау белгілі бір ережелер мен талаптарға сүйенеді:

  1. бақлыау мақсатының міндетті түрде болуы және оның зерттеу мақсатына сай келуі;

  2. бақылау әдістерін және бақылайтын құбылыстарды реттеу әдістерін таңдау;

  3. белгілі бір сызба бойынша бақылауды жоспарлы түрде жүргізу;

  4. бақылау нәтижелерін тексеру.

Құжаттарды зерттеу - әдісінің көмегі арқылы адам іс-әрекетін талдауға болады. Кейде құжаттарды зерттеу әдісін «субъективті» әдіс ретіңнде сұрау әдісіне қарама-қарсы қояды. Құжаттарды зерттеуде мәтінді түсіне білу қабілеті маңызды роль атқарады. Түсіну мәселесі – психологияның ерекше мәселесі, бұл жерде ол әдістемені қолдану процесіне ендіріледі. «Субъективтіліктің» жаңа түрін меңгеруде «контент-талдау» (мазмұнын талдау) деп аталатын ерекше әдіс қолданылады.

Контент-талдау әдісін зерттеуші ақпараттың көп мөлшердегі аумағымен жұмыс істеген кезде пайдаланады. Бұл әдіс тәжірибелік әдіс ретінде жалпы коммуникациялар саласындағы зерттеулерде, әлеуметтік психологияда қолданылады.

Сұрақ-жауап түрлері - әлеуметтік психологиялық зерттеулерде кең тараған әдістің бірі. Осы әдіске байланысты сын-ескертпелер өте көп. Сұрақ-жауаптың ішінде әлеуметтік психологияда кең тараған түрлері – сұхбат және сауалнама. Бұл әдістерді қолданудағы негізгі әдіснамалық мәселелер сұрақ-жауапты құрастыруда кездеседі. Мұнда қойылатын алғашқы талаптың бірі – оны құрастырудың логикасы, болжам бойынша сұрақ-жауап мазмұнында керек ақпараттың болуын қарастыру.

Сұрақ-жауапты құрастыру – қиын да күрделі жұмыс, оны асықпай орындау қажет, себебі кез келген нашар құрастырылған сұрақ-жауап әдістің жарамсыздығына ықпал етеді.

Тағы бір мәселе – сұхбатты қолдануда, мұнда сұхбат алушы мен респонденттің (сұхбатқа жауап беруші) арасындағы өзара іс-әрекет жүзеге асады. Сұхбат барысында әлеуметтік психологиядағы бір адамның екіншісіне әсер етуі, олардың қарым-қатынасы формаларының әсер ету әдістері сипатталады.

Осы сипаттамалардың әрқайсысы ақпараттың сапасына әсер етеді. Бұл мәселелердің барлығы әлеуметтік психология үшін жаңа емес, сұрақ-жауап қолдануға болатын ең жеңіл әдіс, сонымен қатар әлеуметтік психологиялық зерттеудің ең қиын әдісі болып саналады.

Тестілер – арнайы әлеуметтік психологиялық әдіс болып табылмайды, олар психологияның әртүрлі саласында кең қолданылады. Әлеуметтік психологиялық тестілерді қолдану туралы айтқанда, тұлғалық тестілерге қөбірек тоқталып, топтық тестілер туралы мәлімет аз беріледі.

Тест – сынақтың ерекше түрі, оның барысында сыналушы арнайы дайындалған тапсырманы орындайды, сауалнама мен сұхбат сұрақтарынан ерекшеленетін сұрақтарға жауап береді. Тұлғалық тестілерді өткізуде «дұрыс жауаптың кілті» арқылы алынған жауаптарды тұлғаны сипаттайтын белгілі өлшемдермен салыстырады. Осындай тестілердің көпшілігі патопсихологияда жасалған. Әлеуметтік психологияда тестілер зерттеудің қосымша құралы ретінде қолданылады.

Тестілерді қолданудың бір жақты сипаты бар, себебі олар әлеуметттік психологияның бір саласына жеке адам мәселесіне байланысты ғана қолданылады. Ал топтарға диагностика жүргізуге байланысты тестілер өте аз. Мысал ретінде кең тараған социометриялық тестіні атауға болады.

Эксперимент - әлеуметтік психологиядағы зерттеудің негізгі әдістері ретінде алынған. Бұл саладағы эксперимент әдісінің мүмкіндіктері мен шектеулері төңірегінде қазіргі кезде әдіснамалық мәселелер тұрғысынан маңызды феномен ретінде талас туғызуда. Әлеуметтік психологияда эксперименттің екі негізгі түрі бар: лабораториялық және табиғи. Оның тағы да қосымша түрлері анықталған: констатациялық және қалыптастырушы.

1950 жылдың аяғы мен 60 жылдардың басында әлеуметтік психология пәні төңірегінде пікірталас туды, әлеуметтік психологиялық феномендердің көптігі және әдістердің көптігін оларды игеріп зерттеуді қажет етпеді. Жалпы әдістерді төмендегідей топтарға бөлеміз:


  1. әлеуметтік қатынастар мен өзара қатынастарды зерттеу әдістер тобы;

  2. қарым-қатынас түрлерін игеру әдістер тбы;

  3. әлеуметтік кикілжіңдерді анықтау әдістер тобы;

  4. адамның ұлттық психологиялық дамуын анықтау;

  5. отбасы қарым-қатынас зерттеу әдістері;

  6. жеке адамның әлеуметтік психологиялық дамуын анықтау;

  7. бұқаралық өзге әлеуметтік құбылыстарды зерттейтін әдістер тобы.

Өзіндік бақылауға арналған сұрақтар:

1. Әлеуметтік-психологиялық зерттеулер дегеніміз не?

2. Әдіснама дегеніміз не және олардың түрлері.

3. Білім беру саласындағы әдіснамалық міндеттеріді атаңыз.

4. Әдіснама мәселелерінің қандай қолданбалы маңызы бар?



Сабақ 3.

Сабақтың тақырыбы: Қарым-қатынас психологиясы

Жоспары:


1. Қарым-қатынастың анықтамасы және оның түрлері.

2. Қарым-қатынастың функциялары мен механизмдері.

3. Қарым-қатынастың үш жағы: перцептивті, коммуникативті және интерактивті.

1. Қарым-қатынастың анықтамасы және оның түрлері.
Қарым-қатынас деп психологиядағы бірлескен іс-әрекеттегі қажеттіліктер тудырған адамдар арасындағы байланысты қалыптастыру жәнен дамытудың күрделі процесі және олардың арасында танымдық (когнитивті) және эмоциональды-бағалау (аффектілі) сипатындағы ақпараттармен алмасу процесі аталады.

Қарым-қатынас барысында ақпарат алмасумен қатар басқа адамды түсіну, қабылдау және өзара іс-әрекетінің біртұтас стратегиясын құру жүзеге асады. Қарым-қатынас адамзат тұрмысының негізгі формасы болып табылады. Қарым-қатынастың болмауы немесе жеткіліксіздігі тұлғаның психологиясындағы ақаудың себебі болуы мүмкін. Қарым-қатынастың мүлдем болмауы депрессияға әкеп соғады, қарапайым тұрмыстың мәдениет дағдыларын жоғалтуына әкеледі.

Қарым-қатынастың әлеуметтік мәні оның қоғамдық тәжірибе мен мәдениет формаларын беру құралы болуында. Қарым-қатынастың психологиялық мәні осы процесте бір адамның субъективті әлемі басқа адам үшін ашылып, сезім, ой, өзара іс-әрекет етушілердің мінез-құлықының өзгеруімен анықталады.

Қарым-қатынаста бірнеше аспектілерді атап өтуге болады: мазмұн, мақсат, құралдар. Қарым-қатынастың мазмұны деп бір адамнан екінші адамға берілетін ақпарат түсіндіріледі. Қарым-қатынастың мақсаты деп адамдардың не үшін қарым-қатынасқа түсетіні түсіндіріледі. Қарым-қатынастың құралдары деп қарым-қатынас процесінде ақпарат алмасу әдістері түсіндіріледі.

Қарым-қатынастың функциялары:


  1. креативті немесе шығармашылық;

  2. коммуникативті;

  3. тұлғалық-қалыптастырушы;

  4. психотерапевтік.

Қарым-қатынастың креативті функциясы – адамның өмір сүруі мен шығармашылық мәнін көрсету формасы болып табылады. Қарым-қатынас процесінде адамды әлеуметтендіретін адамдық сана мен тіл пайда болып дамиды.

Қарым-қатынастың коммуникативті функциясы – бір адамның екіншісіне ақпарат беру қабілетімен анықталады. Коммуникация мен қарым-қатынас ұғымдарын тепе-тең, бірдей деуге болмайды. Қарым-қатынас кең ұғым және тек ақпарат берумен шектелмейді.

Тұлғалық-қалыптастырушы функция – қарым-қатынас тұлғаны қалыптастырудың қажетті шарты болып табылады. Адамның дүниеге көзқарасы, іс-әрекеті, мінез-құлқы, өзіне деген қарым-қатынасы көп жағдайда басқа адамдармен қарым-қатынаста анықталады. Тұрмыстық психологияда ол «Кіммен жүрсең, содан үйренесің» деген мақалмен белгілі. Ғылыми тілде қарым-қатынастың тұлғалық-қалыптастырушы мәні «интериоризация» және «экстериоризация» терминдерімен анықталады. «Интериоризация» процесінде өзара іс-әрекеттің сыртқы түрлері ішкі психикалық функциялар мен процестерге айналады. «Экстериоризация» процесінде «интеориоризация» кезіндегі психикалық процестер мен функциялар адамның өзіндік іс-әрекетінде көрініс табады.

Қарым-қатынастың психотерапевтік функциясы – бұл кез келген жастағы адамның қоршаған адамдар тарапынан өзіндік «Менін» таныту қажеттілігімен түсіндіріледі. Әртүрлі халықтардың мәдениетін талдау көрсеткендей, көпшілік адамдарда өзін танытудың міндетті минимумы бар екені анықталған. Бұл минимум тілде, жақсы әдет пен мінез-құлық этикетінде көрінеді.



ХХ ғасырдың басында ағылшын психологы жэәне философы У.Джеймс адам үшін ең қорқынышыты жаза, ол қоғамда өмір сүре отырып, басқа адамдардың оны елемеуі деген болатын. Психологиялық танытудың болмауы тұлға үшін қауіпті. Балалық шақта психологиялық таныту немесе болмау оның өзіндік бағалауының қалыптасуына, эмоциональды жағдайына, психикалық денсаулығына қатты әсер етеді.
2. Қарым-қатынастың функциялары мен механизмдері.
Жоғарыда аталған қарым-қатынас функцияларынан басқа, бірқатар психологтар келесі функцияларды атап көрсетті:

  1. инструментальды – қарым-қатынасты ақпаратты алатын және беретін басқарудың әлеуметтік механизмі ретінде сипаттайды.

  2. интеграциялық - қарым-қатынас адамдарды біріктіру құралы ретінде болуы мүмкін.

  3. трансляциялық - іс-әрекеттің, бағалаудың, пікірлердің, тұжырымдардың нақты әдістерін беруге бағытталған.

  4. экспрессивті - қарым-қатынас бойынша серіктестерге бір-бірінің эмоциясы мен сезімдерін түсіну мен көрсетуге мүмкіндік береді.

  5. әлеуметтендіру – белгілі бір қоғамның мәдениеті мен құндылықтардың нормаларын меңгеруде көрінеді.

  6. өзін-өзі таныту функциясы – тұлғалық, интеллектуальды, психологиялық потенциалды көрсетуге мүмкіндік береді.

  7. әлеуметтік-бақылаушы - қарым-қатынасқа қатысушылардың мінез-құлқын, іс-әрекетін, тілдік манераларын реттейді.

Қарым-қатынастың келесі түрлерін атауға болады:

  1. «Жаһандық» қарым-қатынас (светское общение). Қарым-қатынастың маңызы адамдар не ойлағандарын айтпайды, сол жағдайда нені айту керек екендігін айтады. Қарым-қатынас заттық емес немесе жабық, себебі адамдар пікірінің ешқандай мәні жоқ.

  2. «Маскалардың байланысы» («Контакт масок»). Бұл қарым-қатынас түрі «жаһандық» қарым-қатынасқа ұқсас, бұнда сыпайылықтың, қарапайымдылықтың, мән бермеушіліктің, қаталдықтың маскалары қолданылады. Мұндай қарым-қатынас кезінде шынайы эмоциялар мен пікір алмасушыға деген қарым-қатынасты жасыратын стандартты фразалар, жест, бет қимылдары көп болады. Аталған қарым-қатынас түрі үлкен қалалардың тұрғындарына тән.

  3. Іскерлік қарым-қатынас. Мұнда тұлғаның ерекшеліктері, мінезі, жасы, көңіл-күйі ескеріледі, бірақ қызығушылықтары бұлардан маңызды. Қарым-қатынас іс пен нәтижеге бағытталған.

  4. «Қарапайым» (примитивное общение) қарым-қатынас. Мұнда серіктес пайдалы болуы мүмкін деген көзқараста бағаланады. Егер адам керек болса – онымен белсенді түрде байланыс орнатады, егер кедергі келтірсе, байланысты үзеді. Серіктестен қажетті ақпаратты алғаннан соң оған деген қызығушылық жоғалады.

  5. Формальды-ролдік қарым-қатынас. Қарым-қатынас орындалатын әлеуметтік рольдермен байланысты (сатушы-сатып алушы, басшы-жұмысшы), тұлғалық қасиеттер екінші орында болады. Әлеуметтік роль қоғам қажет еткен адамдардың мінез-құлқы, ролдік қарым-қатынас адламдар арасындағы іскерлік, формальды-әлеуметтік қарым-қатынастарды құруға көмектеседі. Мұндай қарым-қатынаста адам өзінің мінез-құлқының стратегиясын талдауда, серіктесін және өзін қабылдауға ерікті болмайды. Әрбір адам өзінің әлеуметтік роліне тұлғалық бірегейлігі мен біртуарлығы енгізеді.

  6. Тұлғааралық қарым-қатынас. Тұлғаның жеке қасиеттерінің бірегейлігімен анықталады, ал мұнда әлеуметтік рольдер екінші орында болады.

  7. Монологтық қарым-қатынас. Субъектілі-объектілі қарым-қатынас, мұнда қарым-қатынас субъектісі, яғни мақсаты мен белсенділігі басым адам өз мақсаттарын жүзеге асыру үшін серіктесімен байланыс орнатады және оны қарым-қатынас объектісі ретінде қарастырады, яғни енжар тұлғамен. Монологты қарым-қатынастың екі түрін атауға болады: императивті және манипуляциялық.

Императив - субъект серіктесінің алдында өзінің мақсаттарының басымдылығын жасырмайтын қарым-қатынас түрі. Көп жағдайда қарым-қатынастың императивті түрі адамдардың сыртқы мінез-құлқына бақылау орнатуға қолданылады. Әдістер ретінде бұйрықтар, нұсқаулар, талаптар, мадақтаулар қолданылады. Қарым-қатынастың императивті түрі қиын жағдайда мәні бар, ал жеке тұлғалық, ерлі-зайыпты, бала-ата-ана қарым-қатынасында қолдануға мүлдем болмайды. Императивті қарым-қатынастың басымдылығы тұлғаның сынды көтеру, іс-әрекеттегі өзінділігін, өзінің және басқаның мінез-құлқын бағалау сияқты қасиеттерін қалыптастыруға кедергі келтіреді.

Манипуляциялық қарым-қатынас – пікір алмасушыдан әртүрлі әдістерді (мақтау сөз айту, қорқыту, кінә сезімін ояту, ақпаратты бұзу немесе жасыру т.б.) қолдану арқылы пайда табуға бағытталған. Манипуляция – адамға психологиялық әсер ету процесінде оны белгілі іс-әрекеттердің объектісі ретінде пайдалануға бағытталған процесс болып табылады. Манипуляция тұлғааралық қарым-қатынаста манипулятордың тұлғасы мен оның жақындарына кері ықпалын тигізеді, оның жағымсыз белгілері күдікшілдіктің пайда болуына, жақын қарым-қатынасқа түсуге қорқыныш, басқа адамдардан алшақтау, ішкі дискомфорт сезіміне әкеп соғады. Манипуляцияны қарым-қатынастың жағымсыз түрі деп бағалай отырып, әлеуметтік қатынастың біршама салаларында ол рұқсат етілген және заңды, атап айтсақ, бизнес саласы, саясат, жарнама, үгіт-насихат, идеология салаларында қолдануға болады.

Басқа адамдарға деген қарым-қатынас құндылық ретіндегі қарым-қатынасқа қарсы қойылуы мүмкін. Қарым-қатынастың мұндай түрі отандық психологияда диалог деген атқа ие болды. Батыстық үлгіде гуманистік типтегі қарым-қатынас деп аталады. Диалогты қарым-қатынас серіктестердің өзара байланысқан танымы, өзін-өзі тануы мен өзін-өзі дамытуында байқалады. Көптеген психологтардың пікірнше, диалогты қарым-қатынас көп жағдайда білім беру және тәрбие практикасында жоғары жетістіктерге жетуге ықпал етеді.

Әсер ету әдістеріне қарай тікелей және дәнекерлік қарым-қатынас деп бөлуге болады.



  1. Тікелей қарым-қатынас тікелей байланыста, бетпе-бет жүзеге асады, адамдардың тарихи қалыптасуының қарым-қатынастың алғашқы түрі болып саналады. Өркениеттің дамуымен байланысты оның негізінде дәнекерлік қарым-қатынастың бірнеше түрлері пайда болды.

  2. Дәнекерлік қарым-қатынас – хат, теледидар, интернет, радио сияқты қосымша құралдар көмегімен өзара іс-әрекетте орнайды. Аталған қарым-қатынасқа уақыт және кеңістік бойынша кері байланыс тән.

Қолданылатын құралдарға байланысты қарым-қатынастың вербальды және вербальды емес түрлері болоады.

  1. Вербалды қарым-қатынаста ақпарат берудің негізгі құралы сөз бен тіл болып табылады. Сөз ақпарат берудің ең универсальды құралы болып саналады.

  2. Вербальды емес қарым-қатынас құралдары – мимика, жест, поза, дем, дауыс ырғағы, көз байланысы. Зерттеулер көрсеткендей, күнделікті қарым-қатынаста сөздер 7 пайызды, дыбыстар мен дауыс ырғағы 38 пайызды, сөздік емес іс-әрекеттер 53 пайызды құрайды. Яғни ақпараттың көп бөлігі қарым-қатынастың вербальды емес құралдары арқылы беріледі.


3. Қарым-қатынастың үш жағы: перцептивті, коммуникативті және интерактивті.
Қарым-қатынастың құрылымының үш жағы бар:

  1. Перцептивті – қарым-қатынастағы серіктестердің бірін-бірі тануы мен қабылдау процесін білдіреді.

  2. Коммуникативті – қарым-қатынастағы адамдар арасында ақпарат алмасудан құралады.

  3. Интерактивті – қарым-қатынастағы адамдардың өзара іс-әрекетін ұйымдастыруда көрінеді.

«Перцепция» термині қабылдау деген мағынаны білдіреді. Әлеуметтік психологияда әдетте «әлеуметтік перцепция» ұғымы қолданылады. Әлеуметтік перцепция деп адамдардың өзін, топты, басқа адамдарды қабылдау, түсіну, бағалауын атайды. Әлеуметтік перцепция терминін американ психологы Дж.Брунер енгізді. Ол қабылдауды әлеуметтік деп атап, қарым-қатынаста жалпы, әлеуметтік-психологиялық механизмдер пайда болатынына назар аударды. Әртүрлі тәжірибелер жүргізе отырып, Дж.Брунер заттар мен басқа адамдарды қабылдау тұлғалық ерекшеліктер мен мәдени факторларға байланысты болатынын атап көрсетті. Адамдардың қабылдауын зерттей отырып, Дж.Брунер адамдардың бейнесі белгілі бір деформацияға ұшырайтынын анықтады. Әлеуметтік статус жоғарылаған сайын, адамдар да жоғары деңгейде қабылданады. Бұдан келесі тұжырым жасауға болады: қарым-қатынас қабылдау процесінде қалыптасқан серіктес туралы пікірмен анықталады. Осылайша қарым-қатынастың перцептивті жағы пікір алмасушының сыртқы белгілеріне қарай қабылдауы мен оның тұлғалық сипаттамасына сәйкестігімен анықталады.

Таныс емес адамдарды қабылдау негізінде әртүрлі психологиялық механизмдер бар. Негізгі қарым-қатынас механизмі ретінде әлеуметтік стереотипизация процесін атауға болады. Әлеуметтік стереотип (грек тілінен аударғанда – қатты таңба) әлеуметтік объектінің өзгертуге болмайтын, тұрақты бейнесі. Әлеуметтік стереотиптер ақпараттың жеткіліксіздік жағдайында қалыптасады. Олар үшін бірмағыналық сипат тән, яғни олар дүниені екі негізгі категорияға бөледі: таныс және таныс емес. Көбіне таныс сөзі «жақсы» синонимі ретінде, ал таныс емес «жаман» синонимі ретінде қабылданады. Осылайша стереотиптердің бағалаушы элементтері болады.

Тұлғааралық қарым-қатынаста қабылдау және түсіну идентификация, эмпатия, аттракция, рефлексия, каузальды атрибуция сияқты механизмдер арқылы жүзеге асады. Идентификация – латын тілінен аударғанда ұқсастылық деген мағынаны білдіреді, әлеуметтік психологияда идентификация әлеуметтендірудің маңызды механизмі ретінде қарастырылады. Ол арқылы адамдар мінез-құлық нормаларын, эмоциональды жағдайды, қоршаған адамдардың моралін меңгереді.

Идентификацияға ұқсас механизм – эмпатия – грек тілінен аударғанда бірге күйзелу деген мағынаны білдіреді. Эмпатия – басқа адамдардың күйзелісіне ену, оның эмоциональды жағдайын түсіну деген сөз. Басқа механизмдерден ерекше белгісі – оның рефлексиясыныңң төмен деңгейі. Басқа адамдардың жағдайы ойластырылмайды, сезім арқылы беріледі. Эмпатияның дамуына бала-ата-ана қарым-қатынасы зор әсер етеді. Баланы эмоционалды байланыста қанағаттандыру маңызды.

Аттракция – француз тілінен аударғанда өзіне тарту, жақындату деген мағынаны білдіреді. Адамның басқа адамды қабылдауда пайда болатын тартымдылықты білдіретін ұғым. Қарым-қатынастағы серіктест3 түсіну, оны жақсы көру, достық немесе тұлғалық жеке қарым-қатынас нәтижесінде пайда болады.

Рефлексия – латын тілінен аударғанда кері қарату немесе кері байланыс дегенді білдіреді. Адамның қарым-қатынастағы серіктесінің қалай қабылдауын көру қабілеті негізінде қарым-қатынас процесіндегі өзін-өзі тану механизмі. Рефлексияның күрделі процесі қарым-қатынас механизмі ретінде 19 ғасырдың аяғында Дж.Холмс сипаттамасында берілген.

Каузальды атрибуция - латын тілінен аударғанда себепкерлік жапсыру деген мағынаны білдіреді. Бір адамның басқа адамдардың мінез-құлық себептері мен мотивтеріне интерпретация жасауы түсіндіріледі.

Қарым-қатынас процесі ең алдымен коммуникация, яғни ақпарат алмасу процесі болып табылады. Коммуникативті процесс үлгісі 5 элементтен тұрады: коммуникатор-хабарлама-арна-аудитория-кері байланыс. Қарым-қатынастың тиімділігі көп жағдайда қарым-қатынасқа түсушілердің коммуникативті ерекшеліктеріне байланысты: сөйлеу мәдениеті, сұрақ қою, жауап беру шеберлігі, коммуникативті кедергілерді түсіну және жою қабілеті т.б. Коммуникацияның негізгі құралдары – вербальды және вербальды емес құралдар болып табылады. Вербальды қарым-қатынаста ауызша және жазбаша тіл қолданылады. Қарым-қатынас процесіндегі қиындықтардың себебі – коммуникативті кедергілердің болуы. Коммуникативті кедергілер қарым-қатынастағы серітестер арасындағы ақпаратты қабылдау жолындағы психологиялық кедергілер. А.А.Бодалев үш түрлі кедергіні атап көрсетті: түсіну кедергісі, әлеуметтік-мәдени кедергі, қатынас кедергісі. Коммуникативті кедергілерді жоюға, бір-бірін жақсы түсінуге қарым-қатынастағы кері байланыс ықпал етеді. Кері байланыс ақпаратты бұзуды азайтуға, кедергілерді жоюға мүмкіндік береді. Вербальды емес құралдардың әртүрлі жіктелулері бар: оптико-кинетикалық, паралингвистикалық, экстралингвистикалық, коммуникативті процесті кеңістік және уақыт бойынша ұйымдастыру, визуальды байланыс.

Қарым-қатынастың интерактивті жағы өзара іс-әрекеттің жалпы стратегиясын құрумен сипатталады. Адамдардың өзара іс-әрекеті мен олардың бірлескен қызметін ұйымдастырумен байланысты қарым-қатынастың сипаттамасын анықтайтын шартты термин. Өзара іс-әрекет бірлескен қызметтің қажеттті элементі болып табылады. Өзара іс-әрекеттің екі қарама қарсы түрі бар: кооперация және конкуренция.

Кооперация – бірлескен қызметте өз мақсаттарына жетуге ықпал ететін қарым-қатынасқа қатысушыларға бірлескен күшін реттейтін мінез-құлық стратегиясы. Конкуренция кезінде қарым-қатынастағы серіктестер жетістікке жетуге қызығушылық танытады, мінез-құлық стратегиясының төмендегідей сипаттары кездеседі:



  1. компромисс (келісім, ымыра) – серіктестердің шартты теңдік пен қатынасты сақтау үшін мақсатқа жетуге уақытша және арадағы жетуді болжайды;

  2. бейімделу немесе жұмсақтық («альтруизм») серіктестердің мақсаттарына жету жолында өз мақсаттарынан бас тартуы;

  3. ауытқу немесе шеттеу – қарым-қатынастан қашу, өз мақсаттарынан бас тарту.

Тұлғааралық өзара іс-әрекеттердің ерекшеліктерін түсіндіретін бірқатар теориялар бар: алмасу теориясы, символдық интеракционизм, әсерлерді басқару теориясы, психоаналитикалық теория, транзактілі талдау.

Отандық психологияда өзара іс-әрекет бірлескен қызмет контексінде қарастырылады. Адамдардың өзара іс-әрекетіндегі негізгі реттеушілері: иландыру және сендіру болып табылады. Иландыру (суггестия) дәлелдеуді қажет етпейтін ақпаратты адамның сыни емес қабылдауына негізделген психологиялық әсер ету әдісі болып саналады. Суггестияға қарсы контрсуггестия болып табылады, яғни иландыруға қарсы тұру. Ол адамдардың интеллектуалды және эмоционалды-ерікті ерекшеліктеріне байланысты болады.

Сендіру - адамдардың өзіндік сыни қабылдауына негізделген санасына әсер ету әдісі болып саналады. Сендіру әдісінің негізін саралау, деректер мен тұжырымдарды аналитикалық реттеу құрайды. Сендіру әдісі адам психикасының интеллектуалды танымдық ауқымына бағытталған. Сендіру процедурасы үш түрлі әсер етуден тұрады: хабарлау, түсіндіру және дәлелдеу немесе теріске шығару.

Өзіндік бақылауға арналған сұрақтар:

1. Қарым-қатынас дегеніміз не?

2. Қарым-қатынастың түрлері мен функцияларын атаңыз.

3. Қарым-қатынастың құрылымындағы үш жағын қалай қарастыруға болады?

4. Императивті, манипуляциялық, дәнекерлік және тікелей қарым-қатынас түрлеріне анқытама беріңіз.

Модуль 2. Әлеуметтік топтардың психологиясы.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет