3. Қарсылықты жалғаулықтар салалас құрмалас сөйлемдер арасындағы қарсылық мәнді білдіреді. Мысалы, Ақырында ұрыспақ болған адамдай оңтайланып та көріп еді, бірақ алғашқы қақтығыста Абайдан шайлығып қапты (М.Әуезов). Түн ол күні бұлтты, көзге түртсе көрінбейтін қараңғы еді, әйткенмен Ботагөз қайда келе жатқанын шамалайды (С.Мұқанов). -Әлжан аға, өзіңізге қатысты мәселе туралы айтыңызшы, - деп Ержан сөзге араласты. Әлжан бірақ оның дауысын естімеді (Б.Мұқаев). Әрине, істің орайы келе бермейді, әптпесе алдыңа келген адам өтінішін аяқ асты етпегенге не жетсін (Д.Қонаев).
Бұл топтағы жалғаулықтардың қатарына бірақ, алайда, әйтсе де, әйткенмен, сонда да, дегенмен, әйтпесе, әйтпегенде жалғаулықтары жатады. Олардың ішінде ең жиі қолданылатыны - бірақ жалғаулығы. Бірақ жалғаулығы сапаласа байланысқан сөйлемдер арасындағы қарсылықты қатынасты білдіру үшін жұмсалады.
Әйтседе, әйткенмен, сөйтседе, дегенмен, сонда да жалғаулықтары кейде сөйлемдердің арасындағы қарсылықты қатынасқа күшейткіш мағына да қосады. Бұл жалғаулықтардың бірақ жалғаулығына қарағанда қолданылу өрісі тарлау. Бұл күшейткіш мағына туралы 1967 жылы шыққан «Қазақ тілінің грамматикасы» атты академиялық грамматикада былай делінген: «Бойындағы осы экспрессивтік мағына бұл жалғаулықтардың жұмсалу өрісін өлшеп, белгілейді. Сондықган бұлар бірақ жалғаулығына қарағанда кем жұмсалады». Көп қолданылатын қарсылықты жалғаулықтардың бірі - әйтпесе жалғаулығы. Әйтпесе жалғаулығы арқылы байланысқан сөйлемдердің екіншісі алғашқысында айтылған уақиға, іс-қимыл болмаған жағдайда соның болмауының нәтижесінде болған уақиғаны, іс-қимылды айтады. Мәселен, Шылбырым үзіліп абырой болды, әйтпесе атымды көтеріп кетер ме еді, қайтер еді (С.Мұқанов).
Достарыңызбен бөлісу: |