10. Көне тарихқа үңілсек, Талас пен Шу өзендерінің аңғарлары ерте заманнан адам
баласының тұрағы – мекені болғандығын айғақтайтын белгілерге көптеп жолығамыз. Тарихи
дерек көздеріне үңілсек, Батыс Түрік қағандығының бастапқы жері Іле, Шу және Талас
өңірлерін қамтыған. Батыс Түрік қағандығының саяси орталығы түрлі мезгілде Шу өңіріндегі
Суябта, Баласағұнда және Меркіде орналасты. Бұл қалалар өз заманында қайнаған саяси
өмірдің куәсі болды.
11. Осындай ғасырлар қойнауынан бастау алатын қазақ халқының қалыптасуы Қазақстан
аумағында ежелгі замандардан бері үздіксіз жүрген этноүрдістердің заңды қорытындысы
екені ғылымда дәлелденген тұжырым. Этногенез үрдісі әрбір тарихи кезеңде өзіне тән
айрықша белгілермен ерекшеленеді. Сондай ерекше кезеңге ХІV-XV ғасырлардағы
этноүрдістер жатады. Бұл кезеңнің басты белгілерінің біріне – қазақ халқының этнос ретінде
тарих төріне шығуы жатса керек.