Әдеби KZ
...О, құдірет, жалаңбұт жүгіріп, күні бойы қуалап торғай ататын сәби сияқты,
садақ толғап, сан адамның жүрегіне жебе қадалтатын махаббат тәңірі! Не
жазығым бар еді менің? Неге мұнша қинайсың мені? Біржола өртеп, күл
қылып жібермей, неге мұнша күйдіресің аяусыз?..
...« Өзіңдей сен оның жүрегіне! Оның жүрегі алып жартастың табанындай
тұрақты, нағыз болаттың өзіндей берік. Ол жүректі өзгеше байлық – өз
махаббатыңның нұрлы гауһар тасымен өрнектегейсің сен! Оның биік кеудесі
өзіңдей лайықты жардың салмағына жаншылып, өз рахатын алсын өмірден».
Ханшаның нөкер қыздары осылай деп үн қатты маған. Бұл сөздерден кейін
менің жүрегімді қысқан махаббат бұғауы одан сайын тарыла түскен тәрізді
болды».
Мен бар оқығыштық өнерімді жұмсап, бар жанымды салып, біреудің сөзін
оқып тұрғандай емес, өз жүрегімнің бар сырын бір жанға ғана арнап ақтарып
тұрғандай боп елтіп, егілгендей күйде үнімді үзіп, қағаздан басымды
көтердім. Әрине, мен бұл сөздерді тек қана Меңтайға арнап едім.
«Осынымды ұқты ма екен?» деп мен басымды көтергеннен кейін,
басқаларға білдіртпеуге тырысып, Меңтай жаққа көз тастадым.
Мен оқыған сөздерге қыздардың көбі іштей рахаттанып, бас көтере алмай,
төмен тұқысыра сылқылдап күлісіп қалған екен. Зайкүлдің екі көзі ішіп-жеп,
маған қадалып алыпты. «Тағы да бар ма, тағы да оқышы» деп өтінгендей,
сұрап, тілегендей күй танытады. Тек Меңтай ғана күлместен, жымимастан,
менің сөздерімді естімегендей боп, маған емес, терезе жаққа көзін қадап,
ойланып қалыпты.
– Иә, ағай, сыйлығыңызды алыңыз, – деді Майра жаңағы мен оқыған
үзіндідегі нөкер қыздар мақтаған ханшадай жымиып. – Қалаған қызыңызды
сүйіңіз.
221
Достарыңызбен бөлісу: |