Әдеби KZ
Қолды пышақ кесіп кеткенде адам оның ауырғанын бірден білмейді. Сол
сияқты, өзімді өзім аяусыз жаралағанымды мен де Меңтай жанымнан ұзай
бастағанда бір-ақ білдім.
Алдындағы бір отар қойды қақаған қатты қыс жұт болып жалмап, қотан
шетінде таяғын ұстап жалғыз қалған сорлы шопандай күйде болдым мен.
Менің қолыма түсер деп дәмеленген бар байлық Меңтайдың махаббаты еді.
Одан айырылып, әп-сәтте жұрдай боп жұтадым да қалдым.
Өстіп, ескі түрік қағанаты кезінен қалған тас мүсіндей, серейіп тұрдым-
тұрдым да, ілбіп үйге қарай аяңдадым. Аяғыма батпан байланып қалғандай,
әрең қозғаламын. Әр аттаған сайын жер басып келе жатқандай емес, қара
жердің астына шымырлап батып бара жатқан сияқтанамын. Аттаған сайын:
«Енді маған Меңтай жоқ, Меңтай жоқ!» деп күбірлеймін өз- өзімнен.
Сол кезде Никольск шіркеуінің ыңырана, күрсіне шыққан үні келді құлағыма.
Ол да маған: «Енді саған Меңтай жоқ! Жоқ! Жоқ!» деп тұрған сияқты болды.
Шіркеу қоңырауы түнгі сағат он екіні жариялады – маған он екі рет «жоқ!
жоқ!» деп қақсады. Бағана ғана сазды музыкадай көрінген қоңырау үні енді
маған дүниедегі ең сүйкімсіз, құлаққа түрпідей қадалған қаңғырлақ
дыбыстай боп танылды. Қоңырау күңгірі алыстап, талаурап барып үзіліп кетті
де, дүние тым-тырыс бола қалды. Күңгірдің соңғы дірілімен бірге менің
жүрегімдегі Меңтайға деген соңғы үміт қоса үзіліп кеткендей болды. Мен
сүрініп, шайқалып кеттім, сол кезде өзімді шыңнан шыңырауға құлап бара
жатқандай сезіндім де, жалма-жан жолдағы қарт теректі құшақтай алдым.
Оған мұңымды шаққандай өкіріп, өксіп қоя бердім...
Ертеңінде мәңгіріп, дел-сал болып қалыппын. Әлдекім мені сойыл сілтеп,
соққыға жығып, аяусыз жаулықпен естен тандыра ұрып кеткен сияқты да
болады. Үлкен ұрысқа әзірленіп, түні бойы жәшік-жәшік снаряд тасып,
311
Достарыңызбен бөлісу: |