Әдеби KZ
Мен бұл парықсызға не айтарымды білмедім.
– Сіз қыздың ағасымен дос болмап па едіңіз? – дедім бар аузыма түскен сөз
осы болып.
– Болса несі бар, онда не тұр? – деді Тұмажан екі танауы едіреңдеп. –
Қыздың не үшін жаратылатынын білесің бе өзің? Білмесең мен айтайын: қыз
– қызық үшін, ләззат үшін жаралған. – Осылай деп ол өз-өзінен тамсанып,
тісін ақситты. Бұл тұста ол маған кісі емес, тісі сақылдап тұрған қасқыр сияқты
боп көрінді. – «Қыз» деген сөздің өзі қызды көріп, бүйрегін бүлкілдесін,
бүйірің қызсын, оны көрсең лап қой, бассал да, умажда деген мағынаны
береді. Ал мен бас салдым да, өмірдің өзіме тиісті қызығын көрдім. Кеше
немістермен біз не үшін соғыстық осындай қызық көрмесек, а? Мен саған
айтайын бар ғой: дүние екі келмейді. Сондықтан жас күнінде тәтті
қыздардың шырынын сорып қалу керек, мына мен құсап. – Ол жыртқыштың
тұяғы іспетті мұқыл саусағымен өз кеудесін бір түртіп қойды. Содан соң
қысық көзін одан сайын сығырайта түсіп, сөзін аяқтады. – Жалғыз қыз ғана
емес, өмірдегі тәттінің бәрінен өз үлесіңді үзіп, жұлып, жұлмалап алып
қалуың керек! Міне, мұны білетін Ошақбаев ешқашан да опық жемейді!
«Философиясын азғынның» дедім ішімнен қаным қыз-қыз қайнап. Одан соң
оның арсыздығын бетіне баспақ боп, тағы да бір сұрақ қойдым.
– Қыз ағасының сізге айтқан өсиеті бар емес пе еді: тірі қалсаң менің
қарындасыма қосыл, қорған бол деп тілек етпеп не еді? Сонда сіздің
мұныңыз қалай болғаны?
– Тоқтай тұр. Оны сен қайдан білесің? Тегі сенің сол қызбен бірденең бар
шығар, түрің жаман, – деп Тұмажан бетіме тесірейді. Көзі жыланның
көзіндей өткір екен, кірпігін қақпады. Содан соң бейнебір менің кінәмді
кешіргендей боп, мардымси сөйледі. – Жарайды, болса бола берсін, – деп
335
Достарыңызбен бөлісу: |