92
шындықтың қалай берілетініне үңілдік, олардың көркемдік көрінісіне
тоқталдық. Көркем шығармадағы өмір шындығын суреттеуде әр жазушы
өзінше өзгешелігімен көрінеді, өзіндік жазушылық қолтаңбасымен дараланады.
Қаламгердің өмір тәжірбиесіне, алға қойған мақсатына орай, бейнелеу
амалдары қалыптасады. Т.Әлімқұлов шығармашылығына зерттеу жасаған
ғалымдар Тоқбергенов Т.[1], Әбдезұлы Қ. [2]
жазушы қолтаңбасына өз
бағаларын берген.
Т.Әлімқұлов туындыларының бір ерекше тұсы да – халықтың тіл мәйегі
– мақал-мәтелдерді шығарма мәтініне, кейіпкер сөзіне, авторлық баяндауларға
орын тауып, ұтымды пайдаланып отыратындығы. Бұған мысалды Тәкен
Әлімқұлов
туындыларынан
көптеп
кездестіруімізге
болады.Тәкен
шығармаларында мақал-мәтелдерді өз мақсатына орай орынды қолданып
отырған. «Келгенше қонақ ұялады, келген соң үй иесі ұялады», «Жақсының
дидары алыс, даңқы жақын», «Ағайын жоқ болсаң бере алмайды, бар болсаң
көре алмайды», «Бір күн тұзын тартқанға қырық күн сәлем», «Ұяда не көрсең,
ұшқанда соны ілесің», «Жолдасың соқыр болса, бір көзіңді қысып жүр»,
«Сыпайыны түзден көр», «Күш атасын танымас» т.б. Осылайша жазушы
шығармашылық табысына қазақ ауыз әдебиетінің ықпалы, өнегелі үлгісі өз
әсерін тигізіп отырды. Сондай-ақ Тәкен шығармаларында
халық тіліндегі
тұрақты тіркестер мен ауыс мағынадағы сөздер тонның ішкі бауындай кірігіп,
жымдасып жатады. «әңгіменің тамызығына тұтана бастады», «бес саусағындай
белгілі», «тілі мүкіс шежіре», «аузының салуы бар», «қадамы құтты екен»,
«қысқа жіп күрмеуге келмей», «көңілдің көзін ашып», «жүрек қылын
шертетін», «от ауызды, орақ тілді», «оқ бойы озып келу», «қой үстінде
бозторғай жұмыртқалағандай», «түймедейден түйедей әңгіме туғызған»,
«мұрттай ұшыру», «сегіз қырлы, бір сырлы», «сүт пісірімдей уақыт», «аузымен
орақ ору», «инемен құдық қазу», «ағынан жарылу», «тоғыз жолдың торабы»,
«тепкенде темір үзер», «сағы сынған, тауы шағылған» т.б. Тәкенге тән тағы да
бір ерекшелік жазушының тың теңеулерді шебер пайдалануынан көреміз.
«Бейне кәрі шалға ұзатылған намысты қыздай сыңсып», «сайысқа түсетін
балуандай», «құмар ойнаған қудай сазарып», «Шал қақпаннан қарғып өтетін
әккі қасқырдай», «сыбызғышы құсын шақырған бүркітшідей», «сүттей ұйып,
сілтідей тұнып», «жібектей есілген леп, құйындай ұйытқыған ысқырық», «Түкті
шалдың жыбырлаған беті тілі күрмелген шежіреге ұқсаса», «Кербездей
сылқылдаған сылқым домбыра», «Дауыл соққанда сеңдей соқтығысып,
ұлардай шулайтын шерлі қамыстан шыққан текті сыбызғы», «тақымы бос
шабандоздай», «үркердей шоқталған үрейлі жандар», «көп қасқырдың үстінен
қараған кәрі бүркіттей», «әуеде шырылдаған бозторғайды арбаған айдаһардың
лебіндей ыстық та үйірімді ысқырық», «Қыз-қырқын, жігіт-желеңді, көңілі тірі
кәрі-құртаңды күймен қырған домбырашы», «сұңғақ, сұлу домбыра тұсаулы
жібектей әсер етті», «Әбікеннің етшең, доғал саусақтарының кербез
домбыраның мойнына кенедей жабысқанын, көнтерлі ернінің етікшінің
ерніндей жымқырылғанын қызықтап бір өтті», «Домбыра да алғашқы аптығы
басылған тарпаң тұлпардай әсем ырғаққа ауыса берді», «Дүбірлеген
дыбыстар
93
қара дауылдың екпініне ұқсап, үрей ұшырады», «Бірте-бірте жібектен түйген
түйіндей көркем шалыс басталып, домбыра ыңқылдауды бастады» т.б. Тәкен
шығармашылығының ұлттық ерекшелігін қазақ халқының бай ауыз әдебиеті
үлгілеріне зор мән берушілік белгілерінен анық байқаймыз.
Тәкен шығармаға әдемі әуез беретін тіркестерді жиі пайдаланып отырған.
«Орманның сусылы, бұлақтың сылдыры, көлдің күрсінуі», «тозған дауыс,
шытынаған сыбызғы», «өкінішті уіл, сыңсыған саз», «сыбдырлаған қалың тал,
күрсінген құрдым көл, көкте жүзген зуыл» т.б.«Қоңыр күйлер, жұмбақ
сарындар, ақжелең әуендер,
қисынды құбылыстар, кербез келісімдер, лала
лебіздер» деп сөздерді қосарлап қолдануда да жазушы шеберлік танытады.
«Біреулер тамсанады, біреулер күрсінеді, енді біреулер демін ішіне тартып
сұрланады», «Күні бойы сейіл, сүйсініс, күйініш, торығыс, үміт, наз, нала
домбыра тілінің түйсікшіл шежіресіне айналады» дей келе, сезімнің сан алуан
бояуын қайталай келе оларды тірілтеді. Тәкеннің «Аққудай аппақ шалды
қарақұстай қалбаңдатып қойғанда» деген сөйлеміндегі сыртқы сәйкессіздік ішкі
үйлесімге бағынып жатыр. «Мәңгілікпен сырласқан, ұғысқан, баян табысқан
жардай», «Уһілеген, аһылаған, қамыққан, торыққан әуен»
деген тіркестердегі
есімшелі сөздерді топтап қолдану да Тәкен қолтаңбасына тән құбылыс.
Тәкеннің «Кертолғау» [3] атты әңгімесінің көркемдік әлемі өзінше бір
дүние. Әңгімеде Тәкен домбыра үнінен шыққан дыбыстарды, әуендерді,
ызыңдарды бейнелі түрде көркем суреттеп өтеді. «Бипыңдаған биязы жібек
дыбыстар қоңыр күздің сары желіндей ызыңдап белестің сағымындай нәзік
толқып, титық құртады», «Булыққан, үйірілген, боздаған дыбыстар бас қосып,
бейне бір хормен ән шырқағандай, аңқылдап, аңырап кетті» деп жалғыз-жалғыз
сөздерді тіркестіре келе дыбыстың қасиетті үнін оқырманына сезіндіре
жеткізеді. Тәкеннің домбыра жайлы жазған өзге де туындыларын оқи отырып,
құлағымызға домбыра даусының күмбірлеген үні естілгендей әсер аламыз.
«Жиендік» әңгімесінде: «Кенжештің еті қатпаған балауса саусағы бұралаң
дыбыс, сыңсыған ызыңдарға ерекше дәмді әуен бітіріп, күйдің
бояуын
қоюлатып, жаңа қалыпқа түсіре бастады», «Көкейкесті» әңгімесінде:
«Дүбірлеген дыбыстар қара дауылдың екпініне ұқсап, үрей ұшырады. Бірте-
бірте жібектен түйілген түйіндей көркем шалыс басталып, домбыра
ыңқылдауды шығарды. Бағанағы ақжелең дыбыстар сарғайып, қоңырланып,
балаусалық ширыққандай, саумал ашынғандай, ащы үйірімдер дүбірлеп кетті»,
ал «Сарыжайлау» әңгімесінде «дәмді саз, құйқылжыған дыбыстар», «жүйріктей
жүйткіп, жорғадай тайпаланатын ырғақтар», «дөңгеленген дыбыстар»,
«шәлкем-шалыс дыбыстар» деп домбыраның қос ішегінен шығып жатқан неше
түрлі дыбыстарды қара сөз құдіретімен суреттеп береді.
Жазушы халықтың тіл мәйегі – қанатты сөздер, мақал-мәтелдер,
шешендік сөздер және көркемдік форманың жекелеген элементтері – теңеулер
мен эпитеттерді, басқа да бейнелеуіш сөз
өрнектерін шығарма мәтініне,
кейіпкер сөзіне, авторлық баяндауларда орын тауып, ұтымды пайдаланылып
отыруы қажет. Кейіпкер образын сомдауда, тарихи шындықтың шежіресін
шертуде сөз маржандарының әсері зор. Сондай-ақ, шығарманың ішкі құрылысы